ЕТІСТІКТЕРДІҢ ЖІКТЕЛУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Етістік - қазақ тіліндегі сөз таптарының ішіндегі ең күрделілерінің бірі.
Салттылық және сабақтылық категориясы
Тілдің грамматикалық жүйесінде сөз таптарының морфологиялық құрамына қарай түбір және әр түрлі грамматикалық түр-тұлғаларға бөлінуі етістікке де тән құбылыс. Етістік- қазіргі кезде түбір күйінде қолданылмайтын, түбір тұлға және неше түрлі грамматикалық мағынаның тұлғалық көрсеткіштері мен формалардың түрлену жүйесінің бірлігінен тұратын сөз табы.
Етістік - ең күрдел і сөз табы ретінде субьектінің іс-әрекетін ғана емес, табиғатта, қоғамда, жалпы өмірде ұшырасатын жайлардың және адамның ой-санасы арқылы туған түрлі амал-әрекет, іс-қимыл, жай-күй сияқты процестерді білдіретін сөз табы екендігі оның лексика-грамматикалық қасиеттері мен семантикалық ерекшеліктерінен, түбір тұлғасы мен грамматикалық формаларының қат-қабаттылығынан және олардың өзара арақатынасы мен грамматикапық категорияларының әртүрлілігінен, қолдану аясы мен сөйлемде атқаратын қызметінен айқын байқалады. Осы қасиеттеріне байланысты етістік категориялары, бір жағынан, лексика-грамматикалық, екінші жағынан, таза грамматикалық, үшінші жағынан, өзара жеке грамматикалық категория жасауға (шақ категориясын) негіз болатын формалары (есімше, көсемше) немесе бүтіндей басқа сөз табының грамматикалық сипатын ғана көрсететін айрықша түрі (тұйық етістік) тұрғысында қарастырылып, әр категориялары бір-бірінен грамматикалық және семантикалық сипаттары жағынан ажыратылады да, олар тұлғалану және түрлену ерекшеліктеріне орай және білдіретін мағыналарына қарай түр-түрге бөлінеді. Осыдан келіп етістіктің әр категориясы өзіндік сипатқа ие болады.
Сабақтылық-салттылық категориясы
Бүкіл етістікті қамтитын салттылық, сабақтылық мән әрі лексикаға, әрі грамматикаға қатысты категория ретінде түркологияда зерттелуі жағынан аса дами қоймаған мәселелердің бірі. Етістіктің салт етістік, сабақты етістік деп бөлінетін түрлері ертеден айтылғанмен, олар етістіктің салттылық-сабақтылық категориясы ретінде танылмаған. Категория ретінде салт, сабақты етістіктер арнайы зерттеудің тақырыбы болмаған. Сондықтан да ертеде шыққан түрколог ғалымдар еңбектерінде етістіктің салттылық, сабақтылық мағынасы мүлдем аталмайды.
Кейінгі түрік тілдері грамматикаларының авторларының еңбектерінде етістіктің салт етістік, сабақты етістік түрлері аталады, бірақ оны етістіктің жеке категориясы ретінде танымайды. Олар етістіктің салттылық, сабақтылық мағынасын етіс категориясының ішінде атайды. Енді бір топ ғалым-түркологтар етістіктің салттылық, сабақтылық категориясын етіс категориясынан бөліп, оның жекелігін көрсөтеді. Бұл топтағы ғалымдар етістіктің салттылық, сабақтылығын жеке категория ретінде тани отырып, оның етіс категориясымен байланысы барына, салттылық, сабақтылыққа етіс жұрнақтарының әсері болатынына тоқталады.
Етістік жалпы грамматикалық мағынасы жағынан нені білдірсе де және қандай тұлғада тұрса да, не сабақты, не салт мәнін білдіріп тұрады. Етістіктің бойындағы осы салттылық-сабақтылық қасиет оның әрі семантикалық сипаты, әрі етістікке ғана тән ерекшелік болып саналады. Етістікке тән салттылық пен сабақтылықты таныған ғалымдарда оны қандай категория деп атаумен байланысты әр түрлі пікір бар. Башқұрт тілінің ғалымдары сабақты, салт етістік категориясын лексика-грамматикалық категория санаса, кей грамматика авторлары оны лексика-семантикалық категория дегенге жақындатады. Бұдан жалпы салт және сабақты етістіктер туралы оқулықтарда белгілі дәрежеде мағлұмат беру ертеден келе жатқан дағдылы құбылыс екені байқапады. Ал қазақ тілінде алғаш жазылған Ахмет Байтұрсыновтың « «Тіл-құрал» атты оқулығында салт етістік пен сабақты етістіктер етістер құрамында аталып, «Сабақты етіс дейміз - еткен іске бір нәрсе сабақ хаулы болса,...»; «Салт етіс дейміз - өткен іске сабақталып, байланып тұрған еш нәрсе болмаса,...») -деген ережемен берілген. Яғни етіс ішінде қаралған.Қазақ тіл білімінде сабақты етістік пен салт етістік етістіктің жеке семантика - синтаксистік категориясы деп танылады.
Достарыңызбен бөлісу: |