11.13. Жыныс бездерінің ішкі секрециялық қызметі
Жыныс бездері əрі экзокриндік, əрі эндокриндік қызмет атқарады: олар
жыныс торшаларын - сперматозойд пен жұмыртқа торшаларын, аталық жəне
аналық жыныс гормондарын бөледі. Жыныс гормондары көбею мүшелерін
физиологиялық тонус жағдайында ұстап, негізгі (бастапқы) жəне қосалқы
(сыртқы) жыныс белгілерін дамытады, еркек жəне ұрғашы малға тəн
мінездерді, жыныстық инстинктерді, жыныстық актыларға қабілеттілікті
қалыптастырып, өніп-көбеюмен байланысты процестерді, организмнің
пісіп-жетілуін реттеуге қатысады.
Жыныс гормондары аталық жəне аналық болып екі топқа бөлінеді. Олар
холестериннің
туындылары
болып
табылады.
Химиялық
көзінің
ортақтығына қарамай аталық жəне аналық бездерде биосинтез процесін
қамтамасыз ететін ферменттердің ерекшеліктеріне байланысты гормон
түзілу процесі екі бағытта өрбиді. Бұл гормондар аталық та, аналық та
бездерде қатар түзіледі, бірақ олардың мөлшері, ара қатынасы бірдей
болмайды. Мысалы, ер адамның тəуліктік зəрінде 3–10 мкг андрогендер
жəне 5–15 мкг эстрогендер болса, əйелдер зəрінде 3–10 мкг андрогендер
жəне 18–36 мкг эстрогендер болады.
Аталық гормондар - андрогендер (грек тілінде andros - еркек деген
мағына береді), еннің аралық ұлпаларындағы Лейдиг торшаларында түзіледі.
Бұл ұлпалар жиынтығын жыныстық жетілу безі немесе пубертаттық без
деп атайды (Pubertas - латын тілінде ер жету, толысу деген мағына береді).
Бездің Сертоли торшаларында эстрогендер түзіледі. Бұл гормондар
гипофизде ФЖГ-ның түзілуін реттеуде маңызды рөл атқарады.
Андрогендерге тестостерон, альдостерон, изоандростерон, дегидро-
изоандростерон т.б. жатады. Олардың арасындағы ең белсендісі –
тестостерон.
Андрогендер анаболизмдік гормондарға жатады. Олар белок алмасуын
жандандырып, бұлшық еттерде белоктың түзілуін жəне жиналуын күшейтеді,
оң азоттық баланс қалыптастырады, денеге салмақ қостырады. Сонымен
қатар, андрогендер анорганикалық фосфордың, сульфаттың, натрий мен
калий хлоридтерінің қорға жиналуын күшейтеді. Андрогендер бауыр мен
ұлпаларда гликогеннің түзілуін бөгеп, көмірсулар алмасуын жандандырады,
денеде майдың жиналуын тежеп, жас малдың өсуін үдетеді.
Андрогендер орталық жүйке жүйесінің функционалдық күйіне де əсер
етеді. Малды піштіргеннен кейін жүйке жүйесінің қызметі өзгеріп, шартты
рефлекстердің қалыптасуы баяулайды, жүйкелік процестердің күші мен
372
жылжымалығы əлсірейді. Сондықтан піштіру əдісін малдың шаруашылыққа
тиімді қасиеттерін дамыту үшін қолданады. Піштірілген мал жуасып, тез
семіреді, олардың етінің сапасы жақсарады, қосалқы жыныс бездерінің
қызметі тоқтап, сыртқы жыныстық белгілер əлсірейді. Тым ерте піштірілген
малдың түтікті сүйектері ұзарып, дене пропорциясы өзгереді.
Аналық гормондар - эстрогендер (oestrogena гректің - oesros - құштарлық
жəне genes - тудырушы деген сөздерінен шыққан) аналық жыныс мүшелерін
физиологиялық тонуста ұстап, жыныстық айналымды, жатыр мен қынаптың
кілегей қабығының күйін, желіннің өсуін реттейді. Эстрогендер (эстрадиол,
эстрон, эстриол) аналық организмге тəн белок пен майдың, су мен
минералды тұздардың алмасу деңгейін қалыптастырады, капиллярлар
қабырғасының өтімділігін жоғарылатады, орталық жүйке жүйесінің қызметін
өзгертіп, малды күйтке келтіреді. Аналық безде гестагендер - сары дене
гормондары мен андрогендер де түзіледі.
Сонымен, эстрогендер биосинтезі кезінде аналық бездің аралық
торшаларында андрогендер де түзіледі. Олар фолликулаларда қуыстың пайда
болуын, овуляция процесін жанжандырады.
Буаздық кезінде аналық бездегі сары денеден бөлінген гестагендер
ұрықтану жəне төл көтеру процестерін реттейді. Олардың ішінде маңыздысы
- прогрестерон, прегненол. Прогестерон буаздық кезінде гипофиздің
гонадотроптық гормондарының түзілуін, фолликуланың дамуын бөгеп,
жатырдың жиырылуын тежейді, ұрықтың дамуына, желіннің лактацияға
дайындалуына ықпал етеді.
Сары дене, эндометрия (жатырдың кілегей қабығы) жəне төл жолдасы
(плацента) релаксин атта гормон да бөледі. Төл көтеру үстінде бұл
гормонның концентрациясы өсе түседі де, мал төлдер алдында ең жоғары
деңгейге жетеді. Релаксин төлдеу (туу) процесінің дұрыс өтуі үшін қажет.
Оның əсерімен шат сүйектерінің байланысы (симфиз) жібіп, жатыр мойны
ашылады.
Буаздық кезінде плацентада эстрогендер, прогестерон жəне плаценталық
немесе хориондық гонадотропин гормондары түзіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |