ерсілі-қарсылы жеті өтіп, жеті рет соққанда жеті басы бірдей ұшып кетіп, дәу төңкеріле құлайды. Кендебай дәудің көзін ойып, қоржынға салып алады. Кендебай қайтып келіп, алтын науаны өңгеріп, құлындарын ертіп, жүріп кетеді. Екпініне шаң ілеспей, әйт дегенде, алты қырдан бір-ақ асып, Керқұла ат зымырап келеді. Бір кезде алыстан арыстанның ақырған дауысы естіледі. Кендебай бұл жолы Керқұла атты құлындардың қасына қаңтарып тастап, дауыс шыққан жаққа жаяу жүре береді. Ілгері екі-үш аттағанда, бір леп Кендебайды тартып ала жөнеледі. Бір уақытта Кендебай арыстанның апандай аузын көреді. Кендебайды тартып жатқан соның лебі екен. Кендебай алты құлаш алмас қылышын көлденең ұстай қояды. Алмас қылыш арыстанды екі бөліп, Кендебайды ар жағына бір-ақ түсіреді. Кендебай арыстанның азуын қағып алып, тағы жүріп кетеді. талай белестер, талай таулар бұлдырап артта қалып барады. Бір кезде жер дүниені қап-қара тұман басып кеп кетеді. Тек алтын құйрықтардың сәулесі ғана бұлардың жолын жарық қылып көрсетіп тұрады. Сол екі арада қараңғылық серпіліп жүре бергенде, сылаңдаған бір сұлу қыз шыға келеді. Кендебай атынан түсіп қызға қарсы жүреді. Қыз мұның бетіне ұзақ қарайды да:
- Ұзақ жүріп шаршаған шығарсыз, ордама жүріп, тынығып кетіңіз, - дейді. Жәдігөй кемпірдің қыз болып қарсы алатынын, оның ордасына кірген кісі кері шықпайтынын Керқұла ат айтқан болатын.
- Шаршағаным рас. Демалуға қарсы емеспін, бастаңыз, - дейді Кендебай. Қыз алға түсіп аяңдай бергенде, Кендебай алмасын сермеп кеп қалады, алмас қылыштан от жарқ ете түседі де, дүниені тағы да тұман басып кеп кетеді. Тұман ашылғанда қыздың орнында екі бөлінген кемпір жатады. Кендебай кемпірдің басын кесіп қоржынға салып алады. «Бұл кемпірдің қарамағындағы жерден ұшқан құс, жүгірген аң өте алмайтын. Кемпірдің өлгенін қазір ешкім білмейді. Сондықтан бұл жерге самұрық келмейді. Осы жерде бір үш-төрт күн демалайық», - дейді Керқұла ат. Кендебай сол арада үш-төрт күн тынығып, кемпірдің асыл казынасын жинап алып, Керқұла аттың алдына алтын науаны өңгеріп, алтын құйрықты құлындарды ертіп, аман-есен ханның үйіне жетеді. Хан қуанып үлкен