Илияс Есенберлин. Махаббат мейрамы



Pdf көрінісі
бет7/11
Дата25.11.2023
өлшемі0,72 Mb.
#127351
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Байланысты:
(pdf) Махаббат мейрамы (Ілияс Есенберлин)

ЖЕТІНШІ ТАРАУ
Түнімен жоқ болған баласын күтіп, əбден қиналған Асығат, таң ата тағы
шала мас Еркебұланы келгенінде, оның адам шошырлық үрейлі жүдеу
түрін көріп, кенет жүрегін ұстап, бүк түсті. Тек «Қырмызы!» деуге ғана
шамасы келді.
Атын естіп, өз бөлмесінен жүгіріп жеткен Қырмызы, болған оқиғаны
бірден түсінді.
− Бишара-ай, енді жалғыз əкеңді өлтіріп тынайын: деген екенсің ғой,-
деді ол дірілдеген қолымен жүрек дəрісін кесеге тамызып жатып.
Бұл шешесінің Еркебұланына айтқан ең алғашқы қатты сөзі еді. Бірақ
сөз болғанда қандай! Баласының өңменінен өтіп, бүкіл денесін өртеп
жіберді.
− Кешір, апа...- деді көзінен жасы атып кетіп.
Расында Еркебұлан əкесі мен шешесін жанындай жақсы көретін еді.
Əсіресе əкесіне деген махаббаты ерекше болатын. Соңынан «Жедел
жəрдем» машинасы кеп Асығатты ауруханаға алып кетіп, реанимация
бөліміне салғанда, ол əкесінің жанынан күндіз-түні шықпай қойды.
Бір жеті өтіп, Асығат есін жиған күні ол əкесіне:
− Көке, енді мен арақты аузыма алмаймын, тек өзің тезірек жазылшы,-
деді.
Бір айдан кейін Асығат ауруханадан шықты. Əйтсе де Еркебұлан
Жұлдызды ұмыта алмады. Сағыныш деген сары уайым бір бүйірінде
бұйығып сары жылан болып жатып алды. Кейде сол жылан ойламаған
жерден басын көтеріп алса, Еркебұлан қоярға жанын жер таппайды, жүрегі
удай ашып, ақылынан шын адаса жаздайды.
Сөйтсе де ол, егер бұрынғы əдетін қайта бастаса, не өзі бір жамандыққа
ілінер болса, бұның күйігінен əкесінің бұдан əрі шыдай алмайтынын ойлап,
оны өлтіріп алармын деп қорқып, уəдесінде тұрды, арақты аузына татып
алмады. Бұл ата-анаға деген махаббаттан туған ерлік еді. Осы ерлік, қайғы-
қасіреттен бөтен өмір барын, жұмыс барын есіне салды. Бірте-бірте тастап
кеткен жобаларын, қағаздарын қарай бастады. Өнер адамына іздену, ойлану
қашанда болса жанына азық берген. Сондай азық мұндай адамдардың
қайғыдан, қасіреттен құтылуларына да себеп болған. Бірақ Еркебұланды
бұл ізденулер, творчестволық ойлар біржолата билеп кете алмады. Өйткені
Жұлдыздың қайғысы тым күшті еді. Дегенмен осы кезде оған жоғалып
кеткен Жұлдызды əлі-ақ табармын деген үміт медеу болды. Жəне өзінің
қайғысын ол енді бір сəт жұмыспен жеңілдетуге тырысты.


Ең алдыменен Еркебұлан бітпей қалған. «Ардагерлер сарайының» қағаз-
сызықтарына үңілді. Жолдастарымен уəделескен конкурстың ақырғы
мерзімі келіп қалғаны да есіне түсті.
Жəне дəл осы күндері көптен бері көрінбей кеткен Қайназар
Еркебұланның үйіне келді. Ескі жолдасын көріп Еркебұлан бұл жолы да
баладай қуанды.
− Амансың ба, Қайнаш. − Ол жолдасын осылай деп атын қысқарта
атайтын. − Тіпті көрінбей кеттің ғой, қайда жүрсің?
− Жүрміз ғой...- деді Қайназар салқын үнменен. Еркебұлан жолдасының
қабағы қатыңқы екенін жаңа аңғарды.
− Емханада жатқанымда да келмедің? − Сосын ол жолдасына қобалжи
қарады. − Əлде ауырып жүрсің бе?
− Жоқ...
− Онда маған неге бір көрінбедің? Емханада жатқанымда сенің келуіңді
аңсап күттім...
Қайназар қоңыр салқын жауап қайырды.
− Ол адам баратын жер ме? Маңынан жүруге қорқамын.
Еркебұланның көңілі кілт суып кетті, «Иə, иə, жындыхана шынында да
адам баратын жер емес, бірақ онда мен, сенің жан аяспас жолдасың жатыр
едім ғой». Ол бір сəт Қайназарға өкпелемекші болды. Бірақ қоя қойды.
«Əлгідей сөз айтып тұрған адамға мен несіне өкпелеймін? Өкпеңді бағалай
білетін адамға айт...»
Сөйтсе де ол:
− Адам ондай жерге барғысы келіп барады дейсің бе?- деді тұнжырай. −
Басқа түскен соң амал қанша...
Өзінің артық кеткенін Қайназар жана ғана түсінген тəрізді. Артық
сөйлегенін жуып-шаюға тырысты.
− Сен маған келмедің деп өкпелеп қалғандайсың ғой,- деді сəл езу
тартып күлімсіреген боп. − Өкпелеме, сен ауруханаға түскен шақта мен
жоқ едім... Командировкадан қайтып келгеннен кейін «Байтал түгіл бас
қайғы» дегендейін, басыма түскен қасірет сондай ауыр болды, тіпті саған
баруға да қолым тимеді.
Жолдас дегенде өте сезімтал Еркебұлан шошып кетті.
− Соншама не болды?!- деді ол есі шығып. − Қандай қасірет? Жақын


біреуің дүние салды ма? Əлде...
− Иə... Бір өте жақыным өлді.
− Ол кім еді?..
Қайназар жүдей жауап берді.
− Сен білмейсің... Менің ең жақын туысым. − Əрине. Қайназардың
ондай жақын ешкімі өлмеген, тек сылтау етіп айтып тұр. Сосын ол басын
көтеріп алды. − Жүр, ресторанға барайық. Бүгін маған сондай қиын, тіпті
жанымды қоярға жер таба алатын емеспін.
Жайшылықта жолдас дегенде қоң етін кесіп беруге бар Еркебұлан бұл
жолы «болмайды» дегендей басын шайқады.
− Қайғыны ішімдікпен баса алмайсың,- деді ол, − оған көзім жетті. Мен
ресторанға бара алмаймын.
− Неге?!
− Ендігəрі арақ ішпеймін деп əкеме уəде бергем.
− Ə... ə онда мен кеттім! Амал қанша, өзім жалғыз барамын.
− Барма!- деді Еркебұлан. − Одан да сыртқа шығайық. Көшеде жай
əңгімелесіп жүрейік...
− Жоқ, бүгін мен ішуім керек.
− Ішпе!- деді Еркебұлан. − Өз тəжірибемнен білемін, ішу жақсылыққа
апармайды.
− Жарайды, жақсылық күтіп жүрген мен жоқ - деді Қайназар есікке таяй
беріп. − Əзірге қош бол. − Ол шығып бара жатып артына бұрылды. −
Айтпақшы, ертең сағат екіде əділ қазылар алқасы біздің жобамызды
қарайды. Уақытында кел. − Қайназар үйден шығып кетті.
Еркебұлан ойлана қалды. «Япырмай, қасіретті болып жүрген кезінде
шақырғанына бармай жолдасымды ренжітіп жібердім бе? Мүмкін,
мұндайда қасында болғаным керек-ақ шығар». Ол енді Қайназардың
соңынан қуып бармақшы да болды. «Ішпей, құр жанында отырып қайтсам
нетеді?» Бірақ Еркебұлан жолдасының соңынан қуып бармады. Əке-
шешесіне берген уəдесінен шыға алмады. Шыққысы да келмеді. «Мен
ішпеген күнде де кешігіп қалсам, мені күтіп бишаралар тағы құса болар».
Əрине, Қайназар ресторанға барған жоқ. Еркебұланды шақырса - оған
тағы арақ іштірмекші еді. Қайназар тікелей үйіне қайтқан. Бұл жолы да ол
Жұлдыз туралы лəм-мим аузын ашпады. Дүние жүзінде тіпті ондай адам


жоқ сияқты. Ал шынына келсек, Қайназар соңғы кезде Жұлдызды шын
жақсы көре бастаған сияқты. Бұл шын махаббат па, өзі де білмейді. Бірақ
Жұлдызға деген жүрегінде үлкен қызғаныш туған. Еркебұланмен
сөйлескенде, Жұлдыздың атын атамауы да сол қызғаныштың белгісі еді.
Өзінің қолы жетпейтін қызды бөтендерден қызғану - бұл да бір пақырлық
қой. Ал Қайназар өзінің бұл пақырлығын білмеді. Өзгеден арашалай алсам,
қыз маған бұрылмағанда кімге бұрылады деп ойлады. Ал маған
бұрылмаған күнде де өзгеге бұрылтқызбаймын деді. Өзіме де, өзгеге де жоқ
болсын деу, бұл енді жалпы Қайназарға біткен көңіл тарлығы болатын.
Ертеңіне бірінші бəйгені жюридің мүшелерінің көпшілігі Еркебұланға
беру керек деп тапты. Бірақ Еркебұлан: «Қайназарға берілсін»,- деді.
Шаршы метр боп келген бірінші қабатқа сондай шаршы метрлі екінші
қабат қондырылған. Тек көлемі (алаң көлемі) бірінші қабаттан кем. Сондай
екінші қабатқа үшінші қабат, үшінші қабатқа төртінші, осылай алты қабат
болып бітетін сарай алыстан қарағанда, Египеттің пирамидасы тəрізді
неғұрлым жоғары көтерілген сайын сығыла түсіп, үлкен бір конус
тəрізденіп бітетін. Осы конустың төбесіне электр күшімен жанатын қып-
қызыл жұлдыз қадалатын шпиль-найза орнатылған. Биіктеу жерге
тұрғызылған бұл сарай алыстан да, жақыннан да, ерекше көзге түсіп,
салауатты көрінуге тиіс. Егер салына қалса, сондай болатыны да сөзсіз еді.
Жоқ. Еркебұлан бұл жобаға бірінші орын берілсін дегенде мұндай
ерекшелігі, не сұлулығы үшін емес, өзінің жобасынан артық басқа қасиеті
үшін берілсін деген. Алматының сейсмикалық қатерлі жерде тұрғаны
жұрттың бəріне де аян ғой. Бұл жағдай Еркебұланға да белгілі еді. Бірақ
соған қарамай, ол өзінің сарайының сырт бейнесіне жəне ішкі қолайлығына
көңілін көп бөліп, оның сейсмикалық жағын терең ойламаған. Еркебұлан
жобасының мұндай кемшілігін Қайназар бірден көрген. Бірақ жолдасына
бұны жөнде деп ақыл салмаған. Ал Қайназардың жобасында Алматы
жерінің сейсмикалық ерекшелігі жан-жақты қаралған-ды. Монолиттен
құрылған бірінші қабатының биіктік симметрияны сақтау үшін сыртқа
шығып тұрған жері өзге қабаттағылардай бір биіктікті сақтайтын-ды. Ал
төменгі жағы мұхиттағы айсберг тəрізді үштен екі бөлігі сол монолит
күйінде жердің астына кіріп жатқан. Ол аз болғандай сол монолиттың төрт
бұрышынан терең құдық қазылып, оны да бірінші қабаттың монолит
еденімен тұтастыра арматурлы бетонмен бекіттірген. Осы жар астына еніп
жатқан бірінші қабаттың бөлігі компрессор, мұздатқыш машиналы азық-
түлік сақтау қоймасы тəрізді көптеген керекті жайларға арналған. Алда-
жалда жер сілкіне қалса, Қайназар ойлаған əрекеттер сарайды апаттан
қаншалық аман алып қалатыны жюри мүшелеріне де, Еркебұланға да
белгісіз еді. Бірақ идея ретінде бұл жаңалық болатын. Еркебұлан осы
жаңалығы үшін Қайназарға бірінші жүлдені беруді ұсынған. Əрине,
Қайназар да Еркебұланның жұмысын мақтаудан кенде қалған жоқ,-Алматы
қаласында бұрынды-соңды болмаған конструкторлық шешімі мен
архитектуралық ерекшелігі көзді тартатын көркемдігі үшін бірінші бəйге
Еркебұланға берілсін деді. Бірақ бұл сөзді ол Еркебұландай шын жүректен
айтпады, тек жолдастық сыпайылықтан шыға алмай тұрған жандай пішін


көрсете айтты.
Қысқасы, бірінші жүлде Қайназарға берілді. Бұл шешімді жолдастары
қол шапалақтап қарсы алды. Ал Еркебұлан болса, жүлдені өзі алғандай
қуанды. Насаттанған Қайназар енді алған сыйлығын «жууға бəрін
ресторанға шақырды. Тек Еркебұлан ғана бармады. Ол серіктерімен
қоштасып, үйіне қайтты. Үйіне келгеннен кейін қайтадан кітаптарына,
қағаздарына үңілді. Шынында да Қайназардың жобасы бұны ойға
қалдырған. Осы жоба оның бұл күнге дейін онша мəн бермей келген бір
кемшілігінің бетін ашты. Рас, Еркебұлан Алматыда кейбір үлкен үйлер жер
сілкінісіне қарсы қолданылатын жапон əдістерімен салына бастағанын
жақсы білетін. Жиырма алты қабат «Қазақстан» мейманханасы осы
тұрғыдан республикада ғана емес, бүкіл Совет Одағында ең алғашқы көп
қабатты үй екені де оған белгілі еді. Бұл мейманхана салынбастан бұрын
Еркебұлан да оның жобасымен əдейілеп танысқан. Алматы тəрізді жылдан
жылға өсіп келе жатқан əдемі қаланы əрине, табиғаттың ойыншығы етіп
қоюға болмайды. Көп кешікпей қалада миллионнан астам тұрғын болады.
Ал республиканың өсу қарқынына қарағанда, енді бір елу жылдан кейін,
қала халқының саны екі миллионнан асып кетуі де таңданарлық іс емес-ті.
Сонда соншама жұрттың тағдырын тек жаратылыс құбылысының
мінезімен байланыстырып қоюға бола ма? Əрине болмайды! Болмайды.
Онда өз жобасында бұны неге ойламаған боп шықты. Жоқ, бұдан былай
қарай Еркебұлан жобалайтын құрылыстардың бəрі де жер сілкінуден
қауіпсіз етілуге тиісті. Əсіресе тұрғын үйлер мен халық қазынасы көп
шығарылатын театрлар, мəдениет сарайлары, орталық мекемелер.
Еркебұлан мұндай қауіпке қарсы өз əдісін, өз жолын табады. Алматы
жерінің тектоникасының ерекшелігін қатты ескереді. Сол үшін қала тұрған
жердің сейсмикалық жаратылысы жөніндегі соңғы ғылыми еңбектерді
қарап, қатты ізденеді! Осындай жұмыс үстінде отырған Еркебұланның
ойына кенет Жұлдыз түсіп кетті! «Қайда жүр екен? Қашан кездеседі? Əлде
тіпті кездесе алмай өте ме? Жоқ, жоқ. Қайткен күнде оны табуы керек!
Тіпті мың жыл іздеуге тура келсе, сол мың жылға шыдау керек». Енді оның
жүрегі тағы удай ашып кетті. Сол-ақ екен, алғашқы кездесіп
жүргендеріндегі бір сурет көз алдында елестей қалды.
Күздің қоңыр салқын түні еді. Аспандағы жүдей жылжыған ай сəулесі
де көмескі. Жұлдыздар да жиі емес. Сірə, ертең тақа ыстық болмайтын
тəрізді. Екеуі бірінің қолынан бірі ұстап Пионерлер үйінің қасындағы
Қарағай паркінің арасындағы асфальтті аллеямен келе жатқан. Бұларды
жұрт көзінен тасалай тұрайық дегендей, əр жерде сиреп қалған электр
шамдары да бүгін көмескі жанған. Кенет Жұлдыз тоқтай қалған.
− Осы бір мүсін маған керемет ұнайды,- деді ол он жақтарындағы көкке
созылған қарағайлардың арасында шағын алаңдағы төмпешіктеу жерде
тұрған қоладан құйылған тазша баланың тай мінген мүсінін көрсетіп. −


Қарашы, түрі қандай бақытты!
Тай үстіндегі, жалаңаш сол аяғын алдына қарай алып, қазандай бөрік
киген (мүмкін, ол атасының бөркі болар) əлемге күле қараған тазша
баланың түрі расында да қуақы, ақ жарқын, қуанышты еді. Бұл - өгей
шешесінің өшпенділігімен басынан нелер қиындық өткізген, қауіп-қатерге
сан рет душар болған Тазша бала емес, дүниеге тек жомарт ниетімен
қараған бақытты бала.
− Бұл кімнің мүсіні екенін білесің бе? - деген Еркебұлан.
− Жоқ...
− Бұл қазақтың ертектеріндегі Тазша баласының мүсіні...
− Тазша баланың? Ол не істеген?
Еркебұлан оған Тазша бала жайындағы ертекті айтып берген. Əсіресе
өгей шешесі өлтірсін деп Тазша баланы мыстан кемпірге «алтын сақаны
алып кел» деп жіберген жері бұдан бұрын бұл ертекті естімеген Жұлдызға
өте қызықты көрінген.
− Қалай, қалай деді мыстан кемпір? Қайтадан айтшы осы арасын?
− Алтын сақа алдында жатқан мыстан кемпір: «Шырағым, тұрсам отыра
алмаймын, отырсам тұра алмаймын, алтын сақаны өзің түсіп ала ғой»,-
дейді. Қотыр тайы үйретіп қойған сөзді айтады Тазша бала: «Ойбай, əже,
əне қасқыр келе жатыр»,- дейді. Кемпір артына жалт бұрылғанда, қотыр
тайы бетегеден биік, жусаннан аласа бола қалады да, Тазша бала алтын
сақаны шап беріп ала сала тура шабады. Жаңағы «Тұрсам отыра алмаймын,
отырсам тура алмаймын»,- деген мыстан кемпір қуа жөнеледі. Қотыр тай
жеткізбейді. Мыстан кемпір күрек тісінің біреуін жұлып алып лақтырады.
Қотыр тай үш аяқтап шауып жеткізбейді. Мыстан кемпір тағы бір тісін
лақтырады. Қотыр тай екі аяғымен де жеткізбейді. Ақыры Тазша бала төрт
аяғынан бірдей айрылған қотыр тайдың құр басына мініп, мыстан кемпірге
жеткізбей, өгей шешесіне алтын сақаны əкеліп береді. Жетім Тазшаны
қайтсем де жоқ етем деген шешесі енді оны Жезтырнаққа өлтіртпекші
болады. Міне осындай сан түрлі қиындықты, қауіпті басынан өткізген
Тазша баланың мүсінші жасаған мынау мыс бейнесі...
− Мүсінші Тазша баланың бейнесін дəл тапқан екен,- деді Жұлдыз,
сосын ақырын күрсінді. − Шіркін-ай, өмірде қандай қауіп-қатер кездессе
де, осы Тазша баладай мойымай, күліп өтетін бола алсақ!
− Оған еш шек келтірме!- деген сонда Еркебұлан. − Бірімізді-біріміз
осылай сүйіп, дүниеден дəл бүгінгідей қуанышты өтеміз. Ал алда-жалда
кездейсоқ бір ауыртпалықтар ұшырай қалса, одан мойымай өтетін күш
табамыз. Ал шын махаббат адамға қанат береді, қандай қиындықты болса


да жеңіп шығуға жол ашады!
Сөйдеген Еркебұлан енді мынау, ең алғашқы кездескен қиындықтан
жездей майысып, бордай опырылды.
Міне, есіне түскен сол бір түнгі сөздері еді. Еркебұланның көңілі
бұрынғысынан да толқи түсті. Кенет ол Тазша баланың мүсінін көргісі
келіп кетті. Егер сол мүсіннің жанына қазір өзі барса, ар жағынан Жұлдыз
да келетіндей сезінеді. Түнгі сағат он бір шамасы еді. Терезеден көшеде
өтіп бара жатқан адамдар əлі де көрінеді. Еркебұлан тез киініп, далаға
шықты. Ол Тазша баланың қотыр тайына мінген мыс мүсіні тұрған Қарағай
паркіне қарай аяңдады. Оған бару үшін Еркебұланға Чайковскийден өтіп,
Дзержинский көшесімен оңға бұрылуы керек. Келесі Калинин көшесінің
сол жақ бұрышында парк.
Еркебұлан аздан кейін-ақ Калинин көшесінен өтіп, Дзержинскийдің
бұрышына тоқтады. Көшенің арғы бетіндегі ұйғыр театрының алдындағы
автобус аялдамасында бір жігітті қоршай дүрліккен үш-төрт адамды
байқады. Анықтап қарап еді, қоршауда тұрған жігіт Қайназарға ұқсас боп
көрінді. «Мынау Қайназар ма? Əлде соған ұқсас біреу ме? Жоқ, жоқ, сол.
Сірə, рестораннан шыққан беті шығар. Қасындағылары кім? Неге қоршап
алған? Көшеден өтіп бара жатқан ауыр жүк машинасын күтіп, сəл кідірген
Еркебұлан машина өтісімен, бір сұмдықты жүрегі сезгендей əлгі топ адамға
қарай жүгірді. Сөйткенше болған жоқ, тыныш түнде үрейлене айқайлаған
Қайназардың даусы естілді:
− Жəрдем беріңдер! Жəрдем беріңдер! Ойбай, өлтірді!
Еркебұлан жан ұшыра жүгіріп аялдамаға жеткенде, жерге шалқасынан
құлаған Қайназарды көрді. Оны қоршап алып, басы-көзіне қарамай төрт
жігіт тепкілеп жатыр.
− Падло, еще огрызается!- деп еңгезердей сары біреу арт жағынан басқа
кісінің келіп қалғанын сезіп, құлап жатқан Қайназардан шегінді.
Жүгіріп жеткен Еркебұлан Қайназарға араша түсе кетті.
− Бұларың не?- деді ол Қайназарды əлі тепкілеуін қоймаған денелі қазақ
жігітін қатты итеріп қап. − Өлтірдіңдер ғой.
Жасынан спортпен айналысқан Еркебұлан да қарулы еді. Бұл итеріп
қалған жігіт шалқақтай барып, артындағы үлкен еменге жауырынымен
тірелді.
Дəл осы кезде Еркебұланның оң жағында тұрған сары шоқпардай
жұдырығымен бұның жағынан кеп перді. Бірақ қолы тимеді. Еркебұлан
лып етіп, сарыны қарынан ұрды. Еркебұланның ұруынан қар етінің жаны
кетіп салбырап қалған оң қолын сол қолымен ұстап, сары жігіт жанындағы


ағашқа сүйеніп, қылжиды да қалды. Еркебұлан енді өзіне тап берген
үшінші жігітті де самбоның əдісімен оп-оңай отырғызды да қойды. Сол
уақытта төртінші бұзық жолдастарының қандай күйге ұшырағанын көріп,
сірə, Еркебұланға жақын келуге бата алмаған болуы керек, жерден бір
үлкендеу тасты алды да, пəрменінше кеп лақтырды. Тас Еркебұланның қара
санынан кеп тиді. Еркебұлан қираң етіп отыра қалды. Дəл осы тұста еменге
барып құлаған алғашқы жігіт гүр ете қалды.
− Тимеңдер!- деді ол ақырып жолдастарына,- көрсетейін мен оған қазір,
− Кенет оның қолында екі жүзді қанжар жарқ етті.
Бұзық жігіт қанжарын жоғары ұстап дəл жүрек тұсынан қадағалы,
орнынан тұра алмай отырған Еркебұланға таяй берді. Қара санынан тас
тиіп, қозғала алмай отырған Еркебұлан қанжарын жалақтатып, өзіне таяп
келе жатқан денелі қара сүр жігітті көргенде, тез қимылдау керек екенін
түсінді. Егер тез қимылдамаса оның өзін өлтіретініне сөз жоқ! «Не болса да
тез, тез қимылдау керек!» Жұлдызы үшін, əке-шешесі үшін, əлі
орындалмаған армандары үшін өзін сақтау тілегі кенет оған күш берді.
Найзағайдай атылып ұшып тұрып таяп қалған қара сұрды іштен кеп тепті.
Анау қанжарын сілтеуге де үлгірмеді, шалқалай барып, қара құсымен
артындағы тасқа кеп құлады.
Жігіт шалқасынан барып түскенде, Еркебұланның ең алдыменен көргені
көзі жұмылып кеткен қара сұрдың дəл маңдай алдындағы бір уыс аппақ
шашы оның көзіне ерекше түсті. Сол сəтте Еркебұланның тұманданып бара
жатқан миында бір көрініс жарқ етті.
− Япырмай, сол жігіт емес пе?
Иə, сол бір күн Еркебұланның дүниедегі ең ауыр күні болған. Сонау
жындыханадан кетіп қалған күні ол бір жолдасының үйінде тағы арақ
ішкен. Жолдасының үй іші жатар кезде бұл шығып кеткен. Қайда барарын
білмей, қараңғы көшенің бұрышындағы жуан еменге сүйеніп ұзақ тұрған.
Көрінген жерге жатып ұйықтап қалардай мас емес еді. Кенет ойына мұны
күтіп тұрған жындыхана түсті. Жаны түршігіп кетті. Енді ғана өзінің сол
жындыханаға жақын көшеде екенін аңғарды. Дəл қазір біреу бұны ұстап
алып сонда апаратындай бұл арадан қаша жөнелді. Қайда барарын өзі де
білмейді, бетінің ауған жағына қашып барады. Кенет ол өзінің мұндай
күйге түскенін ақылымен емес, жүрегімен сезді. Сонда барып ол енді шын
асылып өлмекші болды. Жанындай жақсы көрген Жұлдызы жоқ, бұны тек
жындыхана ғана күтіп тұр. Ал жаны ашиды деген əке-шешесі өздері
жындыханаға табыс етті - ендігі өмірдің бұған қандай қажеті бар? Еш
қажеті жоқ. Өмір дегені құр өкініш, азаптану екен. Тастап кеткен
ғашығыңды үмітсіз сағыну, көрінгеннен жалынып арақ ішу бұ да өмір ме?
Жоқ, бұл өмір емес, барып тұрған қорлық, азаптану. Ал бұл қорлықтан, бұл
азаптанудан қалай құтылады? Қанша осылай қаңғырып жүрсең де, қанша
осылай өкініп жыласаң да құтыла алмайсың! Құтылатын жалғыз жол бар:


ол - өлу! Өлген адам бұл қорлықтың, бұл азаптың бірін де білмейді. Өлсең
жаның мəңгі тынышталады. Еркебұлан кенет осындай қорытындыға
келген. Сол-ақ екен, ол бүгін түнде тіпті дəл қазір өлмек болды. Бір ғажабы
- артымда Жұлдызым, əке-шешем, жұмысым бар ғой деген өкініш ойына да
кірмеді.
Дүниеге, 
тағдырға, 
өзіне, 
Жұлдызға, 
əке-шешесіне 
ызаланған
Еркебұлан, бəрінен өшін алып өлмек болды. Енді ол өлу жолын іздеді.
Трамвай, автобустардың тоқтап қалған шағы. Жан-жағындағы үйлерге
қарады. Біреуінің жоғарғы қабатына шығып, баспалдақты жеріндегі
терезесінен секірсе, бəрі бір секундта бітеді. Ал жетінші қабаттан секірер
болсаң... Иə, иə, қайғыдан да, қиналудан да - бəрінен де сорлы басың тас
асфальтқа тиген шақта құтыласың. Бəрі де көзіңді ашып-жұмғанша бітеді.
Бұдан артық қуаныш болар ма? Бірақ бұл маңайда ол ондай биік үйді көре
алмады. Сол сəтте Еркебұланның есіне осы өзі тұрған көшенің ана бір
қалың ағашының ішінде тұрған үйдің арғы бетіндегі балалар тербетілетін
əткеншек түсті. Осы жындыханаға келер алдында өзі бір «серігімен» соның
жанындағы орындықта отырып, түнде арақ ішкен. Ешкім көрінбейтін
оңаша жер. Кісі отыратын тақтайдың бір жақ жібі үзіліп қап, тақтайдың өзі
екінші жіпте салбырап тұрған. Анау үзілген кендір жіп, мойынға ілмешек
істеп жіберіп, асылып өлуге жақсы. Жанындағы орындықты алып келіп
ілмешекке басынды сұққаннан кейін, аяғыңмен теуіп жіберіп орындықты
құлатсаң болғаны, көп болса бір минут, бəрі бітеді. Қанша жұлқынсаң да,
мойныңа салған тұзақтан құтыла алмайсың...
Тез өлмесе, бірдемесі кететіндей ол енді сол қараңғы бұрышқа қарай
асыға жөнелді. Дəл осы кезде біреудің жан даусы шыға қырылдай
айқайлағаны естілді. Сөйткенше болған жоқ, бұл келе жатқан жерден екі-
үш кісінің көшенің бұрыш-бұрышына қарай қаша жөнелгенін де көрді.
Электр шамы күңгірттеу жанып тұрған тұстағы бұрыштан дəл бұның
қасынан əлгі қашқандардың біреуі жүгіріп өтіп кетті. Ешкім танымасын
деп бетін қолымен жауып алған. Еркебұланның көзі тек оның қою қара
шашының алдыңғы жағының бір уыстай жері аппақ екенін шолып қалды.
Аз уақыт тым-тырыс бола түсті де, тағы дабырлаған дауыстар шықты.
Еркебұлан ойлаған жеріне келгенде, жаңағы айқай осы арадан
шыққанын білді. Өзі көрген «качельдің» жанына қасындағы үйден шыққан
бес-алты адам жиналып қалыпты. Дабырлаған дауыстар солардікі екен.
Біреулер сіріңке жағып жатыр. Еркебұланға өзі асылам деген жіпте біреудің
салбыраған денесі тұрғандай болды. Сөйткенше əлдекім қол фонарын
жағып, əлгі салбыраған затқа беттеді. Кенет шам жарығы асылған адамның
бетіне түсті. Асулы тұрған қыр мұрынды, сопақ бет, қара қасты бала жігіт
екен. Тілі аузынан шығып кеткен. Кендір тозақтың түйіндісі, сірə, желке
тұсынан келген болуы керек, жігіттің басы бір жағына қисайып құлап
кеткен.
Əлдекімдер «Бишара, жап-жас екен!», «Сорлыны не үшін өлтірді екен!»,


«Бишара неге осы уақытқа дейін көшеде жүреді?», «Бұл өшіккен
адамдардың ісі», «Өзінің жолдастары да», «Əрине, өшіккен өлтірген.
Тонаушылар болса, қолындағы сағаты мен костюмін алмай ма?»- деп,
дабырласып жатты. Бұл кезде өліктің қасына жұрт бірталай жиналып
қалған.
Мына көрініс Еркебұланның жанын түршіктіріп жіберді. Жап-жас
жігітке оның жаны ашыды. «Сірə, бір жақтан келе жатқан ғой, аңдып
тұрып ұстап алған болар». Бұдан əрі қарап тұруға шыдамады. Ол кілт
бұрылып, кейін қарай жүрді. Дəл осы сəтте оқиға болған жерге қарай келе
жатқан милиция машинасын көрді.
Еркебұлан осы түні таң атқанша көшелерді тағы кезген-ді. Өлген
жігіттің бейнесі көз алдынан кетпей-ақ қойған. Бір сəт осы өлімге өзін
айыптыдай сезініп қысылған. «Егер бір жарты сағат бұрын, сол жіпке мен
асылсам ғой, кім біледі, əлгі жігіт аман қалар ма еді, қайтер еді. Бұзықтар
өлтіргенмен де бүйтіп өлтіре алмас еді. Бишара, мен секілді əке-шешесінің
жалғызы болса ғой, ертең бұның өлгенін естігенде, ол сорлылар қандай
күйде болады?» Кенет Еркебұлан тоқтай қалған. «Ал мен неге өз əке-
шешемді ойламадым? Екеуі бірдей зар жылап қалады ғой». Еркебұланның
мұнысы арақ ішкеннен бері əке-шешесінің халін бірінші рет ойлағаны.
Ойлаған сайын олардың алдында өзінің айыпты екенін сезіне түсті. «Мен
Жұлдызды жоқтап күйінем... Ал олар мені ойлап зар жылауда ғой.
Бишаралардың өзімді жақсы көретіндерін біле тұрып, менің оларды
ойламағаным қалай? Соншалық неге тас жүрек боп туғанмын? Одан да өз
қайғыма өзім жауап бермеймін бе, өз азабымды өзім көтермеймін бе?
Менің қайғым үшін күйінер олардың қандай жазығы бар? Мұным барып
тұрған эгоистік емес пе?»
Кенет оның көз алдында бұған жүзін көрсетпейін деп бетін қолымен
басып жүгіріп өткен бір уыс ақ шашы бар денелі жігіт елестеп кетті.
Еркебұлан кілт тоқтай қалды. «Енді ғой милиция əлгі баланы өлтірген
бұзықтарды іздей бастайды. Жұрт естіген айқайын, басқа көргендерін
жасырмай айтып береді. Ал мен ғой үндемей қалмақшымын. Неге? Мүмкін
бұзықтардың біреуі əлгі маңдайында бір уыс ақ шашы бар жігіт шығар?
Тіпті шашын алдырып тастаған күнде де, ондай адамды біреу болмаса
біреу біледі ғой».
Еркебұлан жігітті өлтірген адамдарды ұстап беруді өзінің борышы
санады. Таңертең милицияға барып, көргенін айтпақ болды, бірақ өзінің
əбден шаршағанын жаңа білді. Жындыхананың қызметкерлері мен өзінің
əке-шешесінің бұны іздеп əуре боп жатқанын ойлады. Тəуекел деп
жындыхана жаққа кілт бұрылды.
Бұның келгеніне қуанып қалған кезекші дəрігерге:
− Ана сізді күтіп отырған əкемді, көңілін жұбатып, үйіне
қайтарыңызшы, − болды бар айтқаны, − Бишара əбден шаршаған шығар...


− Жарайды, жарайды,- деді дəрігер.
Еркебұлан енді оған көргенін айта бастап еді «есінен ауысқан адамның
əдеттегі сандырақ сөзі» деп ойлап, дəрігер: «Бəрін де таңертең милицияға
айтам, сен енді оны есіңнен шығар»,- деп жұбатты. Сосын бұны
тынышталсын деп, берілетін дəрінің мөлшерін сəл көбейткізді.
Содан Еркебұлан бір тəулікке жуық ұйықтады. Дəрігерлер оны тек түс
кезінде ғана оятты. Тамағын ұйқылы-ояу ішіп, ол тағы ұйқыға кетті. Бір
тəуліктен кейін бұған тағы тынышталатын дəрі берілді. Еркебұлан тағы
ұйықтады. Маңдайында ақ шашы бар кісіні көргенін дəрігерге айтқаннан
кейін, өз міндетімді атқардым деп ойлаған Еркебұлан. Ал сондағы кезекші
дəрігерден: «Сіз милицияға айттыңыз ба?»- деп үш-төрт күн өткеннен кейін
сұрағанында, анау бұның сөзіне тағы да бəлендей көңіл қоймай: «Айттым,
айттым»,-дей салған.
Міне, сондағы көргеніндей маңдайында бір уыс ақ шашы бар жігіт
жерде жатыр.
Еркебұлан тек «сол емес пе екен» деп ойлауға ғана үлгірді. Ол осы
минутта бұзықтар асып өлтірген жас жігіт, өзінің өлімімен ажалдан бұны
құтқарғанын білмеді. Мұндай ой бұрынды-соңды оның басына кірмеген.
Дəл осы кезде көшенің арғы бетіндегі күзетші патруль келіп үлгерген.
Төбелеске қатысқандардың бəрін де ұстап алды. Жерде ессіз серейіп
жатқан қара сұрды «Жедел жəрдем» машинасын шақыртып, ауруханаға
жібертті. Ал өзгелерін осы кезде жеткен милицияның жабық машинасына
тиеп КПЗ-ға алып барды. Тек бұлардың ішінде Қайназар жоқ еді. Ол
бұзықтар Еркебұланға жабылып жатқан кезде, у-шуды пайдаланып, ағаш-
ағаштың арасымен бұқпалап қашып кеткен.
Осылайша Еркебұлан бірінші рет қамауға түсті. Қарақұсымен тасқа
құлаған қара сұр жігіт сол есі кірмеген қалпында, таң ата дүние салды. Ал
Қайназар, көк ала қойдай боп таяқ жесе де, əйтеуір үйіне жеткен. Өзіне
араша түскен Еркебұланның не болғанын білмек түгіл, балаларының қайда
кеткенін түсінбей, түні бойы көздері атыздай боп қорқып, сандалып кеше
кезіп шыққан оның əке-шешесіне, болған оқиғаны айтып, ең ақыры
телефон да соққан жоқ. Зəресі ұшып кеткен өзінің əйеліне: «Бір бұзықтар
ұрып кетті»,-деді де, жаралы жерлеріне йод жақтырып, ісінген тұстарына
орамалды суық суға малдырып, компресс қойдырып, жатып қалды.
Əдейілеп емес, өзін қорғау үстінде Еркебұлан қаза еткен қара сұр жігіт
үлкен орында істейтін белгілі адамның баласы еді. Шешесі де ғылыми
қызметкер болатын. Жас кезінде, дəрежелерінің арқасында қонақ,
театрлардан қолдары босамай, балаларын тəрбиелейтін уақыттары
болмады. Бала өз бетімен еркін өсті. Он жаста үйіне келген қонақтардан
қалған шампанды ішсе, əке-шешесі оны қызық көрді. Балалары ашуланып
стаканды, не кесені есікке лақтырып сындырса, оған мəз болды.
Балаларының бетінен қақпады. Ештеңеден беті қайтпай, тентек боп өскен


бала, кезі келгенде өткір, ештеңеден қаймықпайтын өр кеуде жігіт болады
деді əкесі.
Шешесі де жалғыз баласының бетінен келмеді. Ол не тілесе, соны істеді.
Қызмет бабын пайдаланып, əкесі білімді баласын институтқа да түсірді.
Алғашқы сессияда-ақ баласы ешбір емтихан тапсырмай институттан
қуылуға тиісті боп қалды. Əке-шешесі дереу шара қолданды, таныс
дəрігерлерінен «Бала сырқат» деген қағаз. алып, жалғыз ұлдарын бір
жылдық академиялық демалысқа шығартты. Балалары көп оқып шаршап
қалғандай, оған əке-шешесі «Əзірге дем ала тұр, қызметке соңынан
орналастырармыз, ал жұмыс мүлдем істегің келмесе, саған біздің тапқан-
таянғанымыз жетеді, өзің біл, көңіліңнің соғуына қарай көр»,- деді. Бəленің
бəрі міне осы кезден басталды. Күні бойы қолы бос жасөспірім жігіт
алдыменен қызық көріп, соңынан біржолата дертке айналған əдет - арақ
ішуге салынды. Көп кешікпей өзі секілді іштері пысып, не істерін білмей
жүрген жігіттерді тауып алып, енді арақ-шарапты бірігіп ішуді шығарды.
Мұндай у əдет ең алдыменен өзара төбелестен басталып, соңынан өзі
біреулерге тиісетін дəстүрге көшіп, ақырында бұларды бұзықтыққа
соқтырды. Көшеде төбелесіп, екі-үш рет азғантай мерзіммен абақтыда
жатып шықты. Ал əке-шешесі, абыройымызға нұқсан келеді деп оны
ұсталған жерлерінен тезірек алып шығуға тырысты. Ақырында балаларын,
айтқанына көнбейтін, ішкіш, бұзақы жігітке айналдырып алды. Енді ол
өзгенің дегеніне көнуді мүлдем қойды. Арақ ішетін ақшаны, əкесі бере
қоймаса, тіпті ұрлап алатын күйге жетті. Мұндай қылықты жолдастарымен
бірігіп, кейде бейтаныс адамдарға да істейтін болды. Өзінің ішімпаздық,
бұзықтық қылықтарымен əке-шешесін мезі етті, олардың ар-ұяттарын
жерге таптады, жалғыз баласы болса да əбден шаршатты.
Міне, бүгін ол, əкесінің стол үстінде жатқан алтын қол сағатын алып
кетіп, біреуге өз бағасынан кемге сатып, соңғы кезде тауып алған
жолдасымен бірге арақ ішкен. Қарасұр жігіт - Нұғыман бұрын қанжар,
пышақ, не кастет ұстамайтын. Бұның сорына қарай бүгін бір маскүнем оған
арзан бағаға кавказдың сауыты бар өткір қанжарын ұсынған. Қанжардың
сабы күміспен өрнектелген əдемі екен, соған қызықты ма, Нұғыман сатып
алған. Газетке орап дипломат-портфеліне салған. Үйіне барғаннан кейін
адам көрмес бір жерге тығып қоямын деп ойлаған ол. «Алматы»
ресторанынан шығып, бұлар Жамбыл мен Дзержинский көшесіне түсті.
Ұйғыр театрының жанындағы аялдамадан жігіттер бөлінбекші еді. Ескі
жолдасы отыз бесінші автобуспен бірінші микроауданға кетпек. Ал
Нұғыман Октябрь көшесіндегі моншаның қасындағы өз үйіне қайтпақшы
еді. Үшінші жолдасы да бұнымен көршілес үйде тұратын. Қызып алған
жігіттер, жолдастары жүріп кететін автобустары келе қоймаған соң, өткен-
кеткен əйелдерге өрескел сөздермен тиісіп, күліп-ойнап тұрған. Осы
мезгілде аялдамаға жаңа ғана банкеттен шыққан Қайназар келген. Тиісетін
адам таба алмай өзінен-өзі бүлініп, іші пысқан мас Нұғыман оған сүзіле
қарап:


− Ей, шылымың бар ма?- деді.
Қайназарға оның «ей» дегені ұнамады.
− Жоқ!- деді кенет ашулана қалып.
Енді Нұғыманға оның қатты айтқаны ұнамады.
− Неге жоқ? Əлде шылым тартпайсың ба?!
Қайназар өзінің жалғыз, аналардың төртеу екенін түсінді білем, сəл
бəсеңдейін деді.
− Иə, тартпайтын едім.
− Неге тартпайсың? Əлде өзіңді жұрттан артықпын дейсің бе? −
Нұғыман Қайназарға таяй түсті. − Тартпасаң, мə, тарт,- ол қалтасынан қабы
жымырылған «Қазбекті» алып, архитектордың тұмсығына тигізді. − Мə,
тарт, тарт!
Қайназар да рестораннан шыққан адам ғой. Өзінен жас жəне бұны
адамға санамаған, жігіттің дікіңдей қалып, тұмсығына «Қазбекті»
итермелегені ұнаған жоқ, кенет ашу қысып кетіп, Нұғыманның қолын
қағып жіберді. «Қазбек» анандай жерге ұшып түсті.
Енді бұған бұзық сары таянған.
− Көтер ана папиросты!- деді ол бұйырып.
Автобусы құрғыр көрінбеді. Қайназар амал жоқ, жерде жатқан
«Қазбекке» еңкейді. Дəл осы сəтте, оны мазақ еткісі келгендей үшінші мас
жігіт, еңкейе берген Қайназарды арт жағынан теуіп жіберді. Тоңқалаңдай
барып бойын əзер түзеген Қайназар тепкен жігітке:
− Ты что хулиганишь?- деді.
Бар айтқаны осы. Бірақ бойларын арақ алып, біреулермен төбелескілері
келіп тұрған бұзықтарға осының өзі де жеткілікті еді.
− Он еще огрызается!- деді сары Қайназарды пəрменінше періп қалып.
Архитектор ұшып түсті. Сол-ақ екен, бұзықтар оны тепкінің астына алды.
Қайназар «Жəрдем беріңдер! Жəрдем беріңдер!»- деп екі-үш рет айқайласа
да, екі қолымен басын, бетін жауып қорғанумен болды. Осы кезде
Еркебұлан да жеткен.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет