§2. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСТЕГІ ЖЕДЕЛ-ІЗДЕСТІРУ ӘРЕКЕТТЕРІНІҢ ЖАРИЯ ЖӘНЕ ЖАСЫРЫН ЖЕДЕЛ-ІЗДЕСТІРУ ӘРЕКЕТТЕРІНЕ ЖІКТЕЛУІ
«Жедел-іздестіру әрекеттері» ұғымының анықтамасын анықтадық, енді осы анықтамадан шыға отырып, құқықтық әдебиеттерде берілген әр түрлі авторлардың көзқарастарын ескере отырып, «жария жедел-іздестіру әрекеттері» және «жасырын жедел-іздестіру әрекеттері» ұғымдарын анықтайық.
Жария және жасырын жедел-іздестіру әрекеттеріне заң шығарушы Жедел-іздестіру қызметі туралы Заңында анықтама бермеген, бірақ бұл ұғымдарды қолданған. Мысалы, мұны жедел-іздестіру қызметіне анықтама беру кезінде Жедел-іздестіру қызметі туралы Заңның 1 бабында қолданған: «Жедел-іздестіру қызметі – азаматтардың өмірін, денсаулығын, құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, меншікті қорғау, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың арнаулы қызметтерінің қылмысты қол сұғуынан, сондай-ақ барлау-бүлдіру әрекетінен қоғам мен мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы уәкілдік берілген мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының Конституциясына, Жедел-іздестіру қызметі туралы Заңына, Қазақстан Республикасының басқа да заңдары мен қалыптық құжаттарына сәйкес жүзеге асыратын жария және жасырын жедел-іздестіру, ұйымдық және басқару әрекеттерінің ғылыми негізделген жүйесі».
Құқықтық әдебиеттерде жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізілу нысанына байланысты бір авторлар жария және жасырын жедел-іздестіру әрекеттеріне жіктесе, өзге авторлар жария, жасырын және шифрланған жедел-іздестіру әрекеттеріне жіктей отырып, оларға анықтама береді.
В. Плетнев жедел-іздестіру әрекеттерінің жария да, жасырын да және шифрланып жүргізілуі мүмкін дей отырып, оларға анықтама береді:
«Жария әрекеттер – ашық жүргізілетін, азаматтарға түсінікті және қоғамдық танысу үшін қол жеткізерліктей жедел-іздестіру сипатындағы әрекеттер. Мысалы, жедел-тергеу тобы қылмыс жасалу жеріне жеткен кезде қызметтік-іздеу итімен инспектор-кинолог болады, жедел уәкілді қызметкер жәбірленушілерге, көргендерге, өзге куәларға сұрақ-сауал қояды және т.б. Бұл іс-әрекеттердің барлығы ашық сипатта болады, жиналған және осыны бақылаған азаматтарға түсінікті, әрі танысу үшін қол жетерлік.
Жасырын әрекеттер – мүдделі тұлғаларға, объектілерге, оқиғалар мен мән-жайларға қатысты құпия, жасырын жүргізілетін және ол туралы жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың, өзге органдардың лауазымды тұлғаларының тар шеңбері білетін жедел-іздестіру сипатындағы әрекеттер. Мысалы, жедел қызметкер кәсіпорын кадрлар бөлімі бастығынан осы ұйымның назар аударылып отырған қызметкері туралы мәліметтер алады. Осындай ақпараттың алынуының жасырындығын қамтамасыз ету үшін жедел уәкілетті қызметкер алдын ала мәлімет берушіден мұны құпияда сақтауды өтінеді.
Жедел-іздестіру әрекеттерін шифрлау – тексерілушіден және өзге тұлғалардан жеке жедел-тактикалық міндеттерді шешу мақсатында жүргізіліп жатқан әрекеттердің шынайы сипатын құпияда сақтауға бағытталған жедел қызметкерлердің іс-әрекеттері. Ұйымда жұмыс істеп жатқан адам туралы мәліметтерді (алдыңғы мысал) жедел уәкілді қызметкер барлық қызметкерлер картотекеасын қарап жатқандықты желеу қылып алуы мүмкін және қарау нәтижесінде ол өзіне қажетті адам туралы қажетті мәліметтерді ешкімге білдірмей алады».17
Ал, ресейлік О.А. Вагин мен А.П. Исиченко жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізілу нысаны бойынша жария жедел-іздестіру әрекеттеріне және аралас (жария-жасырын) жедел-іздестіру әрекеттеріне жіктейді, ал шифрланған жедел-іздестіру әрекеттерін жария-жасырын жедел-іздестіру әрекеттерінің түрі деп көрсетеді. Олар жедел-іздестіру әрекеттерінің нысаны бойынша жіктелуін өз еңбектерінде төмендегідей сипаттайды:
«Жедел-іздестіру әрекеттері жария да, жасырын да жүзеге асырылады. Жедел-іздестіру әрекеттерінің жасырын түрде жүзеге асыру жүргізіліп жатқан жедел-іздестіру әрекеттерінің оларға қатыспайтын адамдардан, сондай-ақ жедел-іздестіру органдарының қызметкерлерінен де, бірақ бәрінен бұрын - өздеріне қатысты жедел-іздестіру әрекеттері жүргізіліп жатқан объектілерден ешкім білмейтіндікті, ешкім көрмейтіндікті, анық еместікті білдіреді. Бұл жедел-іздестіру әрекеттерінің объектілері тарапынан қарсылық көрсету мүмкіндігін басып тастауға, жедел-іздестіру әрекеттері қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың нәтижелі болуын, жедел-іздестіру әрекеттерінің жүргізілу фактісін және қолданылған құралдар мен әдістерді құпияда сақтауға мүмкіндік береді.
Жасырындық тәжірибелік мақсаттылығымен де, жекелеген жедел-іздестіру әрекеттерін жария жүргізу құралдары мен әдістерін не болмаса жедел-іздестіру әрекеттерінің жекелеген қатысушыларын ашық пайдалануға мүмкін еместігімен де сипатталуы мүмкін. Жасырын болып тек қызметкерлерді қылмысты ортаға енгізу, бақылау үшін сатып алу, байланыстың техникалық арналарынан, компьютер жүйелерінен, сондай-ақ техникалық құралдардан хабарламалар алып тастау сияқты жедел-іздестіру әрекеттері болуы мүмкін.
Жариялылық деп жедел-іздестіру әрекеттерінің мазмұны, мақсаты, қатысушылары қоршағандардан да, олардың жүргізілу объектілерінен де жасырылмайтын жедел-іздестіру әрекеттерінің жүргізілуінің ашықтығын түсінген жөн.
Жедел-іздестіру әрекеттері аралас, яғни жария-жасырын сипатта болуы мүмкін. Мысалы, мүдделі тұлғалардың арызымен немесе келісімімен жүргізіліп жатқан телефон сөйлесулерін тыңдау арыз берушінің абонентіне қатысты ғана жасырын болып табылады. Жария-жасырын жедел-іздестіру әрекеттерінің ерекше түрі ретінде шынайы мақсаты мүдделі тұлғалардан сипаты мен мазмұны жағынан алаңдату болып табылатын іс-әрекеттерімен бүркемеленетін шифрланған жедел-іздестіру әрекеттерін атауға болады».18
Тағы бір ресейлік ғалым В.Г. Бобровтың пікірі бойынша, «жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізу нысанына байланысты олар жария да, жасырын да, олардың мақсатын бүркемелеу (шифрлау) арқылы да және олсыз да жүзеге асырылуы мүмкін. Мұндай жедел-іздестіру әрекеттерін жария түрде жүргізу кезінде, әдетте, олардың жүргізілу фактісі жасырылмайды.
Жедел-іздестіру әрекеттерін жасырын түрде жүргізу оларды өзге тұлғалардан құпия жүзеге асыруды талап етеді, ең алдыменен тексеріліп жатқан, іске тартылып жатқан адамдардан, айыптаушылардан, олардың байланыстарынан және т.б. Мұндай жедел-іздестіру әрекеттерінің жасырындығы шартты. Ол абсолютті де және қатысты да болуы мүмкін. Абсолютті жасырындықта жедел-іздестіру әрекеттерінің жүргізілуі туралы тек олардың жүргізуші жедел-іздестіру қызметкерлері, сондай-ақ олардың тапсырмасымен әрекет ететін және тікелей осы әрекеттерді жүргізуші тұлғалар (конфиденттер, арнайы техникалық шаралар бөлімшелерінің, жедел-іздестіру құрылымдарының қызметкерлері) біледі. Жедел-іздестіру әрекеттерінің қатысты жасырындығында олардың жүргізілуі туралы тек өзіне қатысты жүргізіліп жатқан азаматтар білмейді, ал олардың мүдделі тұлғалардан құпия алынған нәтижелері болашақта жариялануы мүмкін. Мысалы, азаматтардың қатысуымен және кино-, фототүсірілімдер немесе бейнежазуларды, арнаулы химиялық, сондай-ақ өзге техникалық және өзге құралдарды қолдана отырып, алдын ала жедел тексеру немесе жедел іске тарту шегінде жасырын жүргізілген байқау қылмыстық іс жүргізуде қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін.
В.Г. Бобров жедел-іздестіру әрекеттерін олардың жүргізілуінің жариялылығы белгісі бойынша шартты түрде екі негізгі топқа топтастырады:
а) жария да, жасырын да жүргізілуі мүмкін жедел-іздестіру әрекеттері: сауал-сұрақ қою, анықтамалар жүргізу, салыстырмалы зерттеулер үшін үлгілер алу, заттар мен құжаттарды зерттеу, бақылау үшін сатып алу, байқау, жеке адамдарды ұқсастыру, тұрғын-жайларды, ғимараттарды, құрылыстарды, жер учаскелері мен көлік құралдарын тексеру;
б) тексеріліп жатқан, іске асырылып жатқан және өзіне қатысты жүргізіліп жатқан өзге адамдардан тек құпия (жасырын) жүргізілетін жедел-іздестіру әрекеттері: пошта жөнелтілімдерін, телеграф және өзге хабарламаларды бақылау, телефон сөйлесулерін тыңдау, байланыстың арналарынан ақпаратты алу, қызметкерлерді қылмысты ортаға енгізу, берілетін өнімдерге бақылауды жүзеге асыру, жедел эксперимент».19
Менің жеке өз басым В. Плетневтің жария және жасырын жедел-іздестіру әрекеттеріне берген анықтамаларымен келісемін, бірақ шифрланған жедел-іздестіру әрекеттерін жасырын жедел-іздестіру әрекеттерінің бір түрі ретінде қарастырғанды жөн көрмеймін, өйткені шифрланған жедел-іздестіру әрекеттерінде жасырындық элементі бар, сондықтан да оны жедел-іздестіру әрекетінің үшінші бір түрі ретінде қарастырудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
В.Г. Бобровтың жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізілу нысанына байланысты жіктеу кезінде «жариялылық» белгісі дұрыс қолданған. Осы белгі арқылы жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органның жүргізіп жатқан әрекеттерінің қайсысы жария, қайсысы жасырын жедел-іздестіру әрекеттері екенін анықтай аламыз.
Сонымен бірге, В.Г. Бобровтың осы «жариялылық» белгісін басшылыққа ала отырып, жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізілу нысанына байланысты жария да, жасырын да жүргізілетін жедел-іздестіру әрекеттеріне және тек жасырын жүргізілетін жедел-іздестіру әрекеттеріне жіктеп, кейбір жедел-іздестіру әрекеттерінің жария да, жасырын да бола алатынын дұрыс ескерткен. Оның жоғарыда аталған жедел-іздестіру әрекеттерін топтастыруында Ресей Федерациясының жедел-іздестіру қызметі туралы заңнамасында берілген жедел-іздестіру әрекеттерінің атаулары қолданғанмен, олардың мазмұны Қазақстан Республикасының «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Заңында берілген жедел-іздестіру әрекеттерінің мазмұнымен сайма-сай келеді.
Сонымен, жоғарыда айтылған көзқарастарға сүйене отырып, қарастырылып отырған мәселе бойынша келесідей қорытындыға келуге болады:
Достарыңызбен бөлісу: |