Арал теңізі- тұйық алап. Оның аумағы 1960-шы жылдары 64.5 мың км2 шамасында болып, суының көлемі 1 мың км3 –ден асқан. Тереңдігі 20-25м –ден асып, ең терең жері 67м-ге жеткен. Теңіз деңгейі мен суының тұздылығы табиғи геологиялық дамуымен және ірі Сырдария мен Әмудария өзендері келіп құюымен анықталған. Әмудария суының мөлшері Сырдарияның суынан екі есе артық. Сырдария тек Аралға ғана құйса, Әмудария бағытын бірде батысқа қарай өзгертіп – Каспийге, ал неді бірде солтүстік-шығыс жағындағы Аралға келіп құятын болған.
Аралдың геологиялық тарихында теңіз деңгейінің көтерілу және төмендеу кезеңдері алмасып отырған, ауытқулар 5-6м-ге жеткен. Мәселен 1874 жылы Ресейдің бірінші гипсометриялық картасының авторы А.А. Тилло, Арал теңізінің ең төменгі деңгейінен 4.5 м биіктікте топографиялық репер орнатқан. Тилло қойған реперді 1901 жылы Л.С. Берг тауып алып өлшегенде, су деңгейінің 1.21 м-ге көтерілгенін көрген. Реперден теңіз деңгейіне дейінгі аралық небәрі 3.29 м болған. Осы ширек ғасыр уақыт аралығында Аралдың аумағы шамамен 75 км2–ге ұлғайған. Арал теңізінің деңгейі 1960 жылы көне Аралдың деңгейінен 20-25 м, ал Әлем мұхиты деңгейінен 53 м биік орналасқан. Аралдың деңгейі мұхит деңгейінен XVIII ғ. соңында және 1930-шы жылдардың басында осындай шамада (54м) биік болған. 1830 жылы Арал теңізінің ең төмен биіктігі Әлем мұхиты биіктігінен 50 м жоғары жатқан.
Табиғи факторлар ықпал етуімен Аралдың тұздылық режимі де өзгеріп отырған. Көне Аралдың тұздылығы 1960-шы жылдардағы Арал тұздылығынан көп болғандығы анықталған. Оны теңіз табанындағы ең терең жерлерде кездесетін миробилит кристалдарына қарап анықтауға болады.
Арал теңізі- балықтарының мол екендігімен даңқы шыққан. Бірақ кейінгі кездері оның тағдыры қайғылы жағдайға тап болды. 1950-шы жылдардан бастап теңізге келіп құятын Әмудария мен Сырдария өзендерінің суын суармалы егіншілікке өте көп мөлшерде пайдалануға байланысты Аралдың деңгейі де күрт төмендеп, суының мөлшері азаяды.
Теңіз айдынының соңғы жылдардағы өзгеру динамикасы ғарыштан түсірілген фотосуреттер мен карталау жұмыстары нәтижесінде анықталып көрсетілген. (3.6-сурет ).
Қазіргі кезде Арал теңізі айдынының аумағы 28 мың км2, ал суының көлемі 205км3 шамасында ғана.Теңіз суының шегініп кетінен пайда болған жағалаудағы құлазыған шөлден жыл сайын 75 млн тоннадай барлық тіршілік үшін улы тұз бен тозаң көтеріліп, өте алыс алқаптарға дейін тарайды. Шөлге айналу салдарынан бұл жерде тіршілік еткен ірі омыртқалылардың 178 түрінен тек 38 түрі ғана сақталған. Судағы балықтың жағдайы одан да мүшкіл. Арал теңізі алабы қазір жаһан бойынша апатты аймақ деп танылып, оны қорғап қалуға көмек көрсетілуде. Арал теңізінің өайғылы жағдайға ұшырауының басты себебі Сырдария Әмудария өзендерінің бойына мақта және күріш плантацияларын суландыру үшін көптеген су қоймаларын жасап, бөгеттер салу болды. Осыған байланысты 1980-ші жылдардың ортасында өзен сулары Аралға жетуін тоқтатқан. Бұл жағдай континенттік ғажап теңіздің күрт кішірейіп, орталық Азия бес республикасы орналасқан аймақтың экологиялық апатқа ұшырауының басы болды.
Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түркменстан президенттерінің шешімі бойынша құрылған Мемлекетаралық кеңес пен халықаралық қор Аралды құтқару проблемасымен арнайы шұғылдануда. Бұл қорға Жаһандық экологиялық қор мен батыс елдері донорлық көмек көрсетуде.
Арал апатты аймағында жүздеген жануарлар мен құстар түрінің жойылып кетуімен қатар, адамдар да әр түрлі ауруларға (сүзек, туберкулез, қылтамақ, гепатит, анемия) шалдығады. Балалар өлімі өте жоғары. Аралда тұратын балалардың организміндегі зиянды заттар мөлшері, олардың Швецияда тұратын замандастарымен салыстырғанда 800 есе артық екен. Ғалымдардың пікірінше, балалар ауруы клетка деңгейінде құрылымдық өзгерістер туындататын көрінеді.
Ғарыштан жасалған суреттерде бұрын планетамызда төртінші көл саналған Арал теңізінің аумағы қазір үштен екіге дейін кішірейіп, деңгейі 15метрге төмендеп кеткен. Біртұтас Арал теңізі Үлкен және Кіші деп аталатын екі көлге бөлінген. Көптеген аралдар жағалаумен қосылып түбектерге айналған. Жаға әлі де шегіне түсуде.
Жоғары жағындағы көптеген бөгеттер Сырдария суын төмен қарай жібермеуіне байланысты, оның гидрогеологиялық жағдацын өзгерткен. Қазір өзеннің тһменгі бөлігі мен сағасы суды бұрынғымен салыстырғанда үш еседей аз мөлшерде ғана қабылдай алатын жағдайға жеткен. Сондықтан жыл сайын су тасыған кездерде артық су өзен алабындағы елді мекендерге жайылып кетіп, қауіпті жағдай туындатады. Мәселен, Шардара суқоймасы толып, деңгейі кемеріне жетіп тұрғанда оның төменгі жағындағы өзен арнасы 350 м/с мөлшерден артық су қабылдай алмайды екен. Артық су көрші Өзбекстан жағындағы Арнасай ойпанына барып жиналады. Бұл жерде жеті жыл ішінде айдыны үлкен көл пайда болған., оның суының көлемі 30млрд км3-ге жеткен. Ал Сырдарияның төменгі арнасы су жетпегендіктен қаңсып, ұйық басып қалған. Егер осы жерден Айтек су торабын салса, ол біраз мәселені шешкен болар еді ( бірақ оған 170 млн доллар қаржы керек). Мәселен қыс мезгіліндегі су тасу кезінде (әдетте су тасу осы кезде болады) Сырдарияның су қабылдау қабілеті 500м3/с мөлшеріне дейін артып, суды көрші елге жіберудің қажеті болмас еді. Ал, қыста мұздың астына кептелген арынды су ағыны арнадағы сұйықты өзі шайып, тазалап жіберер еді.