Қазақ КСР-дегі «Тілдер туралы Заңның» (1989 ж. 22 қыркүйек) қабылдануы
1989 жылдың 22 қыркүйегінде "Қазақ КСР-дағы тіл туралы Заң"қабылданды. Республиканың мемлекеттік тілі - Қазақ тілі, Орыс тілі-ұлтаралық қатынас тілі болып танылды.
Қазақ тілінің индустриясы дамыған республикада жетекші тіл бола алмауына кедергі жасаған объективті және субъективті факторлар болды. Көрнекті ақын, қоғам қайраткері О.Сүлейменов қынжыла жазғандай: «қазақтар ірі кәсіпорындарына бармағандықтан тіліміз өндіріс тілі бола алмады». Сондықтан, Қазақстанның өнеркәсіп саласында орыс тілділердің үстемдігі орнықты. Ұлы Отан соғысы жылдарында да қазақ тілі мен басқа аз ұлттар тілдерінің қолданылу аясы тарылып, орыс тілінің ықпалы күшейе түсті. Бұлай болуы елдегі қалыптасқан қоғамдық-саяси, этнодемографиялық жағдайларға байланысты заңды құбылыс еді (әкімшіл-әміршіл билік жүйесі соғыс өрті шарпыған өңірлердегі көптеген ірі кәсіпорындарды жері байтақ, елі жомарт Қазақстанға көшірді). Тың игеру саясаты Қазақстандағы жергілікті ұлт – қазақтарды өз туған жерінде аз ұлтқа айналдырып, қазақ тілінің өрісін тарылтты. Ал, тоқырау жылдарында біздің ғалымдарымыз қазақ тілінің тек ішкі құрылысын ғана зерттеді де, оның қоғамдық мәні, өмірдегі орны, ана тілінің тілдік қызметінің толық мәнді принциптері туралы сөз қозғамады. Жалпы, Кеңестік дәуірдегі зерттеулер, яғни 1989 жылы Қазақ ССР Тіл туралы Заңы қабылданған кезге дейінгі жарық көрген еңбектер ресми идеологияның шеңберінен шыға алмай, біржақты ғана жазылды. Бұл еңбектерде ұзақ жылдар бойы интернационалдық біртектілікті, «ұлттарды біріктіруді», яғни КСРО халықтары мен тілдерін жақындастыруды насихаттау мақсатты түрде көрініс берді. Мұның өзі кеңестік жүйе белгілегендей, Қазақстандағы ұлт тілдерінің дамуы негізінен алғанда, сол кезеңдегі партиялық мемлекеттік саясат ыңғайына сәйкес зерттелгендігін байқатады. Осылайша, 1980-жылдардың бас кезінде қазақ тілі өз республикамызда белгілі бір дәрежеде беделін жоғалтып алды деуге болады. Міне, осындай объективті себептерге байланысты қазақ тілінің беделінің төмендеуі, қолданыс аясының тарылуы оны республика бойынша мемлекеттік тіл деп тануға итермеледі. Елдi демократияландыру үдерiсi кең өрiс жайды. Ұлт аймақтарындағы халықтардың тiлiне, дiнiне, мәдени дамуына еркiндiк лебi жеттi. 1987 жылы Қазақстан КП Орталық Комитетi мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң қазақ және орыс тiлдерi туралы қаулылары шықты. Осыдан бастап тiл мәселелерi Қазақстанның iшкi саяси айтыстарында жиi сөз бола бастады. Көп жылдан берi қордаланып қалған тiлдiң өзектi мәселелерi баспасөзде үнемi көтерiлетiн болды. Мұның нәтижесi тiлдер туралы арнайы заңның қабылдануына түрткi болды. “Қазақ КСР-iндегi тiлдер туралы Қазақ КСР-інiң заңын” республиканың Жоғарғы Кеңесi 1989 жылдың қыркүйегiнде қабылдады.Бұл құжатта Қазақ КСР-інің мемлекеттiк тiлi қазақ тiлi деп көрсетiлдi. Орыс тiлi республикадағы ұлтаралық қатынас тiлi болып жарияланды. Бұл заң қазақ тiлiнiң мәртебесiн көтерiп, оны одан әрi дамыту iсiне кең жол ашты. Қазақ тiлiнiң қолданылу аясын кеңейту бағытындағы жұмыстар шеңберi күрт кеңейдi. Iсқағаздарын қазақша дайындайтын және қазақ тiлiнде жұмыс жүргiзе алатын хатшы-машинкашылар даярлайтын кәсiптiк-техникалық училище ашылды. 1990 жылдың маусымынан 1991 жылдың маусымына дейiнгi бiр жылдың iшiнде республика бойынша қазақ тiлiнде тәлiм беретiн 482 балабақша, қазақ тiлiнде бiлiм беретiн 155 мектеп, 4 кәсiптiк-техникалық училище, жоғары оқу орындарында факультеттер, бөлiмдер ашылып, қазақ тiлiн үйрететiн топтар құрылды.Тiлдер туралы заң орыс тiлiнiң өзектi мәселелерiн де көтеруге мұрындық болды. Орыс тiлiнде сөйлеу мәдениетiн арттыру, ондағы жаргондық сөздердiң көбеюiне тосқауыл қою әрекеттерi жасалды. Қазақ тiлiнiң қоғамдық өмiрдегi рөлiнiң күрт артуына байланысты тiл саясатының ұлтаралық қатынастарға әсерiнен туындайтын өзектi мәселелер жиi және салауатты талқылауға түсiп жүрдi. Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлттық топтардың — украиндердің, ұйғырлардың, немiстердiң, татарлардың, түрiктердiң де шоғырланған жерлерiнде ана тiлдерiнде сабақ оқытатын мектептер ашу қолға алынды. Көпұлтты Қазақстан да тiл саясатының салауатты жүр гi зiлуi қоғамның саяси ор нық ты лы ғын қам-тамасыз ететiн факторлардың бiрi едi. Қазіргі таңда мемлекет жүргізіп отырған тіл саясатының негізгі мақсаты – жинақталған оң тәжірибені пайдалана отырып, тіл саясатын жүзеге асырудың жаңаша тетіктерін табудағы нақты іс-әрекеттерімізді белгілеп алудың тағы бір кезекті қадамын жасау болып табылады.