Қызылорда, 2021 Л.Қ. Ахметова, Д. А. Биманов, М. А. Биманова тарихты оқыту әдістемесіндегі педагогикалық ТӘсілдер


Тұлғаны әлеуметтендірудегі елжандылық, азаматтық



бет38/41
Дата31.03.2022
өлшемі371,74 Kb.
#29495
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   41
Байланысты:
ТАРИХ

Тұлғаны әлеуметтендірудегі елжандылық, азаматтық

түсініктерін қалыптастырудағы Б.Момышұлының ұлағаты
Бауыржан Момышұлы - даңқты қолбасшы, КСРО-ның жоғарғы әскери академиясының профессоры, ұлтын сүйген ұлтжанды азамат болуымен қатар, қазақ халқының ұлттық рухын қорғауда қаламды қару еткен қайраткер жазушы. Оның өнегелі өмір жолы, әскери портреті талай қаламгердің қаламымен өрнектелгені белгілі. Олардың ішінде әдеби көркем шығармалармен қатар естеліктер, ғылыми еңбектер де кездеседі. Бұл тақырыпқа А.Бек, А.Кривицкийден бастап, М.Әуезов, М.Ғабдуллин, Ш.Мұртаза, Е.Ысмайылов, Ә.Нұршайықов, Ш.Елеукенов, М.Мырзахметұлы, Бақытжан Момышұлы, З.Ахметова, М.Қалдыбаев т.б. ғалым-жазушылар қалам тербеп, батыр бейнесін сомдауда үлкен еңбек сіңірді.

Бауыржантанудың негізін салушы ф.ғ.д., профессор М.Мырзахметұлының еңбегі осы салада жүргізіліп жатқан зерттеулерімен ерекшеленеді.

«Бауыржантану» саласын зерттеуде М.Айтказина тарих ғылымының саласында, Л.Н.Бакаев, Қ.С.Мұхамедқалиев т.б. әскери салада және Ғ.А.Орынханова, Ж.О.Иманалиев, Қ.Уразбаев т.б. әдебиет ғылымының саласында бірқатар ғалымдар зерттеулер жүргізді. Ал педагогика саласында зерттеуші Е.Жұматаева «Қазақстан майдангер жазушыларының шығар-малары арқылы оқушыларға патриоттық тәрбие беру» атты кандидаттық диссертация қорғап, онда майдангер жазушылар: Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов, Ә.Шәріповтердің еңбектері мен ерлік істерін бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне пайдаланудың жолдарын қарастырған.

Жоғары сынып оқушыларын елжандылыққа тәрбиелеу еліміздің егемендігін сақтап, өркениетті елу ел қатарына қосылуы қажеттілігінен туындап отыр. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» атты еңбегінде ұлт ішіндегі бірлікті нығайту, отансүйгіштікке тәрбиелеу, азаматтық келісім ахуалын жасау мәселелеріне тоқталып, «Біздің тағы бір аса маңызды идеологиялық міндетіміз – қазақстандық отансүйгіштікке тәрбиелеу, әрбір азаматтың өзін-өзі айқын билеуін қалыптастыру. Шынайы отансүйгіштікті, нағыз азаматтықты қалыптастыру жеке бастың өзін саяси тұрғыдан айқын сезінуін, өз Отанын саналы түрде таңдауын көздейді”2– деген.

«...Баукең қазақ әскери әдебиетінің негізін салушы болды. Мемлекет болғаннан кейін әскери әдебиет керек. Әскери әдебиет – патриотизмнің мәйегі», 4 деп Ә.Нұршайықов атап өткендей , Б.Момышұлының қалдырған әдеби мұрасының бір парасын алғашқы әскери даярлық курсында қолданудың әдістемелік маңызы зор.

Тіптен Б.Момышұлының Мәскеудегі К.Ворошилов атындағы Жоғары әскери академиясында сабақ бергенде оқыған леуцияларының өзі 8-9 мың беттей, деп еске алады З.Ахметова.

Елжандылық тәрбиенің нағыз қайнар көзі отбасынан және мектептен басталады. Мұндай тәрбие беруде халқымыздың тарихи мұраларын пайдалану мен тарихи тұлғалардың ұлттық елжандылыққа, азаматтыққа негізделген отансүйгіштік іс-әрекеттерін үлгі тұтудың үлкен маңызы бар екені бүгінгі таңда нақтылана түсуде. Сондықтан «патриотизм», «ұлттық патриотизм», «қазақстандық патриотизм», «Отан», «отансүйгіштік» ұғымдарына қатысты терминдердің мәні мен мазмұны анықтап, нақтылауда да Баукеңе жүгінген артықтық етпейді.

Елжандылықтың тарихи элементтері туған жерге, ана тіліне, салт-дәстүріне сүйіспеншілік түрінде ықылым заманнан қалыптаса бастаған. Таптық қоғамда елжанждылықтың мазмұны да таптық тұрғы да көрініс табады, өйткені әрбір тап Отанға деген көзқарасын өз мүддесі тұрғысынан білдіреді.

«Елжандылық» - «патриотизм» ұғымына сөздіктер мен ғылыми еңбектерден анықтама беріліп, педагогика ғылымында патриоттық тәрбиенің зерттелуіне сипаттама жасалды. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «Патриот – Отанын, халқын, жері мен суын шынайы сүйетін, халық мүддесі үшін бар күш-жігерін, қабілетін аямайтын адам. Олар - өз отанының жалынды патриоты, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығының озаттары. Өз отанын, халқын шексіз сүюшілік – барша күш-жігерін отан мүддесіне арнаған адамға тән терең сезім»– деп анықтама берілсе, Қазақ кеңес энциклопедиясында «патриотизм» – дегеніміз (грекше patris – Отан, туған жер) Отанға деген сүйіспеншілік. Бойындағы күш-қуаты мен білімін Отан игілігі мен мүддесіне жұмсау, туған жерін, ана тілін, елдің әдет-ғұрпы мен дәстүрін құрмет тұту сияқты патриотизм элементтері ерте заманнан қалыптаса бастайды – деп көрсеткен. Ал Үлкен кеңес энциклопедиясында «Социалистік қоғам азаматының патриотизмі өз Отанына, бүкіл социалистік елдер ынтымақтастығына берілгендік пен адалдықтан тұрады» – делінген. Ал философиялық түсіндірмеде: «патриотизм (грекше patris – Отан) мазмұны Отанға сүйіспеншілік, оған шынайы берілгендік, оның өткені мен бүгінгісі үшін мақтаныш, Отан мүдделерін қорғауға ұмтылу болып табылатын адамгершілік және саяси принцип, әлеуметтік сезім» деп қарастырылады.

Елжандылық, патриотизм, батырлық ұғымын әскери-жазушы, халық батыры Бауыржан Момышұлы да педагогикалық-психологиялық тұрғыдан өз шығармаларында жан-жақты қарастырған. Б.Момышұлының «патриотизм» ұғымына берген анықтамасына тоқталсақ.

Б.Момышұлы «патриотизм – Отанға (мемлекетке) деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы, қоғамдық-мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, өзіңнің мемлекетке тәуелді екеніңді, мемлекетті нығайту дегеніміз – жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм дегеніміз – мемлекет деген ұғымды, оның жеке адаммен барлық жағынан: өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасын біріктіреді»,- дей отырып, «Ұлттық мақтаныш сезімі дегеніміз белгілі бір немесе басқа ұлт адамының көптеген жеке мақтаныш сезімінің жиынтығы болып табылады, ұлттық мақтаныш сезімі әрбір ұлт адамы үшін бұзылмас заң» – деп, ұлттық патриотизмнің негізгі қасиетін атап көрсетеді. Бауыржан Момышұлы ұлтжандылық пен ұлтшылдықтың да ара жігін ашып көрсетеді: «Екі түрлі ұғым бар: ұлттық рух – бұл асыл қасиет, ұлтшылдық – бұл ұлт ішіндегі жеке адам бойындағы көркеуделік. Бұл мәселені дұрыс түсіне білу керек» – деген сөздерінің жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие беруде мәні зор.

Бауыржан Момышұлы - ержүрек жауынгер, атақты қолбасшы, әскери жазушы. Ең бастысы - әр қылығымен, әр көзқарасымен, бар болмысымен қазақтың намыстан жаралған халық екенін мойындата алған тұлға. Бауыржан Момышұлының отызға енді ілінген шағынан-ақ есімі аңызға айналды, даңқы әлемді шарлады. Ұлтжандылықтан жаралған батырлық бейнесі тарих белдерін аралап, жыл өткен сайын «тот баспас саф алтындай жарқыраған» ерлік жолын жалғастыра отырып, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің қаһарманына айналды.

Жауынгер жазушының шығармалары арқылы отбасы тәрбиесі, ондағы ұстаз бен ата-ана, мораль, этика турасында тұщымды сөз қозғағанындығы да ақиқат. Оның қаламынан туған төл еңбектерінің тәрбиелік жақтары ашылып, патриоттық мәні айқындалды.

Бауыржан Момышұлы шығармаларында ұлттық рухтың жоғары болуына айрықша назар аударған. Осыған орай, бірнеше еңбектері жарыққа шықты. Мәселен, «Қанмен жазылған кітап», «Ұшқан ұя», «Жонарқа», «Төлеген Тоқтаров», «Бір түннің оқиғасы», «Генерал Панфилов», «Москва үшін шайқас», «Олар менің есімде», «Ел басына күн туса» атты туындылары дүниеге келді. Мысалы, 1941-45 жж Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың ерлігі туралы баяндағанда оның «Генерал Панфилов» толғауының:

Қолбасшыдан не пайда, Жауапкершіліктен қашпаған.

Қолдың құлқын білмесе, Алыстан сермеп жорықтан,

Шенге мас боп семіріп, Жағдайды біліп толықтан,

Бақырауық топас ми, Мың арыстан ел үшін,

Қолбасшыдан не пайда? Құз қиядан өткізіп,

Қол асқару оңай ма, Құрыш болаттай жандырып,

Қолдың құлқын білмесе, Қызмет үшін, халық үшін,

Тайғақ кешу тар жолда, Неше азапқа көндіріп,

Серкедей бастап жүрмесе. Пысықтырып ширатып,

Ақылыңды қадірлеп, Қаршығадай, қырандай

Әділ судья жомарт ер, Дұшпанға тиіп ұрандай,

Күнәні кешпес қатал деп, Ту көтеріп майданда,

Мейірімді қамқор атам деп, Ел намысын қорғаған,

Сеніп саған тағдырын, Ер намысын қолға алған,

Қызмет етсе солдаттар, Қирата жойған дұшпанды,

Сондай батыр қолбасшы Қолбасшы болсаң, сондай бол.

Ел ерлерін бастаған, Жосылып жатқан жолдай бол,

Өзгені көзге ілмесе, Қайрат етер мезгілде,

Тез айырылып ерліктен, Мың жасаған шалдай бол.

Қысылып жаны терлесе. Қатал болар мезгілде,

Қандай қиын болса да, Жарқыраған жайдай бол!»-деген

Қауіпке қарсы мерт тұрып, жолдарын сабақта қолдануға болады.

Жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие беруде Б.Момышұлының шығармаларының мүмкіндіктері кең. Өйткені ол біріншіден, жас ұрпақты тәрбиелеуде адамгершілікке баулудың басты құралы, оқушылардың рухани дүниесі байиды, ниет-танымы, өмірлік көзқарасы қалыптасады; екіншіден, ұлттық тәлім-тәрбие, отбасы тәрбиесі мен салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарға бай тарихи мұра, үшіншіден, Ұлы Отан соғысында жанқиярлықпен соғысқан ұлдарымыз бен қыздарымыздың бейнесін және ерен ерліктерін ұмыттырмауға мүмкіндік беретін танымдық мұра.

Бауыржан Момышұлының шығармаларының түрлері негізінде ондағы патриоттық идеяларын әдеби жанр бойынша: проза, поэзия, ғылыми еңбектері, мақал-мәтелдер, майданнан жазылған хаттары деп жіктеуге болады.

Прозалық шығармаларындағы (роман, повесть, әңгіме) патриоттық идеялар: ел мен жердің тұтастығы; халықтар достығын қадірлеу; отбасы тәрбиесі: ұл, қыз, келін, ағайын тәрбиесінің ерекшеліктері; ауыз әдебиетті, батырлар жырын сүю; салт-дәстүрді құрметтеу; халыққа адал қызмет ету; халық мүддесін жеке бастың мүддесінен жоғары қоюшылық, намысшылдық.

Поэзиялық шығармаларындағы (өлеңдері мен термелері) патриоттық идеялар: қоғамдағы саяси-әлеуметтік жағдай; ата-баба дәстүрін ардақтау; үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету.

Ғылыми еңбектеріндегі (дәрістер мен баяндамалары) патриоттық идеялар: соғыс психикасы; әскери терминдерге анықтама және тактикалық стратегия туралы; ұстаз және батырлар бейнесі; адалдық пен адамдыққа тәрбиелеу.

Мақал-мәтелдеріндегі патриоттық идеялары: Отан, тәртіп, ерлік, батылдық, адалдық, өмір, өлім және әртүрлі ойлар. Олар:



  • Отан туралы («Отан үшін отқа түскін – күймейсің», «Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет, жерге тер төгіп, халыққа қан төгіп қызмет ет», «Отанда опасызға орын жоқ»);

  • тәртіп туралы («Тәртіп – тән үшін, ынтымақ – жан үшін керек. Тәртіпке бас иген құл болмайды, Тәртіпсіз – ер болмайды. Елсіз ер бола ма? Жұртсыз жігіт бола ма? Ерлік – елдің қасиеті, Жүректілік – жігіттің қасиеті», «Тәрбиелі – тәртіптің құлы, Тәртіпті – елдің ұлы»);

  • ерлік туралы («Тізе бүгіп тірі жүргеннен, тіке тұрып өлген артық», «Ерлік елеусіз қалмасын»);

  • батылдық туралы («Шегініп серке болғанша, Секіріп теке болғын»);

  • адалдық туралы («Намысты нанға сатпа», «Ана үшін аянба – ант ұрады, Бала үшін аянба – бетің күйеді. Ел үшін аянба – ерлігіңе сын, Жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын»);

  • өмір, өлім туралы («Жанын аяған тәніне жау», «Өмір үшін өлгенше күрес», «Өлтірсең өлімнен құтыласың, Өлтірмесең өлімге тұтыласың», «Таяқтан тайсалмасаң, Семсерден сескенбесең, Жеңдім дей бер. Бұқсаң – сұқты, Тығылсаң – тықты, Именсең – езді, Өлдім дей бер»);

  • әр түрлі ойлар («Айқаймен ала алмайсың, Ақылмен, айламен алғын», «Намысты адам намысы барды қадірлейді және намысы жоқты сыйламайтыны – заңдылық»), т.с.с.

Майданнан жазылған хаттарындағы патриоттық идеялар: қазақ тілі мен ділінің тазалығын сақтау; қазақ тілінде ғылыми терминдерді дұрыс аудару; баспасөз бен әдебиет тілін шұбарламау; ұлттық ойындар - әскери қасиеттерге тәрбиелеуші құрал.

Оқушылар бойында патриоттық қасиеттер тәрбиелеуде Б.Момышұлы мұрасындағы патриоттық тәрбие тек оқу үдерісінде ғана емес, сыныптан тыс жұмыстарда да кіріктіріп пайдаланылса да оң нәтижелере жетуге болады. Сондай-ақ, жоғары сынып оқушыларын патриоттыққа тәрбиелеу ісінде мектептің тәрбие үдерісін модельдеу арқылы Бауыржан Момышұлы мұрасындағы патриоттық тәрбие арқылы патриоттық сана-сезімдерінің қалыптасуына мүмкіндіктер.

Бауыржан Момышұлының патриоттық-ерлік дәстүрлерін оқушылардың патриоттық санасын қалыптастыруда пайдалану; оның шығармаларындағы жауынгерлік дәстүрлерді жоғары сынып оқушыларының патриотизмін қалыптастыруда пайдалану; Баукеңнің ерлік істері арқылы гумандық көзқарасын қалыптастыру мәселелері алдағы уақытта әлі де арнайы зерттеуді қажет етеді. Жалпы оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеу ісінде Бауыржан Момышұлы мұрасындағы партиотизмнің ғылыми құндылығы мен тәрбиелік мәні жоғары асыл мұра деп қорытуға болады.

Сан ғасырдан бері қазақ халқының тәрбие жөніндегі өнегелі сөздері мен істері, тұрмысы, мәдениеті, өнері, өмір тәжірибесі отансүйгіштік сезімнен бастау алады. Әрбір халық өзінің тарихы мен тәжірибесін жалғастыратын өскелең ұрпақты тәрбиелеуде халқымыздың ғасырлар бойғы жинақталған тәрбие әдістерін қолданып, өмір тәжірибесі сынынан өткен әдептілік, сыпайылық, адалдық, инабаттылық, іскерлік, мейірімділік, қайырымдылық, еңбексүйгіштік, үлкенді сыйлау, оған ілтипат көрсету сияқты қабілеттерді олардың бойына дарытты. Осылардың бәрі адамзат тәрбиесінде патриотизмнің қандай рөл атқаратындығын көрсетеді.

Біздің ойымызша, Б.Момышұлының патриоттық шығармалары арқылы жас ұрпақтың отансүйгіштік санасын, ұлттық сезімін, отансүйгіштік ой-өрісін көтеру үшін әр қырынан зерттеу болашақтың еншісінде.

Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бәсекеге қабілетті болашақ ұрпағын тәрбиелеуде, Б.Момышұлының шығармалары ұлттық рух пен алып күш беретін құрал болып қала береді.

Қазақ елінің болашағын айқындайтын, оны тұрақты даму деңгейіне көтеретін бірден-бір құндылық, ол – жасөспірімдерді отаншылдық, ұлтжандылық рухта тәрбиелеу. Ендеше, қазақстандық жаңа білім үлгісі осыдан бастау алып, жас ұрпақты білімді және сол білімді ұтымды пайдалана алатын іскер, білгір де, білікті етіп өсірумен қатар, оның адамгершілік болмысын, ішкі жан дүниесін, азаматтық тұлғасын, халықтық қасиеттерін дұрыс және орнықты түрде қалыптастыру болмақ. Білімнің басты ұстанымы адамға білім беру ғана емес, сол білімді және біліммен қарулануды «руханияттандыру», «адамгершіліктендіру» болғаны аса маңызды. Сондықтан жаңа білім үлгісін жасау аясында бүкіл қоғамды жұмылдыра отырып рухани, интеллектуалдық және экономикалық тәуелсіз мемлекет орнату болшағына бағдарланған, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға үйлестірілген ұлттық тәрбие берудің үлгісін жасау және білім беру көлеңкесінде қалып қоймайтын, керісінше тәрбие мәселесін төрге қоятын тәрбие-білім жүйесін іске қосу – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін басты мәселелерінің бірі болып табылады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет