128
Ұлпалық тосқауыл күрделі де маңызды қызмет атқарады: жеке органдар
торшалары мен ұлпаларын қан құрамындағы заттардан қорғап, оларға қажет
ішкі ортаның құрамын реттейді. Оның қызметі бұзылса ағзаларға əр түрлі
зиянды заттар өтіп, оларда аурулар өршиді. Демек, ұлпалық тосқауылдың
өтімділігі мен тұрақтылығы кез келген органның патогендік əсерге
бейімдігінің немесе қарсы тұру қабілетінің негізінде жатады.
Еркек мал жыныс торшалары мен жүйке жүйесін қорғайтын
тосқауылдардың талғамдылығы мен беріктігі өте жоғары. Мысалы,
таңбаланған риванол ерітіндісін қанға еккенде бауыр, бүйрек, көкбауыр
торшаларының ядролары сəулеленіп, ми мен ен торшалары əсерге
берілмеген. Демек, ең маңызды органдар ұлпалық тосқауылмен мықтырақ
қорғалған.
Организмде ми–жұлын сұйықтығының химиялық құрамы мен физика-
химиялық қасиеттерін реттейтін ми тосқауылының маңызы зор. Аталған
сұйықтық орталық жүйке жүйесінің қоректік ортасы болып табылады.
Зерттеулер жұлын сұйығы құрамы мен қасиеттері жағынан қан плазмасынан
əлдеқайда өзгеше болатынын көрсетті. Қан құрамында кездесетін
ферменттер мен антиденелер жұлын сұйығында байқалмайды. Жұлын
сұйығына құрамы мен қасиеттері жағынан тек жүйке элементтерімен тікелей
жанасатын көз шылауығы мен ішкі құлақтың эндолимфасы ғана ұқсас келеді.
Ұлпалық тосқауылдың морфологиялық негізін капиллярлар эндотелийі
құрайды. Капиллярлар қабырғасы эндотелийіне сұрыптау (селективтік)
қасиет тəн. Бұл тұрғыда ұрық пен ене организмінің арасындағы алмасу
процестерін реттеп отыратын серік тосқауылының құпиялары көңіл
аударады. Серік тосқауылы ұрықтың ішкі ортасын ене организмінен бөле
отырып, заттардың ене қанынан ұрық организміне өтуін ғана реттеп қоймай,
олардың ұрықтан ене қанына кері өтуін де қадағалайды. Бұл тосқауыл
іштөлдің дұрыс дамуына қажетті жағдайлар туғызып, ене организмін
іштөлде түзілетін алмасу өнімдері əсерінен қорғайды.
Ұлпалық тосқауылдың өтімділігін реттеуде кальций иондары маңызды
рөл атқарады. Йодты қосылыстармен немесе дифтерия токсинімен уланғанда
қанға кальций тұздарын ексе, тамырлардан сұйықтардың өтуі төмендеп, ісік
азаяды. Оның себебі капиллярлар эндотелийінің торшалары бір-бірімен
торшааралық ерекше аморфты зат – “эндотелий цементі” арқылы бірігеді.
Кальций иондары осы “эндотелий цементінің” физикалық күйі мен
беріктігіне əсер етіп, тамыр қабырғасының өткізгіштігін өзгертеді. Бұл
“цемент” тамыр эндотелийінің өзінде түзіледі. Оның кальцийлі тұзы
тұрақтылығымен жəне нашар еритіндігімен ерекшеленеді. Демек, тамыр
эндотелийі торшааралық цементтеуші заттарды үздіксіз бөле отырып,
капиллярлар қабырғасының өтімділігін қалыпты жағдайда ұстайды.
Достарыңызбен бөлісу: