Жетінші, бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту туралы бастамасы «еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық дербестігі» мәселесін қозғады. БАҚ заңын қайта қарауды ұсынды.
Сегізінші бастаманың маңыздылығы еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын нақты жетілдіру мәселесімен байланысты болды. Семей аймағында Абай облысын, Жезқазған аумағында Ұлытау облысын, Жетісу мен Алматы облыстарын құрып, Қапшағайды Алматы облысының орталығы етіп, оған еліміз үшін орасан зор еңбек еткен көрнекті мемлекет қайраткері, біртуар тұлға Д.Қонаев есімін беруді ұсынуы, осы орайда, ел пікірін де ескергені қазіргі аумалы-төкпелі кезеңде ел үмітін арқалаған Президентіміздің тарихымызды қастерлеуі әрі жеке басына тән кісілік қасиеті деп түсінгеніміз абзал.