Тарих сабақтарында тарихи-мәдени ескерткіштерді пайдалану
Қазір, ұлттық болмысымызда сезініп, біздің де ертеден келе жатқан халық екенімізді, рухани құндылықтарымызды асқақтата айшықтауда Қазақстан тарихы пәнінің орны ерекше. «Салынған жол, тұрғызылған ғимарат, тіпті ең озық ғылыми жаңалық саналатын жаңа технологияның өзі жыл сайын тозады, ескіреді, ал бабаларымыз айтқандай, ешқашан азбайтын , тозбайтын , керісінше уақыт өткен сайын сан қырынан жарқырап , ұрпақ санасына шүғыла шашатын мәңгі өлмейтін құдіретті күштің аты - ғылым мен мэдениет . Ендеше сол ата-бабаларымыздың тарихи – мәдени мұрасын бірлесіп түлетейік» - деді еліміздің Президенті Нұрсүлтан Назарбаев Ұлттық Кеңестің отырысындағы сөзінде.
6-сыныпта «Қазақстан тарихы» пәні сабақтарында тарихи - мәдени ескерткіштерді оқытқанда мына жайларды басшылыққа алуға болады. Мәселен, оқулықта «Қарахан мемлекеті (942-1212 жж)» деп аталады. Осы мемлекеттің мэдениеті жайлы айтқанда, атақты адамдардың басына күмбездеп кесені салынғаны қозғалады. Бұл ескерткіштер бүгінге дейін жетіп отырған Айша бибі, Бабаджа хатун, Қарахан кесенелері. Тақырыпты өткенде алдымен оның шежірелік сипатына мән берген дұрыс. «Өйткені шежіре тарату дәстүрі, оның ішінде қазақтың далалық ауызша тарихнамасы тарихи танымның елеулі бір арнасы болып табылады». Шежіренің куатты дерек көзі екендігін ғалымдар Ә.Марғұлан, Ж.Дәдебаев өз еңбектерінде айтқан. Әулие ата уезінің бастығы В.Каллаур да Қарахан мен Айша бибі арасындағы шынайы махаббат туралы ел аузынан аңыз жинаған.
Қарахан кесенесі туралы Түркістан әуесқой археология үйірмесінің мүшесі В.Панков «Бұл анау - мынау мазар емес, назар аударарлық ежелгі замандардың аса құнды ескерткіші ... Онда екі минареті ғана аяқталған. Уақыт көптеген ою-өрнектерін жойып жібергенімен, алдыңғы жағынан қарағанда кесене әлі асқақ көрінеді. Мен сондай - ақ әсем Қытай кірпішінен тұрғызылған бұл құрылыстың түзу әрі үйлесімді салынғандығына назар аудардым. Ескерткіштің төменгі бөлігіндегі кірпіштерде крестер бейнеленген, биіктігі шамамен алты кадам»- деп жазып қалдырған. Әрі осы автор жергілікті Абдолла деген Қазыдан Қарахан кесенесінің шын атауы Шамахмұт екенін естіп, ол жайындағы шежірені жазып алған. Көптеген ғұламалар жазба шежірелерінің негізінде ауызша айтылатын шежірелерді арқау еткен. Сондықтан, аталған тақырыптарды өткенде оқушыларға Қарахан, Айша бибі, Бабаджа хатун, Дәуітбек, Тектұрмас т.б. туралы шежірелерді жүйелеп, ғылыми негізде жеткізген дұрыс. Бұл жерде тарихи тұлғалардың ата-тегі, ортасы, сол кезеңдегі коғамдағы орны деректер негізінде айтылуы тиіс. Шежірені бала бойында рухани нәр қалыптастыратын күш деп қараған дұрыс.
Осы оқулықтағы «Сәулет өнері мен құрылыстың дамуы» атты тақырыпты өткенде архитектуралық құрылыс жүйелерін, салыну әдістерін аша түсу керек. «Қай халықтың болса да рухани әлемі, ең алдымен оның дәстүрлі өнерінен көрінетіні мәлім».
Бұл ретте тарихи кесенелердің салыну әдістерін кеңейте айтқан абзал. Мәселен, Айша бибі кесенесінің төрт бұрышында жуан - жуан бағаналар және әр қасбетінің (фасад ) ортасында жоғары және сүйірлеу аркамен бітетін кішірек қуыстар бар. Барлық қабырғалармен бағаналардың беті тұтастай терракоталық ( қыш ) тақталармен қапталып шыққан.
Мұғалім оқушыларға Айша бибі кесенесінің ішкі беті кірпіштен, сыртқы беті жоғарыда айтылғандай күйдірілген қүйма балшықтан қаланғанын, ал кірпіш пен күйдірілген құйма тастардың арасына әк косылған балшықпен жымдастырып, арша ағашымен ұстатылғанын көрнекіліктер арқылы түсіндіреді.
Мұндай әдістің жер сілкінгенде қабырғалардың құламай тыныш және бүгінге дейін сақталуының бірден-бір айғағы осында екендігі айтылады. Кесененің салыну әдісін оқушыларға осылай тәптіштеп, кеңінен түсіндіру казақ топырағында да сәулет өнерінің жақсы дамығандығын білуге үйретеді.
«Қазақстанда 25 мыңға тарта тарихи және мәдени ескерткіштер бар. Оның 10,5 мыңы Маңғыстау мен Үстіртте орналасқан. Мұнда сирек кездесетін тұрғын үйлер мен, мешіттер мен қатар, ғимараттары бірін-бірі қайталай бермейтін 600 зират бар. Егер шындығына келсек, жоғары неолит дәуірінен күні бүгінге дейінгі ғажайып ескерткіштері мол бұл өлке Қазақстанды былай қойғанда, ЮНЕСКО-ның қарамағында болатын жөні бар» – деп жазады көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібеков.
Оқушыларға тарихи-мәдени ескерткіштерді оқытқанда оларды зерттеуші-лердің еңбектерінен мағлұмат беру өте маңызды. Өйткені оқушы ескерткіштің тарихи тұлғаларға арналып тұрғызылғанын біліп қана қоймай, тұтас бір ғылыми дәстүрлер мен мектептер бар екенімен біліп танысады. Қарахан дәуірінің Орталық Қазақстандағы сәулет өнерінің озық үлгілеріне жататын ескерткіштердің бірі – Алаша хан мазары. Алаша хан ескерткішінің бітім-тұлғасы да, көркемдеу тәсілі де мүлдем бөлек, басқа талғаммен салынған. Осы төңіректегі Жошы хан, Аяққамыр құрылыстарына қарағанда бұл құрылыс мейлінше көркем үлгімен, тың тәсілмен қаланған.
Қандай да болмасын сәулет өнерінің ескерткішін көрген адам қызығып, көптеген сұрақтарға жауап іздейтіні ақиқат. Таным көкжиегі кеңейіп келе жатқан оқушыларды білмекке құмарлығы тіпті де ерекше болады.
«... Кез келген тарихи, архитектуралық мұраның мән-мағынасын талғам безбеніне салып баға беру үшін – сол мұраның дүниеге келген уақытын, дүниеге әкелген қоғамын, қандай себептермен, кім үшін салынғанын анықтау керек. Сонда ғана оның көркемдік құдіреті жарқырай көрінеді. Сонда ғана асыл-мұра шын мәнінде халықтың рухани игілігіне айналады.
Алаша хан туралы аңыз-әңгімелер өте көп. Олар әсіресе XVIII-XIX ғғ. Қазақ жерін зерттеген ғалымдар мен саяхатшылардың еңбектерінде көптеп кездеседі. Олардың қатарында Г.Ф. Миллер, А.И. Левшин, Г.Н. Потанин, Ш.Ш. Уәлиханов, Н.Н. Красовский, А.А. Диваев, А. Янушкевич, т.б. болды. Олардың жинаған деректерінің бірінде «Алаш» ханды алапес болып туған бала, екіншісінде - алашаға отырғызып көтерген хан, үшіншісінде - Ұлытаудан асы-рып тастаған баланың әскер басы болғаны, төртіншісінде - қалмақты қорқыту үшін «Алаш» сөзін ұран еткені айтылады. Соның қайсысы да Алашаның хан болғанын, қара халықты соңынан ерткенін айтады. Бұл аңыздардың ішінде қазақ халқының шығу тегіне қатысты құнды деректер де бар.
Оқушыларға Алаша хан мазарының архитектуралық бітімін айтқанда көрнекті ғалым Әлкей Марғұланның суреттеуін пайдаланамыз. «Алаша хан мазарының әрі әсем, әрі берік болуы оның айрықша жобасына, архитектуралық бітіміне де байланысты. Мәселен, табан іргесінен шаршы болып келетін төрт қабырға көтеріле келе мейлінше мінсіз үйлесіммен сегіз қырға ұласады. Ол сегіз қыр дәл сондай үйлесіммен шықтағы он алты қырлы барабанға ұласқан. Мұның өзі киіз үй уығының иінін немесе дөдегесін елестетеді.
Сол он алты қырлы барабанның үстіннен мінсіз күмбез көтеріледі. Мазардың кірер босғасында қалың қабырғаны айнала көтерілетін сатлылы қуыс бар. Бұл қуы мазардың екінші қабатына, яғни сыртқы шығына алып шығады. Ныққа шыққан соң балкон сияқты кемер қалқанның ішімен әлгі он алты қырлы барабанды айналып шығуға болады. Мазардың осы шығына шығып алып, айнала төңірекке көз салсаңыз бұл нүктенің сол маңайдағы ең бір еңселі орын екенін аңғару қиын емес. Мазардың кірпіштерін құбылта қалау арқылы таңдай, қиықша, үшкіл жұлдызша сияқты өрнектер салған. Ккейбір кірпіштердің бетіне, бүйіріне ру таңбалары, ою-өрнектер басылған. Ішіне кірсеңіз шық тұсындағы шағын-шағын алты терезеден сүт сәуле құйылып тұрады. Ғалымдарымыздың анықтауынша Алаша хан мазары Қарахан дәуірінің архитектуралық озық үлгісін тал бойына жинақтаған асыл белгі».
Жоғарыда келтірілген мәліметтерден оқушылар Қазақстандағы тарихи-мәдени ескерткіштердің басым бөлігі Қарахандықтар билігі тұсында бой көтергенін біледі. Олар Қазақстанның оңтүстігіндегі оның ішінде Тараз жеріндегі және Орталық Қазақстандағы тарихи-мәдени сәулет өнері ескерткіштерін салыну ерекшеліктерін, кесене-мазар атын иеленген тұлғалардың тарихтағы орнын салыстыра қарастырып ой түйеді.
Сонымен тарих-мәдени ескерткіштерге қатысты тақырыптарды өткенде мұғалім екі басты мәселені өз сабағына тірек еткені жөн:
Ауызша тарихнаманы яғни шежірелерді жүйелеп жеткізу және ескерткіштердің салыну мен тұрғызылу әдістерін көрнекіліктерді пайдаланып аша түсу;
Оқушыларды халықтың мәдениеті мен өнерін қадірлеуге үйрету, отансүйгіштік қасиетті өз бойларына тәрбиелеуге бастар бірден-бір жол болып саналады.
Сонда ғана болашақ ұрпақ «Менің Отаным – Қазақстан» деген сөзді шынайы мақтанышпен айта алады.
Достарыңызбен бөлісу: |