1. Сыбайлас қатысушылардың қылмыстық жауаптылығы олардың әрқайсысының қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға қатысу сипатымен және дәрежесiмен айқындалады.
2. Бірге орындаушылар өздерiнiң бiрлесiп жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы үшiн осы Кодекстiң 28-бабына сiлтеме жасамай, осы Кодекстiң белгілі бiр бабы бойынша жауап бередi.
3. Ұйымдастырушының, айдап салушының және көмектесушiнiң жауаптылығы, олар бiр мезгiлде бірге орындаушылар болып табылған жағдайларды қоспағанда, жасалған іс-әрекет үшiн жаза көзделетiн бап бойынша, осы Кодекстiң 28-бабына сiлтеме жасала отырып туындайды.
4. Орындаушы өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша қылмысты ақырына дейiн жеткiзбеген жағдайда, қалған сыбайлас қатысушылар қылмысқа дайындалуға немесе қылмысқа оқталуға сыбайласып қатысқаны үшiн жауаптылықта болады. Өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша басқа адамдарды қылмыс жасауға көндiре алмаған адам да осы іс-әрекетті жасауға дайындалғаны үшiн қылмыстық жауаптылықта болады.
5. Осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында арнайы көрсетілген, қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектiсi болып табылмайтын, осы бапта көзделген іс-әрекетті жасауға қатысқан адам осы қылмыстық құқық бұзушылық үшiн оны ұйымдастырушы, оған айдап салушы не көмектесуші ретiнде қылмыстық жауаптылықта болады.
30-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушының шектен шығуы
Сыбайлас қатысушының шектен шығуы деп адамның басқа да сыбайлас қатысушылардың пиғылында болмаған қылмыстық құқық бұзушылық жасауы танылады. Оның шектен шыққаны үшiн басқа сыбайлас қатысушылар қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.
31-бап. Топ жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауаптылық
1. Егер қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға екi немесе одан да көп орындаушы алдын ала сөз байласпай бiрлесiп қатысса, ол адамдар тобы жасаған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
2. Егер қылмыстық құқық бұзушылыққа оны бiрлесiп жасау туралы күнi бұрын уағдаласқан адамдар қатысса, ол алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
3. Егер қылмысты ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым, қылмыстық қоғамдастық, трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым, трансұлттық қылмыстық қоғамдастық, террористік топ, экстремистік топ, банда немесе заңсыз әскерилендірілген құралым жасаса, ол қылмыстық топ жасаған қылмыс деп танылады.
4. Қылмыстық топ құрған не оған басшылық еткен адам осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi баптарында көзделген жағдайларда қылмыстық топты ұйымдастырғаны және оған басшылық еткені үшін, сондай-ақ егер қылмыстар оның пиғылында болған болса, қылмыстық топ жасаған барлық қылмыстар үшiн қылмыстық жауаптылыққа жатады.
5. Қылмыстық топтың басқа қатысушылары осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi баптарында көзделген жағдайларда, оған қатысқаны үшiн, сондай-ақ өздерi дайындауға немесе жасауға қатысқан қылмыстар үшiн қылмыстық жауаптылықта болады.