1-тарау. Жалпы ережелер 1. Осы республикалық кәсіби шеберлік конкурстарын ұйымдастыру және өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) республикалық кәсіби шеберлік конкурсын (бұдан әрі – конкурс) ұйымдастыру және өткізу тәртібін анықтайды. 2. Осы қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады: 1) әлеуметтік әріптестер – жұмыс берушілер және конкурсты ұйымдастыруға тікелей көмек көрсететін демеушілер; 2) құзыреттіліктің техникалық сипаттамасы – құзыреттіліктер атауын анықтайтын, сайыс кезеңдерінің жүргізілу бірізділігін, конкурсқа қатысушылардың конкурстық тапсырмаларын бағалау өлшемшарттарын, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникаларының салалық талаптарын, материалдар мен жабдықтарды анықтайтын құжат; 3) Competition Information System, CIS (Компетишн Информэйшн Систем, СИС – байқауға қатысушыларын бағалаудың ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – БАЖ). 2-тарау. Республикалық кәсіби шеберлік конкурсын ұйымдастыру және өткізу тәртібі 3. Конкурсты ұйымдастыру және өткізу үшін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі конкурстың ұйымдастыру комитетін (бұдан әрі - Ұйымдастыру комитеті) құрады. Ұйымдастыру комитетінің құрамы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің (бұдан әрі - Министр) бұйрығымен бекітіледі. Конкурстың ұйымдастыру комитетінің құрамына Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) өкілі, Министрліктің қарамағына жататын ұйымдардың, облыстардың, Астана, Алматы қалаларының білім беру басқармаларының, тиісті қызмет салаларының жұмыс берушілер бірлестіктерінің және жұмыс берушілердің өкілдері кіреді. 4. Ұйымдастыру комитеті республикалық мерзімді басылымдарға және Министрліктің интернет-ресурсына конкурстың өткізілетін уақыты, күні және орны туралы, өтінім қабылдаудың басталу және аяқталу мерзімі туралы хабарлама жібереді. 5. Конкурсқа облыстардың, Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары өткізетін облыстық конкурстың жеңімпаздары (бұдан әрі – конкурсқа қатысушы) қатысады. Конкурсқа қатысушы Ұйымдастыру комитетіне мынадай құжаттарды ұсынады: 1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша конкурсқа қатысуға өтінім; 2) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өңірлік деңгейдедегі конкурстық комиссия отырысының хаттамасының көшірмесі 3) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; 4) 3х4 сантиметр көлеміндегі 4 фото сурет; 5) мінездеме – жіберіп отырған техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының ұсынымы; 6) "Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттар нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген) 086/Е нысаны бойынша анықтама; 6. Ұйымдастыру комитеті осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген құжаттардың толықтығын тексереді. Толық құжаттардың жиынтығын ұсынған конкурсқа қатысушыларға қатысуға рұқсат етіледі. Осы Ереженің 5-тармағында көрсетілген толық емес құжаттардың жиынтығы ұсынылған жағдайда, түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күн ішінде құжаттар қайтарылады. Ұйымдастыру комитеті хабарландыруда көрсетілген құжаттарды ұсынудың соңғы мерзімі аяқталған күннен кейін 5 (бес) жұмыс күн ішінде конкурсқа қатысушылардың тізімін жасайды. 7. Конкурс 1 (бір) кезеңнен тұрады. 8. Конкурстық тапсырмаларды құру және оларды бағалау өлшемшарттарын, алаңдарды салу өлшемшарттарын әзірлеу үшін, Министрдің бұйрығымен бекітілген сарапшылар кеңесі құрылады. Сарапшылар кеңесі әлеуметтік әріптестердің өкілдерінен, орта білімнен кейінгі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өндірістік оқыту шеберлерінен құрылады. 9. Ұйымдастыру комитеті жарыстың басталуына дейін 3 (үш) күнтізбелік күннен кешіктірмей үй-жайларды және конкурстық орындарды дайындауды (салуды) қамтамасыз етеді және конкурс басталмас бұрын 1 (бір) күн бұрын қатысушыларға жұмсалатын материалдармен, құралдармен, жабдықпен қамтамасыз етеді. 10. Конкурстың басталуына дейін 1 (бір) сағат бұрын сарапшылар кеңесі Ұйымдастыру комитеті бекіткен конкурстық тапсырманы бағалау өлшемшарттарына қатысушыларды таныстырады, оларды конкурстық тапсырмаларды, еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқауларды ұсынады. 11. Осы Ереженің 5-тармағында көзделген ұсынылған құжаттарды және конкурстық тапсырмаларын орындау нәтижелерін бағалау үшін Министрдің бұйрығымен конкурстық комиссия құрылады. Конкурстық комиссия құрамына белгілі бір мамандық бойынша кемінде 3 (үш) сарапшыдан тұратын конкурстық комиссияның төрағасы мен мүшелері кіреді. Конкурстық комиссия мүшелерінің саны тақ сан. Конкурстық комиссияның хатшысы конкурстық комиссия отырысының хаттамасын жүргізеді және конкурстық комиссияның мүшесі болып табылмайды. 12. Конкурстық комиссияның мүшелері конкурстық тапсырмаларды орындағаннан кейін конкурстық комиссияға конкурсқа қатысушылардың конкурстық тапсырмаларды орындауы туралы қорытындысын (бұдан әрі - қорытынды) (ерікті нысанда) ұсынады. 13. Байқау комиссиясының мүшелері сарапшылардың ұсынған пікірлері негізінде конкурс қатысушыларын БАЖ-ды пайдалана отырып, құзыреттердің техникалық сипаттамаларына сәйкес бағалайды. 14. Конкурстың жеңімпаздары әрбір мамандық бойынша бірінші, екінші және үшінші орындарды иелену арқылы конкурстық комиссияның шешімімен еркін конкурстық комиссия отырысының хаттамасымен ресімделеді. Жеңімпаздар дипломдармен марапатталды.
Республикалық кәсіби шеберлік конкурстарын ұйымдастыру және өткізу қағидаларына 1-қосымша