Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар: 1 Ұлттық психологияның компоненттері: ұлттық сана-сезім, ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүр, ұлттық талғам және ұлттық мінез туралы баяндаңыз.
2 Қазақ этнопедагогикасындағы ұлттық философияның орны туралы баяндаңыз.
3 Қазақ философиясының басты элементтерін атап, түсініктеме беріңіз.
4 Өзіңіз жақсы білетін халқымыздың бір әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі негізіндеолардың ғасырлар бойы қалыптасып, сұрыпталған жол-жоралғы, көзқарас-түсініктер екенін дәлелдеңіз.
5 Қазақ этнопедагогикасы тәжірибесінің маңызы неде?
4. Этномәдени білім беру
4.1 Этномәдени білім беру туралы түсінік
4.2 Қазақстан халқының этномәдени қызығушылықтарын арттыру
4.3 Этномәдени білім беруді ендірудің негізгі қағидалары
4.4 Көптілді тұлғаны тәрбиелеу
Негізгі ұғымдар: этномәдени білім беру, этномәдени қызығушылық, көпмәдени тұлға, тарихи сана, құқықтық сана, географиялық сана, экологиялық сана, көркем-эстетикалық сана, мемлекеттік тіл, қос тілділік.
4.1 Этномәдени білім беру туралы түсінік Этномәдени білім беру – бұл тұлғаның ұлттық мәдениетті және тілдің сәйкестілігін және этникалық топтардың өзіндік тұрмысын сақтауға және бір мезгілде басқа мәдениетті меңгеруге бағдарланған білім беру үлгісі. Этномәдени білім беру арқылы жастарға шығармашылығын дамытатын мүмкіндіктер, ұлтымыздың бай мәдениеті, ұлттың болмысы, тарихы, тілі, ұлттық құндылықтар туралы мәлімет беріліп, Отанын сүйетін, адамгершілігі мол, рухы биік тұлға тәрбиелеуге болады. Халық батыры Б.Момышұлы айтқандай: «Өткенін білмеген, одан тәлім-тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы – тұл, келешегі – тұрлаусыз».
Өкінішке орай, өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары Кеңес Одағындағы саяси-әлеуметтік жағдай этникалық мәдениетті сақтау мен жетілдіруде біршама дағдарыстарға әкеліп, қазақ мектептерінің жабылуы, қазақ жастарының ана тілін білмеуі, жатсынуы сияқты жағдайларды туғызды. Сол кездегі Қазақ СРО-да қазақтардың саны күрт азайып, басқа ұлттар мен ұлыстардың саны артты. Кеңес үкіметі кезіндегі этникалық білім беру ұлттық бағытта болмай, жеке бастың және ұлттың қажеттілігін емес, идеологияға табынушыларды жасап шығарған машинаға айналды. Осындай жағдайда жастарға этникалық білім беру өз деңгейінде жүзеге асырылмады.
Сонау ХУ ғасырда пайда болған евроцентризм - еуропалықтардың өз тарихы мен мәдениеті туралы қалыптастырған көзқарастар жүйесі. Бұл көзқарас христиандардан басқа халықтардың тарихы мен жалпы рухани болмысын танып-білуге мүмкіндік бермейді. Олай болса, орыс империясы құрамында болған кезде де, Кеңес Одағы тұсында да евроцентристік көзқарасты негізге алып, исламдық танымға негізделген түркі және қазақ мәдениетін танып-білу мүмкін болмады. Себебі қазақ халқының рухани, мәдени болмысы, өнері, қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық заңдары ислам дінін басшылыққа алумен бірге, Түрік қағандығы кезінен бастау алатын мемлекеттік дамудағы дәстүр сабақтастығын ескеруді қажет етеді. Бұл тек ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Кеңес Одағының ыдырауы мен Қазақстанның тәуелсіздік алуына орай ғана мүмкін болды. Осы жылдары болған өзгерістер еліміздің әлеуметтік-экономикалық жақтарын ғана қамтымай, сана-сезімімізге де көптеген өзгерістер енгізді. Сол өзгерістерді дұрыс жолға бағыттауда білім беру саласының ықпалы ерекше. Қазіргі ұстаздардың алдында жаһандану заманында этномәдени білім бере отырып, өзінің ұлттық ерекшелігін сақтап қалуға ұмтылатын ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр.
Тәуелсіздік алғаннан бері этномәдени білім беру мәселесі үкіметтің назарында болып келеді. 1994 жылы елімізде гуманитарлық білім беру Концепциясы, 1995 жылы ҚР-ң білім саласындағы мемлекеттік Концепциясы, 1996 жылы ҚР этномәдени білім беру Концепциясы, 2007 жылы ҚР Білім туралы Заңы, т.б. құжаттар қабылданып, оларда ұлттық мәдениетке бағытталған білім жүйесін дамыту көзделді. Бұл құжаттарда ұлттық сұранысқа негізделген мәдени, тарихи, ұлттық дәстүрлерді ескере отырып, білім жүйесін реформалау қажеттілігі атап көрсетілген.
Көпмәдениетті тұлғаны қалыптастыруға бағытталған іс-әрекет адамның бойында адамгершілік-рухани құндылықтарды дамытуға, көпмәдениетті қоғамға бейімделуге, өзін-өзі тәрбиелеуге көмектесуі қажет. Көпмәдениетті тұлға қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыруда мынадай мақсаттар қойылады: а) жан-жақты үйлесімді дамыған, ұлттық салт-дәстүрлер, қазақы құндылықтар мен әлемдік мәдениеттің негізінде шығармашылықпен өзін-өзі дамытуға қабілетті және этномәдениеттілік пен азаматтық позициясын анықтап, оны іске асыра алатын тұлға қалыптастыру;
б) мектеп пен жоғары оқу орны түлектерін қазіргі өркениет пен көпұлтты еліміздің өмір жағдайына тиімді дайындау, өзін-өзі жетілдіру мүмкіндіктерін кеңейту, әлеуметтік өсуі мен өмір сапаларын арттыру;
в) жастарды ашық, көпмәдениетті және көптілді әлемде жауапкершілігі жоғары, белсенді ұйымдастырушы зиялы азамат етіп тәрбиелеу.
Осыған орай көпмәдениетті тұлға:
өмір сүру жағдайына бейімделген, өзге адамдармен әріптестік қатынас
орната білетін;
өзге мәдени қоғамдар туралы көзқарастарын талдай алатын;
жеке, өзіне тән пікірі бар және оны білдіре алатын тәуелсіз болуы тиіс.
Көпмәдениетті тұлға – бұл индивид, өз мәдениеті арқылы өзге
мәдениеттерді игереді. Туған тілін, мәдениетін терең білу – бұл өзге мәдениеттерге қызығушылық қатынастың негізі, көптеген ұлттық, көркем мәдениеттермен танысу рухани баюға және дамуға негіз болады.
Көпмәдениетті тәрбиелілік өлшемдері:
ана тілін және басқа тілді меңгеру – лингвистикалық өлшем;
Отандық мәдениетті игеру – этнотарихи өлшем;
басқа ұлт мәдениетін игеру – жалпыадамзаттық өлшем;
дінге деген көзқарасын саналы сезінуі – діни өлшем;
әлемдік және көркем құндылықтарды меңгеру – эстетикалық өлшем;
құқық нормаларын меңгеру – құқықтық өлшем.
Жалпы, көпмәдениетті ортада тәрбиелеу тұжырымдамасын дамытуда
Дж.Бэнкс, Э.Сепир, Б.Уорф, А.Тойнби, К.Г.Юнг, Э.Б.Тэйлор, т.б. үлес қосты.
Жалпыұлттық бірлік үшін этникалық мәдениетті қайта қалпына келтіру
және дамыту, этномәдени сәйкестікті сақтау керек. Үйлесімді дамудың маңызды бөлігі этномәдени білім беру болып табылады. Этномәдени білім берудің құрылымдық бөліктеріне мыналар жатады:
өзінің төл мәдениетін саналы, сыни тұрғыдан игеру нәтижесінде
этномәдени дәстүрлерді танып-білуде бейнеленген жеке тұлғалық мәнге ие
болуын қамтамасыз ететін оқушылардың әлеуметтік ортада өзін-өзі танып-білуі мен өзін-өзі жүзеге асыруы;
тұлғаның этномәдени сабақтастығының траекториясы мен оны
мәдениетаралық диалогқа дайындау жағдайында педагогтар мен балалардың педагогикалық, әлеуметтік өзара әрекеті.
Оқушыларға этномәдени білім беру балаларға ана тілін, төл мәдениеті мен
ұлттық құндылықтарды, жалпыадамзаттық мәдени қазынаны игерте отырып, олардың мәдениетаралық ұлттық сана-сезімі мен этномәдени сәйкестілігін қалыптастырып, төзімділігін тәрбиелеуге бағытталған білім беру жүйесі болып табылады. Этномәдени білім берудің демократиялық және гуманистік стратегияларын түрлі мәдениеттің өзіндік ерекшеліктерін ескермей жүзеге асыру мүмкін емес. Қазіргі қоғамның маңызды сипатының бірі азаматтардың ұлттық формалар мен нышандар арқылы жеке тұлғалық және топтық деңгейде дербес мәдениетті сақтауға ұмтылысы болып табылады.
Этномәдени білім беру категориясы – тарихи қалыптасқан әлеуметтік мәдени феномен, ол өзіне түрлі халықтардың педагогикасын алады, базалық ұлттық құндылықтар негізінде білім беру кеңістігінде бір-бірімен өзара әрекет
етеді және әр халықтың тәлім-тәрбиесінің қайталанбайтындығын бейнелейді. Этномәдени білім берудің әдіснамалық және теориялық тұжырымдары мен қағидаларының мәні мыналар болып табылады:
этностық мәдениет пен білім берудің жұртшылықтың оқу-тәрбие
саласындағы этностық-мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатындағы өзара кірігуі (интеграциясы);
жеке тұлға мен ұлттар мен ұлыстардың этностық-мәдени сәйкестілігін
сақтап, дамытуын қамтамасыз ететін дәстүрлер парадигмасы;
этномәдени білім беру жүйесі әлеуметтік бағыттылығымен,
көптұғырлылығымен, күрделі қызметтік жан-жақтылығымен ерекшеленеді.
Тәрбие берудің Бүкіләлемдік ұйымы балаға этномәдени білім берудің төмендегідей міндеттерін қояды:
Барлық адамдардың тендігі мен құқығын құрметтеу;
Әлемнің барлық балаларымен ынтымақтастықты көрсету,
Күш пен биліктен басқа мақсатты көре білу біліктілігі,
Әңгімелесу, пікірлесу және түсіну, дау-дамайды тиімді жолмен шешу біліктілігі.
Өзінің мәдениетін, дәстүрін есте сақтау, басқаны сыйлау біліктілігі