Жапондар ХІХ ғасырдың екінші жартысында Батысқа есік ашуға мәжбүр болды. Сауда-саттық келісімшартын алға тартып, түртпектеп, маза бермеген Америкамен, Еуропа елдерімен байланысуға амалсыз келісті
Жапондар ХІХ ғасырдың екінші жартысында Батысқа есік ашуға мәжбүр болды. Сауда-саттық келісімшартын алға тартып, түртпектеп, маза бермеген Америкамен, Еуропа елдерімен байланысуға амалсыз келісті. Келіскеннің белгісі, 1871 жылдың 12 қарашасында Мэйдзи үкіметі 107 адамнан құралған экспедициясын АҚШ-қа жібереді. Экспедицияның мақсаты – экономикасы өркен жайған мемлекетті өз көзімен көріп, жақсысын үйрену. Бұл шет елге шыққан алғашқы жапондар еді. 107 адамның 43-і жас қыздар болатын. Ел басындағылар оларды әдейі тілі мен ғылым-білімін үйренсін деген ниетпен жіберіп отыр. Қырық үш қыздың ішіндегі Цуда Умеко деген жеті жасар бүлдіршіннің әкесі шенеунік болатын. Жапонияны модернизациялап, Еуропамен бәсекелес деңгейге жеткізу үшін алдымен қыздарды Америкада оқытып алуды жөн санаған ел үкіметі әр үйдің есігін қағып, «оқытатын қыздарың бар ма?» деп сұрайды. Ешкім келісе қоймаған соң билік тізгінін ұстағандар мен шенеуніктердің қыздары жіберіледі. Шетелге 5-10 жылдық оқуға кеткен оларға императордың бәйбішесі: «Барған елдеріңде Жапонияға қажет мәліметтерді жинай жүріңдер, ешкімнен қарыз алмаңдар, шетелдікпен ұрсыспаңдар», – деген ақылын айтады. Сонымен қатар, оларға азаматтығы мен дінін айырбастамау, шетелдікке тұрмысқа шықпау қатаң тапсырылады.
Қыздардың ең кішісі Умеконың отбасында 12 бала болатын. Әкесі Цудасен кезінде Эдо үкіметінің шетелдегі өкілі қызметін атқарған. Сонымен мұхиттың ар жағына оқуға жіберілген қырық үш қыздың екеуі бір жыл өтпей қайтып оралды. Біреуінің көру қабілеті нашарлап кеткен, екіншісі денсаулығын жоғалтқан. Ал Умеко Вашингтон маңындағы Жоржтаунда тұратын Чарльз Ланмен дегеннің қарауына беріледі. Жапон елшілігінде жұмыс істейтін Чарльз Ланменнің баласы болмағандықтан, жеті жасар Умеконы асырап алды десе де болады. Жапон қызы алты жыл американ мектебінде білім алып, он төртке толғанда «Арчар» деген арнайы мектепке қабылданады. Сөйтіп, Америкада он жыл оқып, оқу мерзімі аяқталған Умеко Отанына оралу керек болады. Чарльз Ланмен әйелі екеуі Умеконы он жылдың ішінде америкалық етіп тәрбиелейді. Умеко Жапонияға қайтқысы келмейді. Тағы бір жыл қала тұруды өтінеді.
Он сегіз жасында, 1882 жылдың қазан айында Жапонияға қайтып келген Умеко ана тілінде бірде-бір сөз білмейтін болып шығады. Тіпті анасымен тілдесе алмайды. Умеконың үлкен әпкесі аздап ағылшын тілін білетіндіктен, екеуінің сөздерін аударумен жүреді. Умекоға жапон үйіндегі дәстүрлі тіршіліктің бәрі жат боп көрінеді. Жапон тағамын аузына алмайды. Бір сөзбен айтқанда, Умеко өзін америкалық ретінде сезінеді. Туған үйіне сіңе алмай, әбден қиналады.
Жапон қызы Америкада сол жақтың ұғым-түсінігін әбден сіңірген еді. Умеко өз елінде американ идеологиясын белсенді түрде жүргізеді. Алдымен Цуда деп аталатын әйелдерге арналған институт құрады.
Умекоға жапон әйелдерінің жағдайы тым төмен боп көрінеді. «Гендерлік теңсіздік орын алған. Көп әйел алушылық әлі де бар. Бұны жою керек» деп есептеген ол. Умеко Аделинге жазған бір хатында былай депті: «Жапонияда әйелдердің жағдайы ер адамдарға қарағанда төмен. Мен әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттырғым келеді». Жапониядағы гендерлік саясаттың тетігін алғашқы боп ұстаған Умеко өмір бойы жапондық өмір салтына бейімделе алмай, ана тілінде сөйлемей өткен. Оның бар мақсаты жапон әйелдерін америкаландыру еді. Ол 1889 жылы АҚШ-тағы Бринмар университетінде де оқыған. Бұл – мансап қуған әйелдерге арналған оқу орны болатын. Умеко Бринмарда оқи жүріп, Озвигор деп аталатын педагогикалық колледжде білім алады. Америка университеті жапон қызына зерттеуші ретінде қалуға ұсыныс жасайды. Жапониядағы ісін жүзеге асыруды ойлаған Умеко екі жылдан соң еліне оралады. Ол Цуда институтын құрмас бұрын әйелдерге арналған ағылшын мектебін ашады. Бүкіл өмірін жапон әйелдерін америкалық үлгімен сауаттандыруға арнаған Умеко алпыс бес жасында дүниеден озған. Жалпы Умекомен бірге оқыған жапон қыздарының барлығы америкалық идеологияның бір-бір тармағын ұстанған. Бірақ ерлердің қоғамдағы рөлі үстем болғандықтан, олар өз мақсаттарын толық жүзеге асыра алмады. Қалай дегенмен, Жапония қырық үш қызын жоғалтқаны анық. Қырық үш қыз дегеніміз қырық үш ана, қырық үш отбасы. Жоғалған емей немене, болмысы бөтен, тілі жат, аты жапон болғанмен, заты басқа.
Шарафат Жылқыбаева ///«Ақ желкен», №6. 2014 жыл