Данар Нөкетаева
Гендералогиялық мәселелер
Жалын Н 10 199 2021
Романда көтерілген мәселенің актуальдығы мен көкейкестілігі жөнінде әдебиеттанушы С. Садуақасов: «Меніңше, Міржақыптың «Бақытсыз Жамалы» да -ескірмеген ескі мұраның бірі. Бақытсыз Жамал -сүйгеніне тие алмаған қазақтың сорлы қызының бірі. Оны бақытсыз қылған - малына сенген таз Жаман. Осы күні «Бақытсыз Жамал» тіл жағынан болсын, ескірді ме, жоқ па? Қазақтың әйелі түгелімен теңдік алып болды ма? Жоқ па? Әлі де ел ішінде «Бақытсыз Жамал» бар. Өлкелік Комитет жанындағы әйелдер бөлімі «Бақытсыз Жамалды» қайта бастырып шығарса, олар көп «обал» істемес еді. Сондықтан ескіден қалған мұрадан біз ешуақытта жерімейміз. Керегін аламыз, керексізі қалады» («Еңбекші қазақ», 15.2.27).
1910 жылы Қазанда басылып шыққаннан кейін роман тез таралып кетеді. Қазақстанның түкпір-түкпірінде Жамалмен тағдыры бір қазақ қыздарының ауыр халі жөнінде жанашыр үн көтеріле бастайды. Бұл «Бақытсыз Жамалдың» ойлы деген қазақ жастарына жасаған игі дүмпуі еді. Сондай-ақ, Оралда, Қарқаралыдағы Қоян- ды жәрмеңкесінде, Атбасарда оқыған қазақтар сауық кештерде «Бақытсыз Жамал» инсценировкасын қояды. 1910 жылы Қызылжар сахнасында «Бақытсыз Жамал» романы бойынша жасалған пьесаны М. Дулатовтың талантты шәкірті -жас ақын Мағжан Жұмабаев қояды.
Жұлдыз журналы 11 1993
Марат Әбсеметов Қазақтың тұңғыш романы
1914 жылы «Айқаптың» 15-санында журнал тілшісі М. Кәшімовтің «Қытай қазақтары арасында» аталған жолжазбасында «Бақытсыз Жамалға» қатысты өте қызық мәлімет беріледі. Тілші қазақ жері шетіндегі алыс ауылдан романды оқыған сауатты қазақ қызын жолықтырады; «…Осы күнде шығып жүрген жаңа өлең кітаптардан көп оқимын. Солардың ішінде сүйіп оқитыным- «Бақытсыз Жамал». Бірақ Міржақып мырзаның «Бақытсыз Жамал» кітабының аяқ жағындағы көңілді өте ренішті қалдырып кететін жері бар. Қызды алып қашқан Ғали мырзаның нағашысына барған жерде, дүниеден қайтқаны, Жамалдың боранда адасып үсіп өлгені. Тап осы жеріне келгенде үлкендерден рұқсатсыз, ата-анасының ризалығы- нан басқа сүйгенімен кеткен қыздар, ата-анасының жауыз дұғасының кесірінен соңыра апатқа ұшыраған болып табылады. Сол жерін оқығанда біздің рұқсатымыздан басқа жаққа кетсеңдер сондай пәле, қазаға жолығасыңдар деп құлаққа ызыңдап бір дауыс келіп тұрғандай болады. Біздің қазақ қыздарының көбі теңіне бара алмай жүргені белгілі. Ал Міржақып мырза, Сүйгендеріңізбен қашсаңдар, сондай пәлеге жолығасыңдар, дегендей қылып кітабына жазып отыр. Мұнысы қалай? Басын әп-әдемі көңілді көтеріп жазып, аяғында қайратты шегергендей, көңілді қайтарғандай, кәрілердің дұғасы қабыл болғандай қылып көтеріп келеді. Мұнысын мен қолайсызырақ көремін. Бұған сіз не айтасыз деп менен сұрады. Мен жартымды жауап бере алмадым. Өз бастарыңызда болмаған соң ондай романды көңіл қойып оқымайсыздар ғой Болмаса ендігі ол туралы бірер сөз жазушылар да болар еді. Менің ойым: Міржақып мырза, әдейі теңіне қосып алып қаштырған соң, Жамалды мұратына жеткізіп, бақытты етіп көрсетіп, кітабының атын да «Бақытты Жамал» деп қою керек еді». «Айқап» тілшісі М. Кәшімов таңданса, таңданатындай қызық пікір. Октябрь алдындағы қазақ қыздарының қоғамдық санасы қаншалықты өскендігін көрсететін факт. Қаламгер романын кейін сынға ұшыратушылар негізінен осы пікірді ұстанған.
Достарыңызбен бөлісу: |