Үй жұмысы
4-жаттығу
Данышпан халқымыз ежелден достыққа,ынтымақтастыққа ерекше мән береді.Бауырмал халықтың шаңырағы көптеген ұлттарға пана болды. Әр кезеңде түрлі себептермен жеріне қоныс аударған басқа ұлт өкілдеріне төрінен орын беріп, тұрақтылық пен бейбітшілік үйлесім тапқан бейбіт елге айналды.
Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Татулық пен достық- біздің дамуымыз бен болашағымыздың негізі. Байтақ елде бірлігіміз бұзылмай, татулығымыз тарқамай өмір сүріп жатқанымыз- үлкен мақтаныш. Мұндай мемлекетте біз сияқты балалар жақсы өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған.
Бақыт деген- білім аламын, одан әрі жұмыс істеймін, мақсатыма жетемін деп өз өміріңді жоспарлауға мүмкіндіктің болуы. Бізде ондай мүмкіндік бар. Жері қандай кең болса, пейілі де сондай дарқан қазақ деген халықты бүгінгі күні бүкіл әлем мойындады. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» замандар да болды. Бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналды. Ол арман- Мәңгілік ел.
Соңғы уақытта мен қазақ тіліне қандай үлес қоса алдым?
Тіл-халықтың алтын діңгегі. Өзін-өзі білетін әрбір халық алдымен өзінің туған тілін сыйлап, мақтан тұта білуі керек.
Тіл-қай ұлтта болса да қастерлі, құдіретті ұғым. Ол әр адамның бойына ана сүтімен бірге еніп қалыптасады.
Адамның адам болып жүруінің өзі тілдің арқасында. Адам өз тілін жақсы меңгеріп, басқалармен де тіл табысса, өз өмірінің мәнді өтуіне жағдай жасайды.
Бабалары арман етіп, балалары қорған болған тәуелсіз елде туған тілінде сөйлеуге шамасы келмейтіндер мен арланатындардың қандай себептері бар екенін білгім келеді. «Тілдің жауы өзге емес, өзіміз ба?» деп қынжыламын.
Қазақстанда өмір сүріп, қазақ тілін білмейтін, аралас сөйлейтін азаматтарымызды көп кездестіреміз. Бұны мен өте қатерлі дертпен теңеп айтқым келеді. Алайда, әрқандай дерттің дауасы болғандай, бұл дерттен құтылу жолдарын іздестіруіміз керек. Қазіргі кезде біздің алдымызда тұрған басты мақсатымыз, өз ішіміздегі шала қазақтарды таза қазаққа айналдыру. Мен Қазақстанда тұрып, қазақ тілін білмеуді ұят деп санаймын.
«Соңғы уақытта мен қазақ тіліне қандай үлес қоса алдым?»-деген сұрақ менің көкейімде ұзақ уақыт бойы жүр. Сол сұрақ маған тағы да қойылғаннан соң, мен отырып ғаламтордан Абай атамыздың өлеңдерін, халық мақалдарын параққа теріп жазып, компьютерден шығардым. Үйімдегі әрбір есікке қағаздарды іліп қойдым. Мен осылай елімнің патриоты екенімді дәлелдегім келді. Содан соң бауырларыммен алда болатын «Тілдер мерекесін» тойлап өттік. Яғни тіл туралы мақалдар сайысын ұйымдастырдым. Ниетім бауырларымның тіліне, еліне деген құрметін ояту болды. Бұл менің тіліме, еліме қосқан үлесімнің бір ұшы ғана. Кез-келген жерде мен қазақ тілінде жетік сөйлеп, қателеспеуге тырысамын. Тілге қиянат жасағым келмейді. Барлығы ұсақ-түйек кемшіліктен басталады.
Алдағы уақытта еліме, тіліме қосар үлесім орасан зор деп ойлаймын. ИншаАлла!
Достарыңызбен бөлісу: |