Дүниежүзін тарихи-географиялық аудандастыру Дүниежүзін кешенді және тарихи-географиялық аудандастыру табиғи, тарихи, саяси, мәдени. экономикалық ерекшеліктері негізінде жүргізіледі. Кешенді тұрғыдан дүниежүзін бірнеше сатылы аймақтарға жіктеуге болады:
макроаймақтар(Азия, Еуропа, Африка, Аустралия, Америка), мезоаймақтар, аймақшалар.
Мезоаймақтар . Олардың қатарына дүние бөліктеріндегі табиғаты,
тарихи-мәдени даму сипаты және тағы басқа ішкі ерекшеліктері негізінде ажыратылатын аймақтар жатады. Сонымен бұл мәселені Азияның мезоаймақтары мысалында қарастырайық. Азияның табиғат жағдайларының,
экономикалық және саяси дамуының ерекшеліктері "бытыраңқы", «ала-құлалы» экономикалық кеңістіктің қалыптасуына себеп болды. Дүниенің үш бөлігінің тоғысында жатқан Оңтүстік-Батыс Азияның экономикалық және
саяси-географиялық жағдайы айрықша. Оңтүстік-Батыс Азияның жер қойнауында әлемдегі мұнай қорының 2/3-і шоғырланған. XX ғасырдың екінші жартысынан бері бұл аймақ ғаламшардағы ең кикілжіңі көп аумақтардың бірі болып отыр.
Шығыс Азия орасан зор. табиғаты алуан түрлі аумақты алып жатыр, Қытайдың арқасында халық саны да мол. Мұнда діндердің көптігі және даосизм мен конфуцийлік, буддизм мен ламаизм, синтоизм, католиктік діндердің тығыз ұштасуы тән. Аймақта экономикалык жағынан бір-біріне жақындасып келе жатқан елдер жүйесі қалыптасуда. Ғылыми-техникалық
шешімдер мен ең жаңа өнімдер өндірудің көшбасшылары болып табылатын Жапония мен Қытай бұл жүйенін орталықтарына айналған. Аталған шеңберге жана индустриялық елдер де енеді.
Биік таулар, таулы үстірттер мен шөлдер тән болатын Оңтүстік Азияны кейде субконтинент деп те атайды. Мұнда буддизм мен индуизм сияқты ежелгі діндер пайда болды. Аймақша халқы санының көптігі жөнінен ғана емес, салыстырмалы түрде жас болуымен және ауылдық өмір салтының (тіпті қаланың өзінде) кең таралуымен ерекшеленеді. Экономикалық орталығы алып Үндістан болып табылады.
Оңтүстік-Шығыс Азия екі ежелгі, қуатты өркениет орталықтардың (Үндістан мен Қытай) аралығында орналасқан.
Аймақшалар. Аймақшалардың өзара үлкен айырмашылықтары мен айқын ажыратылатын өзіндік белгілері мынадай факторларға байланысты болды: 1) географиялық орны, яғни ежелден бері аумақтарды бір-бірінен бөліп тұрған табиғи шептердің болуы; 2) табиғат жағдайлары мен ресурстарының әртүрлілігі: 3) тарихи тағдырларының өзіндік ерекшеліктері; 4) айрықша әлеуметтік-мәдени ерекшеліктерінің болуы; 5) экономикалық даму стратегиясының әркелкілігі.