- Тұлғаға бағдарланған тәсіл. Оқытудағы тұлғаға бағдарланған тәсіл мұғалім мен оқушының арасындағы тұлғалық қарым-қатынасты, оқушыны тұлға ретінде құрметтеуді, оның моральдық-этикалық қасиеттерін, әлеуетті қабілеттерін ескере отырып үйлесімді қалыптастыру және жан-жақты дамытуды білдіреді. «Қазақстан тарихы» пәні бойынша оқу бағдарламасын жүзеге асыру барысында тұлғаға бағытталған тәсіл оқушының жеке қызығушылықтары мен қабілеттерін ескеруді, тарихи дамудың күрделі сұрақтарын талқылау барысында өзінің ой-пікірін анықтау мен қорғай білу дағдыларын қалыптастыруды, тарихи оқиғаларға баға беру және өз бетінше
тұжырым, қорытынды шығару, қарастырылып отырған тарихи оқиғалар мен үдерістерге өзіндік көзқарасы мен пікірін білдіруді көздейді.
- Іс-әрекеттік тәсіл. Іс-әрекеттік тәсіл білім мен дағдылардың белсенді танымдық іс-әрекет барысында қалыптасатынын білдіреді, өз кезегінде бұл тарихи деректер мен басқа да ресурстарды өз бетінше іздеу, интерпретациялау, талдау, тұжырымдау мен бағалауды көздейді. Оқушылар
проблемалық сұрақтарды бірлесіп талқылау, рөлдік ойындар мен белсенді оқуда белсенділік танытып, қатысады. Оқу бағдарламасында жаңа ақпаратты қолдану мен түрлендіру мүмкіндіктерін қолдануға баса назар аударылады, өз кезегінде ол оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
- Саралап оқыту тәсілі. Саралап оқыту тәсілі оқу үдерісінің оқушылардың әртүрлі топтарына арнайы бағдарлауды, оқушылардың жеке қабілеттерін ескеру мақсатында түрлі топтар үшін әртүрлі нысанда ұйымдастыруды көздейді. Саралап оқыту тәсілі әртүрлі оқушылар тобының оқу әрекетін ұйымдастыру үшін арнайы оқыту әдістерін және іс-әрекеттерді саралау тәсілдерін қамтиды. Саралап оқытуды ұйымдастырудың негізгі шарты күрделілігі, танымдық деңгейі, мұғалім тарапынан берілетін көмектің сипаты жағынан ерекшеленетін сараланған тапсырмаларды қолдану болып табылады.
- Коммуникативтік тәсіл. Білім берудегі коммуникативтік тәсіл екі немесе одан көп адамдардың сөйлесу арқылы қарым-қатынас жасау үдерісінде ақпарат беру және хабарлау, білім, білік және дағдылармен алмасуы болып табылады. Коммуникативтік тәсілдің нәтижесі тіл арқылы қарым-қатынас жасауға қабілеттілік, яғни тілдік және сөйлеу нормаларын дұрыс пайдаланып, қарым-қатынас жағдайына сай тиімді қатынас тәртібін таңдай отырып, түрлі жағдайларда қарым-қатынас әрекетінің басқа қатысушылары-мен ой бөлісу және пікір алмасуға қабілеттілік болып табылады. Коммуникативтік тәсілге сәйкес ұйымдастырылған оқу үдерісі қарым-қатынас дағдыларын және шынайы қарым-қатынас жағдайларына сәйкес жұмыс режимдерін қалыптастыруға ықпал ететін тапсырмаларды қамтуы тиіс (жұптық және топтық жұмыстар).
- Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (бұдан әрі – АКТ) қолдану. АКТ қолдану оқу бағдарламасын жүзеге асырудың, кең ауқымды дағдыларды қалыптастыру мен дамытудың, оқу үдерісін дараландырудың қажетті шарты болып табылады. «Қазақстан тарихы» және «Дүние жүзі тарихы» пәндерін оқыту үдерісінде оқушылардың ақпараттық-коммуника циялық технологияларды қолдану дағдысын дамыту үшін, соның ішінде ақпаратты табу, құрастыру және басқару, мәліметтермен және идеялармен бөлісу, бірлесіп әрекет ету, түрлі жабдықтар мен қосымшаларды қолдану арқылы өз жұмысын бағалау және жетілдіру үшін қажетті жағдайлар жасалуы қажет.
- Тарихи концептілер негізінде оқыту. «Қазақстан тарихы» пәнін оқытуда оқу бағдарламасының оқу мақсаттары мен тәсілдерін тиімді түрде жүзеге асыру үшін оқыту үдерісі төмендегідей тарихи концептілер негізінде ұйымдастырылады: Оқыту төмендегідей тарихи түсініктердің негізінде құрылуы тиіс:
- өзгеріс және сабақтастық (мысалы, белгілі бір тарихи кезеңде қоғам қаншалықты өзгеріске ұшырады);
- себеп және салдар (мысалы, белгілі бір тарихи кезеңдегі саяси үдерістерге қандай маңызды факторлар әсер етті);
- дәлел (белгілі бір тарихи кезеңнің өнері бізге құндылықтар, наным-сенімдер мен технологиялар туралы қандай мәлімет бере алады);
- ұқсастық және айырмашылық (оқытылып отырған кезеңдегі, мысалы, ХІІІ-ХҮ ғасырлардағы Қазақстан аумағындағы мемлекеттердің саяси құрылысындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар);
- маңыздылық (мысалы, Қазақ хандығының құрылуының маңызы қандай);
- түсіндіру (мысалы, белгілі бір тарихи оқиғаны түрлі зерттеушілер қалай сипаттайды) (Ұлттық білім академиясы).
Мұғалімдер оқыту тәжірибесінде оқушылардың оқу үдерісінде және оқу жоспарында ұсынылған тапсырмаларды орындау арқылы оқу мақсаттарына қол жеткізуіне көмектесетін түрлі педагогикалық тәсілдерді ұтымды пайдаланғандары дұрыс. Бұл тапсырмалар әртүрлі дағдыларды дамытуға арналған болуы мүмкін: мәселелерді шешу, материалды жинақтап қорыту, оқып-білген материалды белсенді қайталау үшін бірігіп рефлексия жасау, ақпаратты талдау арқылы қабылдау, ақпаратпен жұмыс істеудің бастапқы және қорытынды кезеңдеріндегі ақпаратты құрылымдау және т.б.
Оқу үдерісінде оқушылардың зияткерлік, шығармашылық кабілеттері мен сын тұрғысынан ойлау дағдыларын дамыту, ғылыми тұрғыдан ойлау дағдылары мен танымдық қабілеттерін дамыту Қазақстан тарихы және құқық негіздері мұғалімдерінің маңызды мақсаттарының бірі болып табылады. Оқу үдерісі оқушының ойлау дағдыларының дамуына ықпал етуі үшін талдау, салыстыру, сәйкестендіру, дербес, ортақ және ерекше белгілерін анықтай білу, абстракцияландыру, жалпылау, қорытынды жасау сияқты ойлау амалдарын қолдануды үйрету керек.
Оқу үдерісінде оқушылардың теориялық және тәжірибелік ойлау дағдыларын қатар қалыптастыру маңызды. Оқудың тәжірибелік дағдыларға бағытталуы, оқушылардың теориялық білімін өмірде қолдана білу және жеке жобалық жұмыстар орындау қабілеттерін дамыту мұғалімнің негізгі мақсаттарының бірі болып табылады.
Ғылыми ойлаудың сипаттары:
- зерттеу мақсатын айқын белгілеу;
- ғылыми болжамдар жасау;
- зерттеу әдістемесін белгілеу;
- зерттеудің негізгі кезеңдерін анықтау;
- зерттеу жұмыстарын жүргізу;
- алынған нәтижелерді талдау;
- қорытындыларды тұжырымдау.
Оқушылардың ғылыми ойлау қабілеттерін дамытудың жолдары:
- ғылыми зерттеулердің негізін түсіндіру;
- оқушыларды проблемалық жағдаяттарды шешуге қызықтыру;
- бақылау, тәжірибе жасау, алған білімдерін жүйелеу және жалпылау, тарихи
оқиғаларды түсіндіру сияқты оқушылардың жалпы логикалық ойлау дағдыларын дамыту,
бақылау, тәжірибе жасау, алған білімдерін жүйелеу және жалпылау, тарихи оқиғалар мен құқықтық проблемаларды түсіндіруде шығармашылық таныту, теориялық ойлау сияқты қабілеттерін қалыптастыру оқушылардың ғылыми ойлау дағдыларының дамуына ықпалын тигізеді.
Оқушылардың «Қазақстан тарихы» және «Дүние жүзі тарихы» пәндеріне қызығушылығын арттыру мұғалім үшін маңызды. Ол үшін белсенді оқу әдістерін қолдану арқылы келесі ұсынымдарды қолдануға болады:
- сабақты көрнекі құралдармен қамтамасыз ету;
- сабақтың ғылымилығын арттыру;
- проблемалық жағдаяттар туындату;
- оқушылардың өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру;
- шығармашылық сипаттағы тапсырмаларды пайдалану;
- ғылыми әдебиеттермен жұмыс істеу, т.б.
Қазіргі кезеңде оқушының өз бетімен білімді меңгеруі барысында оның белсенді іс-әрекетін ұйымдастыру оқу үдерісіне қойылатын негізгі талаптардың бірі болып табылады. Оқыту мен оқу үдерістері біртұтас, оларды бір-бірінен ажыратып қарастыруға болмайтынын түсіну маңызды. Мұғалімдердің оқу үдерісін және өз тәжірибесін жетілдіру жолдарын жетік түсінуі олардың тиімді оқуды ұйымдастыруына мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |