Эстетикалық мәдениетті өнер құралдары арқылы қалыптастыру. Адамның көркемдікті қабылдау қабілеті өнер арқылы мейілінше жетіледі. Кез келген өнер адам еңбегінен туындап, кейінгі тарихи даму барысында материалдық өндірістен ажырап, арнайы іс-әрекет түріне бөлініп, қоғамдық сананың бір формасы ретінде дамыды. Өнер адамның болмыс шындығына деген эстетикалық қатынасын бейнелейді.
Мектептегі өдебиет, музыка, бейнелеу өнері пәндері көркемдіктің негізін қалайды. Педагогикада жеке тұлғаның өнер құралдары арқылы эстетикалық дамуын көркемдік тәрбиесі деп атайды. Көркемдік тәрбиесі тікелей өнер туындыларына сүйене отырып, адамның сұлулықтың түрлі қырын қабылдай білуге тәрбиелейді. Әр адам кәсіби суретші немесе өнер танушы, зерттеуші болмаса да, өнер туралы белгілі көлемде түсініктері болуы тиіс.
Әдеби көркем шығармаларды оқу, оны сезіну үшін оқушының оқу мәдениетін арттыру қажет. Оқушылар әдебиет сабақтарында көркем шығармалардағы кейіпкерлерді көзге елестете отырып, олардың мінез-құлқындағы ерекшеліктерді сезініп, сан-алуан әрекеттерінің төркінін түсініп, оларды ой елегінен өткізіп, сипаттама беруге үйренеді. Әдеби көркем шығарманы оқу мәдениетін меңгеру барысында, оқушы оқыған шығармасы туралы ойланып, оның неге үйрететінін, қандай көркем құралдар арқылы жазушы оқырманның сезіміне терең әсер еткенін түсінеді.
Оқушылардың көркемдік талғамының артуы, оларды эстетикалық әрекетке бағыттап, әсемдікті өмір бойы сезінуге дағдыландырып, оны өмірде қолдануға бейімдейді. Кез келген шығарманы баяндау барысында оқушы өз ойы мен сезімін қоса отырып, кейіпкердің көңіл-күйін суреттейді. Осындай кішігірім сезімдік дағдылар арқылы оқушы сезімі мен талғамы жетіліп отырады.
Жас буынды өнер сүюге баулуда айырықша орын алатын – айтыс. Айтыс өнердің ақындық мектебін қалыптастырады. Бүгінгі айтыскерлік дәстүрді таныту, оның тәрбиелік мәнін түсінуге оқушыларды тәрбиелеу. Оқушылардың айтысын өткізудің, жеңіл тақырыптарды жырлауға баулып, сөз өнеріне, шешендікке тәрбиелеудің ұлттық ақыл-ой жүйесіне ықпалын қолдану.
Сөз өнері, сөз құдыреті, тіл тазалығы, көркемсөз туралы оқушылар түсінігін қалыптастырып, мәнерлі таза, мәдениетті сөйлеуге, шешендік өнер мен ақындыққа бейімдеудің маңызын түсіндіру.
Қазақ халқының көне музыкалық аспаптарымен таныстырып, домбыра, қобыз, шаңқобыз, жетіген, керней, адырна, тұяқтас, дауылпаз, сазген, асатаяқ, дабыл, уілдек, шартылдауық, дүңгіршек секілді аспаптарының ұлттық және фольклорлық болып екі топқа бөлінетінін түсіндірген жөн. Қорқыт ата есімімен, Кетбұғының “Ақсақ құлан” күйімен, Т.Молдағалиевтің “Боз інген” поэмасының аңыздар мазмұнымен байланысты тууы, оларды балар жүрегіне жеткізудің тәрбиелік мәніне тоқталуға болады.
Қазақтың әйгілі күйшілерінің тарихтағы, мәдениеттегі орны. Асанқайғы, Қазтуған, Байжігіт, Абылайхан, Махамбет, Боғда, Тәттімбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл, Қазанғап, Дина, т.б. күйшілік өнерімен таныстыру.
Құрманғазы атындағы Мемлекеттік халық аспаптары оркестірінің мәдени өмірдегі орнын, оны ұйымдастырудағы А.Жұбановтың еңбегі.
Жырау, сал-сері, суырып салма ақын туралы балалар түсінігін тереңдетудің қажеттігі.
Музыкалық тәрбиенің негізі - хормен ән айту арқылы ерлік және лирикалық сезімді дамытуды, музыкалық талғам, ес-жады, үйлесім, ән айту дағдысы мен көркемдік талғамды қалыптастыруды қамтиды. Мектептегі ең басты нәрсе - оқушыларды музыкалық шығармаларды тыңдауға және алғашқы музыкалық сауаттылыққа үйрету.
Жас ұрпақты көркем мәдениетке тәрбиелеу бейнелеу және сәулет өнері арқылы да дамытылады. Бейнелеу өнері оқушылардың көркемдік ойын, шығармашылық қиялын, көргенін есте сақтау, кеңістікті қабылдау, бейнелеу қабілеттерін дамытады. Ол үшін балаларға бейнелеу сауаттылығы мен сурет салу, сұңғат, мүсіндеу, қолданбалы-қол өнерімен айналысу дағдыларына үйрету көзделеді. Шындықты бейнелеу үшін оқушы қолданатын материалдың сапалық жағы, түсі - сызбасы-көлемі, жарық рең бере білу, ырғақ, форма, пропорция, кеңістік, композиция тәрізді көркемдікті бейнелейтін құралдарды қолданады.
Педагогикалық процесте ұлттық бейнелеу өнер туындыларымен бірге басқа халықтардың озық үлгідегі көркем туындыларымен таныстырып, суретшінің көркем ойын түсіну, көркем мазмұн мен оны бейнелеу формасының байланысын, көңіл-күйге ықпал ететін көркем туындыларға сұлулық қатынасын тәрбиелеу.
Өнер туындыларының өміршеңдігін оқушылардың санасында қалыптастыру үшін түрлі тақырыптар көлемінде, мысалы, Қ.Телжанотың «Бүркітпен аңға шығу», М.Қисамединовтың «Махамбет» картиналары, Х.Наурызбаевтың «Құрманғазы» атты мүсіні, Құрманғазының «Кішкентай» күйлерімен Х.Ерғалиевтің «Күйші» поэмасымен таныстыратын тәрбие сағаттарын белгілеуге болады.
Сабақтан тыс уақыттағы оқушылардың эстетикалық мәдениетін қалыптастыру жұмыстарын ұйымдастыруда әңгіме, дәріс, дөңгелек үстел, мәдениет университеті, өнер қайраткерлерімен кездесу, т.с.с. Музыкалық фонотека жинақтау, қазақ өнер шеберлерінің түрлі саладағы музыкалық шығармаларын жинақтау, оларды тыңдау, түрлі өнер саңлақтарының шығармашылық өмірімен танысу, олардың ерекшеліктерін білу. Ерлік пен лирикалық музыкалық әндер арқылы балалардың рухын шыңдап, олардың эстетикалық мәдениетін арттыру жүзеге асырылады.
Кино, теледидар, бейне фильмдерді оқушылардың тәрбиесінде педагогикалық тұрғыдан басшылық жасап, эстетикалық мәдениетін жетілдіруге болады.
Сонымен, эстетикалық тәрбие тұтас педагогикалық процестің құрамды бөлігінің бірі ретінде оқушының эстетикалық мәдениетін қалыптастырып, өз өмірін сұлулыққа негіздей білуге үйретеді.
Достарыңызбен бөлісу: |