Ж. Т. Сарбалаев конверсия мәселелері дәрістер топтамасы



бет12/14
Дата29.09.2023
өлшемі0,63 Mb.
#111708
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14
Байланысты:
b212

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. В.В. Виноградов. Вопросы современного русского словообразования. "Русский язык в школе". 1952, №2, 17-6.
2. А. Пешковский. Русский синтаксис в научном освещении. Изд. 7. М, 1956, 142-6.
3. М.В. Ломоносов. Полное собрание сочинений. Изд. Ан СССР, 1953, Т.7, 26-6.
4. Ғ. Мұсабаев. Қазақ тіліндегі сын есімнің шырайлары. А., 1951,77 б
5. А. Ибатов. Қазақ тіліндегі есімдіктер. А., 1961,51-6.
6. М. Томанов. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы /Фон., морф. А., "Мектеп", 1981, 217-6.
7. Н.К. Дмитриев. Указательные местоимения в османском языке. Дан-в, 1926, 101-6.
8. Ф.Г. Исхаков, А.А. Пальмбах. Грамматика тувинского языка/Фон., морф. М., 1961, 233-6.
9. А.Н. Кононов. Грамматика современного узбекского языка. М-Л., 1960.
12-дәріс


КОНВЕРСИЯЛЫҚ ТӘСІЛ БОЙЫНША ЖАСАЛҒАН ЛЕКСЕМАЛАРДЫҢ СӨЗДІКТЕРДЕ БЕРІЛУ ЖАЙЫ

Конверсиялық тәсіл бойынша сөз тудыру мәселесі жалпы лингвистикада, әсіресе европа тіл білімінде көп зерттелген, басы ашық, шешімін тапқан пробелмалардың қатарына жатса, түркологияда аталған тәсіл кеш қозғалған тақырыптардың бірі болып табылады. Бұл салаға байланысты алғашқы зерттеу мақалалар, біздің байқауымызша, өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап жарық көре бастады. Содан бері түркологияда тілдің сөзжасам жүйесінде өзінің көнелілігімен, орнымен, лексикалық-грамматикалық өзгешеліктерімен айрықшаланатын бұл тәсілдің сипатын, қыры мен сырын зерделеген бірсыпыра еңбектер баспа бетін көрді. Олардың ішінде А.Юлдашевтің, А.Ганиевтің, А.Джафаровтың, А.Павловтың зерттеулері өздерінің танымдық тереңдігімен, проблемалық сипатының өткірлігімен ерекшеленетінін атап өткен жөн.


Түркітанудың бір арнасы – қазақ тіл білімінде істің жайы жақсы деп айта алмаймыз. Қазақ тіліндегі конверсиялық процесс және оның сөзжасам жүйесіне қатысы туралы тұңғыш зерттеу-мақала осы жолдардың авторлығымен 1989 жылы «Конверсия туралы» деген атпен «Қазақстан мектебі» журналының №3 санында жарияланған болатын. Бүгінгі күнге дейін біздің конверсиялық тәсілдің грамматикалық ерекшеліктерін, түрлерін, формаларын сөз еткен арнаулы монографиямыз, жиырмадан астам ғылыми мақалаларымыз жарық көрді. Конверсиялық тәсілді сөзжасам түрлерінің бір формасы ретінде қарастыру туралы ұсыныс-пікірлеріміздің текке кетпегенін, оның өзге белгілі ғалымдардың тарапынан қолдау тапқанын айта кетсек, бұл мақтанғандық емес, тарихи әділдік деп ойлаймыз. Сөзіміздің дәлелі ретінде айтулы ғалым С.Исаевтың аталған тәсілді «Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты» атты кітабында сөзжасамның негізгі амал-тәсілдерінің бірі ретінде қарастырғанын атап өтсек те жеткілікті. Сондай-ақ, профессор Берікбай Сағындықұлы да тіліміздегі көптеген лексика-грамматикалық омонимдердің қалыптасуын конверсиялық тәсілмен байланыстыратынын ескерткіміз келеді. Десек те, конверсия мәселесі өзінің толық шешімін тапты деуге әлі ерте. Оның өз зерттеушілерін тосып күтіп жатқан проблемалары әлі де болса бастан асады. Соның бірі, біздіңше, конверсия тәсілі арқылы пайда болған сөздердің түрлі сөздіктерде берілу жайы. Бұл мәселе тек қазақ тілінде ғана емес, жалпы түркологиядағы ең өзекті проблемалардың бірі болып табылады. Конверсияланған сөздердің жалпы теориясы жасалмағандықтан, лингвистикалық сөздіктерді жасау барысында оны өзіне ұқсас құбылыстардан, мысалы, омонимдерден, формалас сөздерден, олардың бастапқы және соңғы жаңа мағыналарын ажыратып көрсетуде, әсіресе, сөздікшілер қатты қиындыққа, кедергіге тап болады. «Всего грамматисты по возможности стараются не затрагивать этого трудного несущного вопроса, чего никак не могут себе позволить лексикографы, перед которыми он встает в их работе на каждом шагу и которые за отсутствием каких бы то не было ясных теоретических установок вынуждены решать его по своему усмотрению в соответствии с какой-либо из приведенных точек зрения»,- дейді бұл орайда башқұрт ғалымы А.Юлдашев.
Конверсияланған сөздерді лингвистикалық сөздіктерде беруде, біздіңше, конверсиялық тәсіл арқылы сөз тудыру кең өріс алған ағылшын, неміс лексикографының тәжірибесіне арқа сүйеген дұрыс. Ағылшын тілінде, мысалы, конверсияланған сөздердің әрбір мағынасы сараланып, олардың әрқайсысына жеке-жеке түсінік беріліп, қай сөз табынан жасалғандығы көрсетіліп, сөздіктерде бөлек реестр сөз ретінде орын алады. Конверсияланған сөздердің басым көпшілігі тілдің сөздік құрамында лексика-грамматикалық омонимдер түрінде өмір сүретіні белігілі. Басқа сөз таптарына қарағанда, тілде конверсиялану процесіне зат есімдер мен сын есімдер бір табан жақын тұрады. Себебі, бұл екі сөз табының синтакситік функциясы кей жағдайда бір-бірімен ұштасып жатады. Сөйлем құрамында сын есім зат есімнің қызметін, керісінше, сын есім субстантивтенген жағдайда зат есімнің барлық фукнциясын орындай береді. Сондықтан да бұл екі сөз табы жиі конверсияланып, тілде лексика-грамматикалық омонимдер қатарын құрайды. Қазақ тілінде жарық көрген түрлі лингивстикалық сөздіктерде конверсияланған сөздердің, негізінен, бастапқы мағынасы көрсетіледі де, конверсиялану процесінде пайда болған соңғы жаңа мағынасы ескерілмей, «ұмыт қала береді». Ал, ағылшын тілінде жағдай мүлде басқаша. Онда конверсияланған сөздің әрбір мағынасы сараланып, сөздіктерде жеке реестр сөз ретінде берілетіндігі жоғарыда айтылды. «Ағылшын-орысша сөздікте» мысалы, «stone» сөзі конверсияланған сөз делінеді де, оның зат есім мәніне, сын есім мәніне жеке-жеке мысалдар беріледі. Сондай-ақ сол сөздіктен мысалы, мынадай конверсияланған тұлғаларды кездестіреміз: 1. doe-обруч. 2. to doe-обручать 3. fool-глупец. 4. to fool-дурачить және т.б. Ағылшын тілінде де сын есімдер түркі тілдеріндегідей өзінің анықтауыштық қызметінде жұмсалғанда еш өзгеріске ұшырамайды. Мысалы, 1. stone wall-каменная стена, 2. stone bridge-каменный мост. Бажайлай қарайтын болсақ, ағылшын тіліндегі осы тіркестердің қазіргі қазақ тіліндегі тас қабырға, тас құдық, күміс сағат, алтын жүзік, т.б. деген тіркестерінен еш айырмашылығы жоқ. Бұлардың басты өзгешеліктері сол, ағылшын тілінде сын есім қызметінде жұмсалған зат есім сөздердің барлығы да конверсияланған сөз деп танылады да, сөздіктерден жеке сөз ретінде орын алады. Ал қазақ тілінде сын есім мәнінде қолданылған зат есімдердің барлығы да конверсияланған сөз деп танылмай, ол тек «зат есімдердің анықтауыштық функциясы» делінеді де, лингвистикалық сөздіктерден оларға жеке сөз ретінде орын тимейді. Қазақ лексикографтары функцияның өзгеруі сөз мағынасына да әсер етіп, оны мүлде басқа сөзге айналдыратынын ескермейді. Жалпы тіл біліміндегі, түркологиядағы кейбір пікірлерді ескерсек, жоғарыда мысалға келтірілген «алтын жүзік», «күміс сағат», «жібек бау», «тас құдық» және т.б. деген сөз тіркестеріндегі «алтын, күміс, жібек т.б.» сөздер, тіптен зат есім емес. Олардың пікірінше, сөздердің қолданылу аймағы әбден айқындалған қазіргі кезде әрбір сөз тек қана өз мағынасында, өз функциясында ғана жұмсалады. «Каждый язык имеет ярко выраженную секторную структуру. Это означает, что каждый элемент языка имеет собственную строго очерченную и строго определенную сферу действия». Жалпы тіл біліміндегі бұл пікірді белгілі түрколог Н. Гаджиева да қолдайды: «В функции другой части речи на самом деле выступает другой языковой элемент, строго ограниченной собственной сферой действии. Контексные значения в действительности вряд ли существует». Бұл пікірлер, біздіңше, назар аударуға әбден тұрарлық. Өйткені, «зат есімдердің» анықтауыштық қызметі тілде «уақытша құбылыс» емес. Қазақ тілінде, басқа да түркі тілдерінде зат есімдердің атрибутивтік позицияда қолданысы әбден қалыптасқан, айқындалған тұрақты құбылыс. Сол себепті, жоғарыда келтірілген көзқарастар тұрғысынан қарағанда, атрибутивтік функцияда жұмсалған зат есімдерді «зат есім» деп тану дұрыстыққа жатар ма екен? Бұл-бір. Екіншіден, қандай көп мағыналы сөз болсын, оның мағыналық қырлары контексте, сөйлем құрамында басқа бір сөздермен тіркесу барысында анықталады. Олай болса, алтын сағат, ағаш арба, тас еден, қамыс құлақ, болат пышақ, т.б. сөз тіркестеріндегі алтын, ағаш, тас, қамыс деген сөздердің мағынасын «заттық» деп түсіндіру шындыққа жата ма? Біздің ойымызша, бұлардың ағылшын тіліндегі конверсияланған деп қаралатын орыс тіліндегі сын есім деп танылатын золотая (ложка), серебряный (час), железная (дорога), каменная (стена) дегендерден еш өзгешелігі жоқ. Рас, орыс тілінде бұларды сын есім деп танығанда, оның соңғы сөздің қандай родта (текте) тұрғандығына қарай морфологиялық өзгеріске түскендігі басшылыққа алынады. Әйтпесе, оларды да түркі тілдеріндегідей «заттың неден жасалғандығын» білдіріп тұр деуге болар еді. Осы орайда, орыс тіліндегі сын есімдердің грамматикалық топ болып қалыптасуы жайында арнайы еңбек жазған А.П. Якубинскийдің мына бір пікірін ескермесе болмайды: «Такое положеие вещей вовсе не говорит о том, что мышление турецкого народа архаичнее, чем у тех народов, которые выделили особую морфологическую категорию прилагательных возможность выражения языке той или иной категорий бесконечно разнообразны: турки мыслят теми же категориями, что и мы, но у них категория признака-свойства, определения прилагательных не получила специфического морфологического выражения в других языках при обстоятельствах определение-прилагательные оформляются и морфологически особыми аффиксами-окончаниями. Так случилось в русском языке».
Әдетте, қазақ тілінде зат есімнен сын есім жасалғанда, зат есім сөздерге сын есім тудыратын аффикстердің жалғанатыны белгілі. Жоғарыда мысалға келтірілген сөз тіркестеріндегі алтын, күміс, тас, болат, т.б. сөздерді сын есім деп мойындауымыздың себебі, оларға сын есім тудыратын аффикстер жалғанбаған. Бірақ қазақ тілінде зат есімдердің үлкен бір тобы арнаулы жұрнақсыз сындауға бейім. Өйткені, олардың бойында, профессор Құдайберген Жұбанов айтқандай, «жасырын жатқан сындық мағыналар болады». Ондай «зат есімдер» сөйлемде атрибутивтік функцияда жұмсалғанда сындық мағына иеленіп шыға келеді. Мұндай зат есімдер, әлбетте, сын есім тудыратын қосымшаларды керек етпейді. Олардың адъективтенуіне анықтауыштық функцияның өзі жеткілікті болады. Анықтауыштық қызметте қолданылуға, әдетте, барлық зат есімдер қабілетті бола бермейді. Мысалы, кітап, орман, шам, қаламсап, дәптер, көл, т.б. зат есімдер еш уақытта атрибутивтік позицияда қолданылмайды. «Кез-келген зат есімдер анықтауыштық қызметте жұмсала алады» деген пікір, әлбетте, шындыққа жанаспайды. Сөйлем құрамында атрибутивтік функцияда жұмсалуға бәрінен бұрын, өз бойларында айрықша қасиеті бар, сол қасиеті оның өзін басқа заттар мен құбылыстардан ерекшелеп тұратын зат есім сөздер бейім тұрады. Мысалы, «болат, темір» деген зат есімнің мағынасында «мықты, күшті» деген сын есімге мегзеу бар, сондай-ақ, «құм» сөзі «жұмсақ, бос» деген атрибутивтік ұғымды ауыстыруға бейім тұрады. «Алтын» сөзі «таза, мөлдір» деген сын есімнің мәнін бере алады. Мұндай зат есімдер синтаксистік қолданыс барысында конверсияланып, өзінің бұрынғы мағынасымен бірге тілде лексика-грамматикалық омонимдер қатарын құрайды да, олардың әрқайсысы жеке, бөлек сөз ретінде танылады.
Сөйлем құрамында жалғаусыз, сөздердің орын тәртібі арқылы қатар келген зат есімді сөз тіркестердің алғашқы сыңарының конверсияланған сөз болып табылатындығын грамматикалық тұрғыдан да дәлелдеуге болады. Грамматикада тілдегі сөздердің барлығы да грамматикалық объект болып табылады да, олар өздерінің лексика-грамматикалық ерекшеліктеріне қарай белгілі бір сөз таптарына топтасады. Тілдің сөздік құрамында, әлбетте, сөз таптарының біріне жатпайтын сөз болмайды. Грамматиканың заңы бойынша, белгілі бір сөз табының құрамына енетін сөздердің барлығы да, әйтеуір, сол сөз табына тән грамматикалық категорияның бірінде тұруға тиіс. Мысалы, зат есімдер тобына жататын сөздің барлығы да септік категориясының формаларымен түрленеді де, сөйлем құрамында сол септік формаларының бірінде тұруы қажет. Осы орайда, алтын сағат, күміс белбеу, жібек орамал, ағаш қасық т.б. сөз тіркестеріндегі анықтауыштық қызметтегі алдыңғы сыңарларды атау септігінде тұрған зат есімдер деп қарауға бола ма? Оларды атау септігінде тұрған зат есімдер деп тану үшін бұлар біріншіден атау септіктің кім? не? деген сұрауларына жауап беруі керек. Бұларды ондай сұрауларға жауап береді деп айта алмаймыз. Екіншіден, атау септігіндегі сөздің сөйлемде бастауыш мүше қызметін атқаратыны белгілі. Жоғарыдағы сөздерді бастауыш мүше қызметінде тұр деп тағы айта алмаймыз. Морфологияның ең басты міндеттерінің бірі – сөздерді грамматика-лексикалық белгілеріне қарай сөз таптарына топтастыру. Ал, сөз болып отырған тұлғалар лексикалық мәні жағынан да, грамматикалық белгілері жағынан да сын есімдерге өте ұқсас екені дәлел тілемейді. Бұл лексикалық тұлғалар сын есімнің категориалды мағынасын да, грамматикалық ерекшеліктерін де қабылдайды. Ең дұрысы анықтауыштық қызметте жұмсалған мұндай зат есімдерді А.Байтұрсынов, әділ атап көрсеткендей, «текті білдіретін сын есімдер» деп таныған мақұл. Біз тек қана конверсияланған зат есімдердің өзіндік ерекшеліктерін, оның лингвистикалық сөздіктерде қалай берілу жайын теориялық тұрғыдан әңгіме еттік. Бұл талдаудың, сондай-ақ, белгілі бір дәрежеде конверсияланған басқа да сөз таптарын да қатысы бар ғой деп ойлаймыз.
Қорыта айтқанда, конверсияланған сөз таптары ағылшын, неміс, француз, т.б. тілдеріндегідей қазақ тілінде де түрлі лингвистикалық сөздіктерде жеке реестр сөз ретінде берілуі тиіс.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет