Сарапшы- іске мүдделi емес, арнаулы ғылыми бiлiмi бар адам - сарапшы ретiнде шақырылуы мүмкiн. Сарапшының: қылмыстық iстiң сараптама жүргiзуге қатысты материалдарымен танысуға; өзiне қорытынды беру үшiн қажеттi қосымша материалдарды беру туралы өтiнiш бiлдiруге; қылмыстық процестi жүргiзушi органның рұқсатымен тергеу әрекеттерiн жүргiзуге және басқа да iс-жүргiзу әрекеттерiне қатысуға және оған қатысушыларға сараптама жүргiзуге қатысты сұрақтар қоюға; өзi қатысқан тергеу немесе өзге де iс жүргiзу әрекеттерiнiң хаттамасымен, сондай-ақ тиiстi бөлiгiнде сот отырысының хаттамасымен танысуға және өзiнiң әрекетi мен жауаптарының толық және дұрыс көрсетiлуiне қатысты хаттамаға енгiзуге жататын ескертулер жасауға; сараптаманы тағайындаған органның (адамның) келiсiмi бойынша өз құзыретi шегiнде тек алдына қойылған мәселелер бойынша ғана емес, сонымен бiрге iс үшiн маңызы бар және өз бастамашылығымен анықталған өзге мән-жайлар бойынша да қорытынды беруге; өзiнiң ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде қорытынды ұсынуға және айғақ беруге; аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға; аудармашыдан бас тартуға; қылмыстық процестi жүргiзушi органның сараптама жүргiзу кезiнде өз құқығына нұқсан келтiрген әрекетiне шағым жасауға; өзiнiң арнаулы бiлiмiнен тыс мәселелер бойынша, сондай-ақ, егер өзiне берiлген материалдар қорытынды беру үшiн жеткiлiксiз болған жағдайларда қорытынды беруден бас тартуға; сараптама жүргiзу кезiнде келтiрiлген шығындарға өтем және егер сот сараптамасын жүргiзу оның қызметтiк мiндеттерiнiң шеңберiне кiрмесе орындалған жұмыс үшiн сыйақы алуға құқығы бар. Сарапшының: қылмыстық процестi жүргiзушi органнан басқа процеске қатысушылармен сараптама жүргiзуге байланысты мәселелер бойынша келiссөздер жүргiзуге; өз бетiнше зерттеуге арналған материалдар жинауға; егер оған сараптама тағайындаған органның арнаулы рұқсаты болмаса, объектiлердi толық немесе iшiнара жоюға не олардың сыртқы түрiн немесе негiзгi қасиеттерiн өзгертуге әкеп соқтыратын зерттеулер жүргiзуге құқығы жоқ. Сарапшы: қылмыстық процестi жүргiзушi органның шақыруы бойынша келуге; өз алдына қойылған мәселелер бойынша негiзделген және объективтi жазбаша қорытынды беруге; жүргiзiлген зерттеулер мен берiлген қорытындыға байланысты мәселелер бойынша жауап беруге; сараптама жүргiзуге байланысты өзiне белгiлi болған iстiң жағдайы туралы мәлiметтердi және өзге де мәлiметтердi жарияламауға; тергеу әрекеттерiн жүргiзу кезiнде және сот отырысы уақытында тәртiп сақтауға мiндеттi. Қасақана жалған қорытынды бергенi үшiн сарапшы қылмыстық жауапқа тартылады.
Маман - тергеуге және сот әрекеттерiне маман ретiнде қатысу үшiн iске мүдделi емес, дәлелдердi жинауда, зерттеуде және бағалауда, сондай-ақ техникалық құралдарды қолдануда жәрдем көрсету үшiн қажеттi арнаулы бiлiмi бар адам шақырылуы мүмкiн. Кәмелетке толмағандар қатысатын тергеуге және өзге де iс жүргiзу әрекеттерiне қатысушы педагог те, сондай-ақ оны сарапшы етiп тағайындаған жағдайларды қоспағанда, тергеу және өзге де iс жүргiзу процестерiне қатысушы дәрiгер де мамандар болып табылады. Маманның: өзiнiң шақырылу мақсатын бiлуге; егер тиiстi арнаулы бiлiмi мен дағдысы болмаса, iс бойынша iс жүргiзуге қатысудан бас тартуға; қылмыстық процестi жүргiзушi органның рұқсатымен тергеу немесе сот әрекетiне қатысушыларға сұрақтар қоюға; олардың назарын дәлелдемелердi жинауға, зерттеу мен бағалауға жәрдемдесу және ғылыми-техникалық құралдарды қолдану, iстiң материалдарын зерттеу, сараптама тағайындау үшiн
материалдарды дайындау кезiнде өзiнiң iс-әрекетiне байланысты мән-жайларға аударуға; өзiқатысқан тергеу әрекетiнiң хаттамасымен, сондай-ақ сот отырысы хаттамасының тиiстi бөлiгiмен танысуға және өзiнiң қатысуымен жүргiзiлген әрекеттердiң барысы мен нәтижелерiнiң көрсетiлуiнiң толықтығы мен дұрыстығына қатысты хаттамаға енгiзуге жататын мәлiмдемелер мен ескертпелер жасауға; қылмыстық процестi жүргiзушi органның iс-әрекетiне шағым жасауға; аудармашыдан бас тартуға; өзiнiң тергеу немесе сот әрекеттерiне қатысуына байланысты өзiне келтiрiлген шығындарға өтем және егер iс бойынша iс жүргiзу оның қызметтiк мiндеттерiнiң шеңберiне кiрмейтiн болса, орындалған жұмыс үшiн сыйақы алуға құқығы бар. Маман: қылмыстық iстi жүргiзушi органның шақыртуы бойынша келуге; дәлелдемелердi жинауға, зерттеу мен бағалауға көмек көрсету үшiн арнаулы бiлiмiн, дағдысын және ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзу мен сот талқылауына қатысуға; өзi орындаған iс-әрекеттер жөнiнде түсiнiктеме беруге; өзiне iске қатысуына байланысты белгiлi болған iстiң мән-
жайлары туралы мәлiметтердi және өзге де мәлiметтердi жарияламауға; тергеу әрекеттерiн жүргiзу кезiнде және сот отырысы уақытында тәртiп сақтауға мiндеттi. Өзiнiң мiндеттерiн орындаудан дәлелдi себептерсiз бас тартқаны немесе жалтарғаны үшiн маман әкiмшiлiк жауапқа тартылады.