Бесік жырының маңызы Бесік жыры арқылы баланың тілі ерте шығатынына бүгінде мән бермейміз. Бесік жырын тыңдап өскен баланың есте сақтау қабілеті жақсы жетілетініне көңіл аудармаймыз. Бүгінгі ұрпақ шешендігінен, әншілігінен, ақындығынан, сабырлылығынан, парасаттылығынан ажырап барады. Бұл да — алаңдатарлық жай. Біздің елде ауыздан қалмай келе жатқан аңызға бергісіз әрі біздің әулетке қатысты бір әңгіме бар. Ертеректе бір келіншек бесігінен ажырамай жүрген баласын бесікке бөлеп, әлдебір жұмыстарымен шығып кетсе керек. Отағасы да сырттағы тіршілігімен кеткен. Жолай демалмақ болып тоқтаған бір жолаушы киіз үйдің тұсына келіп: «Кім бар-ау!» деп дыбыс берген екен. «Кіре бер» деген дауысты естіп, ішке кірген жолаушы аңтарылып тұрып қалады. Үйде бесікте ұйқысынан оянған баладан басқа жан жоқ. «Өреде ашыма бар, өзің де іш, маған да бер» деген екен бала жолаушыға. Қазақтың баласының тілі жатықтығын, ерте шыққанын байқаймыз бұдан.
Бесік жырын көбісі қазақ үйде отырған әжелері орындаған. Әжелеріміздің берген тәрбиесі ананың сүтімен, кең даланың таза ауасымен сәбиге сіңген. Бесікте жатқан баланың шырылдап жылағаны әжелердің мағыналы, сабырлыққа толы жырымен жұбатады. Сәби кезінен әжесі балаға сабырлық, төзімділік, батыр болуға итермелейді.
Бесік жыры — балаға берілетін алғашқы тәрбие. Өйткені баяу ырғақпен айтылған анасының әлдиі туғаннан баланың құлағына сіңеді. Бесіктегі баланы әннің ырғағымен тербетеді. Бесік жырының тұрақты нұсқасы жоқ.
Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем,
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып,
Шебер болар ма екенсің?!
Таңдайларың тақылдап,
Сөзіңді жұрт мақұлдап,
Шешен болар ма екенсің?!
Бұл — бесік жырының бір түрі ғана. Осындай әдемі әуенмен астарында ізгі тілегі бар бесік жырын тыңдаған бала шебер болуға да, шешен болуға да ұмтылып өседі. Баланың бойына әсерлі әуен, сұлу сөзбен айтылатын ананың әлдиі ана сүтімен қосылып осылай сіңеді. Бесік жырының толып жатқан түрі бар. Сәбиінің аман өсуінен бастап, болашақ өміріне деген тілегі, сенімі, ниеті әдемі әнге шумақ болып өріліп, анасының айтуымен балаға жетеді. Тіпті алыстағы төркініне деген сағынышын да бөпесіне айтып, баласымен сырласа отырып «әй, әй, бөпем, артта қалған елімді көрер ме екем…» деп іштегі шерін бесік жырына қосқан. Анасының еліне деген сағынышы бөпеге беріліп, ол анасын аяйтын, ардақтайтын, мейірімді әрі жанашыр болып өседі екен…
Бүгінде үлкен сахналарда да бесік жыры естіліп қалады.
Тәй-тәй басып, бөпешім, жүргенің қандай?
Көзқуаныш, көкешім, күлгенің балдай.
Аспандағы ай-күнді аламын дейсің,
Асқар таудай айбынды боламын дейсің.
Әлди, әлди, ақ бөпем,
Сендей сәби жоқ, көкем.
Анам-әкем дейсің бе?
Тілің тәтті екен.
Әлди, әлди, ақ еркем,
Бойжетерсің сен ертең.
Мақтанышы елімнің,
Өзің бол, еркем! — деп жырлаған ақын Қалқаман Сариннің «Бесік жыры» (әні А.Бексұлтандікі) әнші Мейрамбек Бесбаев орындап жүр.