Сын есімдердің лексика-грамматикалық сипаты Есімдер деп аталатын сөздердің ішіндегі зат есімнен кейінгі есесі де, еншісі де мол сөз табы сын есім. Семантикалық жағынан зат есім әр алуан ұғымдарды білдіретін сөздердің лексика-грамматикалық тобы болса, сын есім неше алуан сыр сипатымен алуан байланысты ұғымдарды білдіретін сөздердің лексика-грамматикалық тобы ретінде бөлінеді. Сөйтіп, сын есім деп заттың сапасын, сипатын, қасиетін, көлемін, салмағын, түсін (түр-реңін) және басқа сол сияқты сыр-сипаттарын білдіретін лексика-грамматиакалық сөз тобын айтамыз.
Сын есімнің семантикалық мағынасы оның морфологиялық ерекшеліктері де, синтаксистік қызметтеріне де сараланып айқын көрініп отырады.Морфологиялық сипаттары жағынан да сын есімнің өзіне ғана тән, өзге есімдерден басқа ерекшеліктері бар.Сын есім өз семантикалық ерекшелігіне қарай затты сыр-сипат (сапа, түр, рең, салмақ, көлем т.б.) жағынан анықтайды, бірақ ол (сын есім) анықтауыш қызметін атқарып тұрғанда, еш уақытта да тәуелденбейді, көптелмейді және септелмейді.
Зат есімге тән көптік, тәуелдік, септік жалғаулары зат есімнің де, сын есімнің де қызметтерін бірдей атқаратын синкретикалық омоним сөздерге (мысалы: салқын, көк, суық, жарық, жүйрік, терең т.б.) қажетінше жалғана берулерімен қатар, белгілі бір контексте қолдау ыңғайына қарай субстантивтенетін сын есімдерге (мысалы: үлкенге үлкенше, кішіге кішіше қызмет ет; ескіге жаңа, жаңаға ескі - өлшеуіш т.б.) жалғана береді. Сын есімде көптік, тәуелдік, септік категориялары болғанымен, оның өзіне тән ерекше шырай категориясы бар. Бұл ерекшелік те – сын есімнің зат есімнен бөлінерлік, өз алдына дербес категория екені дәлел.Сонымен бірге, бір алуан сын есімдер зат есімді анықтауларымен қатар, етістікті де анықтап, үстеу сөздердің қызметтерін атқарады. Мысалы: Хатыңнан жақсы ұғындым сөздің бәрін (Абай); Өлке бойындағы қалың тал мен қамыс ақырын қозғалып сыбырлайды (С.Сейфуллин). Семіз сөйлеп, арық шыққанша, арық сөйлеп семіз шық (мақал). Сын есімде шырай категорияларымен қатар, адгективтік және адвербиалдық қызмет барлығы да көрінеді.
Сын есімде өзге сөз таптарымен (мысалы, зат есіммен, үстеумен т.б.) әрі ортақ, әрі формалас сөз тудыратын жұрнақтармен қатар, тек туынды сын есім ғана жасайтын арнаулы жұрнақтар бар: сын есімен сын есім тудыратын шырай жұрнақтары бар. Бұлар да сын есімнің морфологиялық формалары болып есептеледі.
Синтаксистік жағынан қарағанда, сын есім, өзінің табиғи жаратылысына сәйкес, үнемі зат есімге анықтауыш ретінде жұмсалуға лайық. Өйткені қандай белгі болса да, заттың қасында болады да, дәйім затқа шек сүйейді. Мысалы: Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек (Абай).
Сын есім баяндауыш та бола алады және баяндауыштың құрамына да ене береді. Мысалы: Төрт бөлмелі тас үй салқын да жайлы (Ғ.Мүсірепов). Ол тапал, төртпақ екен де, мен ұзын, жіңішке екенмін (Ә.Әбішев).
Зат есім мен сын есімнің тіркесу қабілеттерінде де елеулі айырмашылық бар. Мысалы: зат есімге септеулік шылаулар тіркесе береді. Ал сол септеулік шылаулардың ішінде тек сияқты, секілді, тәрізді, сықылды дегендерден басқа бірде-біреуі тікелей өз мағынасында, өз қызметінде жұмсағанда, сын есімге тіркеспейді. Керісінше, күшейту үстеулері (өте, аса, тым, тіпті, керемет, орасан, ересен, т.б.) сын есімге еркін, тіркесе бергенімен, олар зат есімдерге тіркеспейді. Сөйтіп, септеулік шылаудың сын есімге тіркеспей, зат есімге еркін тіркеспеуі, сондай-ақ, сапалық үстеулердің сын есімге тіркесіп, зат есімге тіркеспеуі бұл екі сөз табының - зат есім мен сын есімнің синтаксистік жағынан бір-біріне ажырайтын ерекшеліктері болып саналады.
Егер де екі я одан да көп жалаң сапалық сын есімдер бір-бірімен қабаттасатындай болса, олар бірін-бірі анықтамайды да, біріне-бірі бағынбайды да, әрқайсысы өз тұстарынан тікелей зат есімге қатысты болады, демек, өздерінің қатыстары бар зат есімді анықтайды. Мысалы: Ызғырық суық сұр бұлт, Аспанды тегіс қаптаған (Б.Майлин); Ермек оқтай түзу, ұзын, биік, кең жолмен келеді (Ғ.Мұстафин). Алғашқы сөйлемде суық және сұр деген сапалық сын есімдер біріне-бірі бағынбай, әрқайсысы тікелей бұлт деген зат есімді әр тұрғыдан анықтап тұрғаны сияқты, екінші сөйлемдегі түзу, ұзын, биік, кең деген сын есімдер де бір-біріне бағынбай, жарыса жол деген зат есімің әр түрлі сипатын білдіріп тұр. Сын есімдер заттың әр алуан сыр-сипаттары мен белгілерін тікелей де басқа заттардың қатынастары арқылы да білдірді. Осындай жалпы сипаттарымен байланысты, сын есімдер симатикалық мағыналары мен грамматикалық ерекшеліктеріне қарай, сапалық (негізгі) сын және қатыстық (туынды) сын деп аталатын екі салаға бөлінеді. Бұл сындардың қай-қайсысы болса да қандай? қай? (қалай?) деген сұрақтарға жауап береді.
Сапалық сын есімдер деп мағынасы жағынан заттың әр алуан сыр-сипатын, атап айтқанда, түрі мен түсін (ақ, қара, қызыл, көк, сұр т.б.) сыры мен сапасын (жақсы, жаман, тәуір, нашар т.б.) көлемі мен аумағын (үлкен, кіші, ауыр, жеңіл т.б.), дәмі мен йісін (ащы, тәтті, ) білдіретін және заттың басқа да қасиет – белгілерін білдіретін сөздерді айтамыз.
Әдетте сапалық сын есімдерге ешбір қосымша формаларсыз тұрып-ақ, заттың әр қилы сыр-сипатын білдіретін түбір сөздерді жатқызу салты бар. Бірақ бұл қағиданы үнемі тапжылмайтын қағида деп қарамау керек, өйткені қазіргі кезде түбір сөз сияқтанып көрінетін көптеген формалар тарихи даму тұрғысынан қарағанда, тиісті қосымшалар арқылы я басқа тәсілдер бойынша жасалған туынды сөздер болып келеді. Мысалы: ұзақ, үлкен, қызыл, ащы, тұщы, момын, ашық, жабық, жалпақ, сияқты сапалық (негізгі) сын есімдердің бәрі де ертеректе туынды сөздер болған, демек, олар ұзақ, үлкейген, қызғылт, ашыған, тұщыған, момақан, жалпайған сөздерімен түбірлес болған. Солай болса, мағынасы жағынан сапалық сын есім деп, морфемалық құрылымы жағынан сапалық сын есім деп есептелетін сөздердің саны да, сапасы да үнемі бір аяда қалмай, бірте-бірте ұдайы дамып отырады. Осыған сәйкес, ертеректе туған сындарды ғана емес, кейінгі кездерде жұрнақ (я басқа тәсіл) арқылы жасалған туынды есімдерінің кейбіреулерінде де, негізгі, сапалық сындардың грамматикалық қасиет сипаттары болып отырады. (қараңғы-қараңғылау, қараңғырақ, қап-қараңғы, таныс-таныстыру, танысырақ, тап-тныс т.б.).
Сапалық сындар жалпы сын есім деп аталатын сөз табының негізгі ұйытқысы есебінде қызмет етеді. Осы ерекшеліктеріне қарай, демек, бүкіл сын есім категориясына өзек ретінде қызмет ететіндігіне қарай, өзге сөз таптарынан жұрнақ арқылы жасалған туынды сын есімдер де, семантикалық даму процесі арқылы адъективтенген сөздер де бірте-бірте сапалық сын есімдердің сыр-сипаттарына ие болып, сол топқа көшіп отырады. Ал, сапалық сындардың сын есімдерге арқау болып қызмет ететін негізгі белгілері мыналар: біріншіден, сапалық сындарға тән сөздердің бәріне де ұлғайту, кішірейту жұрнақтары және әредік сынның әр қилы реңін білдіретін шырай котегориясының жұрнақтары қосылады; екіншіден оларға сандық белгіні күшейте я өсіре түсу үшін қолданылатын үстеме буындар жасалады; үшіншіден, олар атрибутты семантикалық ерекшелігіне қарай (жақсы оқушы), адвербиалдық (жақсы оқиды) қызмет атқарады. Міне, осы аталағн негізгі үш белгі сапалық сын есімдердің әрі қатынастық сандардан ерекшелінетін, әрі жалпы сын есім атаулыға тән категориялық белгілері болып есептелінеді.
Сын есімдер семантикасы сөз болғанда, олардың сапалық, сын есімдер және қатыстық, сын есімдерге ажыратылатындығы айтылады. Олар бір-бірiнен, бірiнші кезекте, құрылымы мен мағынасы жағынан ерекшеленеді. Сапалық, сын есімдер қосымшасыз тұрып, семантикасы жағынан тiкeлeй заттың, сынын білдіреді. Сапалық, сын есімдердің морфологиялық сипаты - шырай қосымшаларымен, тұлғаларымен түрлене алуы. Сапалық, сын есімдер негізінен түбір сөздер болып келеді. Егер семантикалық талдауды негіз етіп алатын болсақ, онда сын есімдерді сапалық / қатыстық деп болу «таза» семантикалық жіктеу бола алмайды. Сын есімдерді сапалық және қатыстық деп бөлуге семантикалық жағының әcepi барлығы анық дегенмен мұнда семантика-морфологиялық принцип негізге алынған. Сондай-ақ оларды ажыратуда шырай қосымшаларын қабылдау, қабылдамауын негізгі өлшем етіп алу орынды, алайда кейбір қатыстық, сын есімдердің де шырай көрсеткштерімен түрленетіндігін ескерген жөн. Мысалы, ақылды, ақылдылау, ақылдырак,. Tіл мен оның жекелеген элементтерінің әрқашан даму үстінде болатындығын ескерсек, қатыстық сын есімдерің семантикалық өзгеріске ұшырау салдарынан сапалық сипатты, мәнді біртіндеп білдіру нәтижесінде сапалық сын есімдерге ауысуы заңды болып табылады.
С.Исаев мұндай сын есімдердің шырай формаларымен түрленуін олардың қатыстық мәнді ғана білдіруімен шектеліп қалмай, екінші бір заттың сапалық сипатын білдіруге ауысқандығымен байланыстырады..
Г.О.Сыздықова сапалық сын eciм мен қатыстық сын есімдердің үш түрлі ерекшелігін көрсете келе, сапалық сын есімдерге семантикалық талдау жүргізгенде қатыстық сын есіммен салыстырғанда бір семантикалық элементінің кем болатындығын көрсетеді. Мысалы, жақсы сөзінің семасы: ішкі қасиетті; жағымды эмоцияны; сапаны көрсетеді. Жақсы төсек, тәтті ас жоқ, Жан қадірін білмеген (Абай). Қатыстық сын есімдердің мағынасы көлемі жағынан сапалық сындарға қарағанда кең. Оған туынды сөздің семантикасына түбір морфема мағынасының ықпалы болады. Мысалы: Балалы уй - базар (мақал) дегенде балалы сөзінде мынадай семалар бар: 1) бала; 2) бар екендігі; 3) жағымды; 4) нақтылы екендігі; 5) сандық мағынаның бірден көптігі. Сапалық сын есімдерге «иелік» сема байкалмайды. Сапалық сын есімнің сынды тікелей, ал қатыстық сын есімнің сынды екінші сөзге қатысты, сонымен «байланысып» білдіретіндігі осымен түсіндіріледі. Біз сапалық сын есім дегенде таза семантикалық өлшемге сүйенбей, тек түбір сын есімдерді ғана шартты түрде бөліп алдық. Бұл - біріншіден, сөздердің санын шектеп алуға, екіншіден, семантикалық талдауда бірізділік болуын ескергеннен жасалған қадам .Сапалық сын есімдердің лексикалық мағынасының құрамына нақтылы денотаттық мағына емес, идеалды денотат болатындықтан лексикалық мағынасы жайылыңқы, көп мағыналы сипатта қолдануға бейім тұрады. Мысалы: жақсы бала дегенде жақсы - оның тұрақты белгісі. Тұрақты сынды білдіруде етістіктің дуративтік мағынасымен, зат есімдердегі көптік жалғауының мағынасымен салыстыруға болады. Ш.Жалмаханов сөз бойындағы көп мағыналылықтың жалпы түркі тілдерінде үш түрлі көрінетіндігін айтады:
бір тілдік немесе тіл ішілік полисемия - бір тілде бірнеше затты бір сөзбен атау;
бірнеше тілдік немесе түркілік полисемия - бір сөзбен бірнеше тілде бірнеше затты атау;
диалектикалық аралық - бір затты бір тілде жеткілікті ерекшелікгеріне қарай бірнеше сөзбен атау немесе бір затты бірнеше тілдің диалектісінде бір сөзбен атау.
Көп мағыналы сөздердің мағыналық құрамы, оның ішінде мағыналық түрлерге жіктелуі мен сол түрлердің өзара ұқсастығы, арақатынасы мен айырым белгілері бір жүйеге негізделеді. Ал ол жүйеліктің табиғатын түсіну үшін оны құрамдық жіктерге талдау қажеттігі туындайды.
Кез-келген сөз мағына жағынан дамиды. Сөз мағынасына тұрақтылықта та, өзгергіштік те тән. Бұл іспеттес семантикалық қасиеттердің болуы тілдің функциясы мен дамуы үшін қажет. Семантикалық тұрактылық сол тілде сөйлейтін адамдардың өзара түсінісуін қамтамасыз етсе, семантикалық өзгергіштік тілдің коммуникативтік қызметінің потенциалын арттырады. Осымен байланысты сөз мағынасының қалыптасуы адамның ойлау әрекетінің өнімі. ал өзгepyi мен дамуы адамның танымдық әрекетінің нәтижесі деген пайымдау жасалады
Сөз мағынасы контексте өзгеріссіз қолданылуы және сөздің жекелеген семалары контексте жүзеге асырылуы мүмкін. Лексикалық семантиканың бұл бағыттары лексикацентристік (алғашқысы) және текстоцентристік (кейінгісі) деп аталады. Зат eciм, етістіктердің кең мағыналық сипаты мен сын есімдердің көп мағыналылық сипаты бір емес және сын есімдердің салыстырылып, қарама-қарсы (антитеза) қатар алынуы мүмкін. Ақ мағынасын білуде ойымызға қара түс келеді . Сұлу ұғымын анықтау үшін көріксіз, келбетсіз т.б. сиякты сын есімдер ойымызға келеді. Демек, екі мағына өзара өте тығыз байланысты, бірінсіз екіншісі болмайтын сияқты. Сөздердің мағынасы мәтінде немесе жүйе мында пайда болмайды, керісінше, жүйе құрамында нақтыланады, анықталады [18, 109].
Тілдік деректерге сүйенсек жақсы, жаман, ақ, көк, қара, биік, төмен, сұлу, тәтті сиякты сынды білдіретін сөздер жиі қолданылатын болса, боз, пәс, аласа, жатаған, қотыр, кетік сөздері сирек, ал к,арагер, торгыл, шәлтік т.б. сын есімдері тіпті сирек қолданылады. Жиі қолданылатын сөздердің көп мағыналық сипаты жоғары болады. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде қызыл сөінің тоғыз, көк cөзінің үш, ал қара созінің тоғыз мағынасы берілген. Осы сөздерге қатысты мағына олардың саны қарақалпақ, өзбек, татар, әзірбайжан, түркімен, қырғыз тілдерінің сөздіктерінде көрсетілуі бойынша шамалас екендігін аңғардық. Мәселен, қарақалпақ тілінде қызыл сөзінің үш, қара сөзінің екі татар тілінде қызыл сөзінің үш, қара сөзінің он екі мағынасы көрсетілген.
А.А.Потебня сөздер жеке тұрғанда көп мағыналық қасиетке ие болмай, тек сөйлем ішінде сөздер бірнеше мағыналық қасиетке ие бола алатындығын айтады.
Семантикалық зерттеулермен айналысқан ғалымдар сөздің көп мағыналығы тілдің дамуы процесінде қалыптасқан табиғи құбылыс деп көрсетеді. Көп мағыналықтың көп, аз екендігін ескеріп, ғалымдар «көп мағыналық жалпы мағына көлемінде қолданылады» деген пайымдау жасайды. Яғни сөз бірнеше мағынада қолданылғанда, оларға ортақ жалпы мағынасы болады екен. Дегенмен көп мағыналы сөздердің мағыналары жалпы мазмұнды біртұтас құрам болғанымен, олардың ішкі бөлшектерін байланыстыратын және саралайтын белгілері болады. Тілде жиі кездесетін көп мағыналық – тілдің байлығы. «Изучение полисемии нужно вывести из периферии семасиологии и поставить ее в центр. Полисемию надо связывать с лексикой и с противоположными ее качествами стремлением приобрести такие средства, которые позволяли бы ей быть средством передачи мыслей и чувств людей, живущих в обществе».
Сын есімдердің де көп мағыналық сипатқа ие екендігі бұрыннан белгілі, бірақ басқа сөз таптарынан өзіндік айырмашылығы бар. Ең бастысы - сындық мағынаның басқа сөзбен тіркесіп қолданылатындығы.
Сөздердің тіркесу қабілетін, лексикалық мағынаны нақтылауына тіркестің ықпал ететіндігі анық. Д.Н.Шмелев сөздердің синтагмалық мағынасын түсіндіре отырып, тіркескен сөздер көп мағыналық туғызбай, керісінше көп мағыналы сөздердің мағынасын нақтылауға, бір мағыналыққа алып келетінігін айтады. Сонымен көп мағыналық, бірінші, сөздің лексикалық, мағына құрамында ғана қалыптасады; екінші, адамдардың танымына байланысты; үшінші, адамның санасында пайда болған түсініктің көп қырын іріктеу негізінде қалыптасады. Кез-келген сөз белгілі бір мәтін ішінде келгенде өзара тек синтаксистік заңдылыққа бағынып қолданылады. Сөздер тіркес құрамында әpi синтаксистік, әpi семантикалық жағынан байланысады. Әрине, сөз мағынасы құрамындағы синтагматикалық элементтер тіркеске, контекске түскенде ғана пайда болмайды, керісінше, контексте анықталады. Сын есімдердің көп мағыналық сипатын да осылай түсіну керек. Яғни көп мағыналы сапалық, сын есімдер өзінің тура мағынасымен байланысып, сол негізде қальштасады. Сондай-ақ, сапалық сын есімдер зат eciмгe байланысты анықталады. Бұл оларды туынды немесе қатыстық сын есімдерден ерекшелендіреді [19, 105]. Сапалық сын есімдерді семалық талдауға негіздеп, парадигмалыұ байланыстарға сүйене отырып, лексика-семантикалық топтарға бөлуге болады. Қазақ тіл білімінде сын есімдерді семантикалық жағынан топтастырған ғалымдардың ішінде М.Оразовтың жіктемесі негізге алынып, сын есімдер он тоғыз топқа бөліп көрсетілді: түсін білдіріетін сын еім: «»»Қара ешкі мүжіген ағаш, Қайтадан гүлдемейді деп? (М.Шаханов); дәмді білдіретін сын есім: Тәтті асты сүйсініп көп ішкен күйеуі жадырап, жайдарланып, үш күнгі аңшылығын қызықты етіп әңгімеледі (Ш.Мұртаза); көлемді білдіретін сын есім: Кілең ұсақ, майда құстар – шымшық, торғай, қарғалар (газеттен); салмақты білдіретін сын есімдер: - Саған ауыр болды – деп, Нала – мұңнанарқаң жауыр болды деп (М.Шаханов); табиғи күйді білдіретін сын есім: Қалың шаңға жауып озған кезеңде, Айналдың сен енді ешкім бөгей алмас өзенге (М.Мақатаев); заттың ішкі қасиеті білдіретін сын есім: Сеніңше, жақсы орын екен ғой?! (М.Мақатаев); заттың не адамдардың физиологиялық сипатын білдіретін сын есім: Арық талдырмаш қыз жүзін төмен салды (М.Мақатаев); адамның не жан-жануарлардың мінез-құлқына байланысты сын есім: ...тек адалдықтан, адамдықтан әрі аттамайтын момып, қарапайым қазақ қызық еді. (М.Мақатаев); заттың, ауаның температурасымен байланысты сын есім: Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан, Күз болып дымқыл тұман жерді басқан (Абай); мөлшерлік сынмен байланысты сын есім: Сондықтан да оларда аз сөзбен көп түйінді шешуге, аз күліп көп уайымдауға, аз ұйықтап, көп ойлануға тура келеді (М.Мақатаев); адамның тұрмыс-жағдайымен байланысты сын есім: Киімдері тым нашар, өңдері тым сынық екен (Ғ.Мұстафин); дағдыланған әдетке байланысты сын есім: Әніне басты төселген, Ашық ауыз бытбылдақ (Газеттен); адамның қадіріне, заттардың құнына байланысты сын есім: Қимас досын соңғы сапарға шығарып салды (М.Мақатаев); адамның, жан-жануарлардың сыртқы сымбатына, көркіне байланысты сын есім: Нағыз сұлу әйел табу – Бүкіл еркек атаулының арманы (М.Шаханов); қашықтықта байланысты сын есім: Пайымдаймын, мойындаймын, сен данасың, мен бала, Ұлтына кім жақын, алыс, айқындайтын ел ғана (М.Шаханов); қалыңдықпен байланысты сын есім: Қалың кітап беттерін парақтай бастадым (М.Мақатаев). Сындық. мағыналы сөздерді eкiгe бөлдік: адамның сезім мүшелеріне түйсік туғызатын сын есімдер; адамның ойлау қабілеті, талқылау, салыстыру арқылы анықталатын сын есімдер. Бірінші топқа енген сөздер адамның сезім мүшелерімен байланысты болады да, соның айналасына топтасады. Мысалы, көзге түйсік туғызатын сын есімдерге түске байланысты сөздер енеді. Көзбен көpiп, түйсік туғызу нәтижесіндегі сын есімдер көлемді, форманы білдіреді. Мысалы: Тез қасында қцсық, агаш жатпайды (Сөз тапқанға қолқа жоқ). Үлкен үйдің кішкентай келіні болып жүрмісің, балам (Н.Оразаев). Осындағы қисық, үлкен, кішкентай сөздері - адамға түйсік туғызатын заттардың сыны, белгісі. Бұларды бір кіші лексика-семантикалық топтарға қосуға болмайды. Ce6e6i, түр-түсті білдіру реңкіне байланысты сезім туғызатын сындарды жеке топ етіп бөлуге болады. Мысалы, ащы дауыс, жұмсак, дауыс, дөрекі сөз, айқай дауыс т. б. Құлаққа түйсік туғызатын нәрсе - дыбыс. Дыбыстың түрлі қасиетін, сыр-сипатын білдіретін сөздер бар. Мысалы, дауысты, дауыссыз, ашық, қысаң, жіңішке, ащы, дөрекі, жағымды т.б. Сөздің лексикалық мағынасының бір элементі – сигнификаттық мағынасы. Сигнификаттық мағына бір жағынан идеалды денотатпен, екінші жағынан ұғым түсінігімен байланысады. М.Оразов: «...ұғымда мидың қызметі негізінде түйсік арқылы алынған информациялар анализ, синтез жасалынып, жеке адамның өмip тәжірибесіне, біліміне, рухани қалпына т.б. қарай мағыналық мән қосып күрделенсе, сигнификатта ондай жеке адамға тен болған индивидуалдылық қасиет болмайды», - деп жазады.
Сын есімдердегі сигнификаггык, мағына тікелей идеалды денотатпен байланыспай, оған қосымша адамның көңіл-күйіне, зат не құбылысқа адамзаттың берген бағасын, сезімін де білдіреді. Бұл сын есімдердің эмоционалды мағынасы деп те аталады.
Сапалық, сындар эмоциялық мағынаға бейім тұрады. Эмоциялық мағына туралы ғалымдар пікірі бір жерден шыға бермейді. Мәселен, ВА.Звегинцев эмоциялық мағына сөздің мағынасына кірмейді, сондықтан ол семасиологияның емес, стилистика саласының зерттеу нысанасына жатады деп санайды [20, 45].
М.Оразов эмоциялық мағынаның да, бейнелік (отражательный) мағынанын да түйсік арқылы адамның сезім мүшелеріне қабылданып, сезімнің көмегімен сөз мағынасының құрамына енетіндігін айтады. Мысалы, әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, Оған рахаттанып күлме (Абай) деген мысалда жаман сһөзінің тура мағынасының өзі – эмоциялық мағына. Зат есімдердің эмоциялық мағынада қолданылуы мен сын есімдердің эмоциялық мағыналы қызметі жуық болса да, құрылымы, табиғаты басқа-басқа.
А.Н.Шрамм сапалық сын есімдердің адам эмоциясына да қоса білдіретіндігін айтады. Бірақ баға беру, салыстыру мағынасы барлық сапалық сын есімнің бойында бола бермейді. Мысалы: Несібелі жеңгесінің ыстықбауырсағын сағынатын уақыты да болған шығар (Ғ.Мүсірепов). Шұбар атты сары желіспен барып, үй сыртына дүрс етіп, шылбырын белбеуге ілді (Ә.Кекілбаев). осындағы ыстық бауырсақ, шұбар ат тіркестерінің құрамындағы ыстық, шұбар сын есімдерінің бойында эмоциялық мағына жоқ.