Жер-су реформалары. Қазақ республикасы еңбекшілерінің өмірінде жаңа үкіметтің, патша өкіметінің жер мәселесі жөніндегі саясатының ауыр зардаптарын жою шаралары маңызды рөл атқарды. Патша өкіметі Сібір мен Орал казак-орыс әскерлеріне бөліп берген жерді қазақ еңбекшілеріне қайтару туралы Декрет шығарды. Осы Декрет бойынша қазақ шаруалары Ертіс жағалауы өңірінен 177 мың десятинадан астам жер алды. 1921 жылы Жетісуда жер реформасы жүргізіліп қазақ, ұйғыр және қырғыз еңбекшілеріне олардан тартып алынған 460 мың десятинадан астам жерді қайтарып берді. Қазақстан бойынша жер реформасын жүзеге асыру кезінде жергілікті жерлерде қателіктер мен асыра сілтеушіліктерге жол берілді.
Ауылда әлеуметтік өзгерістер мен жер реформаларын тиянақты түрде жүзеге асыру үшін 1921 жылы бұқаралық ұйым – Қосшы одақтары құрылды. Қосшы одағына қазақ кедейлерімен қатар орталықтан көшіп келіп қоныстанған кедей шаруалары тартылды. Бұл одақ бұқара халыққа еңбек артельдерін құруға көмектесіп, жер бөліп беруге қамқорлық жасады, еңбекшілердің саяси сана-сезімі мен мәдени деңгейін көтерді. Күрделі аграрлық мәселені шешуде Қосшы одағының белсенді мүшелері, мемлекет қайраткерлері- А.Асылбеков, Ә.Жангелдин, Г.Коростелов, С.Меңдешев, С.Сейфуллин, А.Розыбақиев, Ж.Бәрібаев және басқалар белсенді қызмет атқарды.
1921-1922 жылдардағы жер реформалары патша өкіметінің аграрлық қатынастар саласындағы отаршылдық саясатына соққы берді. Реформа жұмысшы табы мен қазақ шаруаларының ұйғыр, өзбек, дүнген диқандары одағының нығаюына көмектесті, ұлтаралық келісімді қатынас қалыптастырды.
Жаңа экономикалық саясатты нәтижесі. Жаңа экономикалық саясат шеңберінде жасалып, жеделдете жүзеге асырылған аса маңызды шаралар ауыл шаруашылығына елеулі өзгерістер әкелді. 1925 жылы егіс көлемі 3 млн гектарға жуықтады. Орал, Ақмола, Семей губернияларының астықты аудандарында егін түсімі едәуір жақсарды. Бірыңғай ауыл шаруашылығы салығы енгізіліп, оның жалпы көлемі бұрынғыдан 100 млн сомға төмендетілді. Салық үдемелі болып, оның салмағы көбіне байлар мен кулактарға түсті. Салықтан жиналған қаржы Отан қорғауға, халыққа білім беруге, ауыл шаруашылығын өркендетуге, ірі өнеркәсіпті дамытуға жұмсалды.
Мал шаруашылығы саласы да дағдарыстан шыға бастады. 1925 жылы мал басы 1922 жылмен салыстырғанда екі есеге көбейіп, 26 млн-нан асты. Осы шаралардың нәтижесінде республиканың ауыл шаруашылығында орташаландыру ұстанымы бой көрсете бастады. 1925 жылы Қазақстанда ауылшаруашылық жүйесіндегі бірлестіктер қатарында 96 коммуна, 557 артель, 58 жай серіктестік болды. Оңтүстік Қазақстанда мақта өсіретін «Пахтаарал» алып кеңшары ұйымдастырылды. Олардан басқа 35 кеңшар және 4 мыңнан астам шаруалар комитеттерінің өзара көмек қоғамдары жұмыс істеді. Тұтыну кооперативі көшпелі ауылдарда кеңінен дамыды. Қосшы одағы (1930 жылдан бастап Кедей одағы) өз қызметін кеңейте түсті. Ол шаруалардың егістіктерін өңдеуге, ауыл шаруашылығы машиналарын, сондай-ақ ұсақ кәсіпорындарды, диірмендерді, наубайханаларды, асханаларды, май шайқайтын, мал соятын орындарды, кірпіш зауыттарын т.б. сатып алуына көмектесті. Орыстар мекендеген жерлердегі шаруалар комитеттері өздерінің қауымдасып жыртқан жерлерімен, жарнамаларымен, ақшалай және заттай қорларымен, ұжымдық басқару формаларымен кооперативтер құрды.
Қазақстан - ядролық апат ауданы
Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғында АҚШ Жапонияның Хиросима мен Нагосаки қалаларын бомбалау арқылы алғаш рет атом қаруын сынады. Оның зардабын жапон халқы бүгінгі күнге дейін тартуда. Бұл қасіретті оқиға әлемдегі жанталаса қарулану мен алпауыт елдер арасындағы қайшылықты туғызды. Ол капиталистік және социалистік жүйе арасындағы «қырғи қабақ соғысына» алып келді. Мысалы, бүкіл әлем бойынша 1980 жылдары әскери-өндірістік кешендерде шамамен 60 млн астам адам қызмет еткен. Шикізат түрлерінің 5% әскери салаға жұмсалған. Әрине, әлемдегі жаппай қарулану халық шаруашылығына үлкен зардабын тигізді. Кеңес Одағының экономикасы негізінен шикізат өндіру мен әскери-өнеркәсіп кешеніне қызмет етуге бағытталды. Әскери-өнеркәсіп кешен үшін 9 министрлік қызмет етті. Олардың талабы кедергісіз орындалып тұрды. Қазақстан өнеркәсібінің негізгі бөлігі одақтық министрліктердің қарауында болды. Одақтық министрліктер республиканың мүддесін көздемеді, әлеуметтік салада, ұлттық кадрларды дайындауда, қоршаған ортаны қорғауда (Семей полигоны мен Аралдың экологиялық апатқа ұшырауы) қиыншылықтар туындады.
Соғыстан кейін Кеңес Одағы жедел түрде атом бомбасын жасау үшін әскери базалар салу жоспарын белгіледі. КСРО басшылығы атом қаруын сынайтын полигон салу туралы шешім қабылдады. Әскери мамандар ол үшін Семей облысын таңдап алды. Семей ядролық полигонының аумағы - 8,372 шаршы км құрады. Орналасқан жері Семей, Павлодар, Қарағанды облыстарының түйіскен аудандары.
Кеңес үкіметі Семей полигонын салуда жергілікті халықпен, Қазақстан басшылығымен санасқан жоқ. Полигон қызметкерлері үшін құпия әскери қала - Курчатов қаласы салынды. Сөйтіп, Қазақ жері Кеңес Одағының ядролық полигон аймағына айналдырылды.1949 жылы 29 тамызда күші 20 килотонна болатын алғашқы атом бомбасы Семей полигонында сыналды. Осы күннен бастап КСРО ядролық қаруы бар ел екенін жариялады. Семей полигонында 1949-1963 жылдарда 124 жер үстінде, ал 1963-1989 жылдары 354 жер асты сынақтары жасалған. 1963 жылы тамызда Мәскеуде «Ауада, ғарышта және су астында ядролық сынақтар жасауға тыйым салу туралы» Шартқа қол қойылды. Бұл шарттың қазақстандықтар үшін маңызды еді. Өйткені, Семей ядролық сынақ полигонында енді ауада атом сынағы жасалмайтын болды. Оның полигон қасіретін шегіп отырған халық үшін аз да болса пайдасы болды.
Ядролық сынақтардың Қазақстан халқына тигізген зардаптары өте ауыр болды. Полигон аймағында тұратын халық ионды радиация сәулесіне ұшырады. Соның салдарынан онкологиялық ауруларға шалдыққандар саны көбейді. Мысалы, Семей облысы халқының 1975-1985 жылдары онкологиялық аурулардан қайтыс болғандар саны 7 есеге өсті. Сәуле ауруына ұшыраған адамдар да осы аймақта жиі кездесті. Дәрігерлерге ионды радиация салдарынан туындаған ауруларға дәл диагноз қоюға тиым салынды. Ядролық сынақтардың адам денсаулығына зияны туралы мәліметтерді Кеңес үкіметі 1990 жылға дейін жасырып келді.
1970-1980 жылдары Қазақстан мен Орта Азияда мақта мен күріш шаруашылығын дамытуға арналған экономикалық жоспарлар жасалды. Олар тағы бір экологиялық апатқа алғышарт жасап берді. Экономиканы директивалық жоспарлау әдісі салдарынан қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне жете көңіл бөлінбеді. Жоспарлау ғылыми тұрғыда жан жақты негізделмегендіктен аймақтағы экологиялық тепе-теңдік бұзылды.
Осының салдарынан Арал теңізінің экологиялық мәселесі туындады. Оның себептерінің бірі - Сырдария мен Әмудария өзендерінің суын мақта мен күріш өсіру үшін пайдаланудағы есепсіздік болатын. Сырдария мен Әмудария өзендерінің суын мақта және күріш егісіне есепсіз бөлуден Арал теңізіне құйылатын су мөлшері күрт азайып кетті. Оңтүстік Қазақстан мен Өзбекстанда суармалы егіс алқаптары артты. Осындай есепсіздік салдарынан Арал теңізінің 27 мың шаршы км аумағы құрғап қалды. Сол кезеңде Арал теңізінің деңгейі 14 метрге, аумақтық көлемі 40%, су көлемі 65% азайды. Тартылған теңіз түбі тұз ошағына айналды. Теңіз түбінен тұз көтеріліп, Арал аймағының климаты күрт нашарлады. Мұндай жағдай эпидемиялық гепатит, туберкулез ауруларының өсуіне әкеп соқты, сонымен қатар онкологиялық аурулардың көрсеткіші бұл елді-мекенде одақ көрсеткішінен 15 есе асып түсті. Аймақ тұрғындарының 80% әр түрлі сырқаттарға шалдықты. Адам өлімі, әсіресе балалар өлімі көбейді. Арал теңізінің суы жағасынан 120 км алыстап, деңгейі 49 м дейін төмендеді. Теңіз Кіші және Үлкен Арал болып екіге бөлініп қалды. Арал теңізінің құрғауы тек Қазақ еліне ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы экологиялық қасіретке айналды. Ғалымдар теңіз түбінен ұшатын тұздың мыңдаған шақырымға дейін жететінін дәлелдеді. Соның салдарынан мұздықтарды еріту, егінді аймақтарды тұздандыру арқылы табиғатқа зиянын тигізу жиіледі. Сонымен бірге, Арал өңірінің шаруашылығы да қатты зардап шекті. Бұрын балық шаруашылығымен айналысып келген мыңдаған адамдар жұмыссыз қалды. Аймақтағы елді-мекендер қаңырап бос қалды. Семей полигоны мен Арал теңізі сияқты экологиялық қасіреттер қазақ ұлтының генофонына үлкен қауіп төндіруде.
Қазақстандағы экологиялық апат аймақтары кеңес үкіметінің солақай саясатының салдарынан туындағаны халықтың наразылығын туғызған еді. Халықтың жаппай қолдауына ие болған қоғамдық қозғалыстың бірі 1989 жылы белгілі ақын әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов ұйымдастырған «Невада-Семей» экологиялық қозғалысы болды. Бұл қозғалыстың белсенділігі нәтижесінде 1989 жылға жоспарланған 18 сынақтың 11-іне жол берілмеді. Қозғалыстың мақсаты Семей ядролық полигоны мен басқа да сынақ полигондарын жабу еді. Сондай-ақ, Балқаш және Арал мәселесі жөнінде комитет құрылып, оны ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов басқарды.
1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Президенті Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойды.
Мұстафа Шоқай – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Түркістан автономиясын құрушы. Өмір бойы қазақ ұлтының тәуелсіздігін бейбіт жолмен алуды мақсат тұтып өткен азамат.Мұстафа 1890 жылы 25 желтоқсан күні сол кездегі Сырдария губерниясы, Ақмешіт уезі, Наршоқы ауылында дүниеге келген. Зерттеушілердің пікірінше, оның ата-бабасы қыпшақ руының белді әулетінің адамдары болған. Атасы Торғай датқа Сырдария облысындағы бірнеше ауылды басқарған, ал әкесі ауыл-аймаққа белгілі әділ би болған.Мұстафа Ташкенттегі ерлер гимназиясы мен Санкт-Петербург университетінің заң факультетін аяқтаған. Осы кезде ол өзіндік дүниетанымы мен саяси көзқарасын қалыптастырып, ағылшын, француз, түрік, өзбек, орыс тілдерінде еркін сөйлеген.1917 жылдың көктемінде Мұстафа Ташкенттегі мұсылмандар конгресі кезінде құрылған Мұсылмандар орталығының басшысы болып тағайындалады. Осы жылдан бастап Бірлік туы және Еркін Түркістан басылымдарын шығара бастаған. Ал тамыз айында ол Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі атанады.1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін комитет мүшелері қуғынға ұшырап, жасырынуға мәжбүр болды. Мұстафаның басы үшін арнайы сыйлық та тағайындалды.1917 жылдың 27 қарашасында Қоқанда өткен Бүкіл мұсылмандардың IV съезінде Түркістан автономиясын құру туралы ұсыныс айтылды. Оның да тізгіні Мұстафа Шоқайға тиді. 1918 жылы Шоқай Бүкілресейлік уақытша үкіметтің (Уфа директориясы) мүшесі болды.Шоқайды Челябіге жер аударады.Мұстафа Шоқай өмірінің соңғы жылдарын шет мемлекеттерде өткізді. Түркия арқылы Германияға, сосын Францияға қоныс аударады.Эмиграцияда жүріп Таймс, Шафак, Journal of Royal Central Asian Society сынды белді ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынаста болды. Жаңа Түркістан, Жас Түркістан атты басылымдарды шығарып тұрды. Большевиктердің жұмысы туралы түрік, ағылшын және француз тілдерінде лекциялар оқыды.Парижде ол Түркістан ұлттық бірлестігіне жетекшілік етті.1941 жылдың 22 маусымында Берлиндегі орыс эмигранттары жаппай тұтқындалды. Олардың арасында Шоқай да бар еді. Гитлер үкіметі оған Түркістан легионын басқару туралы ұсыныс жасады.Бұл легионның мақсаты – Германия протектораты болып табылатын Үлкен Түркістан мемлекетін құру болатын. Мұстафа бұл ұсыныстан бас тартады.Себебі оның мақсаты дербес,тәуелсіз Ұлы Түркістан державасын басқару болатын. Ол 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлин қаласында жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Оның өмірден өтуі қазақ халқының болашағы үшін ауыр болды себебі нағыз елін сүйген елі сүйген азаматтың отанына келтірер пайдасы оның ақыл-парасаты ғасырға, болашаққа даңғыл жол салып өмірдің өткелінен өтуге көмектесер ұлы туынды -ларды бұдан да көп жазар ма еді.
Бірақ уақыт қайта айналып келмейді.Болған іс болды,бояуы сінді дейді ғой қазақ.
Ерең ердің есімі егемен ел болуымыздың арқасында ғана естіле бастады.Бүкіл түркі әлемінің ұлы перзенті Мұстафа Шоқайдың еліміздің бүгінгі болашағына сіңірген теңдессіз жанқиярлықпен еңбегі,жалынды публицист,тамаша тарихшы,зеңгер - ғалым,халықаралық саяси күрескер ретіндегі еңбегін болашақ ұрпақ біліп қана қоймай оны келешекке мирас қылып жеткізу біздің қасиеті парызымыз.