ОН БІРІНШІ ТАРАУ
Алматы əсіресе соңғы жылдары керемет əдеміленіп кеткен-ді. Қазақстан
астанасы алып жатқан он алты мың гектар жердің жеті жарым мың
гектарына ағаш егілген. Сондықтан бұл қаланы жасыл қала десе керек-ті.
Ертеңіне кешегі институттың техникалық кенесінің шешімін дұрыс емес
екенін айтып, Еркебұлан барған Мемлекеттік құрылыс комитетінің
жауапты қызметкері, жас архитектор алдына жайған ватман қағазындағы
сызықтары мен стол үстіне реттеліп қойылған макеттерге ұзақ қарап
отырды да:
− Сұлулықты тым жақсы көреді екенсің,- деді күлімсіреп.
− Иə, ондай ауруым бар,- деді Еркебұлан, − сұлулық адамның
эстетикалық сезімін, рухани байлығын өсіреді ғой. Ал біздің, əсіресе
творчество адамдарының міндеті жас ұрпақтың сол сезімін тəрбиелеуге
жəрдемдесу ғой.
− Ал сенің сондай ойынды институт басшылары қате дей ме?
Еркебұлан сəл кідіре сөйледі.
− Жоқ, менің ондай ойымды емес, сол ойымды іске асыру үшін
қолданған творчестволық шешімімді олар басқаша түсінеді.
− Көне архитектура үлгісін жаңа орталыққа пайдаланғаныңды айта ма?
− Иə.
− Сол да сөз бе екен,- деді Мемлекеттік комитеттің жауапты қызметкері.
− Жақсы ойдан мынандай жақсы жоба туса - ол қалайша қабылданбайды?
Дегенмен бұл мəселенің басқа жағдайы бар. Жаңа ауданның мəдени-
қоғамдық орталығының жобасын жасатып отырған қалалық Советі ғой.
Мына жобадағыдай құрылысты салдыруға олардың бөлінген қаражаттары
жете ме екен? Жəне сол қаражатты Мемлекеттік жоспарлау комиссиясы
бекіте ме? Бекітсе, қай жылдың жоспарына кіргізді екен? Орталықты қай
мезгілден салдырмақшы? Бұл мəселе менімше əлі жоғары жақта қаралып
бітпеген мəселе тəрізді еді. Соңғы кездегі жағдайдан ақпарым жоқ. Жарты
жылдай шетелде болдым. Бар білетінім, мен бар кезде осы орталыққа жоба
жасауға жоспарлау комиссиясының ақшаны əлі бекітпегені есімде.
− Бұл мəселе əлі шешілмеген мəселе болса, сонда біз не істеуіміз керек?-
деді Еркебұлан тұнжырай.
− Мүмкін шешкен мəселе шығар, мен анығын білмеймін,- деді жауапты
қызметкер. − Демек, бұл жоба қалалық Советтің тапсырмасы ғой, заң
бойынша соны солардың техникалық советі қарауы керек. Солар бекітуге
тиісті. Əрине, мына жобаның ерекшелігін, қызықтығын еске алып, біздің
кеңестің де қарауына болады... Сөйтсе де қалалық Советтің бекіткені дұрыс
шығар...
− Сонда біз қалалық Советке баруымыз керек пе? - деді Еркебұлан «тағы
да жүреді екенбіз ғой» деп ренжігендей.
− Жоқ, сендердің өйтіп əуре болуларыңның қажеті жоқ. Қалалық
Советпен өзім келісемін. Тек техникалық кеңес болады деген күні бір-екі
сағат бұрын келіп, мына хаттарды жұрт көретін жерге дұрыстап жайып қою
сендердің шаруаларың...
Он бес күн еткеннен кейін қалалық Советтің техникалық кеңесі болды.
Көпшілік жобаны өте жоғары бағалады.
Техникалық кеңестің қорытындысының соңғы сөзін қалалық Советтің
председателі айтты.
− Бұл жобада ешбір қателік жоқ, бəрі де жақсы, дұрыс, көркем, көңіл
толарлық дүние,- деді өзінің əдеттегі сабырлы даусымен, − Біз бұны
қабылдауға тиістіміз. Бұнымен қатар жаңа социалистік қалаға, мəдени-
қоғамдық орталыққа, көпшілікке жаңа социалистік эстетикалық талғам
беретін архитектураның жаңа үлгілерін ойласақ деген пікірдің де жаны бар.
Бұдан, əрине, біздің бүгінгі көріп отырған жобамызды жарамайды деген
ұғым тумауға тиісті. Бірақ адам баласының алға жүру процесінде іздену ең
басты қасиет. Сондықтан мына дарынды жастарға, − ол Еркебұландар
отырған жаққа қарады,- болашақ жұмыстарында, архитектура өнерінің біз
білмейтін жаңа өрнектерін іздесіп, сондай тың жолдарды да ашсын.
Өйткені біздің салатын үйлеріміз, мəдени-қоғамдық орталықтарымыз, тек
мына жас архитекторлар зерттеген осы жаңа ауданмен ғана бітпейді ғой.
Председательдің сөзін Қайназар бөліп жіберді.
− Бірақ бұл жобаның қанша тұратынын байқадыңыз ба? - деді ол. Бұл
оның кейінге сақтап келген ең ақырғы дəлелі еді, − бұл үш орталықтың
құнына түседі.
− Иə, ол солай,- деді председатель даусын көтермей, − бірақ біздің
қаламыз ондай қаражат таба алмайтын кедей қала емес. Мəселе мұнда
тұрған жоқ, қажет десе мұндай жобаға одан да көп ақша табамыз. Ал мені
қуантып тұрған осындай еліміздің ұлттық көркемдік ерекшелігін түсіне
білетін дарынды архитектордың баршылығы. − Жұрт ду қол шапалақтады.
Қалалық Советтен келе жатқан Еркебұлан кенет тоқтай қалды. Өз көзіне
өзі сенбегендей:
− Жұлдыз...- деді үні əзер шығып.
− Иə, менмін ғой,- деді дəл қарсы алдында пайда болған қыз.
Иə, бұл Жұлдыз еді. Сол баяғы қалпыңдай, қос бұрымы тобығына дейін
түсіп, қыпша белі қыналып, жасқа толған үлкен екі көзі қуаныштап
нұрланып, не жыларын, не күлерін білмей үн-түнсіз тұр...
− Япырмай, сенейін бе, сенбей бе...
− Сен! Сен!- деді кенет Жұлдыз қарсы жүріп. − Мен Жұлдызыңмын
ғой!..
Жан-жақтарынан өтіп-кетіп жатқан жұрттан екеуі де ұялмады, құшақтар
айқаса кетті.
Дүние шіркін бұларға адамның бойын балқытып, жүрегін елжіретіп
əкетіп бара жатқан əн секілді көрінді.
− Мен сені сондай сағындым,- деді Жұлдыз екеуі қатарласып жүріп келе
жатқанда.
− Сенемін оған, Жұлдыз, сенемін,- деді жігіт,- өз басымнан өткен
қасірет.
− Онда неге іздеп келмедің?
− Қайдан? Қайдан сені іздеп табатын едім?
− Қайназар саған айтпады ма?
− Қайназар?..
− Иə, Қайназар.
Жұлдыз Қайназардың бұны алғаш рет іздеп келгенінен бастап, соңғы
жолы Еркебұланның кісі өлтіріп, сотталып кеткеніне дейін естіртіп, содан
кейін Бийскіге келмей кеткенін қоса, əңгімесін бастан-аяқ тегіс айтып
берді.
Жаңа ғана қуанышы қойнына сыймай келе жатқан Еркебұлан үн-түнсіз
томсара қалды. Ол енді ғана бірдемені түсінген тəрізді. Жəне Қайназардың
қылығына түсінген сайын, жүдей берді.
− Жаныңдағың кім еді?- деді Еркебұлан əлден уақытта.
Жұлдыз түсінбей қалды.
− Қайдағы жанымдағымды айтасың?- деді ол. Еркебұлан енді оған бір
жігіт екеуінің қолтықтасып бара жатқанын Қайназардың көргенін айтты.
− Қайназар Бнйскіге тағы келген екен ғой,- деді Жұлдыз таң қалып. −
Маған неге жолықпай кетіпті?
− Сені бір жігітпен көрген соң...
− Жігітпен? − Жұлдыз енді түсінді, − Жоқ сен жаман ойлама, ол
Əбілқасым ғой.
Жұлдыз енді Əбілқасымның оқиғасын айтып берді. Өзінің қайғылы
кезінде оның ағасындай болғанын, толғағы ұстаған шақта Əбілқасымның
перзентханаға апарғанына дейін жасырған жоқ.
− Ол əлі сол Бийскіде...- деді Жұлдыз, сосын екі көзі жаудырай
Еркебұланға қарады. − Менің адалдығыма сен! − Кенет тағы да махаббатын
жоғалтып алайын деп тұрғандай жылап қоя берді. − Сенсейші... Сенесің
бе?
− Сенемін,- деді Еркебұлан,- махаббатымызға опасыздық істемейтініңе
сенемін! Екеуміздің махаббатымыз үшін қандай қасірет болса да көтере
алатыныңа көзім жеткен!
Дəл осы кезде Жұлдыз өзін дүниедегі ең бақытты адаммын деп сезінді.
Бұлар бір жетіден кейін, Бийскіге бірге барып, бөбектерін алып
келмекші болды.
Ертеңіне Еркебұлан Қайназармен кездесті. Анау осы бетпе-бет кездесуді
өзі де күткендей екен.
− Жарайды, жолдас едік қой дейсің,- деді бір сəт Қайназар, − Ал
жолдастық деген не екенін білесің бе өзің? Жолдастық деген бірін-бірі
сыйлау, жолдас деген адамыңның көңілін қалдырмау, ренжітпеу. Өзіне
қиын болып тұрса да ренжітпеу, жанына орынсыз жара салмау, шын жолдас
бірінің қатесін бірі жасырмас болар. Жұлдызды көргенімді, сөйлескенімді
саған айтпағанымды − менің мойныма айып етіп тақпақсың, жолдас емес
пе едік дейсің?! Қандай жағдайда жүргеніңді өзің білесің. Ал сенің сондай
жағдайыңда, мен саған Жұлдыз сенен қашып, Бийскіде жүр десем не болар
еді? Жараңның бетін тырнағандай болар едім. Мен сені аядым, сосын
айтпадым. Сондай-ақ сенін қатеңді көрсеткеніме мені айыпты санайсың.
Шын жолдас бірінің-бірі адасқанын, қателескенін жасырмауы керек,
«дұшпан күлдіре айтады, дос жылата айтады» дегенді білмейтін бе едің?
Жұрт сенікі дұрыс десе жаны ашығандықтан айтып отырған жоқ, əзір
болса да салынбайтын аудан үшін жігіттердің тауын шағылдырмайық,
мейлі, мəз болып жүре берсін дейді. Сен соған мəзсін. Мені айыптайсың.
− Тұра тұр, тұра тұр!- деді Еркебұлан шыдай алмай. − Ең алдымен
жолдастық деген не, оны қайсымыз қалай түсінеміз, соны айырып алайық.
Сен айтқанды, сөз жоқ жолдастық, егер соны жолдасың шын жүрегімен,
шын жаны ашып істесе. Ал өтірік жаны ашыса, тіпті өзі сенбей тұрған
қатені қате деп жала жапса қалай болады? Жолдастық − алдымен екі
адамның бір-біріне деген адалдығы. Адалдықсыз жолдастық та, достық та
болмайды. Ал адалдық деген - рухани тазалық. Онсыз сен жолдасын үшін
майданда да жан бере алмайсың. Оның қатесін жанын ашып көре
алмайсың, оған шын жүректен жəрдем ете алмайсың. Сенің қатең осы
рухани тазалығыңның жоқтығы, екі жүзділігің, ішіңде жатқан бақ-
күндестігің, көре алмастығың. Ал менің қатем, сенің сондай адам екеніңді
білмей
келгендігім.
Жұлдыздың
Бийскіде
екенін
саған
жаным
ашығандықтан, жараңның аузын тырнағым келмегендіктен айтпадым
дейсің. Сөз болғанына болайын. Жанын ашыса, сол үшін арақ ішіп
жындануға таяу жүргенімде: «Сен босқа күйінбе, Жұздызыңды Бийскіде
көрдім»,- деп неге айтпадың? Жұлдыздың жоқ болып кеткені маған ауыр
тиіп жүргенін білмейтін бе едің? Білетінсің! Маған достық ақыл берудің
орнына қайдағы жоқ адамдармен таныстырдың өзіңнің де ақшаңды,
олардың да ақшасын аяған жоқсың маскүнем боп жынданып өлсін дедің,
енді түсіндім...
− Өзің ішкің келіп тұрған соң, ішсін дедім. Күйігін арақпен бассын
дедім.
− Жарайды, мен күйігімді арақпен басайын-ақ. Ал Жұлдыздың күйігін
немен баспақ болдың? Өзі не істерін білмей жүрген адамға «Сенің
Еркебұланың маскүнемдікке салынып, жынданып кетті»,- деумен бе? Сенің
жаның ашығаны осы ма?
Қайназар тағы сөзін бөліп жіберді.
− Иə, осы! Осы! Жұлдызды аядым! Сендей маскүнем үшін қайғырғанша,
шындықты естігі, сенен біржолата күдерін үзсін дедім.
− Міне, шындыққа енді таядың,- деді Еркебұлан. − Жұлдызды аяғаның
үшін емес, оны менен бездіріп, өзіне қарату үшін айттың. Сол себептен
маған да оның Бийскіде жүргенін емес, жанында жігіті бар екіқабат
Жұлдызды көргеніңді айттың. Жəне қандай кезде айттың? Маған қайдағы
бір идеологиялық қатені жапсырып, көңілімнің бір жүдей қалған кезінде
айттың! Жұлдыздың өкінішімен басы дел-сал болып кетсін дедің.
Қайназар Еркебұланды үшінші рет бөліп жіберді.
− Жарайды, бəрі де сен айтқандай-ақ болсын. Сонда осының бəрін мен
не үшін істеді дейсің? Жұлдызды жақсы көргенім рас. Бірақ одан үміт
үзгенімде де, саған өзің ойлағандай, жолдастық қолымды берген жоқпын
ғой. Тіпті, абақтыға кесілгенде де көрген нəрсесін көрмедім деп айтты деп
ойлайтын шығарсың? Жарайды, солай-ақ болсын. Сонда осының бəрін не
үшін істедім? Алғашқы бір сөзінде бақкүндестіктен, көре алмастықтан
істедің деп қалдың. Сен шын солай ойлайсың ба? Менен асып кеткен
неменең бар? Құдайға шүкір, институт директорының бірінші орынбасары
сен емес, менмін. Мен саған емес, сен маған бағыныштысың. Ал дарыным
артық дейтін болсаң, оны да дəлелде. Бəріміз бəйгеге түскен конкурста
дарынды болсаң, қайда қалдың? Бəйгені кім алғаны есіңде шығар? Жоқ
Еркебұлан, мен сенің ештеңеңді де қызғанбаймын.
− Жоқ қызғанасың! Қызғанғанда қандай! Екеуміз бала жастан бірге
өстік. Енді түсіндім, сен сол жас кезіміздегі бір түн əуре болып сен əзер
шешкен есепті, мен бес минутта шешетінмін. Сені іштей уландыра
бастаған бақкүндестік, көре алмастық сол күннен басталған секілді.
Ішіндегі сол күндегі кішкентай қызғаныш құрты бірте-бірте бойыңды
жайлап алған үлкен жыланға айналған. Сен менің өзіңде жоқ ақ
көңілділігімді де, кең пейілділігімді де, тіпті Жұлдыздың мені жақсы
көретінін де қызғанасың. Тіпті менің жер басып жүргенімді де көре
алмайсың. Өйткені сенің екі жастық үлкендігіңе қарамай екеуміз қатар
өстік. Біріміз - бойында еш кір, былғаныш сақталып тұра алмайтын,
ағынды өзен тəрізді болсақ, екіншіміз - бар жамандықты бойына сақтаған,
тұнып қалған, ағар жері жоқ қара су екенбіз. Сен сол қара сулығыңа
тарттың. Енді түсіндім, еш жаққа аға алмадың, өзіңнен-өзің тұрып
борсыдың. Ал сондай сасық сулы қара су жанынан мөп-мөлдір боп ағып
жатқан өзенге қызықпай ма? Қызығады. Қолынан анау ағынды өзен болуға
табиғи жаратылысы жібермесе, ол қара су не істейді? Бар болғаны қызғану
болады. Жəне қолынан сол ағынды судан өш алу келмесе, ол қара су немен
көңілін басады? Борсиды, сасық иіс жан-жағындағы жұртты үркітеді,
қорқытады.
Қайназар орнынан ұшып түрегелді.
− Жетеді!- деді ол ақырып. − Тоқтат енді!
− Өзім де қазір тоқтаймын,- деді Еркебұлан өзін-өзі əзер ұстап. − Саған
бүйтіп күнде келіп керілдесіп жүре алмаймын, аяғына дейін тыңда! Жаңа
сен мен қызғанатын ештеңең де жоқ, сен емес, мен директордың бірінші
орынбасарымын, мен емес, сен маған бағыныштысың дедің. Əрине, сен
бұл сөзіңе өзін сенесің. Ал сөзіңнің қаншалық құнсыз екенін уақыт
көрсетер!
Қайназар тағы шыдай алмай қалды.
− Сонда сен мені ақымақсың демексің бе?
Еркебұлан кенет езу тартып күлді.
− Неге? Сен ақымақ болуға тиісті емессің өйткені жаңа өзің айттың ғой,
директордың бірінші орынбасарымын деп... Ал бірінші орынбасар...
− Сен енді жоғарғы орындардың менің бірінші орынбасар етіп
көтергенін де бетіме салық етіп баспақсың ба?
− Қойшы, сені кім көтергенін мен білмейді дейсің бе? Мəселе, сенің
көтерілуіңде емес, сол көтерген жерге дұрыстап отыра білуіңде. Ал сен...
− Иə, мен?
− Сол отырған жеріңді бағалай біл. Білмейтінің болса білуге тырыс.
Біздің өзара конкурсымызда бірінші орын алдым екен деп өзіңді дарынды
санама. Конкурстағы жұмысын бəрімізге де қызық көрінген. Жəне
Алматының жағдайын - жерінің сейсмикалық құбылыстарға тəп екенін
ескергенің де ұнаған. Жаман жұмыс емес еді. Бірақ жақында ғана есіме
түсті... Сенің «Ардагерлер сарайың» Қазандағы Сүйінбике мұнарасының
көшірмесі. Көшірмесі болғанда жай əншейін, тек көлемін жалпайтқан
көшірмесі. Өзіңнің ақыл-ойыңа тəн тіпті жаңа еш нəрсе қоспапсың. − Кенет
Еркебұлан тоқтай қалды. Ашу үстінде өзінің кешегі жан жолдасына
осыншама ауыр сөз айтқанына өзі де өкінгендей, сəл үндемей кідірді.
Сөйтті де қайтадан сөйлеп кетті. Бірақ бұл жолы алғашқы кезіндегідей
емес, өзі де бір айыпты адамдай қинала сөйледі. − Анау біздің жобамызға
жапқан қате деген жалаң туралы мен еш нəрсе айтқым келмейді. Ондай
қатенің барлығына өзің де сенбейсің. Тек көңіл тарлығынан болар, тіпті
жұртқа да жала жауып отырсың. Тек ақырғы айтарым, саған мұндай
сөздерді айту маған оңайға түскен жоқ. Бұл өзіме де батады. Əсіресе,
кішкентайымнан жолдас көріп келген адамның жолдасым емес екені,
бүгінгі күні оны біржолата жоғалтқаным қатты батады. Бірақ айтуға тура
келді. Мен жоғалтқанмен, сен өзіңді өзің жоғалтпасын дедім. Əлі де уақыт
бар, əлі де ойлануыңа мезгілің жетеді. Ал қош бол, мен кеттім.
− Тоқта, тоқтай тұр!- деді кенет жалынғандай Қайназар, шығып бара
жатқан Еркебұланға.
− Жоқ - деді Еркебұлан, − осы ақырғы сөйлескенім болсын. Ертең менің
бөлімім Москвадағы метро жобалау институтының қарамағына көшеді. Біз
енді сенің бұйрығыңа бағынбаймыз.
Қайназар үн-түнсіз тұнжырап отырып қалды. Кенет ол қолына ұстаған
қарындашын сарт еткізіп, екеуміздің жолдастығымыз осылай бітті
дегендей, екі қолымен қақ бөлді де, лақтырып жіберді.
Жаңағы Еркебұлан айтқан ауыр сөзден тіпті із қалмағандай, Қайназар
сəл күлімсіреді. Күлімсіреуінің себебі бар еді, бүгін жұмыс сағаты аяқталар
кезде нағашысы бұған телефон соққан. «Сенің директорыңды пенсияға
жіберетін болды. Ана Еркебұлан жолдасыңның бір дұрыс жобасын бұрысқа
шығармақшы болған көрінеді. Жəне сені де шатастыра жаздапты. Ал оның
орнына жігерлі жас маман деп өзіңді бекітпек»,- деген.
«Еркебұлан мейлі не десе о десін. Ары таза сол-ақ жақсы архитектор
аталсын, ал мен директор болайын. Тек тезірек бекітсінші түге...»
Еркебұлан үйіне келсе, əкесі де, шешесі де бір түрлі көңілді екен. Соңғы
екі жылда бұл екеуінің мұндай қабақтары жадыраңқы болғанын көрген
емес Еркебұлан. «Қандай жақсылық хабар естіді екен бұлар? Əлде
Жұлдыздың келгенін білді ме екен?»
− Қалқам,- деді шешесі, − біздің үйде бүгін үлкен жақсылық бар. Əкең
дəрігерге көрінген екен.
− Иə?
Енді əкесі сөйледі.
− Сенің көңіліңді жүдетпейік деп айтпап едік, осыдан екі жыл бұрын
маған дəрігерлер операция істеуге жат деген. Ішіңді індетіп келе жатқан
кесел бар, егер дер кезінде операция істетпесең, əрі кетсе екі жылға
жетпейсің деген. Операция істетуге жүрегімнен қорықтым. Екі рет инфаркт
болғаным бар ғой. Жəне бөтен себептер де болды... Содан осыдан бір жеті
бұрын дəрігерлерге қайта көріне бастап едім, олар бүгін бар анализдерді
тексеріп, құлантаза жазылып кетіпсің деді. Сірə, ана жылы қателесті ме
олар, əлде азын-аулақ емделгенімнің арқасында ма, əйтеуір, кеселден
мүлдем айығыппын...
Еркебұланның көңілі кенет толқи жөнелді. «Əке-шеше болсаң осындай
бол! Мені аяп, екі жыл бойы əкем қандай күйде жүргенін айтпай келіпті.
Ал мен, олардың өз қайғылары жетпегендей істемегенім бар ма? Жоқ, жоқ,
мұндай адамдарды құр ғана сыйлап қою аз, бұларға құдайға табынғандай
табыну керек. Осылардай болу өмірдегі ең үлкен арманым болсын».
− Көке, апа, мені кешіріңдер... - деді ол жыламаса да, жылардай боп
қамығып. − Мен білген жоқ едім.
Əкесі оның иығына қолын салып, өзіне қарай сəл тартып құшақтады.
− Сен не айтып тұрсың?- деді Асығат. − Сенің қайтадан бұрынғы күйіңе
келгеніңнен артық бізге қуаныш, жақсылық жоқ. Мүмкін сенің қайта адам
болғаның бізді кеселімізден жазған шығар. Қарашы, шешең қазір қандай
жасарып кеткен, көзінде қуаныш ойнайды − Енді екеуі Қырмызыға қарады.
Ол бұл кезде қуанғанынан көңілі босап кетіп, екі көзінен аққан жас бетін
жуып, жылап тұр еді. Бұны көрген Асығат сасып қалды. − Түу, сен де
жоқты шығарып...- деп келе жатты да, Еркебұланға бұрылды. − Ал енді
бүгін саған айтар қуанышты хабарым бар. Бүгін мен архитектура
институтына кездесуге барғанымда Жұлдызымызбен жатақханада бірге
жатқан бір жас қыз сенің папаң екенімді естіп, маған Жұлдызымыздың
Бийскіде екенін айтты. Міне адресі.
Еркебұлан қызарып кетті.
− Көке, ол осында,- деді ақырын сөйлеп, − кеше келген.
Тағы да шық моншақты нұрға бөленген, жасыл көктем келді. Жер бетін
жапқан қызғалдақты, сарғалдақты көк орай шөп ду етіп көтеріліп қалған.
Көктөбенің басында қолында кішкентай бөбегі бар Жұлдыз бен
Еркебұлан тұрған. Таңертеңгі мезгіл еді. Талғар белесінен қызыл алтын
табақтай болып көтерілген күн жер бетіне алтын сəулесін аямай төгіп,
жоғарылап таза, сұлу қаланы осы сəтте бұрынғысынан əдемі, керемет сұлу
етіп көрсеткен. Жана ғана күн шығар алдында бұлар Асығат пен
Қырмызыны жаз бойы аунап-қунап дем алып қайтуға баяғы өздерінің
аулына поезбен шығарып салған. Бұрынғыдай емес, көңілденіп қалған
шешесі Қырмызы Жұлдызына:
− Осы бөбегіңді өзіммен бірге алып кетсем қайтеді? - деп, пысылдап
ұйықтап жатқан нəрестеге қараған.
− Əкетсеңіз, əкетіңіз. − Жұлдыз күлген.
− Қарай гөр ойларын,- деген Асығат та күліп, − Жұлдызындай тағы
жоғалтып алып жүрсең, екеуміз біржолата жүрегіміз жарылып өлерміз.
Əке-шешелерін шығарып салғаннан кейін, түні бойы жұмыс істеп
шыққан Еркебұлан, Жұлдызы мен кішкентай бөбегін алып, таксимен осы
Көктөбенің басына келген. Болашақ Алматы салынатын Алатауды
бөктерлей созылған батыс-теріскей жағының таңертеңгі мезгілде қандай
екенін көргісі келген. Міне қазір Жұлдыз екеуі сол Көктөбенің басында тұр.
Қандай келісімді, қандай бақытты сурет.
Лəззат - көктем, жан құлпырған сəн кіріп,
Тас қуанған тамырында қан жүріп.
Бұл дүниенің шын қызығы тек сонда,
Сүйе білсең, күйе білсең мəңгілік, −
деп ақын əкелері айтқандай бұлардың да махаббаты мəңгілік болса екен!
Кім қайғысына күйе білсе, мəңгілік махаббат солардікі. Бұл Адам ата,
Хауа анадан бері келе жатқан қағида.
Сұлулыққа көрсеқызарлық ететін Қайназар секілділерге ешкінің
құйрығындай шолақ махаббат та жетеді. Өйткені олардың өздері шолақ
ойлы, шолақ арманды. Бар тілектері дəрежесін өсіру, өзгелерден жоғары
тұру, Қайназар да осындайдың бірі. Ол қазір нағашысы арқылы
институттың директоры болды. Бұл да өмір деген ұлы ағынның, сəл ағысы
бəсеңдеген бір бұрылысында пайда болған заңдылықтың əсері еді.
Дегенмен Жұлдызға қолым жетпесе де, арман еткен дəрежеме жеттім
деп ойлады Қайназар. Осындай жұртты басқарар креслода отырсам, талай
Жұлдыздар табылады деп ойлайды тағы ол.
Бишара шын махаббат пен уақытша лəззаттың қандай айырмасы бар
екенін білмеді. Білгісі де келмейді...
Еркебұлан мен Жұлдыз сонау батыс пен теріскейіне қарап созылған, ал
күнгейінде тау құшағына кіріп кеткен көгілдір қаладан көздерін əлі алар
емес. Кенет Еркебұлан батыс-теріскей жаққа қолын созып дауыстай қалды.
Жұлдыз жалт бұрылды. Еркебұланы түні бойы жұмыс істеп қажыған
адамдай емес, екі көзі ұшқын атып күлімдеп, екі беті қызара түскен. Үлкен
бір шабыт үстінде тұрғандай.
− Мына ескі Алматыдан да сұлу, ана жақта жаңа Алматы болады!- деді
ол теріскей-батысты меңзей. − Ақ мəрмəр тастардан қаланған зəулім биік
үйлер, алты машина қатар жүретін, ортасында Абай проспектісіндей ағаш,
фонтан отырғызылған, кең көшелер тұрғызылады. Жаңа Алматының жаңа
сəулеті болады! Ол кешегі өзім жасаған жобадағы керуен сарайлардың
жаңартылған түріне тіпті ұқсамайды. Жаңа социалистік стиль керек. Мен
бүгін сол стильді тапқандаймын,- ол енді Жұлдызға сонау батыстағы
алыстағы көкжиекті нұсқап, жаңа жобасының қандай болатынын көрсетіп,
ауаны қолымен тілгілей тік, қиғаш сызықтар жүргізіп, дəл қазір айтпаса
ұмытып қалардай, асыға сөйлеп кетті. Əлден уақытта барып тоқтады.
Жұлдыз ерінің құлпыра түскен жүзіне қарады.
− Бұл қандай қуат!- деді Жұлдыз таңдана. − Ал. түнімен көзің ілінген
жоқ...
Еркебұлан да Жұлдызға сүйсіне қарады.
− Бұл саған деген, Алматыма деген махаббаттан туған шабыт!- деді ол
кенет ақырын сөйлеп. − Бұл махаббат мейрамы!
Оглавление
БІРІНШІ ТАРАУ
ЕКІНШІ ТАРАУ
ҮШІНШІ ТАРАУ
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
БЕСІНШІ ТАРАУ
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
ОНЫНШЫ ТАРАУ
ОН БІРІНШІ ТАРАУ
Document Outline - БІРІНШІ ТАРАУ
- ЕКІНШІ ТАРАУ
- ҮШІНШІ ТАРАУ
- ТӨРТІНШІ ТАРАУ
- БЕСІНШІ ТАРАУ
- АЛТЫНШЫ ТАРАУ
- ЖЕТІНШІ ТАРАУ
- СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
- ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
- ОНЫНШЫ ТАРАУ
- ОН БІРІНШІ ТАРАУ
Достарыңызбен бөлісу: |