Issn 1607-2782 Республикалық


МҰСТАФАТАНУДЫҢ ДЕРЕКТЕМЕЛІК НЕГІЗІ



Pdf көрінісі
бет8/17
Дата15.03.2017
өлшемі1,83 Mb.
#9918
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   17

МҰСТАФАТАНУДЫҢ ДЕРЕКТЕМЕЛІК НЕГІЗІ
 
 
К.Л.ЕСМАҒАМБЕТОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор
  
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, Қазақстан Республикасы 
 
Аңдатпа
 
Мақала  көрнекті  мемлекет  және  қоғам  қайраткері,  түркі  халықтары  ұлт–азаттық  
қозғалысының идеологы, ғалым-көсемсөз шебері Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметін 
зерттеудің деректемелік негізін талдауға арналған. 
Мұстафатану  жөніндегі  алғашқы  еңбектер  Түркияда  жарық  көрді.  Өткен  ғасырдың 
40-50  жылдарында  А.Оқтайдың,  Т.Шағатайдың,  Междеддин  Делилдің  еңбектері 
жарияланды.  Кейінгі  кезеңде  мұстафатану  ісі  Өзбекстан,  Қазақстан,  Ресей,  Англия, 
Франция т.б. елдер ғалымдарының еңбектерінде көрініс тапты. 
М.Шоқайдың  саяси  қызметін  және  шығармашылық  мұрасын  зерттеудің  негізгі 
деректемелік  негізі  -  оның  өз  еңбектері  болып  табылады.  Алайда  қайраткердің  ғылыми 
мұрасын  жинастырып,  ғылыми  айналымға  қосудың  бірнеше  қиындықтары  бар.  Олар:  а) 
М.  Шоқай  еңбектерінің  бірнеше  тілде  және  түрліше  графикада  жазылуы;  ә)  олардың 
дүние  жүзі  елдерінің  мұрағат  және  кітапхана  қорларында  шашыранды  күйде  ұшырасуы; 
б) көпшілік еңбектерінің бүркеншік есімдерімен жазылуы. 
Осыған  қарамастан  2012-2014  жылдары  М.  Шоқай  шығармаларының  12  томдық 
толық жинағы жарық көрді. Ол түркі халықтарының рухани өміріне қосылған сүбелі үлес 
болып табылады. 
Кілт  сөздер:
  Мұстафа  Шоқай,  Мария  Шоқай,  мұстафатану,  ұлт-азаттық  қозғалыс, 
деректемелік негіз, мұрағат, «Яш Түркістан», «Йени Түркістан».  
 
Аннотация
 
Статья  посвящена  анализу  источниковой  базы  исследования  жизни  и  деятельности 
Мустафы  Шокая,  видного  государственного  и  общественного  деятеля,  идеолога 
национально–освободительного движения тюркских народов, ученого–публициста. 
Первые  работы  о  мустафаведении  появились  в  Турции.  В  40-50  годах  прошлого 
столетия  были  опубликованы  работы  А.Октая,  Т.Чагатая,    Междеддина  Делиля.  В 
последующее  время  их  изыскания  были  продолжены  трудами  ученых  Узбекистана, 
Казахстана, России, Англии, Франции и др. стран. 
Основной  источниковой  базой  при  исследовании  политической  деятельности  и 
творческого наследия М. Шокая являются его труды. Однако поиски его работ и введение 
их  в  научный  оборот  сопряжены  с  большими  затруднениями.  Они:  а)  труды  М.  Шокая 
написаны  на  разных  языках  и  разной  графикой;  б)  разбросанность  их  в  архивах  и 
библиотеках многих стран мира; в) большинство его работ написаны анонимно. 
Несмотря на  эти  и  другие  трудности  в  2012-2014  годах  было опубликовано  полное 
собрание  сочинений  М.  Шокая  в  12  томах.  Оно  рассматривается  как  крупный  вклад  в 
духовную жизнь тюркских народов. 
  Ключевые слова:  Мустафа Шокай, Мария Шокай, мустафаведение, национально-
осовободительное  движение,  источниковая  база,  музей,  «Яш  Туркестан»,  «Йени 
Туркестан». 
 
Annotation 
The  article  is  dedicated  to  analyse  the  sourcebase  of  researching  life  and  activities  of 
Mustafa  Chokay,  outstanding  statesman  and  public  figure,  ideologist  of  national-liberation 
movement of Turkic peoples, scientist-pamphleteer. 

59 
 
First works connected Mustafa scholarship are appeared in Turkey. In 40-50 years  of the 
past century there are edited some works of  A. Oktay, T. Chagatay, M. Delil. Afterwards their 
investigations are continued in works of scientist of Ouzbekistan, Kazakhstan, Russia, England, 
France and other countries. 
The main sourcebase of searching political activities and scientific heritage of M. Chokay 
of course must be his works. But searching and introduce them in scientific turnover entail great 
difficulties. They are: a) M. Chocay`s works have been written in various languages and scripts: 
b) their sparseness  in archives and  libraries of  many countries of the world;  c)  majority of his 
works are anonymous. 
In spite of these problems in 2012-2014 there is edited «Complete works» of M. Chokay in 
12 volumes in Almaty. 
It is regarded as an outstanding contribution to spiritual life of Turkic peoples. 
Key  words:  Mustafa  Shokay,  Maria  Shokay,  history  of    Mustafa,    national  liberation 
movement, sourcies base, museum, «Yash Turkestan»,  «Yeni Туркестан». 
 
Еліміздің  тәуелсіздік  алып,  дербес  даму  жолына  түсуіне  байланысты  түрлі  саяси 
күштер  мен  ағымдардың,  оның  жетекшілері  мен  идеологтарының  халық  санасын  оятып, 
адамзаттың  ұлы  көшінен  қалмай  алға  жылжуына  сіңірген  еңбегін  ғылыми  тұрғыдан 
сараптап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің маңызы арта түсуде. 
«Ұлы  тұлғаларын  білмейінше,  бірде-бір  дәуірді  дұрыстап  тану  мүмкін  емес.  Адам 
тарихының  айнасынан  біз  тарих  көшінің  жүрісін  ғана  аңдап  қоймаймыз,  оның  рухын, 
тынысын сезінеміз. 
Біздің  ұлы  қандастарымыз  өмірлерін  қиып,  шыбын  жандарын  шүберекке  түйіп, 
біздің  тәуелсіздігімізді  жақындата  түскен...  Сондықтан  халқы  мен  елінің  алдындағы 
өздерінің  перзенттік  парызын  айқын  да  анық  түсінген,  қандай  қиын-қыстау  жағдайда  да 
оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім өз жұртының 
нағыз азаматы болып қала берген. Тарихтың қай кезеңінде болсын, олар өз ұлтының бетке 
ұстар  мақтанышы  болып  келген»  [1].  Қазақстан  Республикасы  Президенті  Н.Ә. 
Назарбаевтың  бұл  сөзінде  қоғамның  дамуында  жеке  тұлғалардың  феномені  ерекше орын 
алатындығы барынша дәл көрсетіледі. 
Өткен  ғасырдың  20–30-жылдарында  қазақ  мемлекеттілігінің  даму  мақсатын 
тұжырымдап  берген,  халыққа  қызмет  етудің  жарқын  үлгісін  көрсеткен  осындай 
тұлғалардың бірі Мұстафа Шоқай (1890–1941 жж.) болатын.  Қазақ халқының  аса күрделі 
«соқтықпалы да соқпақты» тарихының басты мазмұнын азаттық үшін,  өзін этнос ретінде 
және  өмір сүру  кеңістігін сақтап  қалу  үшін  күрес құраса, осы күрестің  алдыңғы сапында 
тұрған да М. Шоқай. Сол себепті оның өмірі  мен жанқиярлық қызметін, шығармашылық 
мұрасын зерттеп, зерделеу – біздің парызымыз. Сонда ғана «бүгінгі бостандықтың, бүгінгі 
тәуелсіздіктің  өзінен-өзі  келіп,  басымызға  қона  қалмағанын,  азаттық  үшін  миллиондаған 
адамдардың  қаны  шашылып,  жаны  қиналғанын,  жазықсыз  зардап  шеккенін»  [2] 
ұғынамыз.  
Мұстафатанудың  негізі  Түркияда  қаланды.  М.  Шоқайдың  мұраттас  жолдастары, 
саяси  күреске  бірге  қатысқан  серіктері,  «Яш  Түркістан»  журналын  шығарысқан  Тахир 
Шағатай  (1902–1984),  Абдулақап  Оқтай  (1904–1968)  және  олардың  жұбайлары  Сағадат 
Шағатай  және  Саида  Оқтай  ханымдар,  «Түркістан  Ұлттық  Бірлігі»  ұйымының  Бас 
хатшысы,  «Йени  Түркістан»,  «Яш  Түркістан»  журналдарының  жұмысын  атқарысқан 
Междеддин  Делил  өз  естеліктері  мен  еңбектерінде  М.  Шоқайдың  дүниетанымы  мен 
қайраткерлік болмысын қалпына келтіру жолында көп еңбек сіңірді. 
М.  Делил  1942  ж.  «Мұстафа  Шоқай  альбомын»  дайындап,  баспадан  шығарды.  1950 
жылы  А.  Оқтай  «Түркістан  ұлт-азаттық  қозғалысы  және  Мұстафа  Шоқай»  атты  кітабын 
жариялады.  Өткен  ғасырдың  орта  кезінен  Т.  Шағатайдың  М.  Шоқайдың  өмірін, 
шығармашылық  мұрасы мен  саяси  қызметін  баяндауға  да  орын  берілген  «Түркістандағы 

60 
 
түрікшілдік  және  халықшылдық»  (екі  кітап),  «Қызыл  империализм»  (жеті  кітап)  атты 
еңбектері жарық көрді [3]. 
Стамбулда «Түркістан – Еділ-Орал» қорының құрылуы, Сағадат Шағатайдың (1907–
1989)  «Яш  Түркістан»  журналының  материалдарын  жеке  кітап  етіп  басып  шығаруға 
бағытталған әрекеттері мұстафатанудың ілгерілеуіне көмегін тигізді. 
Соңғы  кезеңде  Мұстафаға  батыс  елдерінде  де  назар  аударыла  бастады  [4].  Алайда 
кеңес  идеологтары  мен  олардың  Шығыс  Еуропа  елдеріндегі  пікірлестері  КСРО-ның 
ыдырауына  дейін  шындыққа  үш  қайнаса  сорпасы  қосылмайтын  түрлі  лақаптар  таратып, 
М.  Шоқайды  фашистік  Германияның  «тыңшысы»  ретінде  көрсетуге  әрекеттеніп  келді. 
1971 жылы Варшавада жарық көрген «Голоса издалека» [5] деген поляк тіліндегі  кітапта 
аға лейтенант Абдурахимов пен капитан Халимов деген тәжік ұшқыштарының 1942 жылы 
10  қазанда  немістерге  тұтқынға  түскені,  олардан  жауап  алу  кезінде  Рейхтың  қауіпсіздік 
басқармасы  қызметкерлерімен  бірге  1941  ж.  қайтыс  болған  М.  Шоқайдың  да  қатысқаны 
туралы айтылады. 
Кеңес өкіметі тұсында М. Шоқайдың  тарихи-публицистикалық жұмыстары да саяси 
және  идеологиялық  тұрғыдан  сынға  алынып,  негізсіз  бұрмалаушылыққа  ұшырайды.  Тек 
Қазақстанның  тәуелсіздік алуымен  ғана М. Шоқай туралы тарихи деректерге негізделген 
еңбектер  жарық  көре  бастайды  [6].  Солай  бола  тұрғанымен  өзгенің  мүддесін  қазақ 
халқының  мүддесінен  басым  санайтын  авторлар  бұрынғы  үрдісті  әлі  де  жалғастыруда. 
Олар  М.  Шоқайды  «өте  күрделі  тұлға»  ретінде  сипаттап,  «Түркістан  легионына» 
жетекшілік  жасады,  немесе  оның  бастауында  тұрды  деген  кеңес  идеологиясының 
тұжырымдарын  қайталаудан  айнымауда.  Отарлық,  тоталитарлық  жүйеге  қарсы  күрескен 
қайраткерлеріміз  жөнінде  сақталған  мұндай  психологиялық  ахуалдың  өміршеңдігінің 
басты  себебі  ұлттық  мінез-құлқынан,  әдет-ғұрпынан,  тілі  мен  мәдениетінен,  болмыс-
бітімінен  айыруға  бағытталған  Кеңес  өкіметінің  қитұрқы  идеологиялық  саясатының 
салдарына байланысты екендігі анық. «Планетарлық деңгейдегі ақыл-ой апатын» басынан 
кешірген  халқымызға  өзінің  ұлттық  құндылықтары  мен  мүдделерін  олар  туралы 
«интернационалистік»  ұғымдардан  ажыратуы  үшін,  өз  ұлыларын  танып-білуі  үшін 
баршамыздың күш-жігеріміз, ақыл-ой парасатымыз қажет. 
М.Шоқай  –  жалғыз  туған  халқы  ғана  емес,  өзбек,  қырғыз,  тәжік,  түркмен, 
әзербайжан,  грузин  және  басқа  да  бодан  халықтардың  бостандығы  үшін  күрескен  тұлға. 
Осы жолда өмірінің соңғы сәтіне дейін өзінің ой-қабілетін сарқа жұмсаған М. Шоқайдың 
қайраткерлік және шығармашылық болмысын жан-жақты пайымдаудың еліміздің ұлттық 
мұрат-мақсаттарын  негіздеуге  берері  мол.  Сондықтан  оның  қайраткерлік,  қаламгерлік 
қарымын,  отар  халықтардың  ұлт-азаттық  қозғалысы  тарихындағы  алатын  орнын 
анықтауға бағытталған еңбектер қатары күн санап артып келеді.  
М.Шоқайдың  өмірі  мен  қызметін  зерттеудің  негізгі  дереккөзі  оның  Франциядағы 
жеке  мұрағаттық  қоры  болып  табылады.  Онсыз  Мұстафаның  қайраткерлігі  мен 
ғұламалығына,  мәмілерлігі  мен  шешендігіне,  дүниетанымы  мен  мақсат-мұраттарына, 
адамгершілік биік қасиеттеріне көз жеткізу қиынға соғады. Ол туралы еңбектердің көбінің 
жалаң баяндауларға, патетикаға негізделіп келе жатқандығы осы себептен.  
М.Шоқайдың  1922–1941  жылдары  аралығында  жинақтаған  жазбалары  мен 
кітаптарын  жұбайы  Мария  Яковлевна  1953  жылы  қазіргі  «Жаңа  Сорбонна  –  Париж  ІІІ» 
университетінің 
Шығыс 
тілдері 
мен 
өркениеттері 
ұлттық 
институтының 
университетаралық  кітапханасына  [7]  тапсырады.  Ол  жөнінде  Мария  Яковлевна  сол 
жылдың 2 тамызында Стамбулдағы А. Оқтайға былай деп хабарлайды: «Құрметті Оқтай! 
Өзіңе  және  барлық  түркістандықтарға  Мұстафа  Шоқай-бейдің  кітапханасын  және 
мұрағатын  Париждегі  Шығыс  тілдері  университетіне  сатқандығымды  құлағдар  етемін. 
Шығыс  тілдерін  үйренуге  Парижге  келгендердің  барлығы  Мұстафа  Шоқай  марқұмның 
кітаптары  мен  мұрағаттарын  пайдалана  алады...  Маған  берген  уәделері  бойынша  барлық 
кітаптарына  оның  мөрі  басылады,  өзінің  және  әкесінің  суреттері  ілулі  тұрады,  астыңғы 

61 
 
жағында «Автономды Түркістанның І президенті Мұстафа Шоқай бей ұлы» деп жазылады 
[8].    
Мұрағат  қоры  жөніндегі  алғашқы  мағлұмат  кезінде  «Яш  Түркістан»  журналының 
жауапты хатшысы қызметін атқарған М. Шоқайдың ең жақын серіктерінің бірі Абдулақап 
Оқтайдың  «Түркістан»  атты  эмигранттық  журналда  жарық  көрген  «Мұстафа  Шоқайдың 
мұрағаты мен кітаптары» [9]  деген мақаласында беріледі. 
Ширек  ғасырдан  кейін  (1977  ж.)  осы  мақаланы  ұшырастырған  Нью-Орлеан 
университетінің (АҚШ) профессоры Э. Лаззерини М. Шоқайдың мұрағаттық қорын толық 
жүйелеп, ондағы құнды құжаттар мен деректердің ғылыми айналымға қосылуына жағдай 
жасайды.  Бұл  жөнінде  ғалым  «Кайэ  дю  монд  рус  э  совьетик»  (Париж)  журналында 
«Мұстафа Шоқай бейдің мұрағаты» [10] деген мақала жариялайды. 
2001  жылы  М.  Шоқайдың  жеке  мұрағаттық  қорындағы  құжаттардың  көшірмелері 
«CD»  дискілеріне  түсіріліп,  Қазақстанға  алдырылуында  белгілі  мемлекет  қайраткері  И. 
Тасмағамбетов  шешуші  рөл  атқарды.  Сол  жылы  бұл  құнды  мұраны  ҚР  Президенті  Н.Ә. 
Назарбаев ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағаты қорына табыс етеді.  
Түркияда, 
Польшада, 
Германияда, 
Англияда, 
Ресейде 
сақталған 
мұрағат 
материалдарымен  бірге  Сорбоннадағы  мұрағаттық  қор  «мұстафатану»  ғылыми 
бағытының деректемелік негізін қалайды. 
М.Шоқайдың  жеке  мұрағаттық  қорына  жай  сипаттама  берудің  өзі  оңайға  түспейді. 
Осыған  орай  профессор  Э.  Лаззеринидің  М.  Шоқайдың  мұрағаттық  қорын  толық 
пайдалану  үшін  ғажап  лингвистикалық  білім  керек,  себебі  оның  құжаттары  түрлі 
(француз,  неміс,  орыс,  ағылшын  және  бірнеше  түркі)  тілдерде  және  түрлі  қаріптермен 
жазылған  [16]  деуі  әбден  орынды.  Оның  еңбектерінің  грузин,  араб,  урду,  поляк,  өзбек, 
қазақ тілдерінде де жазылғанын қоса айта кетуіміз керек. 
М.Шоқайдың  шығармашылық  мұрасы  Шығыс  тілдері  мен  өркениеті  ұлттық 
институтының  кітапханасындағы  жеке  мұрағаттық  қорында  сақталған  еңбектерімен  ғана 
шектелмейді.  Онда  «Йени  Түркістан»  және  «Яш  Түркістан»  журналында  жарияланған 
мақалаларының  көпшілігі  жинақталмаған.  Мұрағатта  «Йени  Түркістанға»  жазған  он 
шақты  мақаласының  көшірмесі  ғана  табылды.  «Прометей»  журналында  М.  Шоқайдың 
100-ден  астам  мақаласы  жарық  көреді,  бірақ  олар  да  мұрағаттық  қорға  алынбайды.  Сол 
себепті  оның  бұл  еңбектері  жөнінде  Түркия,  АҚШ,  Франция,  Германия,  Польша 
мұрағаттары мен кітапхана қорларында қосымша іздестіру жұмыстары жүргізілді. 
Соның  нәтижесінде  Түркия  Республикасы  Ұлттық  мұрағатында  (Анкара),  «Йени 
Түркістанда»  жарияланған  мақалаларының  тізімі,  «Яш  Түркістан»,  «Түркістан» 
журналдары  жөнінде  Түркияның  ұстанған  саясаты,  Шығыс  Түркістан  мен  Түркістан 
Ұлттық  Бірлігі  арасындағы  қарым-қатынастар,  басмашылар  қозғалысының  жетекшілері, 
ал  Түрік  Республикасы  Осман  мұрағатында  (Стамбул)  Энвер  пашаның  басмашылар 
қозғалысына  жетекшілік  етуі,  орыс  казактарының  зорлық-зомбылықтары  туралы  сан-
алуан құжаттар табылды. 
Т.Шағатайдың  жеке  мұрағаттық  қорын  «Түрксой»  Халықаралық  ұйымының 
бастамасымен  түрік  азаматы  Мұзаффар  Акчора  2010  ж.  шілде  айында  ҚР  Орталық 
Мемлекеттік  мұрағаттық  қорына  әкеліп  тапсырды.  Оның  денін  М.  Шоқайдың 
эмиграциядағы  украин,  грузин,  әзербайжан  т.б.  халықтардың  саяси  қайраткерлерімен 
жазысқан хаттары құрайды. 
М.Шоқайдың  саяси  ұстанымы  мен  дүниетанымын  анықтауда  Парижге  келіп 
орналасқаннан  кейін  француз  үкіметінің  назарын  аударуды  көздеген  «Түркістан  ұлттық 
қозғалысының  мақсаттары  мен  негізгі  бағыттары»  деген  36  беттік  памфлетінің  маңызы 
зор.  Оның  француз  тіліндегі  нұсқасы  қазіргі  уақытта  Франция  Сыртқы  істер 
министрлігінің дипломатиялық мұрағаты қорында сақтаулы [12].  
А.Оқтай мен Т. Шағатайдың  еңбектерінде сілтеме жасалатын кейбір дереккөздердің 
таптырмауы Түркия, Иран, Ауған елдерінің  мұрағаттары мен кітапханаларында  қосымша 
ізденістерді  қажет  етеді.  Осыған  орай  Т.  Шағатайдың  «Түркістандағы  ұлт-азаттық 

62 
 
қозғалысы  оқиғаларынан  үзінділер»  деген  түрік  тіліндегі  кітабының  «Марқұм  Мұстафа 
Шоқайдың  соңғы  жазғандарынан»  деген  тарауы  осы  пікірімізді  растайды.  Онда 
Мұстафаның  соғыс  тұтқындарымен  әңгімелесулері,  1938  жылы  інісінің  «неміс 
фашистерінің  тыңшысы»  деген  жаламен  тұтқындалып,  хабар-ошарсыз  кеткені  жайында 
тұтқындардан мәлімет алғаны баяндалады. 
Мария  Шоқай  өткен  ғасырдың  50-жылдары  А.  Оқтайдың  сұратуымен    Мұстафаның 
бірнеше  хаттарын  жібергенін  айтады.  1953  ж.  2  тамызда  жазған  хатында:  «Сізге  оның 
(Мұстафаның. – К.Е.) неміс тіліндегі екі мақаласын жіберіп отырмын. Тапсам, басқаларын 
да  жіберермін.  Тахир  екеуіңе  Мұстафаның  неміс  тіліндегі  мақалаларына  ие  болу 
ризашылық  тудырады  деп  ойлаймын»,  –  дейді.  Ал,  кейінірек  (1963  жылдың  20 
наурызында)  Әлім  Алматқа  жолдаған  хатында:  «1918  жылғы  Ташкенттегі  революция 
жөніндегі  естеліктерім  жазылған  дәптерлерім  мен  Мұстафаның  маған  жазған  хаттарын 
Оқтайға да жібердім» [13], – дейді. 
Э.Лаззеринидің  мұрағатты  жүйелеген  кезінде  екі-үш  қорапта  329–340,  96–99-
парақтардың  жоқтығы  жөнінде  белгілер  қоюы  да  М.  Шоқай  мұрағатындағы  кейбір 
құжаттардың «қолды» болып кеткені жөніндегі ойға итермелейді. 
М.Шоқай  өмірінің  соңғы  сәттері,  соғыс  тұтқындарымен  кездесулері  туралы  құнды 
дереккөзі  оның  қолжазба  дәптері  екендігі  белгілі.  Дәптердің  тағдыры  жөнінде  түрік 
зерттеушісі  Омар  Өзжан  өз  пайымдауларымен  баспасөз  беттерінде  бөліскен  болатын. 
Алайда ол 2010 ж. жазда Анкарада сөйлескен кезімізде дәптердің қайда екендігі жөнінде 
нақтылы мағлұмат бере алмады.  
М.Шоқайдың  өміріне,  саяси  қызметі  және  шығармашылық  мұрасына  қатысты 
материалдар Франция, Түркия, Германия, Румыния, Польша, Америка  Құрама Штаттары 
секілді  елдердің  мұрағаттары  мен  кітапханаларындағы  эмиграциялық  басылымдарда 
ұшырасады.  Олардың  ішінде  «Яш  Түркістан»  (Yaş  Türkistan.  Berlin,  1929–1939),  «Йени 
Түркістан» (Yeni Turkistan. Istanbul, 1927–1931), «Азери түрк» (Azeri Turk. Istanbul, 1928–
1931),  «Франция–Шығыс  комитетінің  ресми  бюллетені»  (Le  Bulletin  officie  du  Comite 
France–Orient.  Paris,  1922–1940),  «Милли  йол»  (Milli  yol.  Berlin,  1928–1936)  журналдары 
Шығыс тілдері мен өркениеті ұлттық институтының кітапханасында, «Шимали Кафкасиа» 
(Şimali  Kafkasya,  1939),  «Истиклал»  (Berlin,  1932–1934),  «Куртулуш»  (1931–1939), 
«Азербайжан  юрт  билгиси»  (Istanbul,  1932–1934)  Түрік  зерттеулері  институтында 
(L’Institut  d’Etudes  Turgues,  Paris–III),  «Одлу  юрт»  (Odlu  Yurt,  Paris),  «Йени  Кафкасиа» 
(Istanbul, 1926) журналдары «Азиялық қоғамның» кітапханасында сақталған. 
Эмиграциялық  басылымдардың  кейбірі  Франциядағы  Халықаралық  құжаттар 
кітапханасынан  (Bibliotheque  de  documentation  internationale  contemporaine,  Nanterre), осы 
елдің Ислам зерттеу орталығы, Ататүрік кітапханаларынан табылады. 
Сонымен  бірге  М.  Шоқай  еңбектері  «Қазақ»  (Орынбор),  «Бірлік  туы»,  «Улуг 
Туркестан», «Туркестанские ведомости» (Ташкент), «Всход» (Польша), «Вольный горец», 
«Янги  Дуния»,  «Слово»,  «Борьба»,  «Грузия»,  «Шефек»,  «На  Рубеже»  (Тбилиси),  «Дни», 
«Последние  новости»,  «Ориан  э  Оксидан»,  «Прометей»,  «Тәуелсіз  Грузия»  (Париж), 
«Эйшаттик Ревю», «Морнинг Пост» секілді газет, журналдарда жарияланады. 
М.Шоқай  өмірінің  басты  кезеңдерін  танып-білуде  Мұстафа  Шоқайдың  өзінің  және 
зайыбы Мария Яковлевнаның естеліктерінің маңызы ерекше. 
М.Шоқайдың «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» деген шығармасы «Яш Түркістан» 
журналының  1936  жылғы  76-санынан  бастап  1937  жылғы  90-санына  дейін  жарияланды. 
Кейін  ол  (1937  ж.)  осы  журнал  жанындағы  баспаханадан  түрік  тілінде  жеке  кітапша 
ретінде жарық көреді.  
Мария  Шоқайдың  естеліктері  түрік  тілінде  1972  жылы  Стамбулда  «Жұбайының 
аузынан Мұстафа Шоқайұлы» (166 бет) деген атпен Т. Шағатайдың аудармасымен жарық 
көреді.  Екі  бөлімді  бұл  еңбек  алғашында  1958  және  1963  ж.  орыс  тілінде  дайындалады. 
Мария Шоқай естеліктерін екінші рет 2000 жылы Стамбулда «Тұран» мәдениет қоры жеке 
кітап етіп бастырады.  

63 
 
М.Шоқай  еңбектерінің  «Яш  Түркістанда»  жарық  көргендері  1998,  1999  жылдары 
қазақ тілінде жарияланған екі томдық шығармалар жинағында топтастырылды.  
М.Шоқайдың  еңбектерімен  оқырмандарды  таныстыруға  тырысушылық,  сонымен 
бірге  мұстафатанудың  берік  деректемелік  негізін  қалауға  бағытталған  әрекеттер  – 
құптарлық  жағдай.  Алайда  осы  еңбектердің  түрлі  нұсқаларының  арасындағы 
айырмашылықтар, олардың  көпшілігінің  түпнұсқадан  алыстап  бара  жатқаны  өкінішті-ақ. 
Мұндай  ауытқушылықтар  1997  жылы  Стамбулда  қазақ  тілінде  жарық  көрген  Мұстафа 
Шоқайдың «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» еңбегінен айқын көрінеді [14]. 
Соңғы 
уақытта 
мұстафатануға 
шүйліккен 
кейбір 
ақын-жазушылар 
қазақ 
қайраткерінің түпнұсқа еңбектерін басшылыққа алмайды, сапасыз аудармаларға жүгінеді. 
Олар жай зерттеу әдістерін де меңгермеген, қиялдап сезім жетегінде кете салады... 
М.Шоқайдың  шығармашылық  мұрасының  әлемнің  бірде-бір  елінде  толық 
жинақталып,  оқырмандарға  жол  таба  алмауы  бірнеше  жағдайларға  байланысты.  Ең 
бастысы  оның  еңбектері  Франция,  Германия,  Ресей  Федерациясы,  Түркия,  Өзбекстан, 
Ұлыбритания,  Грузия,  Польша,  Швейцария,  АҚШ  және  басқа  да  елдердің  мұрағаттары 
мен  кітапханаларында  шашыраңқы  күйде  ұшырасады.  Мұстафаның  жеке  мұрағаттық 
қоры  студенттік  және  түркістандық  кезеңіне  қатысты  материалдарды  қамтымайды.  Ал, 
«Йени  Түркістан»  (Стамбул),  «Яш  Түркістан»,  «Түркістан»  (Берлин)  журналдарында, 
ағылшын,  француз,  поляк  басылымдарында  жарық  көрген  еңбектерінің  түпнұсқалары 
Ресей  мұрағаттарында  ғана  ұшырасады.  Оның  үстіне  бір  басылымның  толық 
коллекциясын  екі-үш  жерден  қарап  түгендеуге  болады.  Мұндай  жағдай  Алматы  қаласы 
кітапханаларындағы  «Бірлік  туы»,  «Улуг  Туркестан»,  «Туркестанские  ведомости», 
«Туркестанский  вестник»  газеттеріне  де  тән.  «Прометей»  (Париж)  журналының  қажетті 
сандарының бірі Франциядан, бірі Ресейден табылды. 
М.Шоқай өз еңбектерінің библиографиясын жасап қалдырған емес, жеке мұрағаттық 
қорында оның өз қолымен құрастырған 1921–1925 жылдары «Дни», «Последние новости» 
(Париж) газеттерінде жарық көрген мақалаларының ғана тізімі сақталған. 
М.Шоқай  еңбектерін  жинақтаудағы  келесі  қиындық  авторлық  атрибуцияға 
байланысты  мәселелерден  туындайды.  Эмиграциялық  өмір  жағдайында  оның  біраз 
туындылары  анонимді,  не  бүркеншік  есімімен  жарияланды.  Зерттеу  барысында  М. 
Шоқайдың отыз беске тарта бүркеншік есімі анықталды. Бұл бағыттағы ізденістер түркі-
шағатай,  орыс,  поляк,  француз,  ағылшын  тілдерінде  жарияланған  еңбектерін  бір-бірімен 
мазмұндық, стилистикалық, орфографиялық ерекшеліктері,  қысқартулар жүйесі, идеялық 
бағыт-бағдары  тұрғысынан  салыстыру  арқылы  жүргізілді.  Кейбір  жағдайда,  бір  есімді 
(мысалы, «Түркістандық», «Түркістанлы») бірнеше адамның иеленуіне байланысты басқа 
да  сараптау  тәсілдеріне  иек  артылды  (оқиғаға  қатыстылығы,  оны  баяндау  сипаты,  автор 
көзқарасы т.с.с.). 
Осыған 
байланысты 
Түркістан 
мәселесімен 
шұғылданған 
оның 
шетелдік 
серіктерінің, жора-жолдастары мен таныстарының да бүркеншік есімдерін ажырата білген 
жөн. Мысалы, Тахир Шағатай (Шакир) «Йени Түркістан», «Яш Түркістан» журналдарына 
Есен  Тұрсын,  Ташбалта,  Теміроғы  деген;  ал  Абдулақап  Оқтай  –  Абдулақап 
Тоқтамысоғлы;  Тевеккул  Бабур  –  Тұйғын;  Ахмет  Наим  Октем  –  А.Н.  деген  есімдермен 
жазып тұрды. «Яш Түркістандағы» кейбір анонимді мақалалардың кімге тиесілігі жөнінде 
бір  тоқтамға  келуде  мәтіннің  Мұстафаның  қолымен  редакцияланғаны  да  шындыққа  көз 
жеткізе  бермейді,  себебі  ол  бұл жұмысты  редактор  ретінде  өңдеген  болуы  мүмкін.  Ресей 
Мемлекеттік  әскери  мұрағатында  М.  Шоқайдың  бірен-саран  түзетулері  мен  «Қозы 
Көрпеш  және  Баян  Сұлуды»  1927  жылы  Георгий  Тверитинов  деген  біреу  орыс  тіліне 
аударған»  деп  түсіндірме  берген  Есен  Тұрсынның  орыс  тіліндегі  «Түркістанның  ұлы 
ақыны  Абай»  атты  шағын  еңбегі  сақталған  [15].  Бірақ  оны,  осы  белгілерге  қарап, 
Мұстафанікі деуге негіз жоқ. 
Бүркеншік есімдерді шатастыру салдарынан кейбір еңбектер М. Шоқайға, керісінше, 
оның туындылары басқаларға телініп кетіп жүр. Олардың қатарында Сокли Кай оғлының 

64 
 
француз тіліндегі «Түркістан проблемасы» [16] деген көлемді мақаласын атауға болар еді, 
шындығына  келгенде  ол  –  А.-З.  Валидидікі.  «Прометей»  журналындағы  Ибрагим 
Чуликтің  «Ұжымшар  саясатының  дағдарысы»,  Әлимардан  Топчибашының  «Кеңестердің 
Түркістандағы  отарлық  саясаты»  деген  еңбектерін  де  М.  Шоқайға  телу  жаңсақтық  болар 
еді.  Сол  сияқты  поляк  тіліндегі  «Түркістандағы  ұлттық  қозғалыстың  қазіргі  кездегі 
формалары»  [17]  атты  көлемді  еңбек  те  не  Осман  Қожанікі,  не  Ахмет  Наимдікі  болуы 
тиіс,  себебі  М.  Шоқайдың  «Қазақ»  газетінің  қашан  ұйымдастырылғаны,  Алаш 
қозғалысының тарихы жөнінде осында жіберілген қателіктерге ұрынуы мүмкін емес. 
Баға  жетпес  рухани  қазынамызды  сақтап  қалуда  ең  өкінішті  нәрсе  –  М.  Шоқайдың 
шығармашылық  мұрасының  уақыт  тезіне  шыдай  алмай,  жоғалып  бара  жатқандығы. 
Қазірдің  өзінде  біраз  туындыларының  физикалық-химиялық  факторлардың  әсерінен 
мәтіндері  өшіп  кетіп  жатыр.  Оның  жеке  мұрағаттық  қорындағы  «Кеңес  ұлттық 
саясатының  теориясы  мен  практикасы»,  «Түркістандағы  көңіл  ауанынан»,  «Кеңес 
өкіметінің Түркістандағы аштық саясаты», «Иени Түркістанның оқырмандары назарына», 
«КСРО-да  аграрлық  мәселе  шешілді  ме?»,  «Жалақорлықпен  шабуыл»,  «Мәжбүрлі 
түсіндірме – жауап» [18], тағы басқа еңбектері мүлдем оқылмайды. 
Мұнан шығатын бір ғана қорытынды: бүкіл өмірін, қажыр-қайратын, қалам қарымын 
қазақ, өзбек, түркмен, тәжік, қырғыз халықтарының азаттығы жолына сарп еткен көрнекті 
қайраткеріміздің 
шығармашылық 
мұрасын 
сақтап 
қалып, 
ұрпақтар 
игілігіне 
айналдырудың  бірден-бір  жолы  оның  тарыдай  шашылған  туындыларын  іздестіріп, 
жариялауда  екені  сөзсіз.  Оның  дүниетанымының,  шығармашылық  мұрасының 
бұрмалаушылыққа жол берілмеуінің өзі де осы жұмысқа тікелей байланысты. 
Осыған  орай  2012-2014  жылдары  әлемдік  тәжірибеде  тұңғыш  рет  Мұстафа  Шоқай 
«Шығармаларының  толық  жинағы»  құрастырылып,  оқырмандар  назарына  ұсынылды. 
«Жинаққа»  қайраткердің  негізінен  түпнұсқа  еңбектері  ғана  енген.  Олар  қай  тілде,  қай 
графикамен  жазылса,  сол  күйінде,  еш  өзгеріссіз  берілді,  тек  мәтіндерге  қазіргі 
орфографияға  сәйкес  түзетулер  ғана  жасалды.  Түпнұсқалық  еңбектері  табылмаған 
жағдайда  ғана  түркі-шағатай,  ағылшын,  француз,  поляк,  не  басқа  тілдерге  аударылған 
нұсқалары  алынды.  Қолжазбасы  мен  баспа  бетін  көрген  еңбектері  арасында 
айырмашылықтар  (қысқартулар,  редакциялық  «түзетулер»)  орын  алған  жағдайда,  екі 
нұсқасы бірдей ұсынылды. 
«Жинақтың»  1-томы  М.  Шоқайдың  өмірі  мен  қызметін  зерттеуге  арналған,  3–11-
томы шығармашылық және 12-томы эпистолярлық мұрасын  құрайды. Олар жазылған, не 
жарияланған уақыты бойынша хронологиялық негізде орналастырылды [19]. 
Мұстафатанудағы  кейбір  қайшылықты  пікірлердің  орын  алуы  тарихи  шындыққа 
жету  үдерісінің  күрделілігіне  байланысты.  Сол  себепті  кез  келген,  тіпті  аса 
ыждағаттылықпен  жазылған  тарихи  еңбектің  өзіне  де  ақиқаттың  салыстырмалы  шама 
екендігі жөніндегі принцип тұрғысынан қарау керек. 
Зерттеуші  дереккөздерін  барынша  қамти  отырып,  оларды  сын  елегінен  өткізу, 
жүйелеу,  пайымдау  арқылы  ақиқатқа  жақындай  түсуді  ғана  көздейді.  Шығармашылық 
ізденістер  барысында  өзінің  субьективтік  пікірілеріне  бой  алдырмауда  автордың  кәсіби 
білімі,  зерттеушілік  тәжірибесі,  тіпті,  шығармашылық  интуициясы  да  маңызды  рөл 
атқарады.  Әділ  сот  болуға  ұмтылысына  қарамастан,  тарихшының  өткенге  көзқарасы 
моральдан аулақ, мүлдем бейтарап бола алмайды. Дегенмен кәсіпқой тарихшы белгілі бір 
тұжырымдар  жасауға  сақтықпен  қарап,  оны  көп  жағдайда  оқырманның  өз  үлесіне 
қалдырады.  Ол  тек  оқиғаның  орын  алу  себептерін,  даму  заңдылықтары  мен 
ерекшеліктерін анықтаумен айналысады. Әсіресе, тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін 
сараптау  асқан  жауапкершілікті  талап  етеді.  Тұлғаның  өмірінде  адам  мен  дәуірдің 
арасындағы  байланыс  көрініс  табады.  Тарихшы  ондай  индивидтің  ішкі  дүниесіне  де 
үңіледі,  ой-пікірі  мен  іс-әрекеттерінің  қисындылығын  (не  қисынсыздығын),  қоғам  үшін 
маңыздылығын анықтайды. 

65 
 
Отаршылдық ойраны мен  қайғы-қасіретін бастарынан  өткерген  қазақ, өзбек,  қырғыз 
т.б.  халықтардың  тағдыры  өз  тағдырымен  біте  қайнасқан,  ұлт  мүддесі  өз  өмірі  мен 
күресінің  мақсат-мұратына айналған, жиырма жыл бойы Еуропа төрінде алаш идеяларын 
жалғастырып,  тәуелсіздік  туын  биік  көтерген  Мұстафа  Шоқай  туралы  ізденістер 
географиясы кеңейе түспек. 
 
Әдебиеттер: 
1.Дүние  жүзі  қазақтарының  құрылтайы  [Мәтін]:  Құттықтаулар,  баяндамалар, 
тілектер, өлең-жырлар.- Алматы: Атамұра-Қазақстан, 1993.- 192 б.: 60х90.; ISBN 978-601-
7174-51-4: 1000 дана.
 
2.Есмағамбетов  К.Л.  Әлем  таныған  тұлға  (Мұстафа  Шоқайдың  дүниетанымы  мен 
қайраткерлік болмысы). – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 504 б.: 60х90.; ISBN 5-7274-6321-8 
: 1000 дана. 
3.Мария  Чокай.  Я  пишу  Вам  из  Ножана:  Воспоминания,  письма,  документы.  – 
Алматы, 2001. – 227 с.: 60х90.; ISBN 5-7991-2353-1: 2000 экз. 
4.Назарбаев  Н.Ә.  Жасай  бер,  тәуелсіз  Қазақстан!  Тәуелсіздік  күніне  арналған 
салтанатты мәжілісте сөйлеген сөз // Егемен Қазақстан. – 1998. -16 желтоқсан. - 1 б. 
5.Шоқай, М. Шығармаларының толық жинағы [Мәтін]. Он екі томдық 9-шы том / М. 
Шоқай;  Құраст.:  К.Есмағамбетов.-  Алматы:  Дайк-Пресс,  2014.-  568  б.:  60х90:  (ҚР  Білім 
және  ғылым мин-гі: Р.Б.Сүлейменов атынд. Шығыстану ин-ты): ISBN 978-601-290-042-2: 
1 000 дана

6.Шоқай,  М.  Шығармаларының  толық  жинағы [Мәтін].  Он  екі  томдық,  1-  ші  том. 
Жинаққа кіріспе. Күреспен  өткен  ғұмыр / М. Шоқай;  Құраст.: К.Есмағамбетов.- Алматы: 
Дайк-Пресс,  2012.-  544  б.:  60х90.  (ҚР  Білім  және  ғылым  мин-гі:  Р.Б.Сүлейменов  атынд. 
Шығыстану ин-ты): ISBN 978-601-290-043-9: 1000 дана. 
7.Шоқай,  М.  Шығармаларының  толық жинағы [Мәтін].  Он  екі  томдық,  10-шы  том  / 
М. Шоқай; Құраст.: К.Есмағамбетов.- Алматы: Дайк-Пресс, 2014.- 612 б.: 60х90: (ҚР Білім 
және  ғылым мин-гі: Р.Б.Сүлейменов атынд.  Шығыстану ин-ты): ISBN 978-601-290-077-4: 
1 000 дана

8.Шоқай, М. Шығармаларының толық жинағы [Мәтін]. Он екі томдық, 11-ші том / М. 
Шоқай;  Құраст.:  К.Есмағамбетов.-  Алматы:  Дайк-Пресс,  2014.-  544  б.:  60х90:  (ҚР  Білім 
және  ғылым мин-гі: Р.Б.Сүлейменов атынд.  Шығыстану ин-ты): ISBN 978-601-290-042-2:  
1 000 дана. 
9.Шоқай,  М.  Шығармаларының  толық  жинағы [Мәтін].  Он  екі  томдық,  12-  ші  том  / 
М. Шоқай; Құраст.: К.Есмағамбетов.- Алматы: Дайк-Пресс, 2014.- 476 б.: 60х90: (ҚР Білім 
және  ғылым мин-гі: Р.Б.Сүлейменов атынд.  Шығыстану ин-ты): ISBN 978-601-290-079-8: 
1 000 дана. 
10.Шоқай,  М.  Шығармаларының  толық  жинағы [Мәтін].  Он  екі  томдық,  2-  ші  том  / 
М. Шоқай; Құраст.: К.Есмағамбетов.- Алматы: Дайк-Пресс, 2012.- 640 б.: 60х90.(ҚР Білім 
және  ғылым мин-гі: Р.Б.Сүлейменов атынд. Шығыстану ин-ты): ISBN 978-601-290-048-4: 
1000 дана. 
11.  Шоқай,  М.  Шығармаларының  толық  жинағы [Мәтін].  Он  екі  томдық,  3-ші  том  / 
М. Шоқай; Құраст.: К.Есмағамбетов.- Алматы: Дайк-Пресс, 2012.- 664 б.: 60х90. (ҚР Білім 
және ғылым мин-гі: Р.Б.Сүлейменов атынд. Шығыстану ин-ты): ISBN 978-601-290-054-5:1 
000 дана. 
12.  Шоқай,  М.  Шығармаларының  толық  жинағы [Мәтін].  Он  екі  томдық,  4-ші  том  / 
М. Шоқай; Құраст.: К.Есмағамбетов.- Алматы: Дайк-Пресс, 2012.- 532 б.: 60х90.:(ҚР Білім 
және  ғылым мин-гі: Р.Б.Сүлейменов атынд.  Шығыстану ин-ты): ISBN 978-601-290-055-2: 
1000 дана

13.
 
Шоқай,  М.  Шығармаларының  толық  жинағы [Мәтін].  Он  екі  томдық,  5-ші  том  / 
М. Шоқай; Құраст.: К.Есмағамбетов.- Алматы: Дайк-Пресс, 2013.- 540 б.: 60х90: (ҚР Білім 

66 
 
және  ғылым мин-гі: Р.Б.Сүлейменов атынд.  Шығыстану ин-ты): ISBN 978-601-290-059-0: 
1000 дана. 
14.  Шоқай, М. Шығармаларының  толық жинағы [Мәтін]. Он екі томдық, 6-шы том / 
М. Шоқай; Құраст.: К.Есмағамбетов.- Алматы: Дайк-Пресс, 2013.- 524 б.: 60х90: (ҚР Білім 
және  ғылым мин-гі: Р.Б.Сүлейменов атынд. Шығыстану ин-ты): ISBN 978-601-290-060-6: 
1 000 дана. 
15.  Шоқай, М. Шығармаларының  толық  жинағы [Мәтін]. Он екі томдық, 7- ші том / 
М. Шоқай; Құраст.: К.Есмағамбетов.- Алматы: Дайк-Пресс, 2013.- 572 б.: 60х90: (ҚР Білім 
және  ғылым мин-гі: Р.Б.Сүлейменов атынд.  Шығыстану ин-ты): ISBN 978-601-290-069-9: 
1 000 дана. 
16.Шоқай, М. Шығармаларының толық жинағы [Мәтін]. Он екі томдық, 8-ші том / М. 
Шоқай;  Құраст.:  К.Есмағамбетов.-  Алматы:  Дайк-Пресс,  2013.-  560  б.:  60х90.  (ҚР  Білім 
және ғылым мин-гі: Р.Б.Сүлейменов атынд. Шығыстану ин-ты): ISBN 978-601-290-070-5: , 
1000 дана. 
 
  
 
 
УДК. 343.43. /574/ 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет