2-жұмыс. Қанның түсті көрсеткішін есептеу
Қандағы гемоглобин мөлшері мен эритроциттер санының ара-қатынасы қанның түсті көрсеткіші деп аталады. Қанның түсті көрсеткіші әрбір эритроцит ішіндегі гемоглобин мөлшерін қаныққанын көрсетеді, әдетте қанның түсті көрсеткіші 0,86-1,05.
Қанның түсті көрсеткіші мынадай формула бойынша есептеледі:
ҚТК = Нв г/л мөлшері х 3
1 мкл қандағы эритроциттердің алғашқы үш саны
Жұмысты орындау: Зерттелген қандағы эритроциттер мен гемоглобин мөлшерін пайдалана отырып, жоғарыдағы формула бойынша ҚТК есептеп шығару.
3-жұмыс. Эритроциттердің тұну жылдамдығын Панченков әдісімен анықтау
Ұйымайтын жағдайға келтірілген қан біраз тұрғаннан кейін тұнып, пробирканың бетіне қан плазмасы бөлініп шығады да, түбіне қан клеткалары шөгеді.
Сау адамда эритроциттердің тұну жылдамдығы (ЭТЖ) мөлшері: еркекте 1-10 мм/сағ., әйелде 2-15 мм/сағ.
ЭТЖ Панченков аспабымен анықталады. Аспап 0-ден 100 мм-ге дейін бөлінген капиллярлардан, сол капиллярды тік ұстап тұратын резеңкелерге толы ұялы штативтен тұрады. Капиллярдың 0 (нөл) деңгейінде Қ (қан), 50 мм деңгейінде Р (реактив) деп жазылған.
Жұмысты орындау: Капиллярды лимон қышқылды натрий ерітіндісімен шайып жібереді де онымен "Р" белгісіне дейінгі (50 бөлік деңгейі) ерітіндіні алып үрлеп сағат шынысына құяды. Осы пипеткамен алдын-ала 2 рет саусақтан "К" белгісіне дейін қан сорып алады да, сағат шынысындағы ерітіндіге құйып, мұқият араластырады (үйрену барысында қанды "К" белгісіне дейін 1 рет алып, ерітіндіні 75 бөлігінің деңгейіне дейін алуға болады).
Осылайша алынған цитратты қанды сол капиллярмен "К" белгісіне дейін сорып алады да бір сағатқа штативке қондырады. Бір сағаттан кейін плазманың биіктігіне қарап ЭТЖ-ның қанша екені анықталады.
2-сурет. Панченков аспабы.
4-жұмыс. Осмостық және химиялық гемолиз. Эритроциттердің осмостық резистенттілігін анықтау
Эритроциттер жарылып, ондағы гемоглобиннің қан плазмасына шығуы гемолиз деп аталады. Мұндай жағдайда қан мөлдір болып көрінеді (лакталған қан).
Химиялық гемолиз эритроциттер белокты-липидты қабығының ыдырауынан қышқыл, сілті, эфир, хлороформ әсерінен болады.
Осмостық гемолиз эритроцит ішіндегі және сыртындағы осмостық қысымның айырмашылығынан туады. Мысалы, ас тұзының гипотониялық ерітіндісінде су эритроциттің ішіне кіріп, оны ісіндіреді, сөйтіп, оның сыртқы қабығын жидітіп жарады, осыған орай эритроциттегі гемоглобин айналадағы ерітіндіге шығады.
Эритроциттердің бірқатары гипотониялық ерітіндіге төзімді келеді, мұны осмостық төзімділік (резистенттік) дейді. Белгілі бір қан үлгісіндегі эритроциттердің резистенттілігі де біркелкі емес. Жаңадан пайда болған жас эритроциттер бұрынғы ескі эритроциттерге қарағанда төзімділеу (беріктеу) келеді. Осыған орай эритроциттің ең жоғарғы және ең төменгі осмостық резистенттілігін көрсетуге болады.
Онша төзімді емес эритроциттер жарыла бастаған (гемолиз) ас тұзы ерітіндісінің қоюлығы минимальдық резистенттік деп аталады. Ол 0,44-0,48% NaCІ ерітіндісі.
Эритроциттерді толық гемолизге ұшырататын NaCІ ерітіндісінің концентрациясын максимальдық резистенттілік дейді - 0,32-0,34% NaCІ ерітіндісі.
Достарыңызбен бөлісу: |