СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
Соңынан Еркебұланның сотында Қайназар: «Еркебұланның мені
арашалауға жүгіріп келгенін де, оған мына бұзықтардың қалай жабылғанын
да, жолдасының өзін қорғап бұзықты қалай тепкенін де, тіпті төбелестің
қалай өршіп, қалай басылғанын көрген жоқпын, есім ауып талып
кетіппін»,- деп жауап берген.
Сотты жүргізіп отырған орыстың ашаң жүзді жас əйелі:
− Егер есіңіз ауып, талып кеткен болсаңыз, төбелес болған жерден қалай
қаша алдыңыз? Мына бұзықтардың жəне қылмысты Еркебұлан
Асығатовты ұстап, милиция машинасына отырғызып, куə ретінде сізді де
алып кетпек болғанда, сізді милиционерлер таба алмай қалыпты ғой, солай
ма, жолдас милиция сержанты?- деді осы сотқа куə ретінде қатынасып
отырған милиция формасындағы жігітке қарап.
− Дəл солай,- деді милиция сержанты орнынан ұшып тұрып. − Біз
төбелес шығарғандарды машинаға отырғызып болып, іздегенде бұл кісіні
таба алмадық. Кетіп қалыпты.
− Естіп тұрсың ба, куəгер?- деді сот председателі əйел, − сіз есіңіз ауып
жатып, қалай қашып кеттіңіз?
Қайназар сот бастығының сұрағына жауап берудің орнына, ол өзі
милиция сержантына сұрақ берді.
− Сіз ол арада мені қалай іздей қалдыңыз?- деді таңырқағандай. −
Төбелескендерді ұстадыңдар емес пе? Ал сол төбелеске себепкер болған
адам бар, ол мына арада жатыр деп сондай аласапыранда кім айтты сізге?
Əлде төбелеске себепкер адам болу керек деп өзіңіз ойлап таптыңыз ба?
− Расында да, төбелесушілерден тыс мұндай адамның болуы мүмкін
екенін сіз қайдан білдіңіз?- деді сот бастығы сержантқа қайтадан қарап.
Милиция сержанты сасып қалды: «Бəсе, төбелесіп жатқандардың
арасында бұл жоқ еді, қалай білді?.. Ə... ə,жаңа есіме түсті ғой...»
− «Жедел жəрдем» машинасымен қайтыс болған жігітті əкетіп бара
жатқанда мына азамат, − ол Еркебұланды нұсқады, − ана жерде қатты
жарақаттанған менің жолдасым жатыр, соны да ала кетсін деген соң
іздедік, ал бұл жігіт ұшты-күйлі жоқ болып шықты.
− Түсінікті,- деді сот бастығы, сосын Қайназарға қарады. − Сөйтіп,
есіңіз ауып жатқан болсаңыз, қалай қашып кеттіңіз?- деді ол бұрынғы
сұрағын қайталап. − Түсіндіріңізші, куəгер азамат. − Бұл жолы əйелдің
даусы бір түрлі ашулы, қаттырақ шықты.
Қара сұр жігіттің қолында кенет қанжар пайда болғанын жерде жатып
Еркебұланнан бұрын Қайназар көрген. Сол сəтте мені де өлтіреді екен деп
қорқып кетіп, жан сауғалай, еңбектей шегініп, ағаштың тасасына жеткен.
Содан соң денесінің ауырғанына қарамай, Қарағай паркінің ішіндегі
ағаштан ағашты тасалай қаша жөнелген. Еркебұланды қоршаған бұзықтар
бұған көңіл бөлмеген.
Бірақ Қайназар жолдасын өлтіргелі жатқанда өзінің қашып кеткенін,
жолдасқа деген опасыздық, қорқақтық санайды деп, көргенін көрдім деп
айтуға дəті бармаған. Əрине, қашуға жараған адам, жолдасына болысуға да
жарайды ғой. Жəне ол «көрдім десе, сен неге ара түспедің, жолдасына неге
болыспадың?» деген сұрақ тағы тұр деп ойлады. Бəрінен де оның
қысылғаны осы сұрақ еді. Өзін-өзі əшкерелеуге күші жетпеді. Сондықтан
ол «көрдім, білдім» деген сөзден қашты.
− Білмеймін, ештеңе де білмеймін,- деді ол, − қалай қашып
құтылғанымды да білмеймін, тек парктен екі-үш көше өткен соң ғана
жападан-жалғыз келе жатқанымды түсіндім.
− Екі-үш көше өткеніңізді қалай білдіңіз?- деді тағы сот бастығы əйел.
− Оны да білмеймін,- деді Қайназар, − қазір солай шамалап тұрмын.
− Сіз үшін жолдасыңыз топ бұзықпен төбелесуге барады, ал сіз... − сот
бастығы ойын аяқтамай кілт тоқтады. − Жə, отырыңыз,- деді. − Тым
қорқып қалған екенсіз!
Қайназардың сөзін естіп отырған Еркебұлан оған таң қалды. «Япырмай,
болып жатқан оқиғаны көрмейтін мұндай да қорқақ адам болады екен-ау.
Қайназар ондай емес еді ғой, − кенет оның көз алдына жолдасының бұрын
бұның көзінше істеген бір-екі ерлік істері де елестеп кетті (мысалы, суға
биік жардан секіру, ағып келе жатқан поездың алдынан жүгіріп өту тəрізді -
бала кездерінде өз көзімен көргендері). − Бұнысы қалай? Əлде, əлде маған
ара түскісі келмей тұр ма? Ондай себеп жоқ еді ғой...»
Қайназар ештеңе көрмедім дегенмен, Еркебұланмен бірге сотталғалы
тұрған үш бұзықтың ең кішісі, жүдеу ақ құба ендісі шынын айтты. Ол сол
күні Нұғыманның ақшасына мас бола ішкендерін, Нұғыманның бір
маскүнемнен арзан бағаға қанжар сатып алғанын, төбелес кезінде оның сол
қанжарды жерге қойған дипломат-портфелінен суырып алып, Еркебұланға
ұмтылғанын, өзінің қорқып кеткенін, бірақ Еркебұланның каратэ əдісімен
Нұғыманды іштен теуіп жерге шалқасынан түсіргенін, қысқасы, осы сəтте
көргенінің бəрін жасырмай айтып берді.
− Егер айыпкер Еркебұлан Асығатов сіздердің серіктеріңізді іштен теуіп
құлатпағанда, қайтыс болған жолдастарыңыз оған не істер еді?- деді сот
бастығы əйел.
− Өлтірер еді,- деді айыпталушы, − сөз жоқ өлтірер еді! Нұғыманның
мінезі белгілі ғой, ол ашуланғанда ешкімді де аямайтын. Бұрын қолына
ұстап келе жатқан дипломат-портфелімен бір-екі рет мені де қатты періп
қалғаны бар.
Соттың тегеурінді сұрақтарына шыдай алмай, екінші айыпкер де
жолдасының сөзін шынға шығарды.
Сол төбелесте Еркебұланнан өшін ала алмай қалған өкінішті бұзық сары
ғана Нұғыманның қанжар сатып алғанын білетіні анықталса да, сол
қанжарды жолдасының қолына ұстап, Еркебұланға ұмтылғанын көрген
жоқпын деді.
− Сонда, мына қанжар төбелес болған жерге қайдан келді?- деді сот
заседателі қартаң тартқан жұмысшы адам. − Біреу əдейі əкеп тастады ма?
− Білмеймін,- деді бұзық сары. Сосын ол өзін сол түні қашуға мүмкіндік
бермей ұстаған милиция сержантына өшпенділікпен қарады, − мүмкін кісі
өлтірген айыпкерді ақтау үшін мына сержант...
− Азамат сержант!- деді сот бастығы ананың сөзін түзетіп.
− Иə, азамат сержант, өлген Нұғыманның портфелін ашып əдейі
тастаған шығар, мен қайдан білейін.
− Жарайды, отыр,- деді сот бастығы əйел қабағын сəл шытып. −
Түсінікті!
Сот
үкім
шығарар
алдында,
медициналық
экспертизаның
қорытындысын оқыды. Экспертиза Еркебұланның өзіне қанжарменен
ұмтылған Нұғыманға қарсы қолданған каратэ əдісі, айыпкердің өзін
қорғауға қолданғанын жəне бұл əдістен кісі өлуге тиіс емес екенін
дəлелдеген. Ал Нұғыманның өлімі, Еркебұлан қолданған əдістен жерге
құлағанда, əлдеқалай қарақұсымен тасқа ұрылып, содан болғанын
анықтаған. Сол айыпкердің жəне оған қарсы жақтың көрсетуіне сүйене
отырып, Нұғыманның өлімі Еркебұланның өзін қорғаудан туған өлім екенін
жəне бұл өлімде Еркебұлан өзін қорғауда кісіні өлімге апаратын ерекше
əдіс, артық күш пайдаланбағанын хабарлады. Оны Нұғыманды байқамай
өлтірген деп тауып, Қазақ ССР-нің қылмыс кодексінің тоқсан бірінші
статьясымен екі жыл абақтыда ұстауға үкім алды. Бұл статья бойынша үкім
жазасы үш жылға дейін делінсе де, Еркебұланның бұрын сотталмағанын,
жұмыс істеп жүрген институтының сырттай аспирантура басшыларының
берген жақсы мінездемесін еске алды. Ал прокурордың, қорғаушының бір
ауыздан ақырғы сөздерінде айтқан «осы статьямен соттау керек, бірақ үкім
шартты түрде болса екен» деген ұсыныстарын қабылдамады. Балаларын
дұрыс тəрбиелемей, анығына келгенде өздері айыпты екенін қазірде
ұмытып, баласын өлтірген жігітке қатты жаза, тіпті өлім жазасын тілеп
отырған Нұғыманның үлкен дəрежедегі əкесі мен ғылым саласындағы
белгілі ғалым болып қалған шешесінің тілектерін де жерге тастаған жоқ.
Мұндай жағдайда - Нұғыманның əке-шешесін орасан қайғыға жеткізген
жағдайда, Еркебұланға екі жыл абақтыда отыру үлкен жаза емес деп шешті
сот. Екі жыл абақтыда отыру - кісі өлтірген, бірақ өзін қорғаймын деп
абайламай өлтірген Еркебұланға ғана емес, жалғыз ұлдарын көздерінің
қарашығындай сақтаған Асығат пен Қырмызы тəрізді адал жандарға үлкен
жаза еді. Міне сондықтан да сот əділ санаған осы екі жыл Еркебұланның
əке-шешесіне екі жүз жылдан бір де бір кем көрінген жоқ.
Сот үкімін естіген тек Қайназар ғана, əлденеден үміттенгендей ұзақ
үндемей қалды. Үкім дұрыс та, бұрыс та деген жоқ. Тек əлден соң барып,
ол ауыр күрсінді. «Иə, екі жылда кім бар, кім жоқ...»- деді ол.
Өзінің қандай күйге душар болғанын Еркебұлан абақтыға апарған күні
түсінді. Ол кірген камерада неше түрлі адам бар екен. Статьясына сəйкес
бұны да, кісі өлтірген, ұрлық істеген, бұзықтықпен кесілген, қоғамның
кілең қалдықтары отырған бөлмеге кіргізген. Бұған дейін үнемі сыпайы,
оқыған, таза жанды, адал тілектегі жастар арасында болып келгендіктен,
бір сəт өзіне сұқтана қараған ұры көзді, тікенек сақалды кісілерді көргенде
Еркебұлан шошып кетті. Бұрын, Алматының жасыл көшесінде,
жолдастарымен ойнап-күліп, еркін жүрген кездерінде, егер оған бір
бөлмеде осыншама қара ниетті адамдар бар десе, өмірінде сенбес еді. Ал
бүгін? Бірақ осының бəрі қара ниетті ме? Мүмкін, өзі секілді жамандыққа
төтеп беремін деп бақытсыздыққа кездескендер де бар шығар?..
Əсіресе Еркебұланға ертеңіне бұның қоп-қою, қап-қара, дудар шашын,
өсіп қалған құндыздай жылтыраған тығыз мұртын теп-тегіс қырдырып
тастатып, суретке түсіргені қатты батты.
Ал мұны ести қалса Жұлдыз не дейді? Əке-шешесінің бетіне қалай
қарайды? Əкесінің бұның сотына келгенін, көзімен көрмесе де, қай жерде
отырғанын, қандай күйде екенін жүрегімен сезген. Бірақ бұрылып қарауға
дəті жетпеген. Ал шешесінің келетініне де сенген. Жалғыз баласын көрмей
үйінде отыра алмайтынын да білетін. Еркебұланды бір көру оның қазіргі ең
үлкен арманы екені де бұған аян еді. Сонда да ол шешесін мұндай күйде
көргісі келмеген. Қай бетімен оған қарай алады. Əйтеуір, тағдыр мұны
аяды ма, кім білсін, шешесі қатты ауырып қап, келе алмады. Шешесінің
келмегені бұған қандай жеңілдік, қандай бақыт!
Ол өзін суретке түсірген күні ешкіммен де сөйлескен жоқ, дүние бұған
мəңгі қараң қалғандай үн-түнсіз, қабағы кіртиіп жүдеп келді де, нарына
көтеріліп, теріс қарап жатып алды.
Болған оқиғаны бастан-аяқ ойлай бастады.
Жолдасы Қайназар көз алдынан кетпей қойды. Əсіресе, алдыңғы күнгі
сот алдында оның жауап берген түрі əлсін-əлсін елестей берді.
Кенет Еркебұланның есіне осыдан екі жыл бұрын болған бір əңгіме
түсті.
Ол институтты бітіретін жылдары еді. Екеуі Москвада Тверь
бульварында кездескен. Соның алдында бұлар құрылыс отрядтарымен жаз
бойы тыңда болған. Сол күні екеуін де құрылыс отрядында жұмысты
жақсы істегендері үшін Құрмет грамотасымен наградтаған.
Олар Тверь бульварындағы орындыққа қатарласа отырған. Екеуінің де
көңілі көтеріңкі еді. Əсіресе мақтау қағаз алғанына Еркебұлан мəз-мейрам
болатын. Істелген еңбектің бағаланғаны бір ғанибет іс қой. Еркебұлан
осылай деп түсінетін. Жəне бүгін əке-шешесін қуантпақ боп, хат жазған.
Хатында Қайназардың грамота алғанын айтқан.
Кенет Қайназар:
− Жалпы қылмыстыны абақтыға салу, ал ерекше еңбегі сіңген адамға
орден, медаль не грамота тəрізді мақтау қағаз беру - дұрыс емес,- деген.
− Жоқ, қателесесің,- деген оған қарсы жауап беріп Еркебұлан −
Қылмыстыны жазалау ертеден бар. Тіпті қазақ тəрізді көшпенді көне
елдердің өзінде де зындан тəрізді жаза орны болған. Бұл абақтының
алғашқы болмысы. Ал ерлік істеген, не өзгеден өнері асқан адамды
құрметтеп қару тарту, не мал-мүлікпен енші бөлу бұ да ескіден келе жатқан
ғұрып. Мысалы, ежелгі Грецияда, Римде қаһарманның мойнына лавр гүл
бунағын кигізген. Бұ да қазіргі орден, медальдардың арғы атасы.
Дəл осы уақытта бұлардың қасынан кеудесі орден мен медальға толған
Ұлы Отан соғысының бір ардагері өткен.
− Мына кісіге осынша орден, медальдарды неге берді дейсің?- деп
сұраған Қайназар.
− Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін.
− Былайша айтқанда кісі өлтіргені үшін ғой?
Еркебұлан ашулана қалған. Ол соғыс ардагерлерін ерекше қадірлейтін.
Əсіресе ерлік көрсетіп, жұртына əйгілі болған адамдарға деген оның
сүйіспеншілігі, махаббаты орасан үлкен еді. Кеудесіндегі наградтарына
қарағанда жаңағы жандарынан өткен адам да, сөз жоқ, сондай
ардагерлердің бірі. Ал Қайназар болса...
− Сен не айтып отырсың?!- деді Еркебұлан жолдасына өкпелей. − Ол
өлтірсе, кісіні емес, фашисті өлтірді. Жерімізді таптап, жұртымызды
қырған қасымызды өлтірді...
Қайназар Еркебұланның сөзін бөліп жіберген.
− Жаңағы өткен ардагердің өлтіргенінің бəрі фашист, бізге қас адамдар
екенін сен қайдан білесің?- деген. − Ал ол сол адамдардың ішіндегі бізді
жақтайтын бір адал жанды өлтірген болса қайтесін? Жазықсыз бір адамды
өлтіру, жүз жазықты адамды өлтіруден ауыр екенін білмейсің бе?
Қазір Еркебұланның есіне жолдасының осы сөзі түскен. «Кеше ғой,
Қайназар солай сөйледі. Жазықсыз бір адамды өлтіру - жазықты мың
адамды өлтіруден ауыр күнə деді ғой. Ал сонда жазықсыз адамды екі
жылға соттау жеңіл күнə болғаны ма? Иə, Қайназар мені қылмысты санаған
ғой. Сондықтан да ара түскісі келмеген сияқты». Ол қайтадан бульвардағы
оқиғаға көшкен.
− Сонда сен не демексің? Соғыстың аты соғыс емес пе? Қарсы келген
жауыңның кімнің жазықты екенін, кімнің жазықсыз екенін қалай айыра
аласың?- деген Еркебұлан жолдасына ренжи қарап.
− Міне, міне, менің ойыма жаңа жақындап келесің - деген Қайназар. −
Əрине, өзіңе қарсы шыққанның бəрі жау, кімнің ішінде, сана-сезімінде не
жатыр, сөз жоқ айыра алмайсың. Сондықтан қарсы шепте кім тұрса, сен
оны өлтіруің керек. Өйткені оны сен өлтірмесең ол сені өлтіреді. Міне,
мəселе қайда жатыр?
Бір жолдастары келіп екеуінің сол күнгі таласы аяқталынбай қалған.
Қазір Еркебұлан осы бітпей қалған əңгіменің аяғын ойлауда еді. Жалпы
ерлік көрсету - тек өз басын қорғаудан тумайды (əрине, бұл себепті мүлдем
алып тастай алмайсың), ерліктің негізі, мейлі соғыста болсын, не еңбекте
болсын, тегі, Отанын, жер-суын, еңбекті сүюден, өз басының ар-ұятын таза
сақтаудан жаратылады. Бұл Еркебұланға анық еді. Сондай-ақ қорықпай
істеген істің ерлігіңді ақтайтын, халықтың көкейіне қонатын, не соның
мүддесіне жарайтын іс болсын. Міне, өзі қорықпады, ер жүректік көрсетті,
жападан-жалғыз бір топ бұзықтармен айқаса кетті. Ақыры не шықты?
Мейлі, бұзық болсын, біреудің жалғыз баласы өлді. Өзі сотталды.
Қорықпастығынан, ержүректігінен не тапты? Жоқ, жоқ ажалдан жолдасын
құтқарды. Олар көп екен деп, бұл қорқып қалмады. Егер бұл араша
түспегенде, Қайназардың жер басып жүруі де екіталай емес пе? Иə, солай.
Мac дүлейлердің оны аямайтыны хақ еді ғой. Сот үкімінде бұның əрекетін
өз басын қорғаудан туған деп тапты. Расында солай ма? Бұл жолдасын
қорғаймын деп төбелеске араласқан жоқ па? Сөйтті ғой. Сол сəтте бұл ана
бұзықтар маған да жабылар деп ойлады ма? Жоқ əрине. Барлық пəле
жолдастық деген борыштан шықпады ма? Сөйткен жолдасы... Мейлі! Оның
алдында менің арым таза! Ал өзінің ары жайында Қайназар өзі ойласын!
Еркебұлан тағы ойланды. «Ал егер Қайназардың орнына ана бұзықтар
бөтен біреуді тепкілеп өлтіргелі жатса, бұл араша түсер ме еді?
Танымайтын адамда нем бар деп өз бетіне кете берер ме еді? Жоқ əрине,
бəрібір араша түсер еді. Бəрібір олар көп екен деп қорқақтық көрсетпес еді.
Өйткені бұл кім болса да Адам атаулыны жақсы көреді ғой, жақсы көре
тұра оны қалай қорғамайды?»
Ал Қайназарға ашық айтпаса да, жау да, дос та - бəрі де адам. Адамды
өлтіру болмайды дейді. Бұл - пацифиста. Сонда өзінікі не? Жаңа ғана «Кім
болса да Адам аттыны жақсы көрем» деген жоқ па? Расымен өзі де
Қайназар тəрізді жау да, дос та - бəрі де адам. Адамды өлтіруге болмайды»
демек пе? Жоқ, жоқ тіпті олай емес. Кенет оның есіне сонау түндегі
качельге асып қойған бала жігіт қайта түсті. Сол асулы тұрған жігітті аяп
сол күні Еркебұлан: «Шіркін-ай, осы жігітті өлтіргендердің өздерін ұстап
алып, осылай асар ма еді!» деген еді ішінен. Сөйдеген. Ал қазіргісі не?
Жоқ, жоқ Адам бар да, Адамға жау бар, сонау бала жігітті өлтіргендер сол
Адамның жаулары. Егер сол жауыңды өлтірмесең ол сені өлтіреді.
Отаныңды аяғымен таптайды. Мұндайда аяушылық болмауға тиісті.
Еркебұланның ойы қайтадан бөтен арнаға ауды. «Жақсы, сен осы
принциптің адамысың. Сондықтан да жолдасымды қорғаймын деп
төбелеске араластың. Ақырында өзіңе қауіп туған шақта, өз басыңды
қорғаймын деп біреудің жалғыз баласын өлтірдің. Сонда бұны қалай
дейсің, сенің ерлігің өз басыңды қорғаудан туғаны ма? Жоқ, жоқ тіпті олай
емес, мен өз басымды қорғап, оны өлтірген жоқпын. Ал оның өлімі -
кездейсоқ өлім. Оның қарақұсының ұрылуына себепкер болсам да, мен
айыпты емеспін. Сондықтан, Нұғыманның өлімін байқамағандықтан
болған деген сот үкімі маған ауыр! Ауыр! Бірақ ауыр болғанмен де дұрыс.
Маған екі жыл берсе, ол өлім фактісі үшін берілді, қастық істемесе де, кісі
өлген қастыққа əлдеқалай себепкер болғаным үшін берілді. Енді амал жоқ
бұл ауыртпалықты мойныммен көтеруім керек!
Бірақ бұл екі жыл, біздің заманымызда тым ұзақ мезгіл ғой. Көп дүние
өзгереді...» Кенет Еркебұлан сұп-сұр бола қалған. «Жұлдыздың маған деген
махаббаты да өзгерер ме екен? Жоқ, жоқ ол мүмкін емес!» Қазір
Еркебұланның ойына Жұлдызды жоғалтып алғаны кipмеді. Ғашығы дəл
қасында отырғандай көрді. Қиялы кенет өткен күндерге шарықтап, осыдан
алты ай бұрын сөйлескен бір сөзін есіне түсірді.
− Біздің осы махаббатымыз өмірлік болса екен,- деген Еркебұлан
Жұлдыздың ернінен сүйіп.
− Жоқ, мəңгілік болуын тілеймін,- деген қыз.
− Оған сен шыдайсың ба?
− Шыдаймын. Өле-өлгенше сені есімнен шығармаймын.
− Естен шығармау - ол аз.
− Онда. Мəңгілік тек сендік боламын. Ант іш десең ант ішемін.
− Жоқ мен онсыз да саған сенемін!
Еркебұлан үнсіз күрсінді. «Қуаныш үстінде сенгенде, сүйгеніңнің сөзіне
бүгін қайғы үстінде неге сенбейсің? Адам баласының көңілі үнемі осылай
құбылмалы ма?»
Он күннен кейін əкесі келді. Екі ұрты суалып, сүзектен тұрғандай боп
əбден жүдеп қалған. Еркебұланды маңдайынан сүйіп, бір иығына қолын
сала қатарласа отырды.
− Апам қалай, көке? - деді Еркебұлан басын жерден көтермеген
қалпында.
− Қазір көтеріліп қалды,- деді Асығат. − Бүгін саған менімен бірге келем
деп еді, жоқ жерден үйде авария болып, шыға алмай қалды.
Баласын жүдетпейін деп бұл сөздерді əкесінің ойдан шығарып
отырғанын, əрине, Еркебұлан бірден түсінді. Егер жүруге жарайтын болса,
апасы бұған келмей шыдап отыра алмас еді. Еркебұлан абақтыда жатқанда
ол бишара авария түгіл, үйі өртеніп кетсе де құстай ұшып жетпес пе еді.
Əрине, ол қатты сырқат. Бірақ Еркебұлан əкесіне олай емес демеді.
− Оқасы жоқ, келесі жолы келер,- деді Еркебұлан. Ол ауыр күрсінді. −
Абақты анасының баласын іздеп келер жер ме? Білемін, сіздерге де оңай
соғып жатқан жоқ. Бірақ амал қанша шыдап бағыңыздар, − сосын даусын
сəл бəсеңдетіп сыбырлай сөйледі, − Шамаларыңыз келсе, кешіре
көріңіздер, сіздерді мен бұлай ренжітемін демеп едім.
− Бізді қойшы,- деді əкесі көтеріле сөйлеп. Сөйтсе де Еркебұлан оның
үнінен шаршағандықты, амалсыздықты сезді. − Тек өзің берік бол. Ер
жігіттің басынан не өтпейді, бұның бəрі де бір күнгідей болмас, əлі-ақ
ұмытылар. − Əкесінің бұған жігер бермекші боп көтеріле сөйлеп
отырғанын Еркебұлан тағы түсінді. «Əрине солай ғой, дұрыс айтасыз,
дұрыс айтасыз»,- деп басын изеумен болды. Бұ да əкесінің көңіліне
қарайды. Ал Асығат сөзін жалғай түсті.
− Айтпақшы,Жоғарғы сотқа мен де арыз бердім.
− Не жайында?
− Өзімнің ел-жұртыма өткізген еңбегімді айтып, сенің ақ ниеттік адал
жігіт екеніңді, бұрын сотталмағаныңды, жолдасына болысам деп мұндай
күйге ұшырағанды тілге тиек етіп, сені ақтауларын, не сот үкімін шартты
түрге көшірулерін өтіндім.
− Əй, білмеймін, сот бұған көне қояр ма екен?- деді Еркебұлан
тұнжырап,- қайтыс болған жігіттің əкесі бір үлкен қызметтегі адам
көрінеді, маған аз жыл берді деп ренжіп жатыр дейді қорғаушыларым...
Əкесі сабырлы үнмен жауап берді.
− Иə, ол солай. Ол кісінің де қайғысын, қаһарын түсінуге болады.
Жалғыз баласынан айрылып отыр ғой. Бірақ сенің əдейі істемегеніңді,
баласының жанарынан өзіңді қорғаймын деп қимылдағаныңды біле тұра,
егер сот саған көбіректеу жыл берсе, өлген баласы тіріліп келетіндей, неге
соншама тітірене қалғанын түсінбеймін. Адам қайғыда да əділетті болуы
керек. Өлген бір баланың орнына өлмеген екінші баланы неге құрбан етпек
болады? Бұдан оның қайғысы жеңілдей ме? Əлде бізді де өзіндей ұзақ жыл
қасіретті жүрсін дей ме? Сонда оның қайғысы бітетіндей көре ме? Ол
кісінің қылығын ұқпадым. Жəне оның үстіне баласының араққа салынып
кеткенін, жан аямас бұзық екенін бұрыннан да білетін көрінеді. Сөйте
тұрып саған қатал үкім шығаруын тілейді. Бұл не? Өзгелерді аямағаны ма,
дүниенің бəрін тек өз басының қайғысымен ғана мөлшерлегені ме?
Ештеңесіне түсінбедім. Демек, онымен барып сөйлестім. Бірақ соңынан
барғаныма өкіндім. Көңілімді жаман қалдырды.
− Бəсе, өзім де солай деп ойлап едім. Баласын тым жақсы көретін секілді
еді.
− Баланы өлгеннен кейін жақсы көру - ол кешігін жақсы көру. Баланы ең
алдымен тірісінде жақсы көру керек. Жақсы көрудің ең үлкен белгісі -
баланың дұрыс адам болуына көмектесу, оны дұрыс тəрбиелеу. Есіңде бар
ма, кішкентай кезіңде өзіңді менің бір қатты ұрысқаным? Мен саған
Мəскеуден бір пар коньки əкеп бергем. Сен «менің əкем менен ештеңе де
аямайды» деп мақтанғың келді ме, өзіңмен бірге ойнап жүрген көрші
балаларға «Менде осындай үш пар коньки бар»,- деп жалған айтқаның? Үш
пар конькиі бола тұра, бізге біреуін де бергісі келмейді деп серіктеріңнің
өкпелегені? Сараңдығың үшін кейбіреулері ұрмақ та болған сені? Сонда
мен саған: «Неге өтірік айттың?»- деп, қатты ұрысқам. Өмірде шындық
қана адамның серігі екенін түсіндіргем. Сен əрине, маған ұрыстың деп
өкпелегенсің. Бірақ кейін бір де бір жалған сөзге барған емессің. Əрине,
мен сені жақсы көрмесем, сенің кемшілігіңді ойламасам, сондағыдай қатты
ұрыспас едім, балалық деп қоя салсам, əрине, сен сол жолғыдай жыламас
едің бірақ мақтанып өтірік айтуыңды қоймас едің. Ондай суайттық тіпті
əдетке айналып кетуі де мүмкін еді. Өлген адам туралы жаман айтуға
болмайды, бірақ шындық деген ештеңеге қарамайтын əділ төре бар. Анау
ойламаған жерден қаза тапқан бала, дер кезінде əке-шешесінен дұрыс ақыл
алмаған. Ерке болып өсіп, ойына не келсе соны істеген. Ақырында сол
бетімен өскендік, дұрыс тəрбие алмағандық оны маскүнемдікке,
бұзықтыққа апарып соқтырған. Үлкен орындағы əкесі бұны білмей ме?
Əрине, біледі. Оның білгеніне де көп болған. Бірақ кешігіп қалған.
− Сорлы қатты өкінуде болар?
− Оған сөз бар ма? Өкінуден бөтен онда тағы бір жаман қасиет бар екен.
Жұрт баласын мұндай күйге жеткізген өзі демесін дейді. Мұндай айып оған
батады. Тіпті орнымда отыруыма да оның зияны тие ме деп қорқады. Ал
саған көп жыл берсе, əрине, оның баласының өліміне сенің айыпты екенің
анықталады. Жұрт алдында оның күнəсі жеңілденеді.
− Сонда ол менің қастандық істемегенімді есепке алмай ма?- деді
Еркебұлан қинала. − Менің жас өмірімді қор етемін деп ойламағаны ма?
− Ие, қалқам, ол солай. − Асығат мұңайды. Тек өз басының қызығын, өз
абыройын, өз дəрежесін ғана ойлайтын адамдар өзгенің бақытсыздығымен
санаспайды. Басына түскен ең ауыр қайғыдан да өзіне жеңілдік іздейді. Сол
себептен де мен ол кісінің дəрежесімен санаспадым, саған жеңілдік сұрап
Жоғарғы сотқа арыз бердім.
Жоғарғы сот əділетті шешім алды. Істің барлық жағдайын талдап,
тексеріп кеп, баланың бұрын сотталмағанын жəне қастандық істемегенін
себеп етіп, оның əкесінің өтінішін жерге тастамады. Еркебұланды бір айдан
кейін абақтыдан босатты. Төменгі соттың берген екі жылын шартты түрге
айналдырды.
Əрине, Еркебұлан абақтыдан құтылғанына іштей қатты қуанды, бірақ
осы оқиға онсыз да жаралы жанына ауыр таңба салды. Əсіресе бұның ойын
Қайназардың қылығы қатты толқытты. Абақтыдан шығысымен ол ескі
жолдасымен кездесіп, одан түсінік сұрамақшы болды. Бірақ бұл кезде
Қайназар Алматыда жоқ еді. Ол тағы да Бийскіге командировкаға кеткен.
Қайназар Бийскіге келген күні бұл жақта түн ете ызғарлы суық еді.
Ертеңіне Тынық мұхит жақтан жылы жел соғып, күн райы кенет өзгерді.
Түс кезінде тіпті жайма-шуақ боп, күн көзі де көрінді. Бүгін жексенбі еді.
Қайназар өзі білетін қыздар жатақханасына Жұлдызды тағы іздеп келді.
Жұлдыз ана жолғысындай баспалдақтан жүгіре түсіп, қуана қарсы алды.
Үстінде кең жеңді, белбеусіз, молдау пішілген көйлек-халаты бар, шашын
тоқпақтай етіп түйіп тастаған. Жүгіре басып жанына жақындап қалған
Жұлдыздың жалпы дене тұрпатына көзі түсіп кеткен Қайназар, «толығайын
деген бе, қалай» деп ойлады. Ал Жұлдыздың бұл кезде іші біліне бастаған
еді. Бұрын қиылып тұратын қыпша белі өзгере бастаған соң əдейі
білдірмейін деп, өңірі тікелей тігілген халат-көйлек киіп алған-ды.
Дегенмен қуанғаннан үлкен қара көздері күлімдеп, екі беті ду-ду жанып
балбырап тұр.
Мұндай алғашқы кездескенде айтылатын «Қашан келдің? Ондағы жұрт
аман ба? Алматы қалай? Қысы жылы ма?» деген тəрізді жалпылама сөздер
таусылғаннан кейін Жұлдыз:
− Қазір, осы арада күте тұрыңыз, мен киініп шығайын,- деді де жоғарыға
қарай кетті.
Баспалдақтан көтеріліп бара жатқан Жұлдыздың сыртынан қарап
Қайназар қыздың дене құрылысы көп өзгеріп қалғанын ұқты. Көңілі
құрғыры қобалжи түсті. Ал Жұлдыз киініп сыртқа шыққаннан кейін, оның
мұрнының үстіндегі болмашы сепкілге көзі түсіп кетіп, ойы кенет бұлқан-
талқан бола қалды. Бұрын мұндай сепкіл болмайтын. Қайназар енді
қыздың екіқабат екеніне сенді. Сол-ақ екен бойы мұздап, жүрегі
мазасыздана қалды. Қызғаншақтық деген бір асау сезім ғой, өн бойыңды
алып тулар болса, оны басу да қиын! Қайназар да оңай баса алмады. Бар
қолынан келгені Жұлдыздың өзіне, сұрақтарына «Иə, солай ғой, дұрыс»,-
деп қысқа жауап беріп, ұзақ уақыт үндемей жүрді. Дегенмен қызғаншақтың
алғашқы дүлей толқыны бірте-бірте саябырлай бастады. Енді Қайназарды
жанын жеп бара жатқан күмəнді ойлар басты. «Оқуын тастап, əскерден
келген бұрынғы сүйген жігітіменен кетті»,- деген өсек-қауесет сөз рас
болғаны ма?
Еркебұлан сотталғаннан кейін, бұны бір күні Асығат іздеп келген.
Жоғарғы сотқа арыз берер алдында, Еркебұланына қанша сенгенімен де,
Қайназардың «Мен ештеңе білмеймін» дегеніне нанбаған. Сондықтан
оқиғаның анығына тағы да бір көзін жеткізбек болған.
− Қайназар, қалқам, сен Еркебұлан екеуің титтейлеріңнен бірге
өстіңдер,- деген, Қайназарды бөлмесінен шығарып алып, жобалау
институтының алдындағы аллеяда қатарласа жүріп. − Екеуіңнің ең болмаса
бір рет ұрысқандарыңды, төбелескендеріңді көрген емеспін.
Кішкентай кезіңде де сен оған үнемі қорған болып жүретінсің, бұ да
есімде. Көрші үйдің бір тентегі менің Еркебұланымды «өгей бала, өгей
бала», деп мазақтағанында сен сол тентектің мұрнын қанатқансың.
Қайназар елең ете қалған.
− Өгей бала? Қайдағы өгей бала?
Асығат оған таңдана қараған.
− Сен ұмытып қалдың ба, Еркебұлан біздің тумаған баламыз екенін?
Бірақ тумаса да, туғаннан да артық қой бізге. Оны да білесің. Біз
Еркебұланды ауылдан Қарлығашымыз жоғалған жылы алып келгенбіз. −
Асығат баласының жолдасына сондағы болған оқиғаны теп-тегіс айтып
берген. Содан кейін барып ол Қайназарға: − Міне сол Еркебұланмен сен
екеуің кішкентайларыңнан бірге өстіңдер. Оның да сені ренжіткен жері жоқ
секілді. Білетінім, сен дегенде жанын үзіп беруге бар. Ал сөйткен
жолдасыңның жағдайы мынау болды. Сот алдында оған араша түсудің
орнына «Ештеңе білмеймін»,- дедің. Сотта олай деуге бір себебің болған
шығар. Ал маған, жан жолдасыңның əкесіне, шыныңды айтарсың деп
сенемін. Мен сенің сөзіңді еш жерде пайдаланбаймын. Бірақ ертең арыз
бермекпін, баламды босатыңдар демекпін. Ондай арыз беру үшін менің де
ар-ұятым таза болуы керек. Егер баламның жазығы болса, ондай қағазды
мен жаза алмаймын. Жазуға хақым да жоқ. Сен көрген болсаң шыныңды
айт. Ол маған керек.
− Сонда сіз Еркебұланның сөзіне сенбейсіз бе?- деген Қайназар.
− Неге сенбеймін? Сенемін. Сондықтан да арыз жазбақпын. Ал сенің
шындығың маған рухани көмек болар еді. Баламның жазықсыздығына
көзімді жеткізе түсер еді.
Қайназар ұзақ уақыт үндемей қалған. Сосын барып:
− Арызыңызды жаза беріңіз. Еркебұлан жазықсыз. Менің білетінім:
маған бұзықтар жабылып жатқанда, ол болған жоқ. Менің дауысымды естіп
келді. Бұл пəлеге Еркебұлан мені арашалаймын деп ілікті. Оның алдында
мен зор борыштымын. Тірі жүрсем ол борышымды ақтармын. − Сосын
Қайназар ауыр күрсінген. − Менің білетінімнің бары осы. Одан артық
ештеңе білмеймін. Еркебұлан ана жігітті қалай өлтірді, өзім ол арадан
қалай кеттім, бірі де есімде жоқ. Сірə, сол сəтте менің миым істей алмай
қалды ма, əлде бөтен бірдеме болды ма, өзім де түсінбеймін.
Асығат Қайназарға сенген. «Мүмкін, сондай бірдеме болған шығар
бұған. Əйтпесе көргенін айтқанында не тұр»,- деп ойлаған.
Ал қазір бар сезімін, жанын, жүрегін қызғаншақтың алапаты билеп
кеткен Қайназар Асығаттың сөзінің екінші жартысын емес, бірінші
жартысын есіне түсірді. Ол Жұлдыздың кімнен екі қабат екенін білгісі
келді. Неге екені белгісіз, қыздың Еркебұланнан емес, басқа біреуден
екіқабат болғанын қалады. Сонда өзіне жеңіл тиетіндей көрінді. «Иə, иə,
Еркебұлан мен Жұлдыз бір туысқан емес екені анық. Егер бұл екеуінің
арасы шын жақын болса, Жұлдыздың Еркебұланды сүйетіні анық десек,
онда Жұлдыз неге оқуын күрт тастап, Алматыдан кетті? Енді шындықтың
бетін ашып, бұл жұмбақты шешу керек». Осындай ойға келген Қайназарға
дəл осы сəтте Жұлдыз тағы бір сұрақ берді:
− Асығат ағай мен Қырмызы апай не істеп жүр?- деді ол. − Əйтеуір,
ауру-сырқаудан аман ба олар?
− Аман ғой,- деді Қайназар. − Бірақ тумаса да туғандай болған
Еркебұландарының қайғысы...
Өткен жолы Қайназардың «Еркебұлан көп ішіп жүр» дегені есінде
қалған Жұлдыз, енді бөтен бір түсініксіз сөзден елең етті.
− Еркебұланды «тумаса да туғандай болған» дегеніңіз не?- деді жалт
бұрылып.
− Білмейтін бе едің?
− Нені?
− Еркебұлан олардың туған баласы емес екенін? Ал туған қыздары өзің
екеніңді?..
− Түсінсем бұйырмасын, − Бұл сөзді ол өзі туралы емес, Еркебұлан
туралы айтты.
Қайназар Асығаттан естіген əңгімесін толық айтып берді. Жұлдыз үн-
түнсіз тыңдады. Əңгімесін айтып болып, «неге үндемей қалдың?» дегендей
ол Жұлдызға қарады. Қуанғаннан екі көзінен жасы сорғалап күліп келе
жатқан қызды көрді.
− Осы айтқаныңның бəрі рас па?- деді қыз кенет даусы сыбырлай
шығып.
− Рас. Рас,- деді Қайназар дəл осы минутта қыздың үміттене қойған
сұрағына бөтен жауап бере алмай.
− Ой, алла, мұндай да қуанышты хабар болады екен-ау!- деді қыз кенет
қуана айқайлап жіберіп. − Қашан қайтасың?
− Ертең.
− Жоқ, бүгін жүрейік! Тіпті қазір жүсейікі Бұл жолы мен сенен
қалмаймын! Алматыға бірге кетем. Əкесіне бөбегінің бар екенін айтамын!
Қуантамын! Сенің жаныңдай жақсы көретінің біреу емес, енді екеуміз
деймін!
Қыз не айтып, не қоярын білетін емес. Тек əр сөз сайын даусы қуанышқа
бөленіп, қатты шығып, қастарынан өтіп бара жатқан адамдар қыздың не
деп келе жатқанына түсінбесе де, оның шаттанған қуанышты сұлу түріне
таңдана, сүйсіне қараумен болды.
Қайназар түнере қалды. Ол енді бəрін түсінді. Қуанышыңды қазір
тыяйын дегендей, кенет Қайназар өзін-өзі зорлай езу тартып, Жұлдызға:
− Менімен бірге жүруге асықпа,- деді. − Алдымен арызыңды беріп,
жұмысыңнан шық. Есеп-қисабыңды ал. Ал сен асығып барар Еркебұлан
жоқ. Ол кісі өлтіріп сотталып кеткен.
− Не дейсің?
Жаңа ғана қуанышқа бөленіп келе жатқан Жұлдыздың үстінен біреу
суық су құйып жібергендей тұла бойы түршігіп қоя берді.
|