Алаш зиялыларының ресми ақталуы
осыдан дәл 25 жыл бұрын алаш арыстарына жабылған жаланы қайта қарау туралы үкім шықты. Міне, осы үкімді қайта қарауға Қазақ КСР Жоғарғы сотының төрағасы Т.К.Аймұхамбетов, Жоғарғы соттың мүшелерi К.Т.Кенжебаев, Е.Л.Грабарник және Қазақ КСР Бас прокуроры Ғ.Б.Елемесов қатысты. Жиыны 14 томдық тергеу iсiнiң егжей-тегжейiн зерделей тексерiп, барлық куәлардың шағымдарымен танысып, тергеу тарапынан өрескел бұрмалаушылық пен заңсыздықтардың жол берiлгенiн анықтады. Сол кездегі Құқықтық комиссияның төрағасы, «Жұлдыз» журналының сын бөлімінің меңгерушісі, жазушы Т.Жұртбайдың Жоғарғы соттың мүшесі К.Кенжебаевқа берген әдеби сараптамалық қорытындысы бойынша «Алашорда» қайраткерлерінің шығармалары мен ғылыми еңбектерінде кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізілмегені расталды. Соның нәтижесінде Қазақ КСР-нің Қылмыстық және праволық Кодексінiң 375-бабын басшылыққа ала отырып Жоғарғы сот:
«Шешiм: СССР Халық Комиссарлар Советiнiң жанындағы ОГПУ-дің ІV коллегиясының 1930 жылғы 4 сәуірдегі және 1931 жылғы 13 қаңтардағы Байтұрсынов Ахмет, Дулатов Міржақып, Аймауытов Жүсiпбек, Есполов Мирза-Ғазы, Ғаббасов Халел, Әдiлев Дiнмұхамед, Бiрiмжанов Ғазымбек, Юсупов Ахмед-Сафа, Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдес, Битiлеуов Дамолла, Болғанбаев Хайретдин, Байтасов Абдолла, Жәленов Кәрiм т.б жөнiндегi қаулысының күшi жойылсын, олардың iс-қимылдарынан қылмыстық әрекеттер табылмағандықтан да тергеу барысы тоқтатылсын. Қазақ ССР прокурорының наразылығы қанағаттандырылсын» деген шешім шығарады. Алаш ардақтысын ақтап алу ол заманда оңайға соқпағаны белгілі. Өйткені оларды ақтап алу былай тұрсын, тіпті алаштықтардың атын атаудың өзі ол уақытта қылмыс болатын. Әйтсе де дәл сол кезде Кеңес үкіметінің алаш арыстарын ақтамай, қасарысып тұрар қауқары да қалмаған-ды. Дей тұрғанмен «жыламаған балаға емшек жоқ» екенін ескерсек, алаш арыстары оп-оңай ақтала қоймағанын аңғарамыз. Шын мәнісінде алаш арыстарының ақталуына біз бүгінде жиі сынайтын Олжас Сүлейменовтің көп үлес қосты. Нақтырақ айтсақ, 1987 жылы 13 қаңтар күні Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов: 1). Желтоқсан оқиғасына байланысты ұсталған және қысым көріп жатқан студенттер мен жастарды қорғау мақсатында. 2). Репрессияға ұшыраған жазушылардың мұраларын ақтау бағытында. 3). Басылымға тиым салынған шығармаларды қайта жариялаудың мүмкіндігін қарастыру барысында Тұрсын Жұртбайға Праволық комиссия құруды тапсырады. Міне, осының нәтижесінде 1988 жылдың 4 қарашасында «олардың iс-қимылдарынан қылмыстық әрекеттер табылмағандықтан да тергеу барысы тоқтатылсын» деген Жоғарғы соттың шешімі шығады. Аталған шешім сол кездегі жастардың жаппай алаштануға бет бұруына себеп болды. 1988 жылы алаштануға бет бұрған жастардың көпшілігінің есімі қазіргі таңда елімізге кеңінен танымал болды. Бұл алаш арыстарының артында қалдырған мұраларының өміршеңдігін білдіреді. Өйткені алашордашыларды тәуелсіз Қазақ елінен ешуақытта бөле-жара қарай алмаймыз. Әйтсе де солай бола тұра алаштану саласы елімізде көңіл қуантарлық деңгейде емес. Оны біз емес, алаштанумен жастайынан айналысып келе жатқан азаматтар айтып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |