Ол бір дерт қой ей, достарым, шарасы жоқ.
Ғашық
оты бермес, сірә, жанға шыдам,
Жаны күйсе шығар түтін ағзасынан,
Бауырын оның шұрық тесік қып қан жосыған,
Сыртқа, бірақ көрініп тұрған жарасы жоқ.
Кім не таппақ – Құдай болмай дерт-құмары! –
Көбелекті махаббаты мерт қылады,
Көре тұрып өзін-өзі өртке ұрады,
Пайда-зиян дегенмен еш шаруасы жоқ.
Бұрылмасаң шайтан салған ізден қырын,
Ей, бейхабар, із қалмайды сізден де ырым.
Сан керуен сапар шеккен бізден бұрын,
Бұл – опасыз фәни жалған, таласы жоқ.
Хаққа жеткен даналардан жолды сұра,
«Илл-Алламен» қарсы алғайсың таңды, сірә.
«Һу» сұхбатын құрған жерден жанды шыра,
Нұрмен шайған жүректердің қарасы жоқ.
Құл Қожа Ахмет айтты, достар, есті мұны,
Қап тауындай тастар тисе – өшті мұңы.
Зар еңіре – естілгенше Достың үні,
Олла-биллә, ғашық дерттің дауасы жоқ.
Ғарасат майданы
«Куллу ман алайһа фанин» – Құранда мән:
Өледі екен басқа жан Бір Алладан.
Исрафыл сүр үрлеп, келер тағы
Көрден бәрі тіріліп шығар заман.
Елу мың жыл тұрғанда көр-ошақта,
Сүрген кезде содан соң арасатқа,
Жалаң аяқ, жалаң бас – ала-соқта,
Адам ұлын есті алып, сынар жаман.
Басты Сауал: жандағы тазалығың,
Екінші есеп: намазың – қаза-жүгің,
Хақтан сонда үн келер жан езілер:
«Көтер басты, хабибім!» – дер Жаратқан.
«Дәргейіме алып кел үмбетіңді,
Кешірейін, көрсетіп құрыметімді.
Жәннатыма кіргізем міллетіңді» –
Деген Хақтың даусынан дәме кірер.
Ғұламалар көзінде шыра жанар,
Тәңір тағы сол жерде сынақ алар:
«Жазаламау бұзықты күнә болар!?» –
«Кеше гөр!» – деп Мұхаммет зар еңірер.
«Бәсі бір ме бұзық пен ғұламаның? –
Жәннатыма кіргізсем, сірә, бәрін –
Аударайын өзіңе күнәларын!» –
Десе Тәңір, Расул мәз болады.
Мұса менен Расул: «Жүр, – деп, – бері,
Һай кешті, – деп, – күнәһар үмбеттерін!» –
Шат боп бастар Жәннатқа дүрмектерін,
Жұпар аңқып бар ғалам жаз болады.
Құл Қожа Ахмет мұны айтты қияметтен,
Бұл – хикмет.
Сөз деме қиял еткен.
Оны ұлы кітаптар зиялы еткен, –
Қанша дұға қылсаң да аз болады!
Достарыңызбен бөлісу: