Біріншіден, бұл іс-әрекеттер тек жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдармен жүргізіледі.
Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы орган – жедел-іздестіру заңдарына сәйкес белгілі бір құқық қорғау органының немесе арнаулы қызметтің құрамында қызмет ететін жедел-іздестіру қызметін толық немесе ішінара тікелей жүргізу үшін немесе оны бақылауға арналған бірінші басшылармен қоса оның жедел бөлімшелері мен лауазымды тұлғаларының жүйесі.8
Жедел-іздестіру қызметі туралы Заңның 6 бабына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағындағы жедел-іздестіру қызметін:
ішкі істер органдары;
ұлттық қауіпсіздік органдары;
Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдары;
Қаржы полициясының органдары;
Қазақстан Республикасы Президентінің күзет қызметі;
Әділет министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі жүзеге асырады.
Тек осы органдар ғана жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізуге құқылы және олардың тізімі тек Жедел-іздестіру қызметі туралы Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі арқылы өзгертілуі немесе толықтырылуы мүмкін.
Ішкі істер органдары болып Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, оның құрамына кіретін департаменттер, басқармалар мен бөлімдер, облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың, көліктегі Орталық, Батыс және Оңтүстік-Шығыс ішкі істер департаменттері, аудандық, қалалық, қалалардағы аудандық, поселкелік, желілік ішкі істер басқармалары, бөлімдері, ішкі әскерлер табылады. Ішкі істер органдары құрамында криминалдық полиция, әкімшілік полиция, әскери-тергеу органдары және әскери полиция да бар.
Ұлттық қауіпсіздік органдары болып Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Барлау» Қызметі, облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астана бойынша Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің департаменттері, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі әскери қарсы барлау органдары, Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің әскерлері, арнаулы мақсаттағы бөлімшелер табылады.
Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдары - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігініңБас барлау басқармасы және оның әскер түрлеріндегі басқармалары, әскери құрамалардағы бөлімшелері.
Қаржы полициясының органдары – Қазақстан Республикасының Экономикалық қылмыстармен және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттігі, оның облыстардағы, ресрубликалық маңызы бар қала мен астанадағы департаменттері.
Әділет министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі органдары – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі жөніндегі комитеті мен оның аумақтық басқармалары.
К.К. Горяинова, В.С. Овчинского, Г.К. Синилова, А.Ю. Шумилова сияқты бірқатар ресейлік авторлар осы аталған жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың ішінде жедел-іздестіру әрекеттерін жедел бөлімшелер жүргізе алады деп көрсеткен.
Жедел-бөлімше – бұл тиісті құқық қорғау органының немесе арнаулы қызметтің құрылымына кіретін, қызметтік міндеттеріне заңдармен көзделген жедел-іздестіру, қарсы барлау немесе барлау міндеттерін шешу үшін жататын ұйымдық штаттық буын.9
Нақ бір жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органның жедел бөлімшелері тиісті ұйымдық, әкімшілік бірліктерге сай құрылған. Ол жедел-іздестіру, жедел-іздеу, жедел-техникалық, қарсы барлау, барлау немесе ақпараттық-талдау бөлімшелері (топтары), бөлімі, басқарма, бас басқарма, сондай-ақ ішкі қауіпсіздік бөлімшесі және т.б. болуы мүмкін. Әр түрлі жедел-іздестіру органдарында жедел бөлімшелердің құрылымы және олардың атаулары біркелкі аталмаған, ол жедел-іздестіру қызметінің нақты міндеттерін шешудегі өзіндік ерекшеліктермен бірге туындауда.
Жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізуге құқылы қызметкерлердің, бөлімшелер мен қызметкерлер санаттары жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың басшыларымен анықталады.
«Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы бөлімшелерді жедел-іздестіру әрекеттерін толық жүргізуіне байланысты оларды келесідей топтарға бөлуге болады:
Жедел-іздестіру әрекеттерін толық көлемде жүргізетін жедел-іздестіру бөлімшелері (олардың лауазымды тұлғалары). Мұндай бөлімшелер ведомстволық нормативтік актілерде әр кезеңдерде әр түрлі аталды: жедел аппараттар, жедел қызметтер, жедел-іздестіру бөлімшелері, іздестіру аппараттары және т.б. Қазіргі кезде, мысалы, Ішкі істер министрлігі жүйесінде құрамына әр түрлі құзырлы жедел-іздестіру бөлімшелері (қылмыстық іздестіру, ұйымдасқан қылмыстылықпен күресу жөніндегі аппараттар, іздеу аппараттары және т.б.) кіретін криминалдық полиция құрылды.
Жедел-іздестіру әрекеттерін ішінара жүргізетін жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың құрылымдық аппараттары, қызметтері, бөлімшелері. Олар өздерінің қызметтік міндеттері бойынша белгілі бір бөлікте немесе көлемде жедел-іздестіру қызметіне тікелей қатысы бар ғылым-техникалық бөлімшелер, ақпараттық орталықтар, қаржы-жоспарлы бөлімдері және т.б. (мысалы, осы қызметті қаржылық қамтамасыз ету, тұлғаларды, заттарды, оқиғаларды есепке алу және т.б.).
Жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізуге белгілі бір нысанда және көлемде тартылатын немесе өзінің қызметтік бабында жедел-іздестіру қызметінің әдістері мен тәсілдерін қолданатын жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың өзге құрылымдық қызметтері, бөлімшелері, аппараттары. Мысалы, ішкі істер органдарында әкімшілік полицияның учаскелік инспекторлары, сондай-ақ кәмелетке толмағандар ісі бойынша инспекторлар, медициналық есін жиғызу экипаждары, сақшылық қызмет, тергеу аппараты, жол полициясы және т.б.
Бірінші топқа кіретін жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың бөлімшелері өз құзыреті шегінде жедел-іздестіру және өзге әрекеттерді жүргізуді ұйымдастыру мен тактикасын реттейтін ведомстволық нормативтік актілерді шығарады және жасайды».10
Сонымен, жедел-іздестіру әрекеттерін тек жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың жедел бөлімшелері (аппараттары) мен қызметкерлер санаты жүзеге асырады екен.
Достарыңызбен бөлісу: |