Пролактин - тек сүт түзу процесін күшейтіп қана қоймай, сонымен қатар
желіннің секрециялық торшаларының өсуіне ықпал жасайды. Ол
белоктардың, майлардың, көмірсулардың синтезін жандандырады.
Соматотропин - күйісті малдарда сүттің түзілуін реттеуде маңызды рөл
атқарады. Тəжірибе үстінде бұл гормонды жасанды жолмен жойғанда,
ешкінің сүттілігі күрт төмендеген. Сол малға соматотропин ексе, оның сүт
түзу қабілеті қалпына келеді. Бұл гормон желіннің секрециялық бездеріне
жанама жолмен - белоктардың, көмірсулардың, майлардың алмасуын
күшейту, олардың қан құрамындағы өнімдерін арттыру арқылы əсер етеді.
Сүттің түзілу процесін қалқанша без гормондары да реттейді. Тиреоидты
гормондар желінде секрециялық торшалардың өсіп-дамуын жандандырып,
сүт түзу процесін күшейтеді. Тироксиннің əсерімен сүт құрамында
иммундық глобулиндер, фосфорлы қосылыстар мен кальций мөлшері
жоғарылайды. Тироксин негізгі зат алмасу процесін күшейтіп, қанда сүттің
алғы заттарының (глюкоза, бета-оксимай қышқылы, ацетат) мөлшерін
арттырады, желін ұлпаларының оларды сіңіруін жақсартады. Қалқанша безді
сылып тастаса, малдың сүттілігі төмендеп, сүт құрамында липидтер мөлшері
азаяды.
Сүт түзу процесіне бүйрек үсті бездері мен ұйқы безі де əсер етеді.
Бүйрек үсті безі гормондары (кортизол) организмде гомеостазды сақтау
арқылы сүт түзуді жақсартады. Бұл бездер гормондары мРНК
транскрипциясын шапшаңдатып, желіннің секрециялық эпителийіне тікелей
əсер етеді. Безді сылып тастағанда желіннің қызметі бұзылып, сүт түзу
процесі тоқтайды. Инсулин гормоны кортизолмен бірлесе отырып, РНК
транскрипциясына жəне альвеолалар эпителийінде белоктардың түзілуіне
ықпал етеді. Сүттену кезеңінде инсулин желіннің глюкозаны сіңіруін
жақсартып, сүт алғы заттарының желін мен басқа органдар арасында
таралуын реттейді.
Достарыңызбен бөлісу: |