Қаһарланса, қылады ол жермен-жексен ғаламды,
Зілзала боп жер мен көк, болар дүние қараңғы.
Рақым қылса, біліңіз, жолықтырар кенішке,
Шетсіз-шексіз нығымет жеткізеді періште.
Сыйпатына Расулдің сөз жете ме, дариға,
Анасының есімі мүбәрәктің – Әмина.
Абдолла-дүр атасы, Хақ бұйрығы жеткен-дүр,
Тумай тұрып Расул – ол фәниден кеткен-дүр.
Мұхаммедті асырап, сақтап еді бабасы,
Аш-арыққа қашанда тиген оның панасы.
Есіңде ұста есімін, бабасы – Абдулмүтәліп,
Жадыңда әркез жаңғыртып, тілге дәйім тұталық.
Бабасының атасын біл тағы да – Һашим-ді,
Естілгенде сол есім ағызады жасымды.
Ал әкесі Һашимнің – Абдулманап ныспысы,
Мұны білген жандардың саф болады іш-тысы.
Расулді кім егер білсе төрт-бес жасынан,
Қияметте жай табар сегіз бейіш қасынан.
Жеті жаста Мүбәрәк жерге берді бабасын,
Паналады содан соң әкесінің ағасын.
Әбутәліп дүр еді ол – Әлі-Шердің атасы,
Күллі арабтың ұлығы, қабыл болған батасы.
Әбутәліп табылды барлық істің басынан,
Мұхаммед те екі елі қалмаушы еді қасынан.
Сөйтіп жүріп Мұхаммед жасқа жетті он жеті,
Хадишаның жүзіне түсті нұр боп келбеті.
Мұхаммедке кез келсең, – айтар едің сұңқар деп,
Хадиша оны көргеннен зар иледі іңкәр боп.
Махаббаты аударды Хадишаның тілегін,
Мұхаммедке ғашық боп өрт шарпыды жүрегін.
Күн-түн жылап Құдайға, жасы айналды бұлаққа,
Көріп Құдай көз жасын, жетті ақыры мұратқа.
Көріңіздер Құданың келтірген бұл жүйесін,
Мұхаммедке баққызды Хадишаның түйесін.
Достарыңызбен бөлісу: |