ЖАҒЫНАН ЖӘНЕ ТҰЛҒАЛАР ТОБЫ БОЙЫНША ҚОЛДАНЫЛУЫ
42-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң күшiне ену және оларды қолданысқа енгізу уақыты
1. Осы тармақтың екiншi бөлiгiнде көрсетiлген нормативтiк құқықтық актiлердi қоспағанда, нормативтiк құқықтық актiлер оларға қол қойылғаннан кейiн күшiне енедi.
Осы Заңның 35-1-бабына сәйкес әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркеуге жататын нормативтiк құқықтық актiлер мемлекеттiк тiркелген күннен бастап күшiне енедi.
2. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен мiндеттерiне қатысты нормативтiк құқықтық актiлердi ресми жариялау оларды қолданысқа енгiзудiң мiндеттi шарты болып табылады.
3. Нормативтiк құқықтық актiлер мынадай мерзiмдерде:
1) Қазақстан Республикасы Парламентiнің және оның Палаталарының қаулыларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының нормативтiк құқықтық жарлықтары, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нормативтiк құқықтық қаулылары – егер актiлердiң өздерiнде немесе оларды қолданысқа енгiзу туралы актiлерде өзге мерзiмдер көрсетiлмесе, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң;
2) Қазақстан Республикасы Парламентiнің және оның Палаталарының қаулылары, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулылары – егер актiлердiң өздерiнде өзге мерзiмдер көрсетiлмесе, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап;
3) Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының қаулылары – қабылданған күнінен бастап;
4) Қазақстан Республикасы министрлерiнің және орталық мемлекеттiк органдар мен олардың ведомстволарының өзге де басшыларының нормативтiк құқықтық бұйрықтары, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтiк құқықтық қаулылары, мәслихаттардың нормативтiк құқықтық шешiмдерi, әкiмдiктердiң нормативтiк құқықтық қаулылары, тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары және әкiмдердiң нормативтiк құқықтық шешiмдерi – егер актiлердiң өздерiнде өзге мерзiмдер көрсетiлмесе, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
4. Нормативтiк құқықтық актiлерде немесе оларды қолданысқа енгiзу туралы актiлерде нормативтiк құқықтық актiлердiң жекелеген бөлiмдерiн, кіші бөлімдерін, параграфтарын, тарауларын, баптарын, баптарының бөлiктерiн, тармақтарын, тармақшаларын және абзацтарын қолданысқа енгiзудiң тұтастай бүкiл акт үшiн белгiленгеннен өзге мерзiмдерi көрсетiлуi мүмкiн.
4-1. Нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізу мерзімдері реттеу субъектілеріне қызметін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленетін талаптарға сәйкес жүзеге асыруға дайындалу үшін қажетті мерзімдерді негізге ала отырып белгіленуге тиіс.
Мемлекеттік органдар мен ұйымдарды қоспағанда, реттеу субъектілерінің жаңа міндеттерін белгілейтін заңдарды немесе олардың жекелеген нормаларын қолданысқа енгізу мерзімдері міндеттерді орындауға дайындалу үшін қажетті мерзімдерді негізге ала отырып айқындалады және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күннен кем болмайды.
Реттеушілік құралдардың енгізілуіне немесе пайдаланылуына байланысты кәсіпкерлік субъектілеріне қосымша талаптарды, міндеттерді немесе жүктемені өзгеше ұлғайтуды белгілейтін жекелеген нормалар, оның ішінде кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің нысандары мен құралдары оларға міндеттерді орындауға дайындалу үшін қажетті, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күннен бұрын қолданысқа енгізілмейді.
Осы тармақтың үшінші бөлігінің талаптары орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ қаржы ұйымдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерлері филиалдарының және сақтандыру топтары мен банк конгломераттары құрамына кіретін тұлғалардың қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің жобаларына қолданылмайды.
Нормативтік құқықтық актілерді қолданысқа енгізу тәртібі мен мерзімдері реттеу субъектілеріне нұқсан келтірмеуге тиіс.
Осы тармақта белгіленген талаптар осы Заңның 17-1-бабы 15-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес әзірленген заң жобаларына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң күші бар уақытша қаулыларына қолданылмайды.
5. Бұрын заңдық жауаптылыққа алып келмеген әрекеттер (әрекетсіздік) үшін заңдық жауаптылықты көздейтін не бұрынғымен салыстырғанда анағұрлым қатаң жауаптылықты белгілейтін заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткенге дейін қолданысқа енгізілмейді.
6. Ішкі нарықтағы аса жетіспеушілікті болғызбау не азайту, елдің қорғанысы мен Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адамның өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, жануарларды, өсімдіктерді, мәдени құндылықтарды сақтау, қоғамдық мораль мен құқықтық тәртіпті қорғау мақсатында тауарлардың жекелеген түрлерінің экспортына немесе импортына рұқсат беру тәртібін енгізу үшін орталық мемлекеттік органдар әзірлеген нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, жекелеген қызмет түрлеріне (кіші түрлеріне) қойылатын біліктілік немесе рұқсат беру талаптарын және біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесін бекітетін нормативтік құқықтық актілер алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткенге дейін қолданысқа енгізілмейді.
7. Мемлекеттiк құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын нормативтiк құқықтық актiлер қабылданған күнiнен бастап немесе актiнiң өзiнде көрсетiлген мерзiмдерде қолданысқа енгiзiледi.
8. Барлық нормативтік құқықтық актілерде осы баптың нормалары ескеріле отырып, оларды қолданысқа енгізу мерзімі көрсетілуге тиіс.
Ескерту. 42-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.07.2018 № 179-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 12.03.2021 № 15-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2022 № 177-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
43-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң керi күшi
1. Нормативтiк құқықтық актiнiң күшi ол қолданысқа енгiзілгенге дейiн туындаған қатынастарға қолданылмайды.
2. Нормативтiк құқықтық актiнiң немесе оның бiр бөлiгiнiң керi күшi оның өзiнде немесе нормативтiк құқықтық актiнi қолданысқа енгiзу туралы актiде көзделген, сондай-ақ кейiнгiсi азаматтарға жүктелген міндеттерді алып тастайтын немесе олардың жағдайын жақсартатын жайттар осы баптың 1-тармағының қағидаларына кiрмейдi.
3. Азаматтарға жаңа міндеттерді жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды.
4. Жауаптылықты белгілейтін немесе күшейтетін заңдардың кері күші болмайды.
Ескерту. 43-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 12.03.2021 № 15-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
44-бап. Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволарының, сондай-ақ, мәслихаттардың, әкімдіктердің және әкімдердің нормативтiк құқықтық актiлерiн олардың күшiне енуінің шарты ретiнде мемлекеттiк тiркеу
Ескерту. 44-бап алып тасталды – ҚР 12.03.2021 № 15-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
45-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң қолданылу мерзiмi
1. Егер нормативтiк құқықтық актiнiң өзiнде немесе оны қолданысқа енгiзу туралы актiде өзгеше көзделмесе, мұндай акт мерзiмсiз қолданылады.
2. Бүкiл нормативтiк құқықтық акт немесе оның жекелеген бөлiгi (жекелеген бөлiктерi) үшiн уақытша қолданылу мерзiмi белгiленуi мүмкiн. Бұл жағдайда нормативтiк құқықтық акт немесе оның бір бөлiгi қандай мерзiмде қолданысын сақтайтыны көрсетiлуге тиiс. Актiнi шығарған орган бұл мерзiм өткенге дейiн актiнiң қолданылуын жаңа мерзiмге ұзарта алады немесе оған мерзiмсiз сипат бере алады.
46-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң қолданылуын тоқтата тұру және тоқтату
1. Нормативтiк құқықтық актiнiң немесе оның жекелеген нормаларының қолданылуы белгiлi бiр мерзiмге тоқтатыла тұруы мүмкiн. Нормативтік құқықтық актінің немесе оның жекелеген нормаларының қолданылуын тоқтата тұру, осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке нормативтік құқықтық актімен жүзеге асырылады.
Нормативтік құқықтық актінің немесе оның жекелеген нормаларының қолданысы "Төтенше жағдай туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 2-тармағында көзделген жағдайда және тәртіппен тоқтатыла тұруы мүмкін.
2. Нормативтiк құқықтық акт (оның бір бөлiгi немесе бөлiктерi) мынадай жағдайларда:
1) акт (оның бір бөлiгi немесе бөлiктерi) қабылданған мерзiм өткенде;
2) бұрын шығарылған нормативтiк құқықтық актiнiң, оның бөлiктерiнiң (бір бөлiгiнiң) ережелерiне қайшы келетiн немесе бұрын шығарылған актiнi немесе оның бір бөлiгiн (бөлiктерiн) қамтитын жаңа нормативтiк құқықтық акт қабылданғанда;
3) қабылданған акт Қазақстан Республикасының Конституциясында белгiленген тәртiппен конституциялық емес деп танылғанда;
4) осы актiнi қабылдаған орган немесе қабылдауға уәкiлеттік берiлген өзге де орган актiнiң немесе оның бір бөлiгiнiң (бөлiктерiнiң) күшi жойылды деп танығанда, өзiнiң қолданылуын тоқтатады.
3. Басқа нормативтік құқықтық актінің қолданылуын тоқтату немесе тоқтата тұру туралы нормативтік құқықтық актіні жариялау осы Заңда көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
Ескерту. 46-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 16.05.2020 № 330-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
47-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң кеңiстiк жағынан қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Парламентi, Қазақстан Республикасының Үкiметi, орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдар қабылдаған Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнің күші, егер нормативтiк құқықтық актiлердiң өздерiнде немесе оларды қолданысқа енгiзу туралы актiлерде өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында қолданылады.
2. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, тексеру комиссиялары қабылдаған нормативтiк құқықтық актiлер тиiстi әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында қолданылады.
Ескерту. 47-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.07.2018 № 179-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
48-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң тұлғалар тобы бойынша қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнің күші заңнамалық актiлерде және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына, сондай-ақ оның аумағындағы шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға, шет мемлекеттердің заңды тұлғаларына, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне қолданылады.
2. Шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың дипломатиялық өкiлдерi мен мемлекеттiк органдарының кейбiр басқа да қызметкерлерiне Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерi халықаралық шарттарда және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларында көзделген шектерде қолданылады (дипломатиялық иммунитет).
49-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң заңдылығын қамтамасыз ету шаралары
1. Нормативтiк құқықтық актiлердiң заңдылығы мынадай шаралармен:
1) нормативтiк құқықтық актiнi Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңнамалық актілерге сәйкес келтiрумен;
2) нормативтiк құқықтық актiнiң қолданылуын белгiленген тәртiппен тоқтата тұрумен;
3) нормативтiк құқықтық актiлердiң құқықтық мониторингiн жүргiзумен;
4) нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу кезiнде Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңнамалық актілерге сәйкестiгi тұрғысынан тексерумен қамтамасыз етiледi.
2. Қазақстан Республикасының Конституциясында және басқа да заңнамалық актiлерде белгiленген құзыретке сәйкес мыналар:
1) Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты;
2) соттар;
3) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оған бағынысты прокурорлар;
4) Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi және оның аумақтық органдары;
5) төмен тұрған органдар қабылдаған нормативтiк құқықтық актiлерге қатысты – уәкілетті органдар;
6) өздерi қабылдаған және (немесе) әзiрлеушiлері болған заңға тәуелді нормативтiк құқықтық актiлерге қатысты – заңға тәуелді нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдаған және (немесе) олардың әзiрлеушiлері болып табылатын уәкiлетті органдар нормативтiк құқықтық актiлердiң заңдылығын қамтамасыз ететiн мемлекеттің органдары мен лауазымды адамдары болып табылады.
3. Әділет органдарында тіркелген нормативтік құқықтық актіде әділет органдары осы Заңның 35-1-бабы 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген бұзушылықтарды анықтаған кезде әділет органдары тиісті нормативтік құқықтық актіні қабылдаған уәкілетті органды бұзушылықтарды жою қажеттілігі туралы хабардар етеді.
Уәкілетті орган хабарламада белгіленген мерзімдерде осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актіні Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келтіру жөніндегі шараларды қабылдамаған жағдайда, әділет органдары осындай нормативтік құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.
4. Алып тасталды – ҚР 12.03.2021 № 15-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Ескерту. 49-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 12.03.2021 № 15-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
10-тарау. МОНИТОРИНГ
50-бап. Құқықтық мониторинг
1. Құқықтық мониторинг қабылданған нормативтік құқықтық актілерде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшылықтарды, қайталануларды, олқылықтарды, тиімсіз іске асырылатын, ескірген және сыбайлас жемқорлықтық құқық нормаларын анықтау және қабылданған нормативтік құқықтық актілерді іске асыру тиімділігін болжау, талдау, бағалау арқылы оларды жетілдіру жөнінде ұсыныстарды тұжырымдау мақсатында жүргізіледі.
2. Мемлекеттік органдар өздерi қабылдаған және (немесе) әзiрлеушiлері болған не өздерінің құзыретіне жататын нормативтiк құқықтық актiлердiң мониторингiн жүзеге асырады және оларға өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу немесе олардың күшi жойылды деп тану жөнiндегi шараларды уақтылы қабылдайды.
3. Мемлекеттік органдар құқықтық мониторингті қоғамдық және ғылыми ұйымдардың, азаматтардың ұсынымдарын ескере отырып жүргізеді.
4. Құқықтық мониторинг жүргiзу қағидаларын Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.
Ескерту. 50-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.03.2021 № 15-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
51-бап. Нормативтік құқықтық актілердің қоғамдық мониторингі
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің қоғамдық мониторингін жүргізеді.
1-1. Қоғамдық кеңестер азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерге қоғамдық мониторинг жүргізуге құқылы.
2. Қоғамдық мониторинг нәтижелері тиісті мемлекеттік органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми интернет-ресурстарында жыл сайын орналастырылады.
3. Нормативтік құқықтық актілерге қоғамдық мониторингті өзге де мүдделі тұлғалар жүргізуі мүмкін.
Ескерту. 51-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 12.03.2021 № 15-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
11-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДІ ЖҮЙЕЛЕУ ЖӘНЕ
Достарыңызбен бөлісу: |