5-тарау. Жылу өндіруші, жылу беруші және жылумен жабдықтаушы ұйымдардың қызметін мемлекеттік бақылау 22-бап. Жылу өндіруші, жылу беруші және жылумен жабдықтаушы ұйымдардың қызметтін мемлекеттік бақылау 1. Уәкілетті органдар жылу энергетикасы туралы заңнаманың сақталуын және жылу энергетикасы объектілерінің техникалық жай-күйін:
1) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің техникалық талаптарын орындауды;
2) жылу электр орталықтарының энергетикалық жабдығын, қазандықтар мен жылу желілерін, сондай-ақ тұтынушылардың жылу желілері мен жылу пайдаланатын қондырғыларын пайдалану мен олардың техникалық жай-күйін;
3) жылу энергиясының сапасы бойынша техникалық шарттар талаптарының сақталуын;
4) өз құзыретінің шегінде жылумен жабдықтауды ұйымдастыру қағидаларының сақталуын;
5) ұтымды және үнемдеп пайдалануды, жылу энергиясын өндіру, беру, тұтыну режимдерін оңтайландыруды;
6) жылу электр орталықтарының, қазандықтар мен жылу желілерінің күзгі-қысқы жағдайда жұмысқа дайындығын қоса алғанда, бақылауды жүзеге асырады.
2. Уәкілетті органдар жылу өндіруші, жылу беруші және жылумен жабдықтаушы ұйымдардың қызметін мемлекеттік бақылауды тексеру нысанында және «Энергетика объектілерінің жұмысын мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген өзге нысанда жүзеге асырады.
3. Уәкілетті органдар мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде:
1) энергия қондырғыларына қол жеткізуге;
2) жылу электр орталықтарының энергетикалық жабдығының, қазандықтардың, өзге жылу өндіруші қондырғылар мен жылу желілерінің, сондай-ақ тұтынушылардың жылу тұтынатын қондырғылары мен жылу желілерінің техникалық жай-күйін кезең - кезеңмен тексеруді жүзеге асыруға;
3) энергия қондырғыларының техникалық жай-күйін және қауіпсіз пайдалануын бақылауды жүзеге асыру үшін жылу энергиясын өндіруді, беруді және таратуды жүзеге асыратын ұйымдар басшыларының техникалық пайдалану қағидаларын және қауіпсіздік қағидаларын білуіне арналған біліктілік тексерулерді ұйымдастыруға;
4) энергетикалық объектілерде жылу энергиясын қауіпсіз және ұтымды өндіру, беру, тарату мен пайдалану бойынша энергетикалық сараптамаларды өткізуді, заңды тұлғалардың энергетикалық тиімділігін тексеруді ұйымдастыруға;
5) бақылаудағы энергетикалық жабдыққа тексеру, энергетикалық ұйымдарға кешенді тексеру жүргізу кезінде және жылу электр орталықтарының энергетикалық жабдығының, қазандықтардың, өзге жылу өндіруші қондырғылар мен жылу желілерінің жұмысындағы технологиялық бұзушылықтарды тергеу кезінде сарапшыларды тартуға;
6) аварияларға, жазатайым оқиғаларға және жылумен жабдықтау саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын өрескел бұзуға жол берген кінәлі адамдарды тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұйымдардың иелеріне ұсыныстар енгізуге;
7) Қазақстан Республикасының жылумен жабдықтау туралы заңнамасын бұзған кінәлі адамдарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы тиісті мемлекеттік органдарға материалдар жіберуге құқылы.