Жабайы жануарлар.
Қасқыр
Қасқыр (лат. Canis lupus) — жыртқыш аң. Басқа атаулары да белгілі: бөрі, бері. Еркек қасқыр шамамен 50 килограмм болады, ал ұрғашысы 45 кг болады. Тұрғылықты жері жердің солтүстік жарты шеңберінде өмір сүреді.
Қасқыр — қайсар, аса сақ хайуан. Қайсарлығы — оның кез келген айқаста жеңіске жеткенше не жеңіліп, демі үзілгенше шайқасуынан көрінеді. Ал аса сақ, аса қулығы әр түрлі әрекеттеріне байланысты айтылған. Бірде бір сұр қасқыр ауыл-үйдің арасына кіріп кетеді. Қиқулап қуа жөнелген топ алдында ғана келе жатқан қасқырдан демде көз жазады да қалады. Ары іздейді, бері іздейді, жоқ. Кейін артынан анықтап білсе, арлан қасқыр ауыл арасында тұрған электр желісінің бағанасын құшақтап, тікесінентік тұра қалған екен. Сұр бағана мен сұр қасқыр ешкімнің назарына да ілікпепті. Қасқырдың ақылдығына танданысқан топ, бастарын шайқаса тарқасыпты.
Қазір қасқыр аса азулы, жыртқыш ретінде суреттеледі. Әлі де солай. Бұғауға көнбейтін тұз тағысының аса жыртқыштығын дәріптеудің ең көрнекті үлгісі — Көксерек фильмі. Мұнда қасқырдың адам үстемдігіне еш көнбейтіндігінің ең нанымды дәлелі Көксеректің баланы жарып кетуінен айқын көрініс табады. Бұл — қасқырдың мейіріммен ұстауға да көнбейтіндігінің дәлелі.
Қасқыр — дала тағысы. Киелі саналатын көкбөрі тұқымына қатысты тағы бір дерек, ол — оның отбасына беріктігі. Қасқыр бір ғана отбасына ие және ол — бөлтірік тәрбиесін толықтай өз мойнына алған хайуан. Ауыздандыру, бөлтірігін көкжалға айналдыру, бәрі-бәрі — осы ата қасқырдың құзырындағы міндет. Өзге хайуандарда жоқ осы қасиеттер киелі жаратылыс иесін әр кез даралап тұрады.
Қасқырдың өзге хайуандардан дара, олардың ешқайсысына ұқсамайтын қасиеттері көп. Оның бойындағы осындай ерекшеліктерге негізделіп айтылатын аңыздар да жетерлік. Солардың бірі түркілердің түпнегізін көкбөрімен байланыстыруы. Қасқырлардың ішіндегі көк аспан түстес келетіндері мен ақ қасқырлар аса киелі хайуан болып есептеледі. Олардың адамдарға көрінуі де сирек. Мұндай көкбөрілермен кезіккен адам да «тегін адам емес, киелі қасиеттерге ие кісі» болып табылады.
Аюлар
Аюлар (лат. Ursidae) — жыртқыштар отрядына жататын сүтқоректі аң тұқымдасы. Олардың денесі шомбал, басы үлкен, құлағы кішкентай, құйрығы қысқа (қалың жүнінен көрінбейді). Жүні бір түсті, қоңыр, қара не ақ, аяғы бес саусақты, тырнақты болады. Иіс сезу қабілеті жақсы жетілген. Қазір олардың ақ аю, ақтөсті аю, қоңыр аю, барибал, ерінді аю, малай аюы, көзілдірікті аю және үлкен панда деген 8 түрі кездеседі. Ақ аю Солтүстік Мұзды мұхит жағалауында тіршілік етеді. Оның дене тұрқы 3 м-дей, салмағы 400 – 700 кг-дай. Суда өте жақсы жүзеді, сүңгиді, табаны жүнді болғандықтан мұз үстінде таймайды. Ит балықпен, әсіресе каспий итбалығымен (нерпа) қоректенеді. Ақ аю екі жылда бір балалайды, қонжықтары енесімен 1,5 жылға дейін жүреді. Ақ аю Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгізілген (1976 жылы). Ал Қазақстанда Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай, Сауыр және Алтай тауларында аюдың 2 түр тармағы (қоңыр аю, Тянь-Шань қоңыр аюы) мекендейді. Қоңыр аюдың дене тұрқы 2 м-дей, салмағы 150 – 200 кг-дай, түсі қоңыр, қара қоңыр болады. Өзінің мінез құлқы жағынан бейқам, момын, қорқақтау келеді, орман ішінде адам көзіне көрінбейді. Ол адамның өмірі үшін қауіпті емес. Қорек талғамайды. Аюлар үш жасында жыныстық жағынан жетіледі. Ұйығуынан 7 ай өткен соң, 2 – 4 қонжық табады. Қаңтар, ақпан айларында жаңа туған қонжығының салмағы 300 – 600 г болады. Енесінің сүтімен 4,5 – 5,5 айға жуық қоректенеді, бір-екі жыл енесімен бірге жүреді. Аюлар 30 – 40 жылдай тіршілік етеді. Буаз аю жеке жүреді, қыста үңгірінде жалғыз жатады. Күзге таман бойына 50 кг-ға жуық май жинап, қатты семіреді де, қысқа қарай ұйқыға кетеді. Егер қажетті май қорын жинай алмаса, ұйқыға жатпайды. Аю – бағалы аң. Ол майы және шипалық қасиеті бар өті үшін ауланады. Семіз аюдан 120 кг ет, 50 кг-дай витамині мол май алуға болады. Аю жабайы тұяқты аңдарға, үй малдарына, сондай-ақ адамға да шабуыл жасайды. Бал омартасына түсуді жақсы көреді. Қоңыр аюлар кәсіптік аң ретінде ауланып келді. Қазір оларды аулауға тыйым салынған.
Аюдың кейбір өнімдері халықтық медицинасында қолданылады. Аюдың етін кептіріп алып, суға аздап езіп ішкізсе, адамның көптеген ауруларына дауа деп есептеледі. Мұндай ем түрі ыстықты түсіреді, жараны тез жазады, кокжөтелге, шиқан, сыздауық шыққанға, бала денесіне шыққан бөртпеге және сары ауруға қарсы ем ретінде саналады. Мәлімет берушілердің айтуына қарағанда, Аю етін асқазан қыжылдау, кекіру сияқты ауруларға қарсы ем ретінде де қолданылады. Оны кебірек жесе денені қыздырып, қан қысымын көтереді. Аюдың қыртыс майын боршалап, жел-қүздан болған буын ауруына, саусақтардың арасына шыққан қиғаққа (теміреткі тәрізді) қыздырып тартады. Ұйқысы қашып жүрген адам иленген теріні жамылып жатса тыныштанады. Аю терісінің үстіне бір ұйықтап тұрса ұйқысы Аюдікіндей болады деп ырымдайды.
Пілдер
Пілдер – ежелгі тұмсықтылар тобынан біздің заманымызға жеткен жалғыз жануар. Бұрын олардың түрі 40-қа жеткен болса, бүгінде үш қана түрі бар: Саванналық африка пілдері, африкалық орман пілдері және азиялық пілдер. Пілдің дене тұрқы – 6-8 метр, салмағы 9 тоннадай болады. Олар 70-80 жыл өмір сүреді. Негізгі ерекшелігі — үстіңгі ерніне жалғасқан ұзын ет
тұмсығы (хобот). Олар мұны адамдардың қолындай пайдаланады. Сол арқылы заттың иісін біледі, сезеді және орап ұстайды. Піл тұмсығы бір мезгілде 7,5 литр суды ұстап тұра алады. Пілдердің көздері жақсы көрмейді, есесіне олар ешбір жаратылыс сезбейтін иісті сезіп қояды. Оның тұмсығында 40 мыңнан астам рецептор бар. Пілдің кейбір тұстарындағы тері қалыңдығы – 4-5 сантиметр болады. Олар мұңаяды, уайымдайды, сағынады, ағайындарына көмектеседі, музыкамен айналысады, сурет салады. Өздерінің дене көлеміне қарамастан олар епті және тез қозғалғыш келеді және олардың тепе-теңдік сақтау қызметі жақсы дамыған. Басқа ірі сүтқоректілер секілді пілдер ыстыққа қарағанда суықты жақсы көтереді. Күннің ең ыстық уақытын көлеңкеде өткізіп, денесін салқындату мен жылу алмасуды жақсарту үшін үздіксіз құлақтарын қағады. Олар суға шомылып, өздерінің үстеріне су құйып, батпақ пен шанда аунағанды ұнатады. Бұл әрекеттер терілерінің құрғап кетуінен, күнге күюден және шыбын-шіркейдің шағуынан қорғайды. Пілдер – отбасылық өмірді қадір тұтатын жануарлар. Олардың аналықтары әрқашан отбасымен бірге өмір сүреді, өлгенде немесе адамдар ұстап алғанда ғана бөлінуі мүмкін. Олар топ-тобымен жүреді, олардың қатарында 6 мен 12-нің аралығында піл болады. Ал аталық пілдер 12 жасқа таяғанда отбасынан бөлініп шығады.
Дүниеге жаңадан келген пілдің баласы аяққа тік тұра алады. Салмағы 120 келіге жуық болады. Туғанда көзі соқыр болатындықтан анасының тұмсығына арқа сүйейді. Жаңа туған пілдің өмір сүруге қабілеті болмағандықтан анасы мен отардың тәжірибелі мүшелері үйрете бастайды. Анасы оған бірнеше күтуші таңдап, өзі сүтін көбейту үшін азық жинауға кетеді. Пілдер күніне 100 литр су ішіп, 300 келі қатты тағам жей алады. Пілдер тәулігіне 2-3 сағат қана ұйықтайды. Жалпы олардың өмірінің басым бөлігі тамақ іздеуге кетеді. Яғни, бір тәуліктің 20 сағатын осыған арнайды. Пілдер - Африка мен Азияның қалың ормандарында және ашық өлкелерінде мекендейді. Азия пілдерінің мекендейтін аймағы: Оңтүстік және Солтүстік-Шығыс Үндістан, Шри-Ланка, Непал, Бутан, Бангладеш, Мьянма, Таиланд, Лаос, Камбоджа, Вьетнам, Оңтүстік-Батыс Қытай, Малайзия (құрлығында және Борнео аралында), Индонезия (Борнео, Суматра) және Бурней аймағы.
Түлкі
Түлкі ең ажарлы жыртқыш аңдардың бірі. Терісінің реңі қызғылт сары, құйрығы ұзын әрі жүндес, тұмсығы ұзын әрі жіңішке, ал көздерінен ақыл әрі айлакерлік аңғарылады. Түлкі кішкентай ит шамалас. Жирен аңның реңі шіп-шикіл түстен сұр түске дейін кездеседі. Солтүстік жақта мекендейтін түлкілердің терісі қызғылт түсті, қыр далада мекендейтін түлкілердің терісі сұр және сары түстес. Терісі қара түсті түлкілер де болады. Қара сұр түлкі терісі ең әдемі болып саналады. Сол себептен қара сұр түсті түлкілерді бұрыннан бері фермаларда өсіреді.
Түлкі Еуропада да, Азияда да, Америкада да, Африкада да өмір сүреді. Бұл аң кез-келген климат жағдайына бейімделе алады. Оңтүстік жақта мекендейтін түлкілер солтүстік жақтың түлкілеріне қарағанда ұсақтау келеді, оған қоса солтүстіктің түлкілерінің терісі әлдеқайда қалың және мамық. Түлкі аса тәсілқой және шапшаң аң. Оның жүгіруі соншалықты ұшқыр, тіпті иттің оны қуып жетуі қиынға соғады. Сонымен қатар ол өте айлакер: өз ізін жасыру және қорек табу үшін әртүрлі айла-тәсіл ойлап таба алады.
Достарыңызбен бөлісу: |