129
Лимфа - лимфа тамырлары мен лимфа түйіндеріндегі сұйық зат. Ол
ұлпалық сұйықтың лимфа капиллярларына өтуінің нəтижесінде пайда
болады. Лимфа организмнің ішкі ортасын қанмен байланыстырады. Оның
негізгі қызметі - белоктарды ұлпа аралық қуыстан қанға қайтару. Ол
организмде суды таратуда, сүт түзуде, ас қорыту, зат алмасу процестерінде
маңызды рөл атқарады.
Лимфа жүйесі жайлы алғашқы мағлұматтар тек XVІ ғасырда пайда
болды. Жылқының вена тамырларын зерттеу үстінде Италия ғалымы
Евстафий кездейсоқ жағдайда лимфа жүйесінің көкірек өзегін ашты. Осы
елдің басқа зерттеушісі – Азелий шажырқайдағы ақ тамырларды зерттеді. Ал
лимфа жүйесін терең зерттеулерді Италия студенті Пике атқарды.
Лимфа жүйесі лимфа тамырларынан, лимфа түйіндерінен, көкірек жəне
мойын өзектерінен тұрады. Лимфа капиллярлары құрылысы жағынан қан
капиллярларына ұқсас. Олардың эндотелий табақшаларынан түзілген жұқа
қабырғалары ұлпааралық қуыстарды астарлай орналасады. Лимфа
капиллярлары анастомоздар арқылы жалғасатын каналдар торабын
құрып, біртіндеп лимфа тамырларына айналады. Бұл тамырлардың
арнасында веналардағы тəрізді қақпақшалар орналасқан (50-сурет). Лимфа
тамырларының өте жұқа қабырғасы дəнекер ұлпалар мен бірыңғай салалы ет
талшықтарынан құралған. Олардың ішкі қабығы бір қабат эндотелий
торшаларынан түзілген. Ірі лимфа тамырлары қан тамырлары сияқты
сезімтал жəне қозғағыш жүйке талшықтарымен жүйкеленген.
50-сурет. Лимфа тамырлары мен олардың қақпақшалары.
Ұлпа аралық қуыстардан шыққан сұйық лимфа тамырларына жиналып,
аумақтық лимфа түйіндерінен өтеді де, көкірек жəне мойын өзектері арқылы
қуыс веналарға құйылып, оң жүрекшеде вена қанымен араласады.
Лимфа тамырлары денеде кəріздік (дренаждық) жүйе құрып,
органдардағы торша аралық сұйықтың артық мөлшерін алып шығады.
Лимфа капиллярларының өткізгіштігі жоғары болғандықтан, лимфа
жүйесіне əр түрлі бөгде заттар өтіп кетеді. Олар биологиялық сүзгі қызметін
орындайтын лимфа түйіндерінде сүзіледі де, торлы эндотелийлік
торшалардың
қатысуымен
залалсызданады.
Лимфа
түйіндерінде
лимфоциттер де түзіледі. Жұқпалы аурулар қоздырғыштары лимфа
жүйесімен де тарайды, сондықтан малды тексергенде дəрігерлер лимфа
түйіндерінің жағдайына көңіл аударады.
Достарыңызбен бөлісу: