Дүние – нәжіс, иттей жортып безіп жүрмін,
Соны қудым, сезім – құрдым, өзім – құлмын.
Әмірін тұтпай, Хақ жолына көзім жұмдым,
Ая, достар, енді қайда бардым мән-а?
Нәпсі, шайтан қылды тұтқын адам ұлын,
Жүрегінен ұрлап алды сана-мұңын.
Оң-сол білмес қара құлың – қарағұрым,
Уа, дариға, қасірет уға қандым мән-а!
Мендей сұм жоқ, – шарласаң да бұл ғаламды,
Хақтан безіп, бизар қылдым күллі адамды.
Жүзім – қара, жаным енді тұл-қараңғы,
Уа, Жасаған, бұлай неге болдым мән-а?
Ғазиздерге иілмедім, – көн боп тұлғам,
Ішкі-сыртқы құлшылыққа бермеппін мән.
Хақ дәргейі не күтеді көр-бет сұмнан?! –
Иә, Раббым, не қылсаң да келдім мән-а.
Тағатым жоқ, күнәм шексіз, – азабым бұл,
Тәуба қылып жеткен жерім – базарың-дүр.
Рахметіңмен Қожа Ахметке назарың бұр,
Не қылсаң да сорлы басым – көндім мән-а!
Достарыңызбен бөлісу: