Жалпы білім беру ұйымының инклюзияны қолдау бағытында миссиясы. Ресми деректер бойынша Қазақстанда аутизм бар 6771 бала бар, ал Autism Speaks халықаралық ұйымының бейресми деректері бойынша олардың саны 30 мыңнан асады. Аутизм бар балаларды оқыту қаншалықты қиын екенін бүгін көбі біледі, бірақ «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобамыздың хикаясы осыдан біраз уақыт бұрын басталды.
2014 жылы аутизм бар балалардың бір топ ата-анасы бізге жүгінді. Содан біз олардың ерекше балаларын не балабақшада, не дамыту орталықтарында, не арнайы мектептерде, не болмаса жалпы мектептерде қабылдамайтынын білдік. Біз бұл сұрақты белсене зерделей келе, аутизм бар балалар даму ерекшеліктері бар барлық балалар ішіндегі ең қорғалмаған балалар тобы екенін анықтадық. Өйткені сол кезде оларды оқыту үшін жағдай жасауға мемлекеттің ешқандай кадрлық ресурстары болған жоқ.
Израильде көп жыл бұрын олар бұл мәселелерді қалай шешкенін білу үшін біз 2015 жылы сол жаққа ұшып бардық. Біз аутизм бар балалар жалпы және арнайы мектептерде қалай оқытылатынын, оларға мінез-құлық мамандары көмектесетінін, бұл мамандар олардың қиын мінез-құлқын сәтті түзеп, қажетті дағдыларға үйреткендерін көрдік. Алты жыл бұрын бұл ата-аналар үшін ғана емес, мемлекеттік қызметшілер үшін де мүмкін емес сияқты болып көрінетін. Сол тәжірибені Қазақстанда қалай енгізетінімізді ойластыра бастадық.
Осылайша астанадағы №71 мектеп-лицейінде инклюзияны қолдау бойынша біздің алғашқы кабинетіміз ашылды. Бүгінгі таңда Қазақстанда 170-тен астам инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істеп келеді, олардың 60-қа жуығы біздің қолдауымыздың арқасында ашылып, мамандарымыздың әдістемелік сүйемелдеуімен істейді. Жобамыздың арқасында 600-ден астам ерекше бала мектепке барып жүр.
Алты жыл бұрын біз аутизм бар балаларды ешбір мекемеге қабылдамаудың негізгі себебі – мінез-құлық мамандарының немесе АВА-терапия мамандарының жоқтығы екенін түсіндік. Аутизм бар балалардың негізгі мәселесі олардың мінез-құлық бұзушылықтарында ғой. Бұл агрессивті мінез-құлықтан ғана көрінбейді. Мұндай балалар норматипикалық балалар сияқты өз бетінше тамақ ішуді, тістерін тазартуды, қолдарын жууды, т.б. заттарды ата-аналары мен құрдастарының соңынан қайталау арқылы үйрене алмауы мүмкін.
Сол себепті Қазақстан бойынша инклюзияны қолдау кабинеттер санын көбейте отыра, балаларға көмектесіп қана қоймай, кабинеттерімізді мамандарды дайындау фабрикасына айналдырып отырмыз. Біз кадрларды дайындау жүйесін басынан бастап құрдық, оның өзіндік иерархиясы бар: педагог-ассистент (тьютор), мұғалім, куратор, супервайзер.
Біздің есептеулерімізге сәйкес Қазақстанда 500 мінез-құлық маманына мұқтаждық бар және аутизм бар балалар санының өсуіне байланысты бұл сан да ұлғайып келеді. Бүгін Қазақстанда 15 мінез-құлық маманы бар, оның ішінде 10 адам біздің қорда жұмыс істейді, тағы 40 адам қордың қаражаты есебінен ұзақ мерзімді курстарда оқып жатыр.
Қазіргі кезде инклюзивті білім беруде формалды ұйымдастыру жағдайларының көбеюін байқап отырмыз: ерекше балалар мектепке барады, бірақ олардың қажеттіліктеріне сай тиісті жағдайлар жасалмаған, ал мұғалімдердің ондай балалармен жұмыс істеу дағдылары жоқ. Уақыт өте келе бала үйден білім алуға ауыстырылады. Мұндай инклюзия – дискриминацияның жасырын формасы. Болашақта бұл үлкен проблемаға ұласуы мүмкін деп санаймыз. Қазірдің өзінде білікті мамандардың санын арттыру, мамандарға араласудың ғылыми негізделген әдістерін үйрету, мамандарға күнделікті әдістемелік көмек көрсету осы мәселені шешу жолдарының бірі болып табылады.