290
Рəбиға Сыздық
қайратына, білім-білігінің телегейлігіне, ойының ұшқырлығы мен
азаматтық өрлігіне қайран қаламыз! Дала қызына ғана тəн еркін
мінезіне тəнтіміз.
Рəбиға Ғалиқызы – филология ғылымдарының докторы, профес -
сор, ҚР ҰҒА академигі. Зерттеу еңбегін қазақ халқының классигі
Абайдың қарасөздерінің морфологиялық ерекшеліктерін саралаудан
бастаған ғалым «Абай шығармаларының тілі» тақырыбы бойынша
докторлық диссертация қорғаумен жалғастырады.
Автор қаламынан туған «Сөздер сөйлейді», «Қазақ əдеби тілінің
тарихы», «Язык «Жами-ат тауарих» Жалаири», «Қазақ лексикасын-
дағы жаңа қолданыстар», «Қазақ тілі орфографиясы мен пунктуа -
циясы жайында анықтағыш» т.б. қай зерттеуін алсаңыз да, ғылыми
құнды, қазақ тіл білімінің XX ғасырдағы деңгей-дəрежесін анықтай-
тын, өр де ер жүректілікпен жазылған туындылар.
Бұлай деуіміздің мəнісі бар. Қазақтың беделді ғалымдары қазақ
əдеби тілінің тарихын ХVІІІ ғасырдан,
XIX ғасырдың екінші жар-
тысынан, Қазан төңкерісінен кейін басталады деп айтып, жазып
жүргенде («Қазақ əдеби тілінің проблемалары» республикалық
ғылыми-теориялық конференция, 1984), Р.Сыздықова қазақтың төл
əдеби тілі ауызша дамыған авторлы поэзия түрінде оның халық бо -
лып құралған кезеңінен «ХV–ХVІ ғасырлардан, жаңа ұлттық жаз-
ба əдеби тілі XIX ғасырдың II жартысынан басталады» деген ойды
айта алды. Тек айтып қана қойған жоқ, жоғары оқу орындарына ар-
нап «Қазақ əдеби тілінің тарихы» атты зерттеу еңбегін жазды. Бұған
дейін студенттер қолында жүрген жалғыз оқулық М.Балақаев,
Р.Сыздықова, Е.Жампейісовтің «Қазақ əдеби тілінің тарихы» бола-
тын. Мұнда əдеби тіл тарихы ХVІІІ–ХІХ ғасырлардағы əдеби тілдің
жайын айтумен басталатын. Р.Сыздықова қазақ əдеби тілінің тари-
хын ХV ғасырға дейін тереңдетіп қана қойған жоқ, сонымен бірге
тұжырымдарының дұрыстығын ғылыми-теориялық тұрғыдан сəтті
дəлелдей де алды. «Əдеби тіл – халықтық не ұлттық мəдениеттің
белгілі көрінісі, ол əрбір халықтың өзі жасап отырған дəуіріндегі
қоғамдық-экономикалық, саяси-шаруашылық өмірімен тікелей бай-
ланысты», – дей келіп, «əдеби тіл өзін тұтынып жүрген халықтың
этно-географиялық ортасына да тəуелді, əсіресе, тəлім-тəрбие беріп,
білім тарататын орталықтармен тікелей қарым-катынаста болаты -
нын» тəптіштеп жазады. Ғалымның тұжырымды ойлары қазақ əдеби
тілін дəуірлеу проблемасын күн тəртібінен алып тастады. Қазіргі
таңда барлық жоғары оқу орындарында Р.Сыздықова оқулығы
оқытылып, ғылыми пікірі негізгі əрі соңғы байлам ретінде пайымда-
лады.