Илияс Есенберлин. Махаббат мейрамы



Pdf көрінісі
бет4/11
Дата25.11.2023
өлшемі0,72 Mb.
#127351
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
Еркебұлан мен Қайназар сəби кездерінен бірге өсті. Екеуі де архитектор,
екеуі де Москва институтын бітірген. Екеуі де бірдей Алматыға ғашық
жандар. Тек екеуінің туған қалаларын жақсы көрулері екі түрлі. Қайназар
Алматының жасыл құшағында қуанышқа бөленіп, жұпар аңқыған ауасын
жұтып, бар қызығын рақаттана пайдалануды ұнатса, ал Еркебұлан осы сұлу
қаласын сұлуландыра түсуге бар дарынын, жігерін жұмсауға құмар жас еді.
Сондықтан да ол жолдасынан гөрі туған қаласының кемшілігін көп көретін.
Соларды жоямын деп, қызметінің төмендігіне қарамай (бар болғаны
институтты жаңа бітірген жас маман ғой) қиялданатын. Бұдан ешкім ақыл
сұрамаса да, сол қаласының көшелерін, алаңдарын көріктендіре түсуді
ойлап, сан түрлі өзінше жоспар құратын, тіпті қаланың көркін қалай
өзгерту керек деп шешім іздеп қиналатын. Өйткені Еркебұлан дарын иесі
еді. Демек дарын иесі ізденбей, дүниені өзгертпей өмір сүре алмаса керек-
ті.
Ал Қайназардың əкесі Серəліге келсек, ол Асығаттай емес-ті. Пысық,
алғыр, өз үлесін басқаға жібермейтін кісі еді. Бір кезде ол қаланың басшы
қызметкерлерінің бірі болған. Бірақ артынан жеңілдің астымен, ауырдың
үстімен жүретін жəне өз басынын қамын қоғам тілегінен гөрі көбірек
ойлайтын кісі екені білініп қалып, ұзаққа бармай, қызмет бабында
төмендеп кеткен-ді.
Дегенмен де Серəлі өмір сүре білетін кісі еді. Ол баласын да өзіндей етіп
өсіруге тырысты.
− Ең алдыменен өз қамыңды ойла,- деді ол Қайназарға ақыл айтып. −
Пайдасы тимейтінін білсең, ондайға шығынданба, ештеңе берме. Ал өзіңе
керегі барына көзің жетсе, ештеңеңді аяма. − Ал бірде əкесінің лотореядан
ақша ұтқанын серіктеріне айтып қойғанын естіп, Серəлі баласын өзімен
бірге саяжайына алып шықты.
− Үйіңнің де, өзіңнің де сырыңды ешкімге айтушы болма!- деп, бір топ
қалақайды байлап ап, майлы жерінен тартып-тартып қалды.
Бертін келе əкесі өсиетін кеңейте түскен.
− Құрбы-құрдасыңнан кем болмауға тырыс,- деген, − сенен ақылы,
алғырлығы артық жолдасың, ол - сенің досың емес, қасың. Өйткені сен
емес, ол үлкен адам болады. Əрине, əзірге сен білмейсің, өзіңмен бірге
өскен жолдасыңның сенен асып кетуі - ол адамға үлкен азап. Сондай азапқа
ұшырамас үшін, сен де жасыңнан сол жолдасыңнан кем болмауыңды ойла!
Сөйтсең ғана қор болмайсың.
Мұндай ақыл Қайназарды бақкүндестікке, өзінен жақсы оқитын, тіпті


өзінен сəл жақсы киінетін балаларды көре алмастыққа, тарлыққа,
бақастыққа үйретті. Ал Қайназар жігіт бола бастағанында əкесі оған:
− «Адамға таудай талаптан, бармақтай бақ артық» деп қазақ білмей
айтпаған,- деді. − Егер бағың жанбаса, таудай талабыңнан да ештеңе
шықпайды. Ал бақ деген бір жынды құс, кімнің басына болса да қона
салады... Сенің басыңа да қонуы ғажап емес. Ал қона қалса, сенің міндетін
- басыңа қонған бақты үркітіп алма, ұстай біл. Мен секілді болма,
қуанышыңды да, істеймін деген ісіңді де жасыра ал...
Қайназар əке ақылын бойтұмардай көрді. Жəне Серəлі баласын өмір
салмағы басына ерте түссе, тайынан ерге үйренген жылқыдай, əр нəрсенің
қадірін ерте түсінеді деп институтты бітірмей жатып, Қайназарды өзінің
жақсы көретін бір жолдасының қызына үйлендірді.
Əкенің бұл ақылы да дұрыс болды. Өзімен құрдас өзге жолдастары
махаббатын іздеп, жастық желікпен əуре болып жүргендерінде, бұл үй
болып, бала сүйіп, өзінің келешегін, өсер жолын ерте ойлай бастады...
Міне осындай, институт бітіріп, өмір мен өнердің есігін өз жолдарымен
жаңа ашқан екі жастың ақыл-ойларының тоғысатын жері - Алматы
қаласының жаңа құрылыстары, болашағы еді.
Бірақ екеуінің де ұшар көгі, қонар көлі тек бір Алматы болғанымен көне
гректің Публий Сервиль философы: «Екі адам бір шаруаны істегенмен,
екеуінің істегені бір шаруа болып шықпайды»,- деп айтқанындай, бір
Алматыға деген екеуінің жұмысы екі түрлі еді.
Ал кім Алматының көркіне бас имеген! Кім бұның сұлулығын жоғары
бағаламаған!
Алматы - дүние жүзіндегі бау-бақшаға бөленген жасыл қалалардың бірі.
Осындай сұлулығына, табиғи байлығына қарамай, бұл таңғажайып қала
еркін ескен желге кедей.
Күнгей шығысы мен күнгейінде аспанмен тілдескен Теріскей Тянь-Шань
таулары тұр. Бұл жақтарда жел соқпайды. Ал Теріскейі мен Батысынан
тұрған жел қаланың үстінен зулай өтіп (мықтағанда қала үстіне өткінші
дауыл тұрғызып) заңғар Алатаудың бұлт өте алмас биік құз, шыңдарына
ұрылып жоқ болады.
Еркебұлан мен Қайназардың алғашқы іштей қайшылықтары міне осы
қаланың болашақта салынар құрылыс аудандары қай тұстарда болуы керек
жəне қала, адам, табиғат деген мəселелерден туды.
Осы күнгі Алатау ауданының ең алғашқы үлкен жоспары қағаз жүзіне
түсе бастағанында Қайназар:


− Қала деп міне осыны айт, сонау Медеудің мұз айдынына дейін
созылған салтанатты көшелер болады. Таудың бөктері кілең бес қатар, он
қатар ақ мəрмəр үйге толады,- деді.
− Жоқ, бұл тіпті дұрыс емес,- деді Еркебұлан, − қаланы бұл жаққа қарай
созбау керек. Орманды-ағашты ауданда машиналар кедергісіз ағып жататын
кең, үлкен көшелер сала алмайсың, ал қазіргі ең үлкен деген Ленин
көшесінде қатарынан төрт машинаға жүру қиын. Қазірдің өзінде бұл
көшеде адамның құлағы тұнатын шу, машиналардан бұрқыраған газ. Онсыз
да биікте тұрған қалада, адамға дем алу қиын. Жоқ, бұл ара тек демалыс,
курорт орындарына ауысуы керек. Машиналар да көп жүрмеулері керек,
ауасы да таза ұсталуға тиісті. Ал қала міне мына жақта, Ақсай өзенінің
арғы тұсынан, сонау батыс пен теріскейге қарай, төрт жағынан бірдей жел
соғатын кең жазық далаға қарай салынуы керек. Қарашы, айбынды.
Алатаудың қарлы сəулетінің саясында жазық далада, төрт, тіпті алты
машина қатар жүре алатын, кең жалпақ, тіп-тік көшелерді қуалай сəнді-
салтанатты қала жатыр. Зəулім биік қарағай, қайың, еменге бөленген. Көп
қабатты біріне-бірі ұқсамайтын үйлері ақ мəрмəр тастан, сұрғылт оюшадан
тұрғызылған. Қандай керемет! Жəне салынатын əрбір үй, тартылатын көше
келешек уақыттың ең кем дегенде жүз жылдық мұқтажын ойға алуға тиісті.
− Көрпеңе қарай көсіл,- деді Қайназар күліп, − қазір біз үй біткеннің
бəрін патша сарайларына айналдыра алмаймыз. Оған қаражат қана емес,
уақыт та керек.
− Əрине, ол солай ғой,- деді Еркебұлан қабағын сəл шытып, − сөз жоқ,
ондай үйлердің салынатын уақыты келеді. Бірақ сондай үйлерді менің
ұрпақтарым емес, мына мен өзім тұрғызсам деймін... Сондай ғаламат кең
сарайлардың жобаларын мен өзім, мына қарындашыммен сызсам деп
арман етемін...
Бір-бірін өкшелеп келе жатқан бұларда мақсат-мүдде ортақ болғанмен,
сəулет өнерінің сырларын əркім өзінше қабылдайтын.
Ал Қайназар болса, бұған қарама-қарсы жан. Дүниенің болашағы да,
бүгінгісі де бізден басталуға тиіс деп қарайды. Қазақтың ескі өнерін,
дəстүрін - бəрін өткен күн деп санайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны
ілесің» дегендей. Қайназарға да айып қою қиын еді, өйткені Серəлі əке
болып, бұған «Халқың бар, халқыңның сен сақтайтын дəстүрі, өнері бар»,-
деп айтып көрмеген. Баласын тек өз басын, өз өсуін ойлауға ғана баулыған.
Оның бұл алған нысанасына қарай Қайназарға қол ұшын беретін жақындар
да табылды. Үлкен қызметтегі бір нағашысы Қайназар институт
бітірісіменен бөлімше бастығы етті. «Бұл саған аз, сəл шыда,- деді əлгі
нағашысы,- мен тірі тұрсам екі-үш жылда институт директоры болып шыға
келесің...»
Қайназар үй іші мəселесінде ескі дəстүрден алыс кетпеген. Реті келген
жерде қазақтың «Қатынды бастан, баланы жастан үйрет» деген мақалын


есіне ұстай білетін. Соның арқасында, он жылдықты бітіргеніне қарамай,
ұяң мінезді жас əйелі, төртке келіп қалған кішкентай баласы да бұның
алдында құрдай жорғалайтын. Айтқанын екі еткізбейтін. Ал Қайназар
болса, өзін баяғы қазақтың ескі аулының жігіттеріндей сезінетін. Қайда
барам, не істеймін демейтін, көңіліне ұнаған келіншектерге де қырындай
жүретін, ойын-тойға да жалғыз баратын. Тек өсуіне кедергі болар деп,
сыртқы жұртқа өзін жақсы жағынан көрсетуге тырысатын. Бұл оған қиынға
түспейтін. Бір жерге барса: «Əйелім кішкентай баламмен жалғыз қалып
еді»,- деп қипақтап отыратын. Дүкенге кіре қалса, өзіне ұнаған бірдемені
«Мынаны келіншегіме ала қояйыншы»,- деп тұратын. Осындай мінезінің
арқасында жолдастарына да, Еркебұланға да ол семьяшыл көрінетін. Ешкім
Қайназардың ішінде не жатқанын білмейтін.
Еркебұланның ешкімге айтпай жүрген өзінің бір ойы болатын. Ол ойы -
Алматыға майдангерлер мен еңбек ардагерлеріне арналған салтанатты
сарай салу еді. Отанына, еліне еңбегі сіңген ардагерлердің анда-санда бас
қосатын, өздері кездесіп кеу-кеулесіп əңгіме-дүкен құратын, шаршаған
кездерінде кино көретін, не концерт тыңдайтын сарайдың жобасы көптен
бері көңілінде жүретін. Осындай үйдің жобасын жасайын деп, қаладағы
жауапты мекемелерге де барған. Бірақ ешкім бұған жарытып жауап
қайырмаған. Олар: «Ондай үй біздің жоспарымызда жоқ»,- деп, маңайына
да жолатпады. «Жас архитекторлар болып қаражат жинап, сондай конкурс
өткізіп, ардагерлер үйінің ең тəуір жобасын жасап, бəріміз жиналып сызық
сынағын бітіріп, институт басшыларының алдына апарсақ, қызыққанынан
өздері де салдырмай ма?» - деп ойлады Еркебұлан.
Жас архитектор бірнеше рет жиналып, ақырында өз қаражаттарымен
ардагерлер сарайына арналған конкурс өткізбекші болды.
Жастар бастамасымен қолға алынған мұндай сарай, егер үлгісі жақсы
шықса, салынады деп сенді олар.
Бұл сарайды салуға осы ұйымдасқан жас архитекторлардың күші
жетпесе, елімізге əйгілі бірнеше майдан ардагерлері мен еңбек ерлерін
көмекке шақырамыз деп ұйғарды.
Міне, осындай шешімге келген жас архитекторлар бəйгеге түспекші боп,
жұмыстарына кірісіп те кетті.
Еркебұлан да енді жұмысынан келісімен өз жобасынан басын алмады.
Міне, осындай ой шабытында жүрген күндердің бірінде ол Жұлдызды
көрді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет