Ойын - оқыту әдісі
Оқыту мақсатында қолданылатын ойындардың түрлері көп. Ойын - қанағат алу үшін жасалатын іс-әрекет. Ол мектеп жасына дейінгі балалардың іс-әрекетінің негізгі түрі, ал оқушылар мен ересектер ойынды сабақтан және жұмыстан қолы бос кездерінде ойнайды. Бірақ оқуда да, еңбекте де ойын элементтерін қолдануға болады. Ойын туралы көптеген теориялар бар. Солардың бірін алғаш рет жасаған Ф.Врубель. Ол ойын арқылы бала өзін-өзі көрсеткісі келеді дейді. М.Лазарус жұмыстан кейін демалу теориясын, Г.Спенсер ойын арқылы денедегі артық энергияны шығару, К.Крус тіршілік үшін күреске әзірлеу ойындарының, С.Л.Рубинштейн еңбекке дайындайтын ойындарының теорияларын жасады. Ойын туралы қазіргі көзқарастар оның көптеген қызметін анықтап отыр. Ол баланың қажеттіліктерін, қызығушылықтарын қанағаттандырып, оның өмірге бейімделуін жеңілдетеді (Д.Б.Эльконин), болмысты тануға көмектеседі.
Ойын арқылы бала білім алады, тәрбиеленеді, қоғамды құрметтеуге үйренеді, ынтымақтасып жұмыс істеуге дағдыланып, ұтылуға емес, ұтуға тырысады. Оқушылар ертегілерді, аңыздарды, әдеби шығармаларды, өмірден алынған оқиғаларды сахнаға лайықтап қойып, өздері түрлі рөлдерде ойнайды.
Симулятивтік ойындар кезінде оқушылар өз бетімен күрделі мәселелерді шешеді. Бұл ойындар алғаш рет әскери училищелерде кескілескен шайқастарды бейнелеу үшін қолданылған. XX ғасырдың 60 жылдарының басында көптеген елдердің білім беру ұйымдарында іскерлік ойындар қолданыла бастады.
Іскерлік ойындар арқылы бала түрлі оқиғаларға қатысып, еңбек, отбасылық, қоғамдық қатынастарға енуге әзірленеді. Енді отбасындағы өмірді түсінуге көмектесетін іскерлік ойыннан үзінділер келтірейік. Бірінші кезең «Жас отбасының бюджеті» деген жағдаят. Жоғары сынып оқушылары «отбасыларына» бөлінеді, әр отбасында жас жұбайлар мен олардың туысқандары тұрады. Эксперттер құрамына мұғалімдер, ата-аналар, жоғары сынып оқушылары енеді. Эксперттердің міндеті - ойыншыларға «тұрмысқа» керекті қаржы, құқықтық мәселелер жөнінде кеңес беру.
Мысалы, бір жұп тамаққа күніне 200 теңге жұмсаймыз дейді. Ал эксперттер оған қандай тамақтың түрлерін сатып алатындығын айтуын сұрайды. Азық-түлікті сатып алған соң, ойынның екінші кезеңі басталады. Ойынға қатысушылар бір-бірімен пікір таластыра бастайды. Қалған ақшаға «әйелі» өзіне киім алғысы келеді, ал «ері» жинақтау қорына салғысы келеді.
«Ата-аналары» нені сатып алу жөнінде ақыл айтып, жас жұбайларға ақшалай көмек беретіндіктерін айтады. Эксперттер оларға өздерінің мүмкіндіктерінді ескердіңдер ме? Балаларыңыз сендерге неге көмектеспейді? «Масылдарды тәрбиелеу жақсылыққа әкелмейді» деген пікірлер айтады. Кейін жоғары сынып оқушыларының келісімімен ойынға ата-аналар қатысады. Бұл ойын болғанмен, ондағы жағдаят өмірде болатын жағдайға жақын. Ойында оқушылар түрлі шешімдерге келіп, әрекет жасайды. Олар үшін отбасылық экономика, отбасындағы психологиялық ахуал деген ұғымдар анық бола бастайды. Бұл мысалдан іскерлік ойында нақты жағдай көрсетілетінін білдік. Біз отбасылық өмірдің бір сәтінен үзінді келтірдік. Ойын барысында жасалған шартты үлгі өмірде болатын жағдайлар. Осылайша тарихи оқиғаларды балаларға іскерлік ойындар арқылы меңгертуге болады.
Ғалымдар зерттеуі іскерлік ойындардың оқушылардың оқу үлгеріміне жақсы әсер ететін дәлелдеп отыр. Іскерлік ойындар оқытудың тиімді, үнемді, негізгі әдістерінің бірі. Олар оқушыны ңысым жасамай оқытуға мүмкіндік береді, оқушының оқиғаны терең толғаныстармен түсінуіне себепші болады.
Мұғалімдер көптеген танымдық ойындар өткізеді. Ойын түрінде болатын саяхат, электрлендірілген викториналар арқылы белгілі бір ауданның жануарлар дүниесі, ұшақ, корабльдердің түрлері оқылады. Алуан түрлі ребустар, сөзжұмбақтар, құпияхаттар, сөзтуымдар, логикалық есептер білім береді және оқушыларды ынталандырады. Математикада «Кім жылдам», «Ең үздік есепші», «Хоккей» ойындары тез санауға үйретеді. «Бағдаршам», «Дым білмес» ойындары арқылы жол жүру ережелері қайталанады. Ал «ғарышкерлер» ойыны ғылым жетістіктерімен, «Футбол», «Хоккей» ойындары еліміздің спорт шеберлерінің жетістіктерімен таныстырады. «Ағашты кім тез отырғызады» ойыны табиғатты күтіп ұстауға тәрбиелейді. Іскерлік ойындар ойнағанда бала нақты оқиғалардың куәгері болып еңбек етуге отбасылық өмірге, қоғамдық қатынастарға әзірленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |