Қазақстан халқы Ассамблеясы — 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылған Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жариялады. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялы мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді. Аталған бастама мәдениетаралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болып табылды.
Жиырма жылдық тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Оның дамуы барысында Қазақстанда этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйымдастырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде Ассамблея ел Президенті Төрағалық ететін конституциялық орган болып табылады. Бұл оның ерекше мәртебесін айқындайды. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан – 2050» Стратегиялық бағдарламасында Қазақстан Халқы Ассамблеясының мәдениеттер үндесуінің бірегей еуразиялық үлгісі болғандығын, Қазақстанның жаһандық конфессияаралық үн қатысу орталығына айналып отырғанын атап көрсетті. Олай болса, этникалық, мәдени және діни әралуандыққа қарамастан, елімізде бейбітшілік пен саяси тұрақтылықты сақтауда маңызға ие жас ұрпақты көпмәдениеттілікке тәрбиелеу бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Бұл бірегей институт еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуының мақсатына айтулы үлес қосып келеді. Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан, әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады.
Сонымен, жетекші этнос – қазақ этносының маңына топтасқан этностық
топтар, этностық диаспоралар бүгінде Қазақстанда тұрып, өз салт-дәстүрін сақтай отырып, өзгенің де мәдениетін бойына дарытып отыр. Қазіргі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған этномәдени бірлестіктердің саны 800-ден асады, оның ішінде 28-і республикалық, 15 тілде газет-журнал, 8 тілде радиобағдарламалар, 7 тілде телебағдарламалар шығады. Білім беру толықтай өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізілетін 88 мектеп жұмыс істейді. 108 мектепте 22 этностың тілі жеке пән ретінде жүргізіледі. Сонымен қатар ересектердің өз ана тілдерін меңгеруіне де мүмкіндік жасалған, осыған орай этностық бірлестіктер жанында 195 этнобілім беру орталығы, жексенбілік және лингвистикалық мектептер жұмыс жасайды. Қазақ және орыс театрларын қоспағанда, елімізде өзбек, ұйғыр, корей және неміс театрлары жұмыс істейді. Әр жыл сайын Қазақстан этностарының тілдерінде бірнеше ондаған кітаптар жарық көреді. Жыл сайын халықтық мерекелер 22 Наурыз – Жыл басы, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, сондай-ақ масленица, сабантой, т.б. мейрамдарды тойлау дәстүрге айналды. Егер мемлекеттің қалыптасу кезеңінде басты міндет этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісім негізінде қоғамды ұйымдастыру болса, ел дамуының жаңа кезеңінде стратегиялық басымдық ретінде қоғамның барлық азаматтары мойындаған ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген Ұлт Бірлігіне жету болып табылады. Сондықтан 2010 жылы сәуірде азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттардың, азаматтардың сындарлы ұсыныстарын жинақтаған Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасы қабылданды. Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасы – халықтың уақыт талабына сәйкес бірігу қажеттігін түсінуіне негіз. Бұл – бізді қандай күш біріктіреді және біртұтас етеді - соны түсінудің тәсілі. Бұл – болашаққа бірігіп ұмтылудың серпіні. Этносаралық қатынастар жүйесінде мемлекеттік тіл – қазақ тілі – ел бірлігін қалыптастырудың маңызды факторы болып танылған. Сондықтан да Ассамблея қызметінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту маңызды орынға ие.
Ассамблея қызметі этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешіп келе жатқан ел ретінде Қазақстан Республикасының халықаралық беделінің өсуіне ықпал етіп отыр. Бүгінде Қазақстандағы этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім үлгісі әлем назарын аударып отыр. Қазақстандық үлгі Біріккен ұлттар ұйымында, ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдерде, Копенгагенде, Венада, Женевада, Нью-Йоркте өткен халықаралық форумдарда таныстырылып, оң бағаға ие болды, ЕҚЫҰ-ға қатысушы 56 мемлекет тіліне аударылды. Қазақстандағы қоғамдық келісім үлгісіне қызығушылық танытушы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар саны күн санап артып келеді.