Зерттеу жұмысының нысанасы ретінде Б. Аманшиннің лирикалық өлеңдері мен поэмалары топтастырылып, әр жылдары жарық көрген «Өлеңдер» (1954), «Бұтақтағы бұлбұлдар» (1958), «Жетісу-Жайық» (1961), «Менің өмірбаяным» (1965), «Маңғыстауым менің» (1972), «Жайық желі» (1978), «Құттыхана» (1983) өлең жинақтары, әңгімелері мен «Жар мұңы», «Көкжар» повестері, «Махамбеттің тағдыры» романы және әрі сыншы, әрі зерттеуші ретіндегі қаламгердің әдеби-сыни мақалалары мен соңғы жылдары жарық көрген іргелі зерттеулері алынды.
Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздері. Қаламгердің талант қырын жан-жақты ашу үшін қазақ әдебиеттануы көрнекті өкілдерінің басты да бағалы ғылыми еңбектері басшылыққа алынды. Атап айтсақ, А. Байтұрсынов, М. Әуезов, З. Қабдолов, С. Қирабаев, Т. Кәкішұлы,
Р. Бердібаев, Р. Нұрғали, Ж. Тілепов, Ж. Дәдебаев, С. Негимов, З. Бисенғали,
Б. Майтанов, С. Әшімханова, Ө. Күмісбаев, З. Сейітжанов, Д. Ысқақұлы,
Н. Сағындықова, Т. Есембеков, Н. Жуанышбеков, Ө. Әбдиманұлы,
Қ. Мәдібаева, Д. Қамзабекұлы, А. Шәріп, Б. Әбдіғазиев, А. Жақсылықов, т.б. зерттеулеріндегі диссертацияның мазмұнына қатысы бар теориялық тұжырымдар мен ұстанымдар зерттеу тақырыбымыздың мақсатына орай пайдаланылды.
Зерттеу пәні. Берқайыр Аманшиннің поэзиясы, қарасөзді көркем шығармалары, сыни мақалалары мен әдеби еңбектері зерттеудің пәні болып табылады.
Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Дипломдық жұмысты жинақтау, жүйелеу, кешенді дәйектеу, салыстырмалы талдау, қорыту әдістері пайдаланылды.
Зерттеудің құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ІЗДЕНІС БАСТАУЛАРЫ
Жалпы әдебиетке үлесін қосқан жандардың еңбектерін қарастыру үшін, біріншіден, оның шығармашылық өміріне үңілуіміз керек, әдебиетке бір рет жүгіну керек, көркем шығармашылықпен танысудың қайнар көздерін ашып, талғам мен танымның даму кезеңдерін анықтау керек. Осылайша, Б.Аманшиннің шығармашылық өмір жолы мен ақындық әлеміне назар аударамыз.
Әрбір шығармашылық тұлғаның өмір жолын, ортасын, қалыптасу кезеңдерін саралап, оның шығармашылығын танудан басталатын дәстүр Ұлы Абай туралы еңбек жазған, жалпы шығармашылық өмір туралы толыққанды зерттеу жүргізген Ахмет Байтұрсыновтан бастау алады. "Қазақтың бас ақыны" атты іргелі мақаласында ол ақын Абайды өмірімен тығыз байланыста қарастырады.
Мысалы, ол Абай туындыларын «тексеруден», талдаудан өткізбес бұрын: «Абай сөзі заманындағы ақындар сөзінен оқшау, олардың сөзінен үздік, артық. Ол оқшаулық, артықтық басқа ақындардан Абайдың жалғыз сөзінде ғана емес, өзінде де болған. Абайдың қандай болғанын көрмесек те, көргендердің айтуынан білеміз. Сөзінің қандай екендігін сөйлеген соң, өзінің қандай екендігін айтып білдіріп өткеніміз артық болмас» [1, 217 б.], – деп ақын өмір жолына, өскен ортасына ой жүгіртудің аса қажеттігін атап өтеді. Бұл қашан да, жеке тұлға шығармашылығын қарастырған тұста қағидаға айналар тұжырым.
Достарыңызбен бөлісу: |