Қ.Кемеңгерүлы, Қ.Жұбановтардың ұстанымдары бойынша етіс категориясы мен салт-сабақтылықтың өзара байланысы А. Байтұрсынұлы жіктеуіндегі беделді етіс, өзгелік етіс, шағыс етістерді Қ. Кемеңгерұлы мен Қ. Жұбанов жинақтап, өзгелік етіс (беделді етіс – Қ. Жұбанов) түрінде берген. Қ. Кемеңгерұлы -т‚ -р‚ -қыз‚ -тыр т.с.с. жұрнақтардың сөздің соңғы дыбысына қарай ауысып отыратынын, алайда олар сөзге бірдей мағына үстейтінін көрсетеді. Қ. Жұбанов беделді, өзгелік етістерді топтастырып беру себебін былайша түсіндіреді: «Бұрынғы өзгелік етіс пен беделді етісті екеуін бір қостық. Үйткені екеуі де – өзге біреу арқылы істелетін іс. Өзге біреуге беделіңді саласың ба, қорқытасың ба – бәрібір. Тіл мұнысын айырмайды» [3, 381]. Сол сияқты өсіңкі, дүркінді етістерді етіс категориясына қоспаған. Сондықтан А.Байтұрсынұлы етістің 10 түрін көрсетсе, Қ.Кемеңгерұлы 6 түрін, Қ. Жұбанов 7 түрін көрсетеді.
Етіс жұрнақтарының көпшілігі салттылық-сабақтылық мәнмен, яғни өзгелік етіс сабақтылықпен, өздік етіс пен ырықсыз етіс салт етістікпен байланысты, бірақ бұл қасиет оның бірден-бір грамматикалық көрсеткіші емес. Салттылық-сабақтылық мән етістіктің грамматикалық мағынасы арқылы түсініліп, сөйлеу процесінде тура толықтауышты (тура объектіні) меңгеру-меңгермеу сипаты негізінде көрінеді. Сөйтіп, бұл құбылыс етістіктің таза грамматикалық сипаты емес, әрі тікелей семантикалық, әрі синтаксистік-қатынастық қасиеттерінің көрінісі болып табылады. Сондықтан салттылық-сабақтылық сипатты (грамматикалық ерекшелікті) етістіктің лексика- грамматикалық категориясы деп таныған жөн», – дейді [5, 499]. Бұл орайда бір нәрсені ескеру қажет: қазақ тілінде салт етістің арнайы көрсеткіштері болмағанмен, сабақты етістің көрсеткіштері бар: -т, -тыр, -қыз, -р. Алайда бұл көрсеткіштер өзгелік етіс қосымшаларымен ұқсас, омонимдес жұрнақтар болып табылады. Осындай тұлғалық ұқсастығына байланысты А.Байтұрсынұлы, Қ. Кемеңгерұлы, Қ. Жұбанұлы еңбектерінде етіс категориясы ретінде танылған салт, сабақты етістер 30-жылдардың аяғынан бастап оқулықтар мен грамматикаларда етіс қатарынан ығыстырыла бастайды. І. Кеңесбаев 1939 жылы жарық көрген «Қазақ тілі» атты оқулығында Қ. Кемеңгерұлы, Қ. Жұбановтардың үлгісімен етістің 6 түрін көрсетіп, салт, сабақты етістіктерді етіс ретінде танығанмен, кейінгі еңбектерінде етістің 4 түрін ғана атайды. 30-жылдардың аяғынан бастап, көрсеткіштері бірдей болғандықтан, сабақты етіс пен беделді (өзгелік) етіс біріктіріліп, салт, сабақты етістер етіске тән мағынасы мен қызметіне қарамастан, етіс аясынан алшақтатыла бастады.