Қазақ әдебиеті 9-сынып емтихан тапсырмалары В бөлімі Үзіндіні оқып, сұрақтарға жазбаша жауап беріңіз. Т.Ахтановтың «Күй аңызы» әңгімесінен үзінді Естемес аз уақыт үн шығармай іштей ыңылдап, толқып келе жатты. Кенет атының
шылбырын Оразымбетке тастай беріп, қолын кейін созып, қызыл қоржындағы
домбырасын суырып алды.
Естемес домбыраның құлағын бұрап күйге келтіріп алып, машықты әуенмен қағып-
қағып жіберді. Епті ұзын саусақтар пернені жоғарыдан төмен бірнеше қайтара жүгіріп
өтті. Аздан кейін күйші қолы күрмеліп қалғандай бір пернені басып, жалғыз ішекті шерте
берді. Белгісіз тың әуен дүниесінің табалдырығынан аттап өте алмай, қиналған түрі бар.
Оразымбет те демін ішіне тартып, ұстазының дидарына ынтыға қарап қалған; жаңа бір
күй сарайының есігін ашқанша асыққан сабырсыздық бар өңінде. Ат жалына еңкейіңкіреп
барып, Естемес ырғалып, кеудесін көтере беріп, тың күйді бастап кетті. Майда ырғақты,
жұмсақ әуен бояуы оңып кеткен шүберектей күзгі қуқыл даланың үстінде қалықтай берді.
Сәл бәсеңдеп барып, домбыраның кеудесінен екі-үш ырғалып, әрең суырылып көтерілді
де, ар жағы мұңды сазға, майда ырғаққа ауысты. Көңілі жүдеу бейшараны жұмсақ
алақанымен маңдайдан сипап, алыстағы бір болмашы үмітті нұсқағандай елес береді. Күй
шым-шымдап ішке кіріп, көңілді босатып, қабақ астында қатып қалған жасты жібітіп, енді
бір кез майда рақат самалымен желпіп сергіткендей болады.
Оразымбет тарамыс денелі, қатқыл өңді, егде кісіден дәл осындай жүрек қылын
шертетін нәзік күй шығады деп ойламап еді. Ол ұстазының бетіне қарап, оны жаңа
көргендей болды. Терең әжімді, ашаң жүзіне жастық балғын нұр жүгіріп, кішілеу өткір
көзі дымқыл тартып, Естемес балқып тұр екен. Салалы ұзын саусағы буынсыз болып
кеткендей, жібектей майысып, жыпылдап барады. Жаңағы бір сезімтал майда әуенді
қайталап келіп, енді көтеріле бергенде, өрге шыға алмағандай тайғанақтап, күй сазы қайта
шегінді. Тағы да бір-екі рет талпынып барып, булығып қалды.
(248 сөз)