Жартылыстану институты



бет3/3
Дата17.03.2023
өлшемі146,72 Kb.
#75287
1   2   3
Байланысты:
Эльдана Зоология

Қорытынды

Буылтық құрттар – денесі шұбалаңқы, үш қабаттан тұратын көпжасушалы жәндіктер. Олардың денесі буылтықтарға бөлінген, соңғы қуысы бар, екіжақты симметриялы болып келеді. Денесі сақина тәрізді буылтықтарға бөлінгендіктен, бұлар буылтық құрттар типідеп аталған. Бұлардың 9 мыңға жуық түрлері теңіздерде, тұщы суларда, құрлықта мекендейді. Тип бірнеше кластарға жіктеледі, түрлердің басым бөлігі үш класқа жіктеледі, олар: азқылтанды құрттар, көпқылтанды құрттар және сүліктер.



Буылтық құрттардың сан алуандығы:
1 – шұбалшаң; 2– сүлік; 3 – нереида
Буылтық құрттар типіне жататын жәндіктердің негізгі ерекшеліктері. Буылтық құрттардың бұған дейінгі жәндіктерден негізгі ерекшелігі – дене қуысының екінші рет қайталануы. Сондай-ақ оларда тұңғыш рет тұйық қанайналым жүйесі пайда болған. Қажетсіз заттарды бөлетін әр буылтықта зәршығару мүшелері бар. Соңғы қуыс – целомдеп аталады. Целом аралық қабаттан пайда болған. Қуысқа толған сұйықтықты дене қабырғасын құрайтын бұлшықеттер – мезодерма қоршап тұрады. Соңғы қуыс дене қабырғасы мен ішектің аралығына орналасады. Жәндіктер бұлшықеттердің көмегімен қозғалып жүреді. Ал ішек қабырғасындағы бұлшықеттер алма-кезек жиырылып, ішек ішіндегі асты орнынан жылжытады.

Буылтық құрт денесінің көлденең кесіндісі
Құрттар денесіндегі соңғы қуыстың қызметі:
1) қозғалыс кезінде тірек болып, сұйықтық күйдегі қаңқа қызметін атқарады; 2) ішектің және дене қабырғасының өз алдына жеке жұмыс атқаруына мүмкіндік жасайды; 3) ішкі мүшелердің және дененің мөлшері жағынан едәуір ұлғаюына көмектеседі; 4) қуыс ішіндегі сұйықтықтың көмегімен құнарлы заттарды, зат алмасудың соңғы өнімдері мен газды тасымалдайды; 5) зат алмасудың соңғы өнімдері мен сұйықтықтың артық мөлшері жинақталатын орын бола алады; 6) ағзадағы қысымды реттеуге қатысады.
Дененің біркелкі буылтықтарға бөлінуі – буылтық құрттардың сыртқы құрылысындағы ерекшелік. Сақина тәрізді бұл бунақтар жәндіктің сыртында ғана емес, ішкі жағында да айқын көрінеді. Ішкі бунақтарда жәндіктің көптеген ішкі мүшелері қайталанады.
Буылтық құрттарда қантарату жүйесі жақсы дамыған. Олардың көпшілігінде қанның түсі қызыл болады. Қан жәндіктің дене қуысына құйылмай, қан тамырлары арқылы ағатындықтан, қантарату жүйесі – тұйық жүйе. Қантарату жүйесі арқа және құрсақ қан тамырларынан құралады. Қанның ағуын арқа және құрсақ қантамырларын сақина тәрізденіп жалғастыратын «жүрекше» реттейді. Қан дененің артқы бөлігінен арқа қантамыры арқылы – алға жылжиды. Сөйтіп құрсақ қантамыры арқылы кері бағытта қозғалады. Қаны түссіз немесе жасыл түсті буылтық құрттар да бар.
Буылтық құрттардың жүйке жүйесі жұтқыншақ маңындағы бірімен-бірі жалғасқан екі жұп жүйке түйінінен және қатарласа созылған құрсақ жүйке тізбегінен тұрады. Үстіңгі екі түйін – жұтқыншақүсті жүйке түйіні. Ал астыңғы екеуі жұтқыншақасты жүйке түйінідеп аталады. Жүйке түйіндері жұтқыншақ маңында бірімен-бірі сақина тәрізденіп жалғасады. Құрсақ жүйке тізбекшесі жұтқыншақасты жүйке түйінінен созылып, буылтықтардың әрқайсысында жүйке түйінін түзеді. Жүйкелер әр буылтықтағы жүйке түйіндерінен денеге және мүшелерге тармақталып таралады.
Сүлік – буылтық құрттар типіне жататын арнайы кластың өкілі. Сүліктердің құрылысы мен тіршілік әрекеті ерекше назар аударады. Сүліктердің бас бөлігі нашар ажыратылады. Олардың денесінде буылтықтары болады. Бірақ буылтықтар саны ішкі бунақтарға сай келмейді. Қылтандары да жоқ. Сүліктер – қосжынысты (гермафродит) жәндіктер. Жұмыртқасын пілләге салады. Тура дамиды – ұрықтанған жұмыртқалардан жас сүліктер өрбиді.
Сүліктер – паразиттік жолмен де, жыртқыштықпен де тіршілік ететін жәндіктер. Олардың негізгі қорегі – әр түрлі су жәндіктері: былқылдақденелілер, бунақденелілердің дернәсілдері. Сондай-ақ өзге сүліктер, итшабақ және балық шабақтары, омыртқалы жануарлардың қанымен де қоректенеді. Сүліктер суда тіршілік етеді. Сүлік денесінің алдыңғы және соңғы ұштарында сорғыштары болады. Алдыңғы сорғышында үш тісті аузы бар. Суда кездескен адамға немесе омыртқалы жануарларға дененің алдыңғы жағындағы сорғышымен жабысады. Ол жануардың денесін тістеген кезде теріде үш бұрышты із қалады. Өткір тістер теріні теседі. Сүлік тіс орнынан аққан қанды сорады. Қан соратын сүліктің жұтқыншағына арнаулы бездерден «гирудин» деп аталатын ерекше зат бөлініп шығады.
Бұл зат қанды сұйылтады, сондықтан жара аузындағы қан ұйымайды. Халықтық медицинада гирудиннің осы қасиеті пайдаланылады. Сүлікке вена бітелгенде, жүрек бұлшықеттері жансызданғанда, миға қан құйылғанда, емдік мақсатта пайдаланып, адамның қанын сорғызады.
Көпқылтанды буылтық құрттардың басым бөлігі суда тіршілік ететіндіктен, теңізде маңызды рөл атқарады. Олар балдырлармен, ұсақ жәндіктермен қоректенеді. Ал өздері суда мекендейтін балықтарға, шаянтәрізділерге және басқа да теңіздегі мақұлықтарға жем болады.
Азқылтанды буылтық құрттар, әсіресе топырақта, сондай-ақ тұщы суларда мекендейді. Топырақта тіршілік ететін шұбалшаңдардың маңызы ерекше. Олар топырақтан терең ін қазып, топырақты ауамен, ылғалмен байытады. Бұл әрекет топырақтағы микробтардың белсенділігін арттыруға көмектеседі. Өсімдіктер тамырының топыраққа тереңірек бойлап, бекінуіне жәрдемін тигізеді. Шұбалшаңдар – нағыз топырақ қопсытқыш жәндіктер. Сондай-ақ шұбалшаңдар – үй құстары мен балықтардың жемі. Суда тіршілік ететін азқылтанды буылтық құрттардың да пайдасы зор. Олар су түбіндегі тұнбаны ішегі арқылы өте көп мөлшерде өткізеді. Сөйтіп суқойма түбіндегі топырақ қабатына ықпалын тигізеді. Сонымен бірге азқылтанды құрттар өсімдік шірінділерімен қоректенеді. Демек олар суқоймаларын өсімдіктердің шірінді қалдықтарынан тазартуда да маңызды рөл атқарады.
Пайдаланылған әдебиет:
Дәуітбаева К.Ә “Омыртқасыздар зоологиясы”.Алматы 2004
Қазақ Энциклопедиясы"
Орысша-қазақша түсіндірме сөздік:
Қ.Қайым,Б.Муханов,Р.Сәтімбекұлы,М.Шаймарданқызы, "Жануартану"(1998)

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет