Бесік жырының айтылуы мен міндеті. Бесік жырына халықтық сипат,дәстүрлі идеализация,оптимизм тән.Өлең өлшемі жағынан көбінесе жыр,кейде қара өлең тектес болып келеді.Бесік жырының мелодиясы әдетте шағын көлемде, ырғағы бесіктің тербелісіне сай бір қалыпты,сабырлы екпінде болады.
Балаға деген ана махаббаты «бесік жырлары» арқылы берілген.Ана бөбегінбесікке бөлерде ең алдымен бесік жырын айтады.Онда ана өзінің баласына деген сүйіспеншілігін:
Мойындағы тұмарым,
Тарқамайтын құмарым,
Тағдыр берген алсын деп,
Ақ бесікке салсын деп.
Мойнымдағы маржаным,
Қорадағы мал-жаным,
Бесігіңе жата ғой,-
Тәтті ұйқыға бата ғой,- деп білдіре келеді де:
Балам жатсын бесікте
Пәлесі қалсын есікте,- деп пәле-жаланы өлеңмен аластамақ болады. Баланы бесікке бөлеп,әндетіп тербете отырып,бөбегіне деген ыстық сезімін одан әрі жалғастырып:
Көзімнің ағы-қарасы-
Жүрегімнің панасы.
Уайым,қайғы ойлатпас
Көңілімнің санасы.
Айналайын,шырағым,
Көлге біткен құрағым,
Маңдайдағы құндызым,
Аспандағы жұлдызым.-деп өз баласына әлемдегі алуан түрлі теңеулерге теңейді.
Бесік жыры мына мақсатта айтылады: біріншіден, бесік жырын анасы әндете отырып,өзінің нәрестесін әсем ән ырғағымен тәтті ұйқыға бөлеу болса, екіншіден ананың баласына берер тілек-батасы,сәбидің болашағынан күтер үміт-сәулесі сөз болады.
Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің?!
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып,
Ұста болар ма екенсің?!- дейді.
Осы бір ауыз өлең жолынан халықтың бала тәрбиелеудегі ой-арманы айқын көрінген.Ол ана тілі арқылы беріліп отыр. Еңбек ет, кәсіп ет, ел-жұртыңды жаудан қорға деген ойын халық бесікте жатқан нәрестеге ақыл-кеңес,тілек етіп білдірген.Баланы жастайынан ел намысын қорғаушы азамат болуға баулу,оны ана аманаты ретінде келер ұрпақтың құлағына сіңіру ежелгі ел дәстүрінің озық түрі болған.
Баланы бесіктен шешіп аларда анасы өлең-жырмен әндете отырып:
Анасы шешіп алсын,
Ұйқысы бесікте қалсын.
Балам бесіктен шықсын,
Пәлесі есіктен шықсын,- деп үнемі өлең-жырмен әлдилеп,жауыздық атаулыдан сәбиін аман сақтау ой-арманын білдіреді.
Ауыз әдебиетінің жанры. Қазақтың музыкалық поэтикалық фольклорындағы тұрмыс-салт әндерінің арасында кең тараған.
«Абай жолы» эпопеясында: Қорқытпа менің баламды Гүлей соққан ақ боран. Балам әже қойнында, келе алмайсың сен бұған, -деп басталатын бесік жырын енгізіп, Әуезов халық даналығынан туған фольклорлық мұраны пайдаланудың тамаша үлгісін көрсетті.