Қытайдан бастауын алған сауда жолы Орта Азия арқылы бүкіл Еуропаға тарағаны белгілі. Шамамен осыдан 3-4 мың жыл бұрын Хан патшалығы кезінде өркендей бастаған Жібек Жолы алғашында Қытайдың Орта Азия халықтарымен достық байланысты нығайту үшін салынған жобасы делінеді. Аты айтып тұрғандай, керуен жолымен бүгінгі Қазақстан территориясына негізінен жібек маталары әкелінген. Сауда айналымы артып, керуен қатары өскен сайын жолдың бағыты да өзгере берді, яғни саудагерлер Қара теңіз арқылы батысқа бет алып, тауарын Еуропа халықтарына тасымалдады.
Кәрі құрлық халқына өркениеттің келетіні де осы кез. Ұлы Жібек Жолымен бірге Еуропаға тек сауда тауарлары жеткен жоқ, сондай-ақ, Азия халықтарының мәдениеті де қоса келді.
Жібек Жолының жандануымен қазақ даласындағы халықтың біразі отырықшылыққа өтіп, өңірде жаңа қалалар пайда бола бастады. Ал, Отырар, Испиджап, Суяб, Сауран, Тараз сынды үлкен шаһарлар гүлденіп, елдегі маңыздылығын арттыра түскен. Сауда жолының бойында орналасқандықтан аталмыш қалалар тез өркендеді, ондағы халықтың саны да күрт артқан болатын. Демек, осынау шаһарлар тарихына бір көз жүгіртсек...
Отырар Қазақстанның ортағасырлық ірі қалаларының бірі. Сырдарияның Арыс өзеніне құяр сағасына таяу орналасқан. Отырар қаласының аты VIII ғасырдан бастап аталғанмен, оның бастапқы тарихы б.з.б. II ғасырда Сырдарияның орта ағысында пайда болған Қаңлы мемлекетінің тарихымен тығыз байланысты. IX ғасырдың ортасынан бастап Отырар Самани әулеті мемлекетінің ықпалында болды. Осы кезеңнен бастап бұл өлкеде сауда-саттық жасау, ғалымдардың «білім қууды көздеген» саяхаттары адамдардың ой-өрісін кеңейтті. Өнердің, ғылым мен колөнер кәсіпшілігінің таралуына ықпалын тигізді. Энциклопедист-ғалым әл-Фарабидің осы қаладан шығуы кездейсоқ емес. Отырардың алып жатқан ауданы 200 гектарға жетіп, нағыз Шығыс қаласына айналған болатын. 1219 жылы Шыңғысхан шапқыншылығынан кейін қала жермен-жексен болды. Қазіргі таңда тек орны ғана қалған.
Көне Тараз қаласы қазіргі Тараздың орнында болған. Бұл жайындағы алғашқы дерек грек елшісі Земархтың хабарламасында айтылады. Ал, 630 жылы Сюань Цзанның жазбасында ірі сауда қаласы ретінде сипатталған. Тараз VII- VIII ғасырда Ұлы Жібек жолында орналасқан сауда және қолөнер орталығына айналған керемет шаһар. Мұнда оңтүстіктің күміс кендері мен терістіктегі қимақтарға баратын керуен жолдары тоғысатын. X ғасырдағы араб географы әл-Макдиси қала жайында былай деп жазды: «Тараз – бақтары көп, халқы тығыз қоныстанған, қамал сыртынан терең орлар қазылған, төрт қақпасы және төңірегінде елді мекені бар ірі бекіністі қала». Көне Тараздың қазіргі Тараз қаласының орнында орналасқанын алғаш В.В.Бартольд дәлелдеген. Кейін археологтар М. Е. Массон, A. Н. Бернштам, Е. И. Агеева, Г. И. Пацевич, Т. Н. Сениговалар қаланың көлемін, құрылысын, мәдени қабаттарының калыңдығын анықтады. Соның нәтижесінде Тараздағы өмір б.з. I ғасырда пайда болып, XVI ғасырға дейін жалғасқан деген қорытынды жасалды.
Құлан орта ғасырдағы (VII-XIIғ.) шағын қаланың орны. Жамбыл облысындағы Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылы. Қала туралы алғашқы тарихи деректер VII ғасырдан бастап белгілі. Саяхатшылар Ибн Хордадбек, Құдам қолжазбаларында Құлан Тараз қаласының шығысына таман, Ұлы Жібек жолындағы қала деп көрсетіледі. Әл-Макдиси Құланды 10 ғасырда былай сипаттады: «Күмбезді мешіті бар, мықты қоршалған қамал. Бұл үлкен Тараз жолының бойында орналасқан бекіністі қала». 1963—65 ж. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының археологиялық экспедициясы зерттеп, қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылы маңындағы төбе-төбе үйінділерді ежелгі Құлан қаласының орны деген қорытындыға келді.